Жаңалықтар

Мәмлүктер түркілер ме, кавказдықтар ма?

Мәмлүктердiң басты мiндеттерi сұлтанды қорғау, жаумен соғысу болған
Мәмлүктер түркілер ме, кавказдықтар ма?
Фото: ansar.ru 16.11.2022 12:46 3161

Ибн Йиас түркi мәмлүктерiн көптеп әкелген Мысыр әмiршiсi Наджмуддин Аюби едi деп көрсетедi. Олар Каир қаласының тұрғындарына көп қорлық көрсеткендiктен, патша Каир қаласының қасынан ағып жатқан Нiл дариясының ортасында орналасқан Рауда (қазақша бақ деген мағынаны бiлдiредi, қазiр Каир қаласының ортасында ығы-жығы тұрғын үйлер орналасқан арал) аралында 1236 жылы қамал тұрғызып, сол жерге мәмлүктердi орналастырады.

Олардың саны сол кезде шамамен бiр мың едi. Содан бастап қыпшақ мәмлүктерiн бахрия деп атай бастайды. Бахр қазақша теңiз деген мағынаны бiлдiредi. Қазақ тiлiнде үлкен өзендi дария деп атайтын секiлдi, мысырлықтар да Нiл өзенiн бахр – теңiз деп атаған. Сондықтан  бахрия атауы қыпшақтарға қатысты айтылатын сөзге айналады.

Олар қала халқымен араласпай өздерiнше тұрып жатады. Мәмлүктердiң басты мiндеттерi сұлтанды қорғау, жаумен соғысу, сондықтан арал айналасында қару-жарақ толтырылған әскери кемелер тұратын. Кемелер мемлекет шетiне жау келдi деген хабар жетiсiмен, мәмлүктердi тиеп алып жолға шығатын. Тарихшылар Рауда қамалының салыну себебi осы екенін көрсетедi.

Бұл аралдың бұрынғы аты Мысыр аралы, кейiн Рауда атанып кеткен. Жасыл желекке оранған әдемi арал. Онда мыңдаған құрма және iнжiр ағаштары өсiп тұр. Бiр атап өтерлігі: ортағасырлық тарихи еңбектерде қазiргi кезде шет ел елшiлiктерiнiң көбiсi орналасқан  Каирдiң ортасындағы ең iрi арал – Замалек аралы туралы ешбiр мәлiметтер кездеспейдi.

Рауда аралы исламнан бұрын христиан-копт патшаларының серуен құратын орны екен. Рауда аралында патша Наджмуддин Аюби 1236 жылы қамал салуға бел шешiп, жүздеген жемiс ағаштарын шауып, ескi мешiттер мен шiркеулердi қиратады. Алпыс мұнаралы қамалдың құрылысын аяқтаған соң, ол жерге қыпшақ мәмлүктерiн орналастырады. Сол кезден бастап оларды бахрия теңiздiктер деп атайды. Каирдi тiтiреткен бахрия мәмлүктердің арасынан кейiн iрi мемлекет қайраткерлерi – сұлтандар мен бектер шығады.

Рауда аралын Нiл дариясының екi жағалауында орналасқан Гиза және Мысырмен қатар-қатар қойылған кемелерден жасалған, екi ағаш көпiр байланыстырып тұратын. Қара халықты айтпағанның өзiнде бектер де  қамалға өту үшiн көпiр үстiмен атынан түсiп, жаяу жүретiн. Тек сұлтан ғана атпен өтетін тәртiп орнатылған. Ибн Йиастың: «Қамал заманның көрiктi дүниелерiнiң бiрi едi», – дегенiне қарағанда, сәулеттiк жағынан өте әдемi ғимарат болғанға ұқсайды. Айбек сұлтан кезiнде қамалды бұзып, оның материалдары жаңа медресе салуға пайдаланылады. Сұлтан Байбарыс таққа отырғанда Рауда аралындағы қамалды қайта қалпына келтiредi. Сұлтан Байбарыстың көне ескерткiштердi қайта қалпына келтiру iсiнде сiңiрген еңбегi ғажап. Оны өз кезегiнде сөз етермiз, бұл жерде Байбарыс күрделi жөндеуден өткiзген Каирдегi Тулун және әл-Әзһар мешiттерін атасақ жеткiлiктi.

Мүмкiн өзiнiң жастық шағы өткен қамалды қиратуға қимады ма екен? Алайда, өкiнiшке орай, сұлтан Қалауын және оның ұлдарының билiгi кезiнде қамал басқа құрылыс жұмыстары үшiн материал алынатын алаңға айналып, мұнараларынан басқа ештеңесi қалмайды. Уақыт өте келе, мұнараларын халық тұрғын үйлерге айналдырып, оларға жапсыра соққан лашықтары қамалдың жұрнақтарын бiржолата жұтып кетедi.

Бахрия, яғни қыпшақ мәмлүктер 1250-1382 жылға дейін Мысыр мен Шамды билеп төстеген түркі династиясын құрады. Қыпшақ мәмлүктері құрған мемлекет, іс жүзінде, Түркі мемлекеті еді.  Ортағасырлық мұсылман тарихшыларының барлығы  Мысыр мен Сириядағы қыпшақ билігін түркі мемлекеті деп атаған. Мысыр тарихшыларының атасы саналатын әл-Мақризи (1356-1441 жж.) түркі мемлекеті, түркі әскері деген тіркестерді қолданады. Тарихшы әл-Айни (1361-1451 жж.): «Түркі мемлекеті Мысыр жерінде құрылып, кейін оған Шам, Алеппо, Евфрат өзеніне дейінгі жерлер енді Жерорта теңізі жағалауындағы қамалдар, исмаилиттер бекіністері қарады. Рүм мемлекетіне дейін жетті. Оған Йемен мен Хиджаз бағынды», – деп жазады.

Тарихшы әл-Қалқашанди (1418 жылы қ.б.): «Қыпшақтар түркілердің ішіндегі нәсілі асыл, сөзге беріктігі, адалдығы, сатқындыққа бармайтындығы және ержүректілігі жағынан ең артықтары, Мысыр жеріндегі патшалар, бектер негізінен солардан шыққан. Әскердің де негізін солар құрайды», – деп бағалады.

Кейiнгi мәмлүктер династиясы бурджия мұнара мәмлүктерi деп аталады. Себебі олар Қарақұш қамалындағы алып мұнараларда тұрады. Бұлар 1382 жылдан 1517 жылға дейін билік құрған түркітілдес шеркес династиясының негізін қалайды.

Мәмлүктерді бахрия қыпшақ және бурджия шеркес деп бөлу қазіргі заманғы тарихшылардың жіктеуі екенін есте ұстаған жөн. Мәмлүк дәуірінің тарихшылары қыпшақтар мен шеркестерді бір-бірінен ажыратпаған. Егер кейбіреулері олардың арасындағы айырмашылықты көргенімен, бәрібір оларды түркілер деп санаған. Қазіргі тарихшылардың оларды шеркес, грузин және т.б. ретінде көрсетуге талпыныстары түсінікті, бірақ негізсіз. Негізсіз дегеніміз түркі емес мәмлүктер өздерінің мәдениетін, тілдерін білдірмеді, қайта толық және түбегейлі түркіленуге тырысты. Ол күндері түркі болу мәртебелі еді. Мәмлүктердің арасында көптеген ұлт өкілдері кездеседі, дегенмен олардың арасында өздерінің этникалық ерекшеліктерін түркілердей, атап айтқанда, қыпшақтардай көрсеткендер болған жоқ.

Жоғары мәртебелі мәмлүктердің ішінде, әсіресе, шеркес династиясы кезінде түрлі ұлттардың өкілдері болды, алайда олардың бәрі түркі тілінде сөйледі, алғашқы қыпшақ сұлтандары орнатып кеткен түркі әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін ұстанды, Мысырдағы түркі мемлекеті мен түркі әскерінің басшылары ретінде түркі қаруының даңқы үшін күресті.

Біздің ойымызша, Мәмлүк мемлекетінің соңғы кезеңіндегі түркі рухы Фирдоусидің «Шах-намасын» түркі (қыпшақ) тіліне аудару сияқты мәдени әрекеттен айқын көрініс тапқан. Осы ұлы туындыны сарай тіліне, элитаның тіліне, яғни қыпшақ тіліне аудару мәмлүк, Египеттің соңғы билеушісі шеркес Қансу әл-Ғуридің (1501-1516) бұйрығымен 1511 жылы жасалған. Бес жылдан кейін бұл сұлтан шайқаста қаза табады, ал алты жылдан кейін егемен мәмлүк мемлекеті Осман империясының шабуылымен өмір сүруді тоқтатады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға