Жаңалықтар

Мәһрге үй, көлік, ұшақ сұраған дұрыс па? Имам жауап берді

Мәһрге үй, көлік, ұшақ сұраған дұрыс па? Имам жауап берді
Фото: © UGC 31.01.2024 18:20 2341

Неке – Құдай алдындағы аманат, адам алдындағы жауапкершілік. Екі жастың бір-біріне деген сезімі мен сенімінің түйіскен тұсы. Бұрын жігіттер қыздың қалыңмалын берсе, қазір оған мәһр қосылды. Қалыңдық та мұндай мүмкіндікті қалт жібермеуге тырсып зәулім үй, қымбат көлік тіпті ұшақ сұрап жатады. Жалпы некенің шарты қандай, мәһрдің мақсаты не? Бұл туралы Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінің бас имамы Ержан Қағазғалиевтен сұрап көрдік.

El.kz: Ержан мырза, сұхбатымызды шариғат бойынша неке қиюдан бастасақ. Оның қандай шарттары мен ережелері бар?

Ержан Қағазғалиев: Біріншіден, некесін қиюшылардың ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен мұсылман болуы, бір-бірімен ерікті түрде некелесеуі тиіс. Екіншіден, екі жақтың ата-анасы немесе олардың орнындағы қамқоршы бұл некеден хабардар болуы міндет. Үшіншіден, неке қию сәтіне кемінде екі куәгер қатысуы керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Некені жариялаңдар» деген. Сондықтан некелесу сәтінде куәгерлердің саны көп болғаны абзал. Төртіншіден, ер азамат қызға «мәһр», яғни сұраған сыйлығын беруі қажет.

El.kz: Мешітте неке қию үшін АХАЖ құжаты міндетті түрде қажет пе?

Ержан Қағазғалиев: Екі жастың АХАЖ-дан некелерін растайтын ресми қағазы болмаса, ешбір мешітте некесі қиылмайды. Аталған құжатсыз келген жастар ресми түрде некеге тұрмаса, кері қайтарылады.

El.kz: Мәһр қалыңдыққа не үшін беріледі? Оның белгілі бір құны бар ма?

Ержан Қағазғалиев: Мәһр – ол неке қию барысында күйеуінің әйеліне беретін сыйлығы. Кезінде ер азаматтар азық іздегенде немесе жаугершілік уақытта сапарлатып бірнеше ай үй көрмейтін болған. Сонда үйінде қалған жұбайы керегіне ақша таба алмай қалғанда сол күйеуінің мәһріне берген сыйларын сатып, абыройын сақтап, ол қайтып келгенше қажеттіліктерін өтейтін болған. Қазіргі таңда мәһрдің құны кемінде 100 мың теңге болады. Негізінде оған қойылатын нақты бір шектеу жоқ. Дегенмен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үмбеттерінің жұбайлары аздау мәһр сұрайтындарын мақтаған хадистер бар.

El.kz: Қазіргі таңда қыздардың мәһрге көлік, үй, тіпті ұшақ сұрауы орынды ма?

Ержан Қағазғалиев: Онда тұрған ештеңе жоқ. Алайда тұрмысқа не үшін шығып жатқанын түсінген келіндер бұндай жоғарғы деңгейлі мәһрді сұрау арқылы дүниені бірінші кезекке қойғандай көрінеді. Менің ойымша бұл нәрсе қазақ қыздарының отырыңқырап қалуына, ал жігіттеріміздің өзге ұлт қыздарына көз салып, солармен отбасын құруына әкеп соғуы мүмкін. Сонда мұның ең соңы ұлтымыздың жоғалуына әкелу қаупін төндіреді.

El.kz: Мұсылмандарға өзге дінді ұстанатын адаммен некелесуге бола ма?

Ержан Қағазғалиев: Асыл дініміз исламда қыз бала міндетті түрде мұсылманға тұрмысқа шығуы керек. Ал ер мұсылманға тек кітап иелері болған ұлт өкілдерінің қыздарын некеге алуға болады. Бірақ ең қайырлы неке мұсылмандардың қиылған некесі болып саналады.

Қазіргі таңда сәләфия, уаһабия ағымында жүрген жастар білдіртпей, жасырын некеге тұруды шығарды. Бұл дүниенің енді тоқтайтын түрі жоқ. Бүгінде әйелдерді баласымен тастап, 3-4 ай пайдаланып кетіп жатқаны қаншама. Мұның өзі – үлкен мәселе.

Мәһрге үй, көлік, ұшақ сұраған дұрыс па? Имам жауап берді

Намазхандардың ішінде сәләфия, уаһабия ағымында жүргендер некені көп ойыншық қылады. 15-16 жастағы қыздарды алып, аз ғана уақыт қызығын көріп, талағын беріп, оңай кете береді. Бұл ешқандай да мұсылмандықтың белгісі емес. Мұндай неке мешітте қиылмайды.

El.kz: Неке қидырғанда куәгер ретінде кімдерді таңдаған дұрыс?

Ержан Қағазғалиев: Некенің басты шарттарының бірі – оның жария болуы. Сондықтан неке қию сәтінде куәгерлер міндетті түрде болуы қажет. Куәгер ретінде екі жастың балиғат жасына жеткен, есі дұрыс, ең жақын достары, екі жақтың ата-анасы, екі ер адам немесе бір ер адам мен екі әйел адам қатыса алады.

El.kz: Мешітте қиылған неке жарамды ма?

Ержан Қағазғалиев: Жалпы АХАЖ бөлімінде көпшілік алдында қиылған неке дұрыс. Мешітте қиылған некенің шариғат жағынан талаптары дұрыс болғанымен, АХАЖ бөлімінде ресми тіркелмесе, ол азаматтық некенің қатарына қосылады. Сол үшін олар бірінші кезекте, заң жүзінде некелесуі керек.

El.kz: Ер азаматтың өзінен жасы үлкен әйелге үйленуіне қатысты көзқарасыңыз қандай?

Ержан Қағазғалиев: Жалпы отбасын құрған екі жас ешкімнің сөзін тыңдамауы керек. Қазір өзінен жасы үлкен қызға үйлену ерлердің арасында белең алып келеді. Кейде айрандай ұйып, тату-тәтті өмір сүріп жатқан отбасыны сөгетіндер бар. Содан олардың арасына іріткі түсіп, ақыр соңы отбасының бұзылуына дейін жетеді. Сондықтан оның кесірі ажырасқандарға ғана емес, ажырастырғандарға да тиеді. Бұл жағдай бәлкім, олардың өзіне немесе балаларының алдына келеді. Қазақта «Біреуге  ор қазба, өзің түсерсің» деген керемет мақал бар. Біреуді сынап, мінеуден бұрын біз өзімізді түзеуіміз қажет. Кім де кім мейлі 10, 15, 20 жас үлкен адамға үйленсе де оларға тек бақыт тілеуіміз керек. Өйткені әрқашан жақсылық тілеп, айналасына тек жақсылық таратып жүретін Алланың құлдары ешқашан кедейшілік, қиындық көрмейді.

El.kz: Отбасын құрған екі жасқа бір-біріне ажырасу, талақ беру туралы қалжыңдап айтуына бола ма?

Ержан Қағазғалиев: Некеде ажырасуға қатысты қалжыңдасуға үзілді-кесілді тыйым салынған. «Талақ» деп ойнап та айтуға болмайды, ол сөз шынайы қызметін атқарып кетеді.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға