Жаңалықтар

Мүсінші Сырым

Мүсінші Сырым
27.11.2020 14:58 6005

...Біртүрлі адамдар болады. Қылған ісі, айтқан сөзі айналасындағыларға біртүрлі болып көрінетіндер туралы айтамын. Онымен танысқан сәтте-ақ, кітап оқып тұрғандай әрбір сөзіне екпін түсіріп сөйлегеніне қарап, «кітап сөзін жаттап алған екен» деп ойлап үлгердім.

«Тұрақсыздық пен қиындықтарды ұнатамын. Ол мен үшін жаңа мүмкіндіктер әлемін ашады», - дейді арманы әлемдік деңгейге шықсам, өнері арқылы қазақтың мықтылығын мойындатсам деген жас суретші, мүсінші Сырым Мүсіреп.

Сырымның қолынан шыққан туындылар астанамыздың көрнекі жерлерінің көркін келтіруде. Жас дарын иесі жансыз материалға тіл бітіріп, өзінің ой-қиялын, арманын, сана-сезімін мүсін арқылы жеткізуге тырысатындай.

Бір туындының тарихы

Мүсінші Сырым

Сырымның Тәуелсіздік сарайына қойылған «Өнер және қоғам» атты туындысына көз салған адам, оның қандай да бір сырды бүгіп тұрғанын айна қатесіз-ақ аңғарады. Алайда, оның түпкі сыры мен суретшінің мақсатын ұғыну үшін тар кенепке майлы бояумен салынған өнер туындысына дұрыстап зер салу керек. Мұнда алдыңғы фонда аяғынан нық тұрған бала бейнеленген. Ия, қаз-қаз жүре бастаған емес, аяғын нық басып тұрған болашақтың бейнесі бұл. Ол алға қарай қолын сермеп тұр. Суретші сол арқылы Болашақтың тура жолға нақты жол сілтеп тұрғанын бейнелейді. «Болашақтың бала бейнесінде кескінделуі жастардың образын білдіреді», - дейді суретшінің өзі бұл туралы. Ал артқы фондағы бейнелер көмескі кейіптерде кескінделген. Алайда, бұл көлеңкелердің арасынан ұлы Абай образын анық аңғаруға болады. Ұлы Абай арқылы суретші қазақтың өшпес тарихы мен өлмес дәстүрінің сабақтастығын меңзейді.

Аталмыш туындыны қоғам айнасы десе де болады, мұнда қазіргі және өткен уақыт аралығындағы оқиғалар, адамдардың тұрмысы, қоғамның өзгеруі бейнеленген. Мұнда біреулер серуендеп жүр, біреулер ұшып жүргендей, ал енді базбіреулер материя ортасында қалт тұрып қалғандай... Бұл бейнелердің көмескі кейіпте берілуі, бәлкім кешегі күн мен бүгіннің болашақ үшін тарих болып қалатынын да ұғындырса керек. Болашақтың табан астына түсіп тұрған екі көлеңкелі бейнені ол таптап өтетіндей көрінеді. Дұрысы да сол, шын мәнінде ол оған көлеңкесін түсірмекші болған қоғамның кейбір жат қылықтарын елең қылмай, табан астында қалдырып, бәлкім жою үшін алға қарай ұмтыла түскендей.

Шығарманың ойлылығы мен маңыздылығына мән артқан ұйымдастырушылар оның орнын Тәуелсіздік сарайының төрі деп белгілепті. Болашаққа бағдар сілтер туындының алар орны да сол жер екені ақиқат енді. Өткен кез бен қазіргі кез бейнеленген тұстың жоғарғы жағында алып жұлдыздар орналасқан және олардың барлығын қызыл қанық түсті штрихкод басып тұр. Бұл біздің өткеніміз бен бүгініміздің цифрландырылып жатқандығының көрінісі.

Барлығы суға батпайтын балықтан басталғандай

Бала кезінде кім ермексазды ермек етпеді дейсің шіркін?! Әсіресе, балалығы ойыншық аз кезеңде өткен тоқсаныншы жылдардың бел балалары, болса ермексаздан, болмаса, балшықтан өздеріне ермек болар ойыншықты бірдеңе етіп жасап алатынбыз. Сырым да солай, үш жасынан бастап ермексаздан, терезе жақтауларының саңылауларын бітейтін жапсырмалардан, тіпті аяқ астындағы саз балшықтан түрлі ойыншықтар мен жануарлар бейнелерін жасай бастады. Оның үш жасында ермексаздан жасаған ойыншықтарын ағасы сол уақытта шетелден алып келген видеокамераға түсіріп алып, таспасын сақтап қойған да көрінеді.

Мүсінші Сырым

Әжесінің ыдыс-аяғын жануарлар әлемінің коллекциясын оналастыратын алғашқы көрмелері үшін пайдаланыпты. «Асүйдегі подносқа ормандағы жануарлар әлемін ермексаздан жасап орналастырғаным есімде. Ол жерде үлкен ағаштардан бастап кішігірім шілік ағаштарға дейін болды. Ал орман ішіне жануарларды орналастырдым. Мен үнемі көз алдымда қалып қойған кейіптерді өз қиялыммен байланыстырып жасайтынмын. Осылайша, ормандағы жануарлар әлемін де поднос бетіне тізіп шықтым», - дейді балалығына ойша оралған Сырым.

Содан кейін тағы да әжесінің шұңғыл табағына су толтырып алып, суасты тіршілік иелерін бейнелеуге кіріседі. Ермексаздан алып кит жасаған бала мүсіншінің оның суға батып кетпеуі үшін ішін қуыс етіп жасауға ойы жетеді. Су бетінде қалқып жүзген китті аузын ашып майшабақтарды жей алатындай етіп жасайды әрі десе. «Киттің жоғарғы жағы көк, ал астыңғы жағы ақ түсті ермексаздан жасалды, ал ішін арнайы қуыс еттім», - дейді сол кездегі өзінің алғашқы өнертабыстылығына масаттана күлген Сырым. Бұдан кейін бала мүсінші сол уақытта теледидардан көрген үнді киносындағы көзінен жас аққан пілді бейнелейді. «Сол кинодан ерекше әсер алғаным соншалық, дереу пілді мүсіндеуге кірістім. 6 жастағы баламын. Пілді жасап отырғанымда өзімнің де көзімнен жас парлап отырғанын білемін. Оның оқиғасын соншалықты сезінгендігімнен де болар. Жалпы шығармашылық адамы қандай туындысын болмасын, бар болмысымен, жүрегімен сезініп жасауы керек. Пілдің ішін қуыс етіп жасадым және оның тұмсығы арқылы басына су өте алатындай жол, ал көзінің тұсынан тесік қалдырдым. Осылайша, пілді теріс айналдырып, тұмсығы арқылы су құйып, қайта оң қаратып қойғанымда, пілдің көзінен жас парлап, кәдімгідей жылап тұрғандай болады».

«Есімде қалған тағы бір көрініс, тоңазытқыш бос болмайтын, үнемі қолдан жасаған туындыларымды салқындатып қатыру үшін үйдегі тоңазытқышты қолданатынмын. Бірақ, анам да, әкем де ол үшін ашуланғаны есімде жоқ», - дейді көргені мен түйсінгенін материяға айналдыруға ерте жастан ұмтылған дарын иесі.

Қолы тыным көрмейді

Сырым сұқбатты бастар алдында бір парақ қағаз сұрады. Аяқастынан болған оның өтінішін жерге тастағым келмей, қойындәптерімнің бір парағын жыртып бердім. Маған қарап әңгімелесіп парақты бүктеп отыр. Құлағым оның асықпай айтқан әңгімесінде болғанымен, көзіммен әрбір іс-қимылын бақылап отырмын. Ол әлгі қағазға қарамаған күйі одан әлдебір өрнекті саусақ ұшымен дәлдеп жырта отырып, оя бастады.  5-6 минут ішінде әлгі қағазды менің қолыма ұстатып «мұнда енді энергия бар» деді күлімсіреген қалпы. Қағаздың бүктеуі жазылғанда көргенім, бәрекелді, қайшымен қиып келтіре алмайтын әдемі қазақы ою шығыпты.  «Қолым тыныш отырмайды, үнемі жаңа дүниелер жасағым келеді», - дейді өзі.

Біртүрлілік – бұл ішкі және сыртқы дыбыстарды тыңдай алу

Мүсінші Сырым

«Адам тұрақсыздық күйде де тепе-теңдік балансын ұстап, өз өзімен гормонияда өмір сүруі керек», - дейді біздің кейіпкеріміз. Сырымның ішкі жан дүниесі шығармашылық тартысқа толы. «Халықтың жанына ұлттық тақырыптар жақын, түсінікті. Бірақ мен ұлттық қана емес, сондай-ақ, шексіз, шекарасыз глобальді тақырыптарды қамтығым келеді. Мен сана ішіндегі қияли дүниелерді де, адамның көңіл-күйін білдіретін эмоцияны да мүсін арқылы материяға айналдыра аламын. Снамда көптеген түсініксіз нәрселер бар, оны жарыққа шығару үшін ішкі дауысыңды, ми қыртыстарыңдағы ақпараттарды тыңдап, қабылдай білу керек. Меніңше, бір адам ерекше деп айтуға болмайды. Ерекшелік барлық адамдарға тән. Біз барлығымыз бір-бірімізге ұқсамайтын өзгеше адмдармыз. Бірақ олардың сол ерекшеліктерін сыртқа шығаруыңа көбінесе материалдық дүниелер кедергі болады. Ал материяны шын мәнінде адамдар өздері жасайды, сондықтан ол адамдарға жақын. Білесіз бе, сана шексіз, бірақ біз оған ой арқылы шектеу қоямыз. Сондықтан сананы ой ұстайды. Оны босатудың бір формуласы мынада, «ауырлық дегеніміз – жеңілдік, ал жеңілдік дегеніміз – ауырлық» деп қабылдауымыз керек.

Бір мүсіннің идеясы

Мүсінші Сырым

Бұл мүсін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Sheraton» қонақүйінің кіреберіс фойесінде тұр. Алда-жалда бара қалсаңыз, өзіміздің ұлдың қиялынан туған, қолынан шыққан дүние екенін біле жүріңіз. «Эволюция» деп аталатын бұл мүсін туындысы кәдуілгі мүйізді бұқаның бас сүйегі кейпінде берілген. «Адам армандау арқылы биіктікке қол жеткізіп, қалықтайды»,  - дейді арманшыл жас. Бұқаның бір жақ мүйізінде адамың құстан да жоғары қалықтап бара жатқан суреті бейнеленіп, мүйіздің ұшы биікке ұмтылған адам бейнесімен тұйықталған. Бұл шын мәнінде арманы бар адамның қиялының қанаты бар құстан да ұшқары болатындығын білдірсе керек. Ал бұқаның екінші мүйізінде адам бейнесі құстан төмен бейнеленген. Армансыз адам... Ал бұқаның басын бейнелеген сымдар арасында ешқандай үзік жоқ, тұтас, бұзылмаған. Шексіздік. Яғни адам өмірінің бітпейтінін тура меңзеп, табиғат айналымын білдіреді. Бұқа ежелден күштілік пен биліктің символы болып келгені белгілі. Суретшінің «Эволюция» туындысында бұқаның бейнесіне тоқтам жасауы да сондықтан таңқаларлық емес. «Адам армандауы тиіс. Арманның орындалуы үшін уақыт керек. Ал ол арман орындалған уақытта, басқа арман пайда болады. Осылайша, біз кейде алғашқы арманымыздың орындалып кеткенін де байқамай қаламыз. Сондықтан үнемі шүкіршілік етіп, сабыр қылу керек, соның арқасында ғана біз армандарымыздың біртіндеп орындалып жатқанын түсінеміз», - дейді адам арманы туралы пәлсапалық ой қозғаған жас.

Біреудің идеясын азық ете алмайды

Мүсінші Сырым

«Әрине, тапсырыспен жасалатын дүниелер болады. Бірақ, мен тек олардың сызған эскизімен жұмыс жасай алмаймын. Өзіңнің ойлау жүйең болуы керек. Менің жұмысым кейбір адамдар үшін өте күрделі болып көрінуі мүмкін. Бірақ ол мен үшін оңай, себебі мен оны қалай оңайлатудың жолдарын білемін ғой. Осындағы саябақтардың бірінде биіктігі үш метрлік, жоғарғы жағы кесіліп қалған томар ағаш бар. Маған тапсырыс берушілер осы томар ағашты орнынан алып тастамай, оны қандай да мүсінге айналдыруды көздепті. Менің ұсынған эскиздерім өтпеді, олар мультфильмдегі Винни Пух пен Пятачокты мүсіндеп беруімді сұрады. Әрине, мен бірден кірісіп кеттім. Оның біз үшін маңыздылығына аса көңіл де бөле қоймадым. Сөйтіп, жұмысты бітіріп қалған уақытымда, жанымнан өтіп бара жатқан бір үлкен кісі «Балам, қазақ ертегілерінің кейіпкерлері табылмады ма?» деп сұрады. Сол кезде ғана ойыма сарт ете қалды, мұны қалайша ертерек ойламағанмын. Ал ертеңіне жұмысты тапсыруым керек болатын. Сонымен доңыздың мұрнын кішірейтіп, құлағын үлкейтіп қоянға айналдырдым. Аюмен қоянның үстіне қазақтың шапаны мен оюлы кеудешесін, басына тақиясын кигіздім. Осылайша, Винни Пух пен Пятачок бір күнде қазаққа айналып кетті», - дейді ұлттың қадірлісі тілі мен ділінде екенін анық ұғынған мүсінші.

«Болашақта өмір сүргім келеді»

Сырым бірнеше дүркін халықаралық көрмелерге қатысып, жүлдегер де болған. Оның жұмыстары шетелдерде жеке коллекционерлердің жинағында да бар. Түрлі интернет алаңдар арқылы ұлттық нақышта жасаған дүниелерін сатылымға да шығарып отырады.

«Мен жәй ғана суретші емеспін. Күрделі тақырыптарды алып шыққым келеді. Және ең басты арманым – әлемді мойындату. Мен өз әлемімдегі рухани, қияли дүниелерді материяға айналдыру арқылы, оны халыққа жеткіземін. Өнердегі ненгізгі бағытым – новаторлық. Қазіргі уақытпен өмір сүретіндер көп. Ал мен болашақ арқылы ұзақ уақыттар бойы өмір сүрсем деймін. Жеке көрмелерімді өткізіп жүрмін. Жуырда астанада тағы бір жеке шығармашылық көрмемді өткізуге дайындық үстіндемін. Сіз маған портрет саласыз ба дейсіз. Жоқ, мен портретті өз қиялымдағы тақырыпқа сай келіп жатса ғана саламын, ал тапсырыспен салмаймын», - дейді өнердегі өзінің дара жолын анық бағамдаған мүсінші Сырым.

Мүсінші Сырым

Жас болса да, өнерсүйер қауымның талғамы мен тұтынымын дұрыс бағамдап үлгерген Сырым шығармашылықты шетелдіктердің аса жоғары бағалайтынын мойындайды: «Неге екенін білесіз бе?! Себебі, қоғамның өзінің құрылысы сондай, біріші кезекте саяси мәселе тұрады, сосын экономикалық, тұрмыстық мәселелер болып кете береді. Ал рухани дүниелер солардан кейін ғана ең соңғы қатарда тұрады. Бізде рухани дүниелердің табынушылары мен тұтынушыларының аз болуының себебі де осында, астыңғы сатылар дайын емес».

Мен әлі шәкіртпін

«Бәлкім менің ешуақытта шәкіртім болмайтын шығар... Мен үнемі ізденісте жүретін өмір бойғы шәкіртпін. Ал өзі шәкірт адам қалай шәкірт тәрбиелейді деп ойлаймын. Шәкірт тәрбиелеу үшін адамда тойымдылық қағидасы жүзеге асуы тиіс. «Бәрін үйрендім, білдім, толдым, тойдым» деген адам бір мезетте тоқтап, артына қарап шәкірт тәрбиелей бастайды. Кейбір бизнес-тапсырыстарды көлеміне байланысты басқа мүсіншілермен бірлесіп жасауым мүмкін. Бірақ өз қиялымнан шыққан шығармашылық жұмыстарымды жалғыз өзім ғана жүзеге асырамын», - дейді мүсінші алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеу жөніндегі жоспарымен бөлісу туралы сұрағымызға.

Мүсінші Сырым

Бір қызығы, Сырым үшін идеал да жоқ екен. Әлемдік деңгейдегі мүсіншілердің жұмысына қызығатынын мойындайды. Бірақ, әркімнің ой шекарасы, қиял қарымы бар екендігіне екпін береді. «Мен онлайн дәрежеде олардан үйренемін, бірақ ешкімнің жұмысын көшірмеймін. Кейбіреулердің жасау техникасын алған да шығармын, оның өзін колледжде оқып жүрген кезде, тәжірибемнің жеткіліксіздігінен. Себебі, көшіру шынайылыққа жатпайды. Ол арқылы өзіңді жоғалтып алуың мүмкін. Ал өтірік дегенін қайтып айналып келмейтін иллюзия», - дейді әрбір туындыда өз қолтаңбасын қалдыруды көздеген жігіт.

Кітап оқымайтын адам

«Кітапты көп оқимын деп айтпаймын. Кітаптың сөзін жаттап алып, жүрген жеріңде қайталап жүретіндердің қатарынан емеспін. Өз-өзіңді ол арқылы ақылды етіп көрсетуідің қажеті қанша?! Ішкі дауысыңа құлақ қоюды біреулер шабыттану немесе жаңа идеяның тууы дейді, ал енді біреулер көріпкелділік деп жатады. Өз ішкі дауысыңды есту – сирек кездесетін ерекшелік емес, сабырлылық. Рас, психологияға әуестігім бар. Кейде менің пәлсапаларымнан адамдардың басы ауырып кетуі де мүмкін. Сондықтан, мұндай әңгімелерді айту үшін де оны тыңдай алатын орта, адам керек. Менің идеяларымды, ойларымды ұғыну үшін ойлау арқылы шыққан туындылық жұмыстарымды көру керек. Терме тыңдаймын, айтамын да. Бала кезімде барлық шығармашылық адамдары секілді ішкі бұлқынысты өлең арқылы шығаратынмын.

Мүсінші Сырым

Шығармашылықта шектеу жоқ. Бірақ оны әркімнің ұсыну құралдары әртүрлі болады. Мен әрбір образымды туынды етпес бұрын, оны зерттеймін. Себебі, зерттемеcең, жақсы дүние жарыққа шықпайды. Өмірде, мақсатыңда нақтылық болуы қажет. Өзіңе не керек екенін нақты білмесең, А нүктесінен Б нүктесіне жете алмауың мүмкін», - дейді өмірден не қалайтынын анық білетін жас жігіт.

Сырым салған туындысына ешқашан қайта өзгеріс енгізбейді екен. Және оны қайта жасап шығаруға да тырспайды. «Жасаған дүниеңе қайта өзгеріс енгіземін деу – қауіпті. Сол арқылы адам өз өмірін қайта сарапқа салады. Ал уақытты кейін қарай өзгерте алмайсың»,  - деп түсіндіреді ол бұл әрекетін.

Шабыт деген иллюзия

Шабыт шақырмайтын, тосыннан келер тың күшті күтпейтін адам. Ол шабыттың құр иллюзия екенін осыдан бір жыл бұрын түсінгенін айтады. «Әр туындының идеясын өмірдегі оқиғалардан, санадағы түрлі ойлардан аламын. Ал өмірдегі оқиғаларға қиял араласқан сәтте, идея дегеніңіз тіпті шарықтап кетеді. Шабыт күту бұл жалқаулық. Ойға алған ісіңді кез-келген уақытта жасауға болады».

Мүсінші Сырым

Бір күнде бір адамға жақсылық жасау

«Өзіме мақсат қойдым, күн сайын бір адамға жақсылық жасап тұрамын. Ол материалдық тұрғыдан немесе рухани қолдау болуы да мүмкін. Бұл күнделікті дағдыға айналып кетуі керек. Жақсылық жасауды айтамын. Кейде ойланбай-ақ, біреу үшін пайдалы жақсы іс жасап жатасың, яғни жақсылық жасау автоматизация қағидасына еніп кететін сыңайлы».

Мүсінші Сырым

Сабақ үлгерімім керемет болмады

«Кішкентайымнан аурушаң болдым. Сондықтан болар, сабаққа көп қатыспағандықтан, оқу үлгерімім де төмен болды. Бір жәйт есімде қалыпты, ауруханаға жазда келіп жатқанмын, одан шыққан уақытымда далада қар жатыр, қыс болыпты...»

Қиялдан реализмге

«Болашақта мүсіншілік өнерінде жаңа бағыт ұсынсам деймін. Бәлкім, ол метофизика, электроникалық инсталяция болуы мүмкін немесе химиялық тұрғыда шикізат ретінде пайдаланатын басқа материал ойлап шығарсам... Ой өте көп. Қиял реализмге айналуы керек».  

Мүсінші Сырым

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға