Магнус Карлсен Бибісара Асаубаевамен ойнаудан неге бас тартты?

Магнус Карлсен Бибісара Асаубаевамен ойнаудан неге бас тартты?
Фото: AI көмегімен жасалды

Норвегиялық шахматшы, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Магнус Карлсен Будапештте өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot турнирінде қазақстандық Бибісара Асаубаевамен соңғы партияны ойнаудан бас тартты. Ол қарсыласымен кездесудің қажеті жоқ екенін айтып, ойынды «мүлде мағынасыз» деп бағалаған. Ал бұл кезде Бибісара шахмат тақтасының алдында қарсыласын 15 минут бойы күтіп отырды.

Бұл оқиға шахмат әлемінде қызу талқыланып, Карлсеннің спорттық этикасы мен қарсыласына деген құрметі туралы пікірталас тудырды.

Магнус Карлсен кім?

Магнус Карлсен – 1990 жылы 30 қарашада Норвегияда дүниеге келген шахматшы, гроссмейстер және қазіргі шахмат тарихындағы ең мықты ойыншылардың бірі.

Ол шахматқа бала кезінен қызығып, небәрі 13 жасында гроссмейстер атанған. 2010 жылы 19 жасында FIDE рейтингінде әлемнің бірінші нөмірлі шахматшысы болды.

2013 жылы үндістандық Вишванатан Анандты жеңіп, алғаш рет классикалық шахматтан әлем чемпионы атанды. Кейін бұл атағын бірнеше рет қорғап, жалпы бес мәрте әлем чемпионы болды. 2021 жылы Ян Непомнящийді жеңгеннен кейін чемпиондық атағын қорғаудан бас тартатынын мәлімдеді.

<strong>Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметінің фотосы</strong>
Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметінің фотосы

Карлсеннің жетістіктері мұнымен шектелмейді. Ол рапидтен бес, блицтен жеті мәрте әлем чемпионы атанған. Сондай-ақ оның 2882 балдық рейтингі шахмат тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болып саналады.

Карлсен 2011 жылдан бері FIDE рейтингінде ұзақ уақыт бойы көш бастап келеді. Оның ойын мәнері позицияны терең түсінуімен, қарсыластың әлсіз тұсын дәл анықтауымен және күрделі жағдайларда да жеңіске жету қабілетімен ерекшеленеді. Сондықтан шахмат мамандары оны барлық кезеңдегі үздік ойыншылардың бірі деп бағалайды.

Неліктен Карлсен Бибісарамен ойнаудан бас тартты?

Оқиға Total Chess World Championship Tour Pilot турнирінің Будапешттегі кезеңінде болды. Бұл жарыста шахматшылар блиц, рапид және жылдам классика форматтарында бақ сынайды.

Карлсен мен Асаубаева 17-20-орындар үшін күресіп жатқан. Қарсыластар алғашқы ойын күнінде бірнеше партия өткізді. Норвегиялық шахматшы блиц форматындағы төрт партияның үшеуінде жеңіске жетіп, біреуінде тең түсті. Рапид форматындағы екі кездесуде де қарсыласынан басым түсті.

Осылайша жалпы есеп 11,5:0,5 болып, Карлсеннің пайдасына шешілді.

Алда жылдам классика форматындағы соңғы партия қалған еді. Бұл кездесуде жеңімпазға сегіз ұпай берілетін. Алайда Карлсеннің басымдығы соншалық, Бибісара соңғы партияда жеңіске жеткен күннің өзінде алғашқы ойын күніндегі жалпы нәтижені өзгерте алмайтын еді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Total Chess (@totalchess)

Осыны негізге алған норвегиялық шахматшы соңғы партияға қатысудан бас тартты. Ол төрешілермен сөйлескеннен кейін ойын алаңынан кетіп қалған.

Ал Бибісара Асаубаева қарсыласын шахмат тақтасының алдында күтіп отырды. Белгіленген 15 минут өткен соң төрешілер оған техникалық жеңіс берді. Нәтижесінде алғашқы ойын күнінің қорытынды есебі 11,5:8,5 болды.

Карлсен өз шешімін Норвегияның TV 2 телеарнасына берген сұхбатында түсіндірді.

Менің түсінуімше, классикалық партия болмайды, матч аяқталды. Ойынға келмегенімнің жалғыз салдары – мүлде мағынасыз партияда жеңіліс табу. Әлем чемпионатында ойнап, нәтиже ұпайға әсер ететін болса, мұны түсінер едім. Бірақ бұл көрсетілімдік турнир емес. Егер матч аяқталса, демек, ол аяқталды. Ал одан кейін қосымша партиялар өткізілетін болса, олар рейтингке есептелмеуі керек. Бұрыннан қалыптасқан тәртіп осындай. Ал мұнда басқаша шешім қабылдағысы келсе... Бұл – менің шешімім, – деді ол.

Шахматшылар Карлсеннің әрекетін сынға алды

Норвегиялық гроссмейстердің бұл шешімі шахмат қауымдастығында біржақты қабылданбады. Көптеген ойыншы оның әрекетін спорттық этикаға қайшы деп бағалады.

Халықаралық шахмат федерациясының бас директорының кеңесшісі Эмиль Сутовский Карлсеннің әрекетін спорттық мінез-құлыққа сай емес деп сынады. Өзге шахматшылар да қарсыласына алдын ала ескертпей, партияға келмеуін құрметсіздік деп бағалады.

Себебі партияның нәтижесі жалпы есепке әсер етпесе де, жарыс регламентінде барлық кездесуді өткізу қарастырылған. Оның үстіне Бибісара қарсыласын күтіп, ойынға дайындалған.

Карлсен неден қауіптенеді?

Бұл оқиғаның тағы бір қызықты тұсы бар. Карлсеннің соңғы партиядан бас тартуына оның турнирдегі рейтингтік жағдайы да әсер етуі мүмкін деген пікірлер айтылды.

Турнирдің топтық кезеңінде норвегиялық шахматшы жылдам классика форматында өткізген он партиясының біреуінде де жеңіске жете алмаған. Тоғыз кездесу тең аяқталса, бір партияда армениялық шахматшы Айк Мартиросяннан жеңілген.

Осының салдарынан Карлсеннің классикалық шахматтағы рейтингі 2801,2 балға дейін төмендеген. Тағы бір сәтсіз нәтиже оның рейтингін 2800 балдан төмен түсіруі мүмкін еді. Бұл соңғы 17 жылға жуық уақыттағы алғашқы жағдай болар еді.

Айта кетейік, шахматта 2800 балдық көрсеткіштен асу – әлемнің ең мықты ойыншылары ғана бағындыратын ерекше меже. Карлсеннің өзі кезінде 2882 балға жетіп, тарихтағы ең жоғары рейтинг рекордын орнатқан. Алайда Бибісарамен өтпеген партия норвегиялық шахматшының рейтингіне әсер еткен жоқ. Себебі техникалық жеңіліс рейтингтік есепке енгізілмейді.

Турнир ұйымдастырушылары да ойынға келмегені үшін ережеде қосымша санкция қарастырылмағанын мәлімдеді.

Ал 18 қарашада екі шахматшы екінші ойын күнінде қайта кездеседі. Оның нәтижесі бойынша жеңімпаз 17-орын үшін күресті жалғастырса, жеңілген ойыншы 19-орын үшін ойнайды.

Оқи отырыңыз