Жаңалықтар

Мұхит Тұрсынов: "Ұлттық күресімізді таныту үшін балуандарды әр салмаққа жіктеу керек"

Биыл қазақ күресінен өтетін "Қазақстан Барысы" республикалық турниріне 5 жыл.
25.06.2015 05:54 5447

Биыл қазақ күресінен өтетін "Қазақстан Барысы" республикалық турниріне 5 жыл. Бұған дейін төрт балуан алтын белбеу иегері атанып, "Алтын тайтұяқты" қанжығасына байланды. 2014 жылы "Қазақстан Барысы" атанған ШҚО балуаны Мұхит Тұрсынов биыл ерекше дайындықпен келіпті. Пікірін тыңдап көрейік. 

Мұхит Тұрсынов: "Ұлттық күресімізді таныту үшін балуандарды әр салмаққа жіктеу керек"

– Мұхит, сәлеметсіз! Көңіл-күй, дайындық қалай?
– Сәлеметсіз! Барлығы жақсы. ШҚО командасының турнирге дайындығы өте жоғары. Өңіріміздің намысын қорғап, финалдық жарыста жоғары нәтиже көрсеткіміз келеді.

– Сіздің командаңыз басқа финалистер секілді өте мықты балуандар ғой?
– Жыл сайын даму бар, талап та жоғары. Барлық балуандардың дайындығы жоғары, оған іріктеу сындарындағы көрсеткіштері дәлел. Жаңа есімдер, жаңа балуандар қатарға қосылды. Балуандардың дайындыққа көп көңіл бөлетіні көрініп тұр.

– Сіздің дайындығыңыз қалай жүруде? Қандай ерекшелік бар?
– Бес жылдан бері бірге жұмыс жасап келе жатқан жеке бапкерім (Ербол Мырзабасынов) мен үшін заманға сай технологияларды пайдаланып арнайы бағдарлама дайындады. 

– Бұл бағдарламаның артықшылығы неде?
– Кеңестік кезеңде физикалық күшіңе салып жеңуге болатын еді, қазір олай емес. Қазір жаттығудың маңызы жоғары. Дұрыс тамақтану керек, дұрыс ұйықтау қажет. Қазір күніне 6 сағат жаттығу жасаймын. Таңғы жаттығудан кейін түсте ұйықтап аламын. Сосын кешкі жаттығу басталады. 

– Сіздің бапкеріңіз Ербол Мырзабасынов, ал әкеңіз осындай спортшы болуыңызға қалай әсер етті?
– Барлығы әкемнің мені күреске беруімен басталды. Ол мен үшін үлгі тұтатын адам, сол себепті соның жолымен жүрдім. Сонда алдыма әкем жетпеген жетістікке мен жетемін деген мақсат қойдым.  Бала күнімде барлығын жеңдім деп айта алмаймын, жүлдесіз қалған кездер өте көп болды. Жасөспірімдік шақта жетістіктерге жете алмадым. Мүмкін бұл менің спортым емес шығар, қоя салармын деген ойлар талай рет келді. Сонда әкем: «Маған жасөспірімдер мен жастар арасындағы жүлделерің керек емес. Бұл үлкен көрсеткіш емес. Нағыз көрсеткіш ертең ересектермен, мықты балуандармен кездескендегі жеңісің!» деді. Бұл сөз менің жаныма тыныштық орнатты, ары қарай дайындығымды жалғастыруға, мақсатыма берік болуға қамшы болды. Қазір еліміздің ең мықты балуандарымен, тіпті әлемнің үздік балуандарымен боз кілемге бірге шығып жүрмін. 

  Семейде ҚР Президенті жүлдесіне арналған қазақ күресінен бесінші Республикалық «Қазақстан Барысы» турниріне қатысушы балуандарды шығарып салды. Айтулы додада шығыстың намысын елімізге танымал Айбек Нұғымаров және Мұхит Тұрсыновпен бірге, жас балуан Талғат Әміренов қорғайды

– Бұл сөзіңіз соңыңыздан ерген жас балуандарға да сабақ болады деп ойлаймыз, оларға тағы қандай кеңес берер едіңіз?
– Жас балуандарға айтарым, ешқашан мойынсұнбай, бастаған істі соңына жеткізсе дер ем.  Ең бастысы, дұрыс тамақтану қажет. Қазір түрлі фаст-фудтардан, донер, газдалған сусындардан аяқ алып жүре алмайсыз. Мұның барлығы бүгін болмаса ертең алдыңнан шығып, кері әсерін тигізеді. Үлкен сабыр қажет, үзіліссіз жаттығу жасап, бапкердің айтқанын екі етпеу керек. Есіңізде шығар, жүлде әрқашан өз иесін табады.

– «Қазақстан Барысы» тақырыбын өзгертейік. Қыркүйекте қазақ күресінен ІІІ «Еуразия Барысы» халықаралық турнирі келе өтеді. Өткен жылғы қателіктерді ескеріп жүрсіз бе?
– Иә, өткен жылы Моңғолиядан келген балуандар жеңіске жетті. Моңғолдардың өзіндік күресі бар. Өткен жылы бұл турнирге дұрыс ден қойып, қажетті уақыт бөле алмадық. Дзюдодан чемпионат өтіп, бірлесіп дайындық жасауға уақыт тапшы болды. Биыл дайындық жақсы, алдағы уақытта кімнің қай салмақта күресетіні анықталады. Команда да балуандардың дайындығына қарап жасалатын болады. Егер ұлттық күресіміздің әлемге кеңінен танымал болуын тілесек, салмақтық ерекшеліктердің болғаны дұрыс. Бұл әлемде бар тәжірибе. Тіпті, 10 келі артық салмақтағы балуандардың өзі қиындық тудырады. 

– «Қазақстан Барысында» әркім өзі үшін күреседі. Ал, «Еуразия Барысында» нәтиже командалық көрсеткішке тәуелді. Сіздің қазіргі үлкен дайындығыңыз командаға әсерін тигізеді деп ойлайсыз ба?
– Керісінше, командалық жаттығу жеке жаттығудан әлдеқайда пайдалы. Өйткені, бұл жерде әркім өзі үшін емес, елдің намысы үшін күреседі. Әрбір ұпай маңызды. Бізді күллі ел қолдайды, сондықтан жауапкершілік жоғары. 

– Бос уақытыңызда дәріс береді деп естідік, рас па?
– Дәл қазір Семей қаласындағы медициналық университетте дене шынықтыру пәнінде қазақ күресінен дәріс беремін. Біздің университетте спорт жоғары деңгейде дамып келеді. Студенттерге сабақ бергенім болмаса, болашақта бапкер болу жоспарымда жоқ. Өйткені, өзім үйренетін дүниелер өте көп. Әлі бағындырар белес көп. 

– Әңгімеңіз үшін рахмет, Мұхит!
– Сізге де!


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Сұхбат ықшамдалып беріліп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға