Лондонның «Арсеналы» араға 22 жыл салып, Англия чемпионы атанды. «Манчестер Сити» «Борнмутпен» тең ойнап, мүмкіндігін жіберіп алды.
Ұзақ күттірген жеңіс
Иә, осы жолы расымен де «ұстаздан шәкірт озды». Пеп Гвардиоланың экс-көмекшісі Микель Артета ұстазын қапы қалдырудың амалын тапты. Әйтпесе, бұған дейін қатарынан үш жыл турнирлік кестеде екінші орында тұрды. Сөйтіп жүргенде «Манчестер Сити» – екі рет, «Ливерпуль» бір рет АПЛ кубогын иеленді.
Десе де бұл жолы «Арсенал» маусымның ортан беліне дейін сәтті өнер көрсетті. Ойынынан да, ұпайдан да шашау шығармады. Бірақ көктем шыққалы команданың «кедір-бұдыр жолдармен» жүргенін білеміз. Тіпті, «Манчестер Ситиден» 2:1 есебімен жеңіліп, титулды уыстан шығарып ала жаздады.
Естеріңізе болса, сол жеңілістен соң клуб капитаны Деклан Райс әлеуметтік желіге «әлі ештеңе шешілген жоқ» деп жазба қалдырған-ды. Капитан сөзінде тұрып, команда барын салып жүріп, жеңіс тойын тойлады. Әйтпегенде, «Арсеналдың» жанкүйерлері де чемпион болудан үмітін үзе бастаған. Өйткені клуб жылда маусымды сәтті бастап, соңына келгенде шаршап қалатын. Бұрын Арсен Венгер тұсында төртінші орын команданың «қанына сіңіп кеткендей» көрінетін. Артета кезеңінде футбол жанкүйерлері арасында түрлі мем мен «мәңгілік екінші» лақап аты пайда болды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ал «Сити» ойыншылары «Борнмутпен» тең ойнаған күні Деклан Райс тағы да жазба жариялады. Осы жолы «бәрі шешілді» деп жазды. Аталған ойынның өзін «Арсенал» жанкүйерлері иненің ұшында отырғандай бақылады. Өйткені «Борнмут» негізгі уақытта Гвардиоланың командасынан басым түскенімен, «Манчестер» жігіттері 94 минутта есепті теңестірді. Артынша тағы бір гол соғып, Артетаның үмітін сөндіретіндей көрінген-ді. Десе де титул тағдыры осы ойында шешіліп, Лондон қызыл түске боялды. «Арсенал» 82 ұпай жинаса, «Сити» турнирлік кестеде 78 ұпаймен екінші орынға қанағат деді.
«Сити» футболшылары бармағын тістеп жатқанда, «кононирлер» жанкүйерлері «Эмирейтстің» маңына жиналып, салют атып, жеңісті тойлауды бастап кетті.
Иә, 24 мамыр күні «Арсенал» 22 жыл күткен трофейін аспанға көтереді. Ал қалған кездесулердің мәні жоқ. Соңғы турда «Манчестер Сити» өз алаңында «Астон Вилланы» қабылдаса, «Арсенал» «Кристал Пэласқа» қонаққа барады.
2019 жылдан бергі еңбек
Иә, клубты 22 жыл Арсен Венгер баптап, 2018 жылы қызметінен кетті. Одан кейін Унаи Эмери келді. Испан маманы клубтың шырағын жаға алмай, жұмыстан шықты. Орнына 2019 жылы Микель Артета келіп, «Арсеналдың» тізгінін ұстады. Артета бірнеше жыл Гвардиоладан тәлім алған. Ұстазы шәкіртіне АПЛ қамалын алудың тактикасын тәптіштеп үйреткен-ді.
Мен «Арсеналды», Микельді, тренерлік штабты, жанкүйерлерді Премьер-лигадағы жеңісімен құттықтаймын! Олар бұған лайық болды, – деді Гвардиола «Борнмутпен» ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Осылайша, «Арсенал» 2003/04 маусымнан кейін араға ұзақ жыл салып, чемпион атанды. Осымен 14 рет ел чемпионатын ұтты. Арада 20 жыл өткенде Чемпиондар лигасының финалына шықты. Финал 30 мамыр күні Будапеште өтеді. Артетаның жігіттері француздың «ПСЖ» клубымен кездеседі.
Одан бөлек, Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер әлеуметтік желіде «Арсеналды» құттықтап: «Арсенал» мұны 22 жыл күтті. Әйтеуір, өзімізге лайық орынға жайғастық. Чемпиондар!» – деп жазды.
Лондон мэрі Садик Хан да құттықтауға қосылып, «Арсеналдың» жеңісіне қуанышты екенін жеткізді.
«Арсенал» басшылығы бапкерге қалай сенім арту керегін көрсетті. 7 жыл бойы Артетаға артық сөз айтпай, қолдады. Трансфер жасаудан шектемеді. Ойыншылардан потенциал көретінін, жеңістің ауылы алыс емес екенін сан қайтара айтты. Дегендей-ақ «Арсенал» биыл АПЛ-ды бағындырып, Чемпиондар лигасының финалына адымдап бара жатыр.