Жаңалықтар

Мәулен Әшімбаев: «Ел дамуындағы жаңа кезеңге қадам басып отырмыз»

Фото: Baq.kz
Мәулен Әшімбаев: «Ел дамуындағы жаңа кезеңге қадам басып отырмыз»
06.06.2022 13:53 1340

Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz

«Жалпыұлттық референдумның алдын ала қорытындысы жарияланды. Соның нәтижесі бойынша дауыс беруге құқылы азаматтарымыздың 68 пайызы референдумға қатысқан. Олардың 77,18 пайызы Конституцияға енгізу үшін ұсынылған өзгерістерді қолдап дауыс берді. Осылайша, халық өз таңдауын жасап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа және Жаңа Қазақстан құру жолындағы бастамаларға қолдау білдірді

Бұл демократиялық, құқықтық, әділетті мемлекет болуға бет бұрған еліміз үшін ең маңызды және шешуші қадам екені сөзсіз. Ендігі міндет – елдің осы қалауын іске асыру. Яғни алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Бұл ретте заңнамалық бағытта атқарылар істің маңызы зор. Сондықтан Парламент Сенаты қолға алынған саяси өзгерістерді жүзеге асыру үшін тиісті жұмысты жалғастыра береді.

Шын мәнінде, біз ел дамуындағы жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Басты мақсат – мемлекеттілігіміз бен Тәуелсіздігімізді нығайту, заң үстемдігі салтанат құрған әділетті Қазақстан құру және азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Оған негіз болатын маңызды шешім қабылданды. Алдағы уақытта да ұлт болып жұмылып, көздеген мақсаттарымызға қол жеткіземіз деп сенемін», - деп жазды Мәулен Әшімбаев.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға