Жаңалықтар

«Made in Kazakhstan»: Қымыз бен құрт өндіретін Түркістан облысындағы тұтас бір әулет

«Made in Kazakhstan»: Қымыз бен құрт өндіретін Түркістан облысындағы тұтас бір әулет
Фото: Автор 26.08.2024 13:02 697

«Қазақстанда жасалған» немесе «Made in Kazakhstan» өнімдеріне сұраныс күн сайын артып келеді. Тіпті шетелге шыққанда дүкен сөрелерінен Қазақстанда жасалған өнімдерді іздеп, аңсап тұрамыз. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Шалдар ауылының тұрғыны, кәсіпкер Гүлмира Жанғазиева бала-шағасымен бірге әулетінің кәсібін дөңгелетіп отыр.

El.kz тілшісі елордада өтіп жатқан Қытай тауарларының 19-шы көрмесінде қазақтың дастарханынан үзілмейтін қымыз бен құртты таныстырған түркістандық кәсіпкермен әңгімелесіп, шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

El.kz: Гүлмира апай, өзіңізді Астанада көргенімізге қуаныштымыз! Бүгін көрмеге қандай өнімдеріңізбен келдіңіз?

Гүлмира Жанғазиева: Біз ара балы және табиғи киік отымен жасалған қымыз өндіреді. Бүгін көрмеге осы өнімдерімізді және құртымызды әкеліп отырмыз. Шаруашылығымызда құлынды биелеріміз бар. Оларды сауып, өңдеп, қымыз шығарамыз. Бұл кәсіппен айналысып жүргенімізге екі жылдан асты. Яғни 2022 жылдан бастап қымыз өндірумен айналыса бастадық. Түркістан, Шымкент, Арыс, Атырау, Ақтау және басқа да қалаларға жіберіп тұрамыз. Жалпы сатылымда оңтүстікте бар. Тапсырыс болса, еліміздің кез келген өңіріне жіберуге дайынбыз. Тіпті кейде тойларға да тапсырыс қабылдап тұрамыз.

El.kz: Өнімдеріңізді экспортқа шығару жоспарларыңыз жоқ па?

Гүлмира Жанғазиева: Өткенде Түркістан облысында көрме өткен болатын. Іс-шарада алғашқы үздік ондықтың қатарына еніп, Астанадағы Қытай тауарларының 19-шы көрмесіне жолдама алдық. Сөйтіп, міне бүгін осы іскерлік көрмеге қатысып отырмыз. Көрмеде құртымыз бен қымызымызды таныстырып отырған жайымыз бар.

El.kz: Қытай тауарларының 19-шы көрмесінде қытайлық әріптестеріңіз тауарларыңызға қызығушылық танытып жатыр ма?

Гүлмира Жанғазиева: Қонақтар келіп, танысып, дәмін татып көріп жатыр. Бірақ қызығушылық жоқ деп айта алмаймын. Адам көп болғандықтан, көрме келушілерінің арасынан өнімдерімізге өз бағасын беріп жатқандар бар.

Тілдерін түсінбесем де, эмоцияларынан оң баға беріп жатқанын байқауға болады.

El.kz: Көрмеден қандай нәтиже күтесіздер?

Гүлмира Жанғазиева: Кәсібімізді әрі қарай дамыту үшін Үкіметтен қолдау, әсіресе қаржылай қолдау алғымыз келеді. Мысалы, жеңілдетілген несие болса да. Бізге инвесторлар келсе, шаруа қожалығымызды кеңейтіп, үлкен ферма ашқымыз келеді. Қолдау болса, жоспарымызды орындар едік.

El.kz: Шаруа қожалығында қандай өнімдер шығарасыздар?

Гүлмира Жанғазиева: Қымыз, құрт. Қазір ет те өндіріп жатырмыз. Қой, жылқы, сиырымыз бар.

El.kz: Өндіретін өнімдеріңіздің бағалары қолжетімді ме?

Гүлмира Жанғазиева: Мына қымызды 700 теңгеден сатып жатырмыз. Ал құрттың бір келісін 4 000 теңгеден. Құртқа ешқандай қоспа қосылмайды, таза табиғи өнім.

El.kz: Барлығымыз отандық таза өнімді тұтынғымыз келеді. Бірақ Қазақстанда жасалған тауарлардың бағасы қымбат екенін байқап жатамыз. Неге өз өнімдерімізді қолжетімді бағаға сатпасқа... Сол кезде сұраныс та одан сайын арта түсер ме еді...

«Made in Kazakhstan»: Қымыз бен құрт өндіретін Түркістан облысындағы тұтас бір әулет фото - Айдана Мұрат

Гүлмира Жанғазиева: Мысалы, бұл жарты литр қымыз. Бөтелкенің сыртындағы этикеткасын бір мекемеге жасатамыз, қақпағын Ресейден алдыртамыз, ал құтының өзін басқа жақтан қымбатқа алдыртамыз. Міне осының бәрі шығын. Оған қоса қызметкерлердің айлығы бар. Осының барлығын есептеп, бағаны қоямыз. Бірақ басқа жақта өндірілетін қымыздардың бағасы біздікінен қымбат екенін естіп жатамын.

Тіпті бір литр коланы да осы бір қымыздың бағасына алып жатамыз. Салыстырып қарасақ, қымыз табиғи өнім. Бағасы нарыққа сай деп есептеймін.

El.kz: Өзіңіз басқарып отырған шаруа қожалығы неше адамды жұмыспен қамтып отыр?

Гүлмира Жанғазиева: Төрағамыз бар, оған қоса бие сауатын жұмысшыларымыз, бөтелкелерді тазалап, сиыр сауатын жұмысшыларымыз бар.

Қазір биелерді арнайы құрылғымен сауып жүрміз.

Бұл кәсіпті келін, бала-шағамызбен бірге дөңгелетіп отырмыз. Яғни әулетімізбен осы кәсіппен айналысамыз.

Егер қаражат бөлініп, жеңілдетілген несие алып, кәсібімізді дамытуға мүмкіндік алсақ, онда тағы қосымша жұмыс орнын ашуға дайынбыз.

El.kz: Кәсіпті қаншалықты кеңейткілеріңіз келеді?

Гүлмира Жанғазиева: Сұраныс көбейген сайын кәсіпті де үлкейтсек деп ойлаймыз. Бірақ барлық мәселе – қаражатқа келіп тіреліп тұр.

El.kz: Қазақстанда өнімдеріңізге сұраныс бар. Солай ғой?

Гүлмира Жанғазиева: Иә, бар. Әр сауған сайын 120 бас биені сауамыз. Күніне 500 бөтелкеге дейін қымыз өндіруге күшіміз жетіп жатыр. Көктемде тіпті 1 000 бөтелкеге дейін жеткізуге болады. Жазға қарай оның көлемі азаяды. Бірақ жыл бойы өндірісті үзбей, жалғастырып келеміз.

Қымызымызға ауыл аймақтан, Арыс, Түркістан, Шымкент қалаларынан сұраныс көп.

Егер тапсырыс той-томалақ өткізуге түссе, онда құты қабын арнайылап, «құда мыңжылдық», «бесік той», «қыз ұзату», «үйлену тойы» сияқты жазулармен де шығарып береміз. Бұл - кәсіпті дамытудың креативті бір жолы.

El.kz: Гүлмира апай, өз сөзіңізде өнімдеріңіздің құрамында қоспа жоқ деп айттыңыз. Жалпы қымыз бен құрт адам ағзасына несімен пайдалы?

Гүлмира Жанғазиева: Балмен қымызының асқазан ауруларына пайдасы зор. Өз тәжірибемде осы қымызды ішіп, асқазан ауруынан жазылғандарды кездестірдім. Бізде табиғи киік оты деген шөп өседі. Осы шөппен қымыздың ыдысын ыстап қымыздың осы түрін өндіреміз. Мысалы, бүйрегіңіз, асқазаныңыз ауырса, пайдалысы осы қымыздар. Қымыз әбден ашып, күші пайда болғанда оны семіргендердің жаман ауруынан айыққаны туралы да әңгімелер айтылады. Жалпы қымыздың түрлі ауруларға емі бар.

Энергетик, газды сусындардың орнына қымызды ішкен әлдеқайда пайдалырақ.

El.kz: Өздеріңіз де қымызды жиі ішесіздер ме?

Гүлмира Жанғазиева: Әрине, жиі ішеміз. Гемоглобині төмен адамдарға да қымыз пайдалы. Ал ішінде құрты барларға саумал шипа болады.

Құрт та таза. Сиырды сауып, өзіміз жасаймыз. Майын алып, құртын жасап, оларды сатып, кәсіп етіп отырмыз.

El.kz: Гүлмира апай, уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет! Ісіңіз берекелі болсын!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға