Жаңалықтар

Мәмлүктер мысырлықтардан қыз алмаған

Мәмлүктер сырт жауға қаншалықты аяусыз қатты келсе, соншалықты бiр-бiрiне кешiрiмдi екендiгiн атап өту керек
Мәмлүктер мысырлықтардан қыз алмаған
Фото: dzen.ru 15.11.2022 10:46 4462

Мәмлүктер – ислам тарихында өшпес iз қалдырған, негiзiнен, түркiлерден тұрған әскери билеуші топ. Бұл сөз араб тiлiнде мамлук иелiктегi деген мағынаны бiлдiредi. Малака иелену, билеу деген етiстiктiң есiмше формасы. Қазақ тiлiне кiрген Мәлiк, мүлiк, мемлекет сөздерi де осы түбiрден өрбидi.

Бастапқы кезде бұл сөз арабша абд мамлук деген тiркестегi иелiктегi құл деген мағынада, анықтауыш ретiнде жүрсе, уақыт өте келе мәмлүк сөзi субстантивтенiп, яғни зат есiмге айналып, абд - құл сөзi беретін мағынадан басқаша, тек әскери мақсаттарға пайдаланылатын ерiксiздерге қатысты айтылатын терминге айналады. Екiншi жағынан, абд - құл сөзi қара континенттен әкелiнген ерiксiздерге, ал мәмлүк сөзi терiлерi ашық түстi құлдарға қатысты айтылатын ерекшелiктерге иеленедi. Яғни мәмлүк сөзi ақ құл деген мағынаны бiлдiредi.

Мәмлүктi сатып алған, одан соң оның бас бостандығын берiп, тәрбиелеген ұстаз бен iнi арасындағы байланыстар өте тығыз болған. Сол кезде негiзгi табыс көздерiнiң бiрi саналатын Нiл дариясының бойындағы суармалы егiстiк жерлерден үлкен иелiктер бередi. Байбарыс оған әрдайым сый-құрмет көрсетiп, тарихшы Ибн Тәңiрбердi жазғандай, оны «ұстазым» деп көтермелеп отыратын. Байбарыс тек қана өзiнiң ұстазымен ғана шектелмей, өзiнiң ұстазының ұстазы, қартайып шау тартқан Яғмур бекке де құрмет бiлдiрген.

Сондықтан мәмлүктiң бiрiншi иесiнiң немесе бас бостандығын берген ұстазының атын тiркеп жазатын дәстүр қалыптасады. Сұлтан Байбарыстың Бундуқдари, ал Қалауынның Ақсұңқари аталуы да осы себептен.

Үлкен мәмлүк пен кiшi мәмлүк арасындағы байланыстар әке мен баланың арасындағы немесе аға мен iнi арасындағы қатынастарға сай келедi. Сол кездегi мәмлүктер арасындағы қарым-қатынастарды бiлдiретiн сөздер: ұстаз – әке, аға – үлкен бауыр және iнi – кiшi бауыр деген туыстық қатынастарды айқындаған. Бұл сөздер сол кезде, қазiргi заманғы қазақ тiлiндегiдей, осы түрiнде қолданылған. Жат жұртта жүрген мәмлүктер бiр-бiрiн әке, аға-iнi көрмесе, бiр-бiрiн сыйлап, қолдау көрсетпегенде, бiр ауыз сөзбен айтқанда, араларында корпоративтiк ынтымақтастық, ұран тасталғанда бiр тудың астына жиналу, қару достығы секiлдi жоғары түсiнiктер жоқ болғанда, олар есiк алды құлы деңгейінен көтеріле алмас еді. 

Бастапқы кезеңдегi мәмлүктер арасында қалыптасқан тәртiп бойынша, олардың ұрпақтары әкелерiнiң де әлеуметтiк орнын не байлығын иелене алмайтын. Ұстаз ұрыс алаңында қаза тапса, оның дүние-мүлкi, жер иелiктерi, мәмлүктерi, құл-құтандары, әйелдерi мен күңдерiне (мәмлүк бектері көп әйел алатын) дейiн, барлығы оның орынбасары мәмлүкке қалатын немесе толығымен сұлтан иелiгiне көшетiн. Қысқасы, бұл мәмлүктер арасында қазақ даласындағы әмеңгерлiк жолы қолданылғанын көрсетедi.

Бiр атап өтерлігі, мәмлүк балаларын аулад ан-нас деп атаған қазақ тіліне адамның балалары деп аударылады. Мәмлүк мемлекетіне қыпшақ бозбалаларын Дешт-и-Қыпшақтан әкелу қиынға соққанда оларды әскерге ала бастайды.

Сонымен қатар мәмлүктер үйленiп, отау құрғандарымен, олардың iшiндегi жүзбасы, мыңбасылары жеке сарайларда тұрғандарына қарамастан, олар әрқашан үйлерiнен тыс жерде өзiнiң мәмлүктерiмен ғана ас iшетiн әдет қалыптасқан. Егер кейбiр мәмлүктер оқшау қазан көтерiп, бөлек ошақ жасаса, оған басқа мәмлүктер қатты кейитiн.

Мәмлүктер мен ұстаздарының арасындағы байланыстардың бекемдігіне көптеген мысалдар келтiре аламыз. 1290 жылы сұлтан Қалауын ауырып хал үстiнде жатқанда бектер оның орынбасары Тұрынтайды билiктi өз қолына алуға үгiттегенде: «Алла менiң өз ұстазыма, одан кейiн оның ұлына сатқындық жасағанымды көрмесiн. Мұсылмандар арасына бүлiк отын жақпаймын. Егер Халил билiктi алса, оның мәмлүгi ретiнде жүруге ризамын, егер ол менi өлтiрсе, онда мен шейiтпiн. Қайткенде де жаратқанның қалағаны болсын», – деп мәмлүктерiнiң айтқанына көнбей қояды. Антына берiлген бұл бек көп ұзамай қаза табады, бiрақ иесіне адалдығын сақтайды.

1293 жылы бір топ мәмлүк бектерi өздерiнiң ұстаздары Халил сұлтанды өлтiрген Байдара бек пен бүлiкке қатысқан басқа бектердің бастарын алғанша, тыныштанған жоқ.

Мәмлүктер өзiне бостандық берген ұстазына ғана емес, өзiнiң ұстазының ұлына да адалдық танытқан. Байбарысұлы Саламышты тақтан түсiрiп, Карак бекiнiсiне жер аударғанда, оның әкесi сұлтан Байбарыстың досы, Шамдағы орынбасары Сұңқар бек сұлтан Қалауынның бұл шешiмiне қарсы шығады. Осыған ұқсас оқиғаны тарихшы Ибн Тәңiрбердi 1308 жылы Қалауынұлы Мұхаммед сұлтанды тақтан тайдырған Байбарыс Жашангирдiң билiгiн Алеппо, Химс және Хама бектері мойындамағандығын, ұстаздарының ұлына адалдықтарын сақтағанын жазады. Бектер сұлтанға тағын қайтару үшiн жандарын салып көмек бердi деп көрсетедi.

Мәмлүктер үшін өзара қатынастарында үлкен мәмлүк пен кiшi мәмлүк арасындағы, яғни аға мен iнi арасындағы қатынастар ерекше маңызға ие едi. Жасы үлкен мәмлүк кiшi мәмлүкке қамқорлық жасап, оны тәрбиелеу бойынша жауапкершiлiктi өз мойнына алатын. Егер кiшi мәмлүктер арасында қақтығыстар орын алған жағдайларда: «Ағасы бардың жағасы, iнiсi бардың тынысы бар» деген ағалары iнiлерiн сөзсiз жақтап шығатын. Оларға көмек беруден ешбiр тайсалмайтын.

Аға мен iнi арасындағы қарым-қатынастар әрдайым жайма-шуақ, мамыражай күн кешпегенi белгiлi. Әскери өмiрдiң өзiнiң заңдары мен дәстүрлерi бар. Тарихшылардың еңбектерiнде қатардағы мәмлүктердiң арақатынасы немесе казармалардағы күнделiктi өмiр туралы мағлұматтар жоқтың қасы. Алайда тарихшы Ибн Тәңiрбердi аға мен iнi арасындағы бiр оқиғаны мысалға келтiредi. Онда Сұңқар Қырық Шыбық деген кiшi қараушы казармалардағы кіші мәмлүктерді қатты жазаға тартқаны үшiн олар бүлiк шығарғандығын жазады.

Соған қарамастан мәмлүктер бас бостандығын алып, казармадан кеткен соң, аға мен iнi арасындағы байланыстар үзiлмейтiн. Аға өзiнiң iнiсiнiң қызметте өсуiне, жаңа мансаптарға жетуіне әрдайым жағдай жасап, қолынан келген көмегiн берiп отырған.

Бiр атап өтерлігі: iнi қаншама биiк мансаптарды иеленiп, айбыны асса да өзiнiң барлық ағаларын мiндеттi түрде мойындайтын, танымай кете алмайтын. «Ағадан құрмет, iнiден iзет» деген оларға iнiлiк құрметiн көрсеткен. Сондықтан жасы үлкен аға өзiнiң iнiсiнiң мансаптардың бiрiне онымен ақылдаспай, оның келiсiмiнсiз үстiнен басшы мансабына тағайындалуын өзiне намыс санаған.

Мәмлүк тарихына қатысты құжаттарда мемлекеттiк және әскери биiк мансаптарға мәмлүктердi тағайындағанда әрдайым аға жолы ескерiлiп отырғандығы қызық фактiлердiң бiрi. Себебi аға-iнi қарым-қатынасында аға бар жерде жасы кiшi мәмлүктi жөнсiз көтеруге жол бермеу iс жүзiнде мәмлүктер құрылымын нығайтқан қуатты механизм едi.

Iнi тарапынан ағаға қатысты жөнсiз қылықтар көп жағдайларда кешiрiлмес күнә саналатын. Аға да, iнi де мәмлүк мемлекеттiк жүйесiнде ерекше орынға ие болған. Сұлтанға қатысты неше түрлi қылмыстармен айыпталған мәмлүктерге үкiмдер уақыт өте келе жеңiлдетiлiп, қылмыстарына кешірім жасалып отырған. Мәмлүктер сырт жауға қаншалықты аяусыз қатты келсе, соншалықты бiр-бiрiне кешiрiмдi екендiгiн атап өту керек. Оның себебi олардың арасындағы аға-iнi қатынасының әсерi. Мысалы, сұлтан Байбарыс таққа жаңа отырғанда өзiне қарсы шыққан Дамаск билеушісі Санжарды райынан бейбiт жолмен қайтаруға тырысып, сонша уақыт жоғалтқаны, түбiнде қару қолдануға барғанымен, көп уақыт өтпей оған кешiрiм жариялап, үлкен бiр қамалдың коменданты етiп сайлауы және сұлтан Қалауынның Сұңқар бекпен 8 жылға созылған текетiрестен кейiн бейбiт келiсiмге келуi осының дәлелi.

Аға мен iнi арасындағы қарым-қатынастар ұстаз бен мәмлүк арасындағы байланыстарға ұқсайды. Бірақ аға мен iнi арасындағы байланыстар өте тығыз және берiк. Аға әрдайым өзiнiң iнiсiн немесе iнiлерiн жолға немесе жорыққа шыққанда өзiмен бiрге ертiп жүредi, қуаныш пен қайғыны бiрге бөлiседi. Алайда аға дәрежесi ұстаздан төмен тұратын, ол көбiне ұстаз бен мәмлүктер арасындағы дәнекер рөлiн ойнайтын.

Мәмлүк тарихына қатысты еңбектерде аға-iнi, яғни бiр туған сөзiнiң синонимi ретiнде хошташ сөзi де қолданылады.

Байбарыспен замандас тарихшылардың еңбектерiнде оның мәмлүк әскерiн жас жiгiттермен толықтырып отыруға аса мүдделi болғандығы көрінеді. Сұлтан Қалауын да жас мәмлүктердi әкелу iсiне ерекше көңiл бөлген. Сұлтан Қалауынның атақты «Ережелерiнде» бұл мәселе ерекше маңыз бен мәнге ие. «Ереженiң» мәмлүктер сатып алуға қатысты баптарында, мәмлүк сатушы саудагерлер әкелген жас мәмлүктердi сұлтаннан бұрын ешкімге сатуға құқығы жоқ екендiгi баса айтылады. Жаратылысы ерекше, сұлтан қарамағында жүруге лайықты бозбалалар үшiн сұлтан саудагердiң сұрағанын берiп сатып алатын. Жоғарыда келтiрген сөзiмiздiң дәлелi ретiнде тарихшы Айнидiң келесi жолдарын келтiре аламыз. Оның: «Одан соң оларды көбейту үшiн сұлтан елге түркi және татар мәмлүктерiн алып келуге ерекше көңiл бөлдi. Теңiз не құрлық арқылы әкелетiн саудагерлерге көп қаржы жұмсады», – деген сөздерi қыпшақ сұлтандардың мәмлүктердi тұрақты түрде сатып алып отырғандығын көрсетедi.

Мысыр Атлант мұхитынан Парсы шығанағына дейiн созылып жатқан,  кейбiр жерлерде биiктiгi 1000 метрге жететiн сұр түстi сахарада орналасқан. Сахара бiрде сусыма құмнан тұратын құм дөңдерiне айналса, көбiне қиыршық тастардан тұратын таулы қыраттардан тұрады. Биiктiгi 150 метрге жететiн құм жоталары жүздеген шақырымдарға созылып жатыр. Осы ұшы-қиыры жоқ жансыз кеңiстiктi оңтүстiктен солтүстiкке қарай әлемдегi ең ұзын өзен – Нiл дариясы кесiп өтедi. Халықтың осы өңiрге табан тiреп қоныстануы, күнкөрiс көзi, шаруашылығы тiкелей осы өзенге байланысты. Нiл өзенiнiң егiстiкке жарамды өңiрi өзен аңғарымен алғанда 5 шақырымнан жоғары құбылып отырады. Кейбiр жерлерде өзен аңғары кеңейе түссе, кей жерлерде өзеннiң ернеуi тасты жерлермен өтедi, яғни егiстiкке жарамды жағалаудан жұрдай. Нiлдiң шығыс жағын шөл алып жатыр. Қызыл теңiзге дейiнгi аралықта тау сiлемдерi орналасқан.

Мысырдың ауа райы – континенталдық, тропикалық. Бұл жердiң ауасы өте құрғақ, жаңбыр өте сирек жауады. Бұлтты күндер де шектеулi. Ең суық кезең желтоқсан мен наурыз айларының арасы саналады. Соның өзiнде де түнде температура 12 градустан төмен түспейдi. Жаз айларында күн 50 градусқа дейiн ысиды. Түнде жылылық кенеттен төмен түсiп кетуi мүмкiн. Соның салдарынан сахарадағы жартастар шытынап, желмен уатылып ұшады. Көктем айларында сахарадан соққан хамсин желi шаң-тозаңнан тұратын ауыр бұлттар әкеледi. Кейде құмды дауыл күннiң көзiн жауып, күндiз түнек орнап, жергiлiктi тұрғындар ақыр заман келдi деп үрейленеді. Хамсин кезiнде адам күннiң ыстықтығы мен тынысты тарылтқан тозаңнан өзiн қоярға жер таппайды. Шаң кiрмейтiн жер қалмайды, есiк-терезе қанша қымталса да, шаң-тозаң барлық жердi басады. Айналаның бәрi: үйлер, ағаштар сұр түске боялып, көптеген дақылдардың түрлерi кеуiп кетедi.

Осындай жердi мекендеген мысырлықтар қазiргi кезде араб тiлiнiң Египет диалектiсiнде сөйлегенiмен, Нiл дариясы дүниеге әкелген, осы жерге тән этнос. Фараондар кезiнен гискос, парсы, римдiктер, грек, араб, түркi секiлдi сансыз жаулап алушы ұлттармен мидай араласқан миллет едi.

Мәмлүктер кезiнде мысырлықтармен қыз алыспағанымен, кейiннен олардың ұрпақтары Мысыр этникалық қазанында қайнатылып кеттi. (Түркияның 1998 жылға дейiнгi Мысырдағы елшiсi, бiлiмдар азамат Я. Якыштың «Алпыс миллион Мысыр халқының үштен бiрi - түркi» деп айтқан сөзiнiң жаны бар).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға