Жаңалықтар

Мade in kz: «Лада Седанмен» танылғымыз келген жоқ

«Made in kz» тобы
05.02.2016 08:53 10195

Ресейлік рэп-әнші Тиматидің репертуарындағы әйгілі «Лада Седан» әнін домбыра әуеніне салып орындап жүрген «Made in kz» жобасының авторы,  диджей-домбырашы  Бауыржан Итикеев «El.kz» сайтына  топтың шығармашылығы туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. 

Мade in kz: «Лада Седанмен» танылғымыз келген жоқ

 – Бауыржан, соңғы кездері әлеуметтік желі қолданушыларының арасында топтарыңыздың орындауындағы әндер кең таралып үлгерді. Көпшілік сіздер туралы білгісі келеді. Алдымен, «Made in kz» жобасының қалай дүниеге келгенін айтып берсеңіз.

– Тобымыз өткен жылдың тамыз айында құрылды. Өзім диджей бола жүріп, домбырашыларға заманауи әуендерді тартқызғанды ұнататынмын. Бір күні «неге осы домбыраны өзіме үйреніп алмасқа?» деген ой келді. Өзім кезінде домбыра мектебіне түсіп тұрып, оқуды орта жолдан тастап кеткен адаммын. Сол кезде балалық жасағанымды есейе келе түсіндім. Бір жарым жыл уақытымды домбыра курстарына жұмсап, біртіндеп диджей-домбырашы ретінде таныла бастадым. Біршама уақыттан соң, осы жобаны ары қарай дамытпақ ниетпен Мақсат Хасанов досым екеуміз бірігіп өнер көрсете бастадық. Маған домбыра тартуды үйреткен – осы Мақсат. Әуендерімізді Ернар Смағұлов есімді жігіт өңдейді. Қатарымызға әнші қыз қосылса, тобымыз одан сайын құлпыра түсетінін түйсінген сәтте бірден кастинг ұйымдастыра қойдық. Қалың қыздың ішінен көңілімізге жаққаны Аджера Лесбекова болды.

– Үшеуіңіздің де музыкалық білімдеріңіз бар шығар?

– Жоқ, арамызда Мақсаттың ғана кәсіби білімі бар. Ол – Құрманғазы  атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, «Алдаспан» этно-рок тобының мүшесі. Бүгінде «Жұлдыз FM» радиосында музыкалық редактор болып жұмыс жасайды. Ал, Аджера Алматыдағы Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде білім алады. Ал, мен мамандығым бойынша тау-кен инженерімін. Кезінде кен өндірісінде жұмыс істегенмін. Бірақ, кейін өнер жолын таңдадым.

– Сіз де радиода қызмет етеді деп естіген едім.

– Иә, мен қазір «Рекорд» радиосының радиожүргізушісі және диджей қызметін қатар атқарамын.

Мade in kz: «Лада Седанмен» танылғымыз келген жоқ

– Жобаны бастауыңызға не түрткі болды?

– Қазір өзге ұлт өкілдері қазақтың домбырасын құшақтап, жиын-тойларға жиі баратын болды. Олардың қазақ тілін бұрмалап ән салып, күйді дұрыс тартпауы менің намысыма тиеді. Соның өзінде халық олардың өнерін «экзотика» көреді. Мен жастарға қазақтың қара домбырасының кез келген шетелдік музыканы ойнауға қауқары жететінін көрсеткім келді. Ал, олардың көпшілігі домбыра десе, тек дәстүрлі әншілер және айтыскерлерді елестететіні өтірік емес. Жастар жаңа форматтағы креативті дүниелерді тез қабылдайды. Тек оларға соны өз тілінде жеткізе білсек болғаны. Бұл бағытта бізге Асылбек Еңсеповтің орындауындағы күйлер үлгі болып жүр.

– Демек, «Made in kz» жобасының стилі «ДЭККО» жанрына ұқсайды.

– Иә, негізі сол стильге келеді. Марқұм домбырашы, сазгер Жасарал Еңсепов ағамыз домбыраға микрофон салып, оған аранжировка жасап, осы жанрдың негізін қалап кетті. Өзімді бұл істің жалғастырушысымын демеймін, тек диджей ретінде өзіндік шешімімді қостым. Мысалы, «Лада Седан» домбырада өте сәтті орындалады» деп кім ойлаған? Музыкада жеті-ақ нота бар болса, оның жетеуі де домбыраның пернесіне қонған. Ендеше, неге бізге ұлттық аспабымыздың керемет мүмкіндігін бүкіл әлемге көрсетпеске?!

