Мақпал Жұмабай: «Balapan» - ата-ананың көмекші құралы
Жақында үйдегі балапанды ертіп, сүйікті арнасы «Balapan» арнасының жаңа маусымының тұсаукесеріне барып қайттым. Екі сағаттан аса уақытқа созылған шарада талай жаңалық айтылып, біраз бағдарламаның тұсауы кесілді. Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған бұл жаңалықтарды өзім ғана біліп қайтпай, көппен бөлісейін деп «Balapan» арнасының директоры Мақпал Жұмабаймен аз кем сұхбат құрған едім, әңгіме келесідей өрбіді.
- Жаңа маусым бастап жатырсыздар. Жақында таныстыру рәсімі өтті. Бұл маусым басқаларынан өзгешелігі неде?
- Енді басқа маусымдардан өзгерек деп айтсам тым қатты естілетін шығар, бірақ дегенмен де өзгешеліктері бар. Мысалы, тұңғыш рет «Балапанда» үлкендер уақытын аштық. «Бала time» деп аталады. «Балатайым» деп айтсаңыздар да болады. Бұл жерде бала тәрбиесіндегі келелі мәселелерді үлкендер талқылайды. Балалар мәселесі ауқымды тақырып болғанымен, көбіне назардан тыс қалып жатады. Айтамыз, бірақ талдап, шешу жолдарын жіктемейміз. Сондықтан ашық айтатын алаң жасағымыз келді. Жүргізушілікке танымал ақын Қалқаман Саринді арнайы шақырдық. Оның тұлғалық болмысы, азаматтық көзқарасы, көпбалалы әке екені – біздің бағдарламаның ұстанымын аша түспек. Алғашқы нәтижелер де бар, бағдарлама тікелей эфирге шыққан кезде 15-20 қоңырау қабылданды, сұрақтар қойылды, пікір алмасу болды. Бұл бала тәрбиесінде қордаланып қалған біраз мәселенің бар екендігін білдірсе керек.
Қандай телеарна болсын ең басты көрермені – үйде отырған аналар ғой. Балалар сабақта, үйірмеде жүрген уақытта жас аналарға арнап жоба ұсынбасақ әбестік болар еді. Осы олқылықты толтырып, «Үйдеміз – үйренеміз» атты жаңа бағдарлама аштық. Баламен үйде отырса да, әлеуметтік желі арқылы түрлі кәсіпті қатар алып жүрген келіншектер бар. Бізде баланы лайықты тәрбиелеу үшін көп қаржы-қаражат керек деген ұғым қалыптасқан, ал бұл аналар үйде отырып-ақ балаларына түрлі дамыту орталықтарынан артық тәрбие беріп отыр. Оларды эфирге шығару арқылы басқа қыз-келіншектерге үйде баламен отырып та дамуға, балаңды дамытуға, тіпті, сол арқылы кәсібіңді жүргізуге болатынын көрсеткіміз келді. Мысалы, іс тіксек, баланы қасымызға отырғызып, түйме тағуды тапсырып қоямыз, ұсақ-түйек шаруаларды тапсырамыз. Жалпы ана мен баланың көңілді де пайдалы уақыт өткізуін ұйымдастырамыз. Ең қызығы, мұның барлығы үй жағдайында жасалынады.
«Жас ғалым» деген жобамыз жарыққа шықты. Мектеп жасындағы баласы бар әр ата-анаға осы жобаны ұл-қызына көрсетуге кеңес берер едім. Тікелей эфирде «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген жас ғалымдар балалармен бірге нақты тәжірибелер жасап, оның себебін, ғылыми негізін түсіндіріп отырады. «Балапанның» эфирінде «қолдан жасалған» ғалымдар емес, шын ғалымдар жұмыс істей бастады. Болашақта осы жоба аясында оффлайн кездесулер өткізіп, жас ғалымдар бас қосатын ғылыми лаборатория қалыптастырғымыз келеді. Телеарна шеңберінен шығып, жаңа идеялардың тууына себепкер болар орталыққа айналсақ деген мақсатымыз бар.
- Жалпы биылға деген жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз. Жас көрерменге жақсы жаңалық жеткізіп, сүйінші сұрап барайық.
- Биыл арнамызда 35-40 жаңа жоба жарық көреді. Оның сегізін көктемгі маусымда шығардық, қалғандары жаз, күз мауымдарында кезегімен көрерменге жол тартады. Негізгі күшті жазға салайық деп отырмыз, себебі жазғы демалысты балалармен бірге дұрыс, пайдалы ұйымдастырғымыз келеді. Ғылым, білімге бағыттталған жобаларды күзге қалдырып, жазда танымдық реалити шоу, экспедициялар ұйымдастырмақпыз. Соның бірі – «Жұмбақ жер» археологиялық телеэкспедициясы. Бұл жоба білгір жас ғалымдардың қатысуымен түсіріледі. Тарихи-мәдени ескерткіштердің қазба жұмыстарына қатыса отырып, оларды 3D модельдеу арқылы «тірілтпекпіз». Бүгінгі визуализация заманында балаларға тарихты көзбен көргендей түсіндіруге болады. Міне, біз «Жұмбақ жер» арқылы бүкіл Қазақстан аумағын қамтып, Берел қорымынан Сарайшық қалашығына дейінгі аралықты түгел зерделейміз. Бұл жоба тарихын тек кітаптан оқып, суреттен ғана көріп келген баланың бойында Отанының тарихын білуге құштарлық, патриоттық сезім тудыратыны сөзсіз. Әрі осы мақсатта археология саласын таңдағанымыз жайдан-жай емес. Меніңше, археология – нақты деректерге құрылған ғылым саласы. Сонымен қатар, «Ақжолтай» деген атпен этнотанымдық реалити шоу түсіреміз. Жоба барысында балалар бүгінгі күні қол үзіп бара жатқан әдемі дәстүрлерімізбен қайта табысады. Киіз үйде тұрып, байырғы өмір салтымызбен қауышады. Жобаның бар сырын ашпай-ақ қояйын. Айтқым келгені, осы жоба арқылы жұртшылық жоғалғанын түгендегендей болары анық.
Жалпы жоспар көп. Көрерменге, оның ішінде балаларға контент жасау – үлкен ізденісті қажет етеді. Қазір балалар өте ақылды, олар гаджетттің барлық түрін пайдалана біледі, бірнеше тілде сөйлейді. Сондықтан оларды өз деңгейлеріндегі, тіпті, бір қадам озық тұрған бағдарламалармен қызықтырмасаңыз, керегін ғаламтордан іздеп кете береді. Біз осыны түсініп отырмыз. Сол себептен контент ұсыну жағынан түрлі тәжірибелерге барамыз. Сондай тәжірибенің бірі – баланың экономикалық сауаты. Ақшаны дұрыс жоспарлау, жұмсау сияқты қаржылық сауаттылықты үйрететін бағдарламамыз болады. Ата-анасы күнделікті қалтасына салып берген ақшадан бастап, бүкіл бір отбасының қаражатына дейін үйлестіру балаларға жүктеледі. Мұндай бағдарлама жасау – заман талабы.
Биыл «Балапан» эстрадалық әндер бағытындағы ірі жобаларын тоқтатты. Осыған дейін балалар шығармашылығындағы осы саланың дамуына үлкен үлес қосқан едік, енді ұлттық ән-күй өнерін насихаттау мақсатында үлкен жоба дайындап жатырмыз. Қандай екені әзірге құпия бола тұрсын, бірақ бұл жоба әр ауылдың талантты баласын тауып алады.
Дәл қазір біз супер қаһарман іздеудеміз. Бүгінде қай баланы алып қарасаңыз да, Голливуд ұсынған қаһармандарға ұқсағысы келеді, еліктейді. Ал «balapan» қазақ баласына өзіне таныс, табиғатына жақын заманауи қаһарман ұсынғысы келеді. Осы бағытта ауқымды жобамыз болады. Алдымен, балалардың арасында «өз кейіпкеріңді бейнеле» деген сурет сайысын ұйымдастырып көрдік, қарап отырсақ, олар салған батырларда Бэтменнің бетпердесі немесе Темір адамның лазер қаруы бар. Және ол міндетті түрде ұшады. Дүниені жамандықтан құтқарады. Кейде дулыға киеді, енді бір суреттерде сауыты бар. Батырдың қандай болуы керектігін балалар бізге «сыбырлап» айтып жатыр. Балалардың қиялындағы заманауи қазақ кейіпкерін табу – біздің басты міндетіміздің бірі деп есептеймін.
- Басқа арналар көрерменнің сұранысын қанағаттандыруға бағытталса, «Балапанды» болашаққа инвестиция деп қараған жөн сияқты. Біз қазіргі жаңалықтарды айтып отырмыз, ал арнаның даму стратегиясы бар ма?
Әрине, онсыз жұмыс істеу мүмкін емес. «Балапан» осы уақытқа дейін аяғын нық басып, теленарықта өз орнын алды деп ойлаймын. Енді сапалы контент мәселесі күн тәртібінде тұр. Интернеттің дамуы – шекараларды бұзды. Біз сапалы өнім ұсынбасақ, көрерменімізден айрыламыз. Баланың дамуына, уақытын тиімді өткізуіне, білім алуына, тұлға ретінде қалыптасуына қажетті нәрсенің бәрін беруіміз керек. Қазіргі басым бағыттарымыздың бірі – ғылым, ағартушылық. Сіз айтқан инвестицияны білім деп түсінемін және «balapan» енді білімді арнаға айналады.
Өз тамырын тануға ұмтылу, мәдени мұраға үңілу – әрдайым «balapan»-ның басты қағидаларының бірі болған. Біз бұл жолдан айнымаймыз. Мысалы, биыл 20 күйді анимацияға айналдырып жатырмыз. Қазақ мультипликациясының атасы Әмен Қайдардың «Ақсақ құланының» жолын жалғап, осындай үлкен істі қолға алдық.
«Ерекше балаларды», дәлірек айтсам, мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеу, қоғамды соған дайындау – біздің арнамыздың алдында тұрған міндет деп білемін. Осы бағытта Аружан Саинмен бірлесіп «Дос болайық!» жобасын жасағалы отырмыз. Экранға Аружанның өзі шығуға келісімін берді. Менің ойымша, бұл бағдарлама Аружанның қайраткерлік қырын аша түседі. Бұл – балалар аудиториясын ізгілікке баулитын, әлеуметтік кедергілерді жойып, жаңа көзқарас ұсынатын жоба болғалы тұр. Осындай маңызды бағыттарымыз бар.
- Әке ретінде балалардың қазақша сөйлеуіне «Балапан» қосқан үлестің зор екендігін мойындаймын. Әдемі, әдеби тілі бар. Ал қазіргі заман талабында ағылшын тілі де қатар тұр. Білімді арнада бұл бағыт қалай дамымақ?
- Нақты мысал айтайын. Биыл халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовпен үлкен жоба бастадық. «Шахмат патшалығы» деп аталған бұл жобамыз балаларға шахмат үйретеді. Шахмат үйрету үшін анимация тілін таңдап алдық. Осылайша шалғай ауылдардың өзіне сапалы білімді қолжетімді еткіміз келді. Бұл жобамыз Дәрмен Сәдуақасов пен әлемдік деңгейдегі жаттықтырушы, Г.Каспаровтың секунданты болған Е. Владимировтың авторлық методикасы негізінде жасалатындықтан халықаралық аудитория үшін де қызықты болар деген үмітіміз бар. Сондықтан жоба қазақшамен қатар ағылшын тілінде жасалады. Эфирімізден де қазақ және ағылшын тілінде беріледі.
Жалпы басқа тілді үйретудің ең тиімді тәсілі – тілді сол тілдің өзінде үйрету жолы. Әлемдік теленарықта тіл үйрету жағынан әбден нәтижелі деп танылған бағдарламаны эфирге түпнұсқа (ағылшын тілі) тілде қоюды жоспарлап отырмыз.
- «Балапанның» негізгі аудиториясы 0 жас пен 12 жас аралығындағы балалар ғой. Жоғарыда айтылған жобалар мектеп жасындағы балаларға арналған, ал кішкентай көрерменге арналған контенттің үлес салмағы қандай?
- Баланың өсуінде әр күннің алар орны бар, мысалы, алты айлық бала мен сегіз айлық баланың даму деңгейі әртүрлі, оны салыстыру мүмкін емес. Балалар аудиториясына өнім ұсыну – үлкен зерттеуді қажет етеді, оны белгілі бір деңгейде біз жүргізіп отырмыз. Өйткені, біздің арнамыз 0-12 жас аралығын толық қамтиды. Баланың дамуында бір күн, бір айдың өз орны бар десек, он екі жасқа дейінгі баланың қажеттілігін өтеу бізге қандай зор жауапкершілік жүктейтінін салыстырып көріңіз. Нақты мектепке дейінгі бүлдіршіндерге арналған жобаларға келер болсақ, биыл анимациялық жобалардың үлес салмағын арттырдық. Өйткені, бұл жастағы балалар үшін анимация жанры ғана өтімді. Биылғы жобаларымыздың ішінде 1 жасқа толмаған сәбилерге арналған мультхикаямыз да бар. Бұл мультхикаяда балалар әлі сөйлемейді, бірақ өмірді барынша тануға талпынады. Балалардың эмоциясына, дүниені, қоршаған ортаны тануына бағытталған мұндай жобаларды дамытатын боламыз. Осы ретте дубляждалып ұсынылатын өнімдердің басым көпшілігін – бүлдіршіндерімізге арнап алып жатқанымызды айтқым келеді. Әлемнің озық анимациялық студияларының бұл бағыттағы тәжірибесі зор, дайын сапалы өнімді балаларға қазақшалап беру арқылы да – кішкентай көрермендеріміздің аудиториясын қамтимыз. Біз бүгінде Дисней секілді алпауыт компаниялармен тікелей жұмыс істейміз. Әлемдік теленарықта актуалды деген өнім өндірушілермен бірден байланыс орнатамыз. Қытай, Корея, Жапония елдерінен де анимациялық өнімдер алып жатырмыз.
- Жалпы балалар арнасының қай қайсының болсын негізгі көреремендері кішкене бүлдіршіндер ғой. Соларға арналған жеке арна, мүмкін мультканал ашу деген ой, жоспар жоқ па?
- Бұл сұраққа жауап беру, телеарна ашу менің құзырыма кірмейді, әрине. Бірақ ана ретінде, осы саланың маманы ретінде пікірімді айтайын. Біздің елімізде анимациямен айналысатын екі негізгі мекеме ғана бар: ол «Қазақфильм» және «balapan». Бірі – киностудия, екіншісі арна болғандықтан, мүмкіндіктері де әртүрлі. Екі жақтап жабыла жұмыс істесек те, сіз айтып отырған жаңа арнаның контентін толтыру қиынға соғады. Бүгінде эфиріміздің едәуір бөлігін дубляждалған шетелдің сапалы өнімдері алады. Мамандардың жіті бақылауымен мультфильмдердің мәні мен мағынасын басты назарда ұстап, аударма сапасын жіті бақылаймыз. Адамзатқа ортақ бір нәрсе бар – ол жақсылық жасау. Біз ұсынатын мультфильмдердің барлығы адалдық, жақсылық, мейірімділікті ту етеді. Сондықтан, шетелдік өнімдерді таңдап, талғап ұсыну тәжірибесінің де берері көп деп білемін. Ал сіздің ұсынысыңыз өз уақыты келгенде, орындалады деп ойлаймын.
- Әлеуметтік желіден жиі оқимыз, көрермен тарапынан контент жаңармайды, жиі қайталанады деген сын естиміз. Бұл жобалар тапшылығы ма, әлде белгілі бір жүйе бар ма?
- Осындай әңгімелер маман ретінде мені мұңайтады. Демек, ата-аналар баласын күні бойы теледидар алдына жібереді деген сөз ғой. Бағдарламалар кестесі, эфирді жоспарлау деген ұғым бар. Біз соған сүйенеміз. Әлемнің барлық балалар арнасы сол жүйемен жұмыс істейді. Білімді, сауатты, сапалы ата-ана баласына тек қажетті деп санайтын өнімді ғана көрсетуі керек. Оның өзін зерделеп, қадағалауы тиіс. Маман ретінде баланың күні бойы эфир көруіне қарсымын. Ол біріншіден баланың денсаулығына, екіншіден сана-сезіміне зиян. Әр нәрсенің шегі бар. Ата-аналарды баласының уақытын дұрыс жоспарлап, теледидар көру мәдениетін сіңіруге шақырамын. Біз арнамызға телеөнімнің қандай жастағы көрерменге арналғанын көрсетіп тұратын тұрақты белгі енгіздік. 0+ белгісі алты жасқа дейінгі көрерменге арналған. 6+ белгісі он екі жасқа дейінгі көрермендерімізге арналған. Бұған қоса, бейсенбі, жұма сағат 16.30-да жарты сағаттан - ата-аналар уақыты бар.
Арна басшысы болсам да айтылуға тиісті ақиқат бар: балаңыздың теледидар көру уақытын жіті қадағалаңыз, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесіне назар аударсақ, 0-3 жасқа дейінгі балаларға телеарна көруге рұқсат етпеу керек; 3-7 жас аралығы - 30 мин; 7-11 аралығы - 30-50 мин. 12 жастан жоғары 1 сағаттан астам. Маман ретінде осы норманы сақтауды ұсынамын. Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғамда ата-аналар балаларын теледидарға белгілі бір деңгейде тапсырып қойған. Бұл – үлкен қателік дер едім, себебі саналы ұрпақ өсіру үшін әркім өз функциясын атқаруы керек. «balapan» ешқашан жүз пайыз тәрбие беретін ата-ана бола алмайды, ол тек балалардың бос уақытын сапалы өткізуіне, өз деңгейінде дүниені тануына мүмкіндік беретін көмекші құрал. Ал оны дұрыс, пайдалы қолдануды жоспарлайтын – ата-ана.
- «Балапан» қазір экранның арғы жағындағы көрермен балақайларға ғана емес, ішінде жүрген балаларға жұмыс беріп, болашақ маман дайындап жатқан өндіріс орнына айналды. Үлкен арналардан да сақау тілді, шала сауатты аға-апайларын көріп жүрміз. Кішкентай тележұлдыздарды оқыту, дамыту курстары, үйірмелері бар ма?
- Осыған дейін «balapan» жас жүргізушілерге кастинг өткізіп қана қоймай, танымал мамандардың көмегімен шеберлік сыныптарын өткізіп тұратын. Енді соны дамытып, арнайы медиамектеп деңгейіне көтергіміз келеді. Әзірге кастинг өткізумен шектеліп отырмыз. Іріктеудің барлығы ашық өтеді, арна сайтында «кастингтер базасы» деп аталатын бөлім бар. Сол жерге барлық қатысушылардың бейнесін нөмірлеп шығарып қоямыз. Бір бағдарлама жүргізушілігіне 200-ге жуық бала келеді. Байқағаным, әдетте қазақ балалары ұяң, ұялшақ келеді деп жатамыз ғой, мен дәл қазіргі буынның өзгергенін анық сездім. Олар – ашық, мінезі – көркем, білімі – терең. Бір шындық бар: қазақша сөйлеп, қазақша ойлайтын жаңа буынның қалыптасуына «balapan» өз үлесін қосты. Келешекте Сіз айтқан сауатсыз жүргізушілердің заманы өтеді, себебі «balapan» қазақ телевизиясының болашағын даярлайтын үлкен мектепке айналады деп сенемін.
- Сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылықтарыңызға табыс тілеймін!