– Сонда сіз клубта да домбыраның әуенін қойып жүрсіз бе?

– Иә, клубта халық әні «Қамажай», Төлеген Мұхамеджановтың «Детство» күйі, «Түркімен биі» шығармасы және т.б. әуендерге жасаған ремикстерімді қосамын. Келген қонақтар сол әуендерді тыңдайды, билейді. Олар үшін бұл ерекше дүние екендігін таңырқаған жүздерінен байқаймын.

– Менің білуімше, сіздер ең алғаш ресейлік рэп-әнші Тиматидің репертуарындағы «Лада Седанның» кавер нұсқасымен танылдыңыздар. Солай ма?

– Дәл солай. Негізі оның алдында Стингтің «Shape of my heart» әнін және тағы біраз даңқты джаз шығармаларды орындаған болатынбыз. Бірақ, халықтың назары сапалы жұмыстарымызға емес, «Лада Седанға» түсті. Өзіңіз де түсінесіз, тыңдарман ең алдымен, қабылдауға жеңіл, танымал дүниеге ұмтылады. «Лада Седанды» жарыққа шығаруды мақсат тұтпаған да едік. Студиядағы кезекті дайындықта «Инстаграмға» салу үшін әуесқой видеоға түсіре салған болатынбыз. Сондағы видеомыздың ойламаған жерден жұлдызы жанды.

 Қазірге дейін ең көп тыңдалған әуендеріңіз қайсы?

– Дәл қазір Kygo есімді норвегиялық диджейдің «Stole the show» атты әніне жасаған каверіміз «Фейсбук» әлеуметтік желісінде қызу талқыланып жатыр.

 Мені қызықтырған тағы бір сұрақ: Аджераның шын есімі кім?

– Аджераның шын аты – Әйгерім. Бірақ, неге екенін білмеймін, анасы оны Аджера деп атап кеткен екен. 

 Алғашқы бейнебаяндарыңыз қашан жарыққа шығады?  

–Менің youtube-арнамдағы видеоларды бейнебаян деп атауға келмейді. Оларды халыққа өзіміздің бағытымыз қандай екенін түсіндіру үшін түсіреміз. Ал, алғашқы бейнебаянымыз жақын арада тыңдарман қауымға жол тартады. Бұл біздің клубтық би бағытында жазылған авторлық жұмысымыз болғалы тұр.

 Одан өзге қандай жоспарларыңыз бар? Бір сәтте жарқ етіп, артынша жоқ болып кетпейсіздер ме?

– Жоқ, жұмысымызды осы қарқынмен жалғастыра береміз. Жақында бізге Латвиядан шақырту келді. Бұйырса, Еуропаның 4 елінде өтетін шығармашылық саммитте өнер көрсетеміз. Шақырушы тарап бізді шетелдіктерге «ұлттық аспаппен заманауи әуендерді орындайтын ерекше топ» деп таныстырмақшы. Мұны тобымыздың алғашқы жеңістерінің бірі деп білемін.

Сондай-ақ, қазір қазақ және орыс тілдерінде авторлық әндерімізді көбейтіп жатырмыз. Бұдан былай «интернет-жоба» ғана емес, кәдімгі топ ретінде танылуды көздейміз. Бірақ, мұны «жұлдыз болуға ұмтылу» деп түсініп қалмаңыздар! Басты мақсат – қазақтың қара домбырасын жұртшылыққа тағы бір қырынан таныстыру.

 Ғаламтордағы танымалдылық сіздерге коммерциялық жағынан да табыс әкелген болар?

– Жасыратыны жоқ, осы жоба арқылы бізді танитын жандардың қатары көбейді, табысымыз да жоғарылады. Аяқ астынан болған мұндай оң өзгеріс дағдарыс уақытында адамға өзгеше серпін береді екен (күлді).

Тобымыздың аз уақыт ішінде танылуына себепші болған сүйікті тыңдармандарымызға тамаша тосынсыйлар дайындап отырмыз.  Домбыраны бұрын-соңды ешкім көріп-білмеген жаңа қырынан танытпақ ниетіміз бар. Қысқасы, жаңалық күтіңіздер!

– Сәттілік тілейміз! Әңгімеңізге рахмет!


Әңгімелескен – Роза ӘРЕН

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға