Жаңалықтар

Мұхит асып оқып жүр талай қазақ баласы

Нью-Йорк Кино академиясы туралы Эльмира Ерікқызы айтып береді.
Мұхит асып оқып жүр талай қазақ баласы
28.06.2022 10:19 5284

Эльмира Ерікқызы Ибраева – білікті ұстаз, зерттеуші. Дәл қазіргі уақытта Нью-Йорк Кино академиясында «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтіп жүрген маман. Тағылымдамадан өтер алдында Еуразия ұлттық университеті телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті қызметін атқара жүріп қазіргі БАҚ тенденцияларымен қатар Алаш журналистикасын зерттеу ісімен де айналысқан. Мәселен, «Қазақ» газеті редакторларының бірі болған Жанұзақ Жәнібеков туралы ғылыми монографиясы 2021 жылдың желтоқсан айында тасқа басылған. Иә, Алашорда қозғалысының туын көтерген арда туған азаматтардың арасында күні бүгінге дейін аса көп айтылмаған, өмірі мен қызметі зерттелмеген Жанұзақ Жәнібеков сынды арыстар да бар. «...«Қазақ» газетінің үшінші редакторы – Ж.Ә. Жәнібеков туралы қалың жұрт түгілі, оқығандар да аз біледі» дейді алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының өзі.

Эльмира Ерікқызымен жаңа кітабы және мұхиттың арғы бетіндегі тағылымдама туралы аз-кем тілдескен едік. 

Мұхит асып оқып жүр талай қазақ баласы

– Эльмира Ерікқызы, Нью-Йорк Кино академиясын қысқаша таныстырып өтсеңіз?

– Біз оқып жүрген Нью-Йорк фильм академиясы 1992 жылы құрылған, негізін қалаушы – продюсер Джери Шерлок (Jerry Sherlock). Академия Нью-Йорк, Майами және Лос-Анжелес қалаларында орналасқан.

Білім алушыларға бакалавр, магистр, маман деңгейі, сондай-ақ, 1 және 2 жылдық консерваториялық бағдарламалар, қысқамерзімді семинарлар және т.б бойынша оқу түрлері ұсынылады. Нью-Йорк фильм академиясында киноөндіріс; продюсерлік; сценарий жазу; операторлық жұмыс; цифрлы өңдеу; деректі фильм; актерлік шеберлік; 3D анимация және визуалды эффектілер; фотосурет; ойын дизайны; музыкалық театр; графикалық дизайн; телерадиожурналистика (broadcast journalism) бағыттары бойынша білім береді.

Жалпы Нью-Йорк Кино академиясы бірнеше қабаттан тұратын үлкен ғимарат. Біз бас ғимаратында білім алып жүрміз. Арнайы құрал-жабдық қоймасы бар. Студенттік билетімізді көрсетіп, түсірілімге қажетті құралдарды емін-еркін пайдалана аламыз.

Біз мұнда «Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша бір жылға арналған, ғылыми дәрежесі бар ЖОО қызметкерлеріне арналған санат негізіндегі тағылымдамадан өтіп жа­тырмыз. Тағылымдамаға арналған оқу бағдарламасымен «Болашаққа» құжаттарды өткізбей тұрып таныстық. Көңілімізден шығып, жұмысымызға қажет болғандық­тан осы оқу орнын таңдадық. Біздің білім беру бағдарламамызда: Тележурналистика; ТВ бағдарламаларын әзірлеу; ТВ-дегі монтаждау; Продюссерлік деген бағыттар бар. Осы бағытта біз жаңаша білім алып, елге оралып, сол білімді өз шәкірттерімізбен бөлісеміз деген ойымыз бар. Осы мақсатта күні-түні оқудан бас алмай, қандай жаңа білім көзі бар, оны қалай игереміз деп жүрген жайымыз бар.

– Нью-Йорктің өзі қандай қала екен?

– Тамаша шаһар. Нью-Йорк – келімсектер қаласы дер едім. Мұнда жергілікті ұлт деген ұғым жоқ. Сондықтан Нью-Йорктің құшағы әлемге ашық. Сол үшін де Нью-Йоркке (әдетте) әлем азаматтары ынтық, жетуге құштар. Бұл шаһар адамды аспанмен астасқан қызылды-жасыл ғаламат ғимараттарымен бірден баурап алады. Нью-Йоркте ағылшын тілін білмей-ақ, өмір сүре беруге болады. Нью-Йоркте адамға керек барлық жайлылық жасалған. Мұнда азаматтығың бар ма, жоқ па, жалпы, төлқұжатыңды ешкім сұрамайды. Мектеп, аурухана секілді қоғамдық орындарда ақпараттар ағылшын, испан, араб, қытай, орыс, үнді, кәріс сынды тілдерде ілулі тұрады; Мұнда медициналық көмек мекемелеріне қоңырау соқсаң, «ағылшын тілін таңдау үшін 1-ді басыңыз»,«испан тілін таңдау үшін 2-ні басыңыз» деп, автожауапберуші 7-8 тілді ұсынады, сізге қажет тіл ұсынылмаса, 0-ді басыңыз деген сияқты кете береді... Қысқасы, Нью-Йорк әлем тілдерінде сөйлейді. Нью-Йорк – ғажап, дегенмен Отан, яғни Қазақстан аяулы, ыстық...

– Бір топта қазақстандықтардан өзге де елдердің студенттері бар ма?

– Біздің топта ЕҰУ-дан, ҚазҰУ-дан, Өнер академиясынан, Ұлттық арнадан және М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінен әріптестеріміз бар. Одан өзге «журналистік зерттеу» бағытында ізденіп жүрген мәскеулік маман оқыды. Грекиядан, Кувейттен келген студенттермен де қатар отырып дәріс тыңдаймыз. Арнайы тапсырма орындау барысында кәсіби дағдымызбен бөлісіп, тәжірибе алмасып жүрміз. Жалпы өзге елдермен салыстырғанда (біз өтіп жатқан тағылымдама бойынша) біздің мамандардың бәсеке көшіне қаймықпай ілесе алатынына көзіміз жетті. Иә, тәжірибе алмасу, білімді жетілдіру, көргенімізді тереңнен үйреніп, оны өз еліміздің оқу бағдарламасында қолдану – басты мақсат. Осы мақсат жолында ештеңеге алаңдамай оқу оқып жүрміз.

– Нью-Йорктен өзіміздің елге ойыссақ. Ғылыми монографияңыз жарық көрді...

– Жанұзақ Жәнібеков «Қазақ» атты алғашқы қоғамдық-саяси газетке А.Байтұрсынов пен М. Дулатовтан кейін редакторлық жасаған тұлға.

Алашорда үкіметінің баспа органы болған «Алаш» партиясының қазынашы болған. Журналист, публицист, редактор. 18 жасынан бастап қолына қалам алған. 24 жасынан бастап Алашорда үкіметінің құрушыларымен бірге жүріп, қоғамға қызмет қылған алашордалық азамат.

Бұл тақырыпты зерттеп жүргеніме 12 жыл болды.

Мен Жанұзақ Жәнібековтің шығармашылық мұрасын зерттеуді қолға алғанда менің қолымда ол кісінің «Қазақ» газетінде жарық көрген 4-5 мақаласы мен өмірі жайында энциклопедиялық мағлұматтар ғана болды.

Мұрағат, сирек қорларда жұмыс істеуімнің нәтижесінде Жанұзақ Жәнібековтің бұдан 114 жыл бұрын жарық көрген ағартушылық бағыттағы публицистикалық еңбектері табылды. Еңбектерінің атауы: «Айна» және «Балалар бәдуәмі» деп аталады. Бұл екі жинақ Қазан қаласында басылған екен.

Мұқабасындағы мәліметтерге қарап, бұл еңбектердің Жанұзақ Жәнібековке тиесілі екенін дәлелдеуге тұра келді. Себебі, кітаптың мұқабасында тек фамилия жазылған. Ол кезде қазақ алфавиті араб жазуымен болатын. Араб жазуынан кітапты қазіргі жазуымызға аудару барысында алғысөзде жазылған мәліметтерге кездестік. Онда автор өзі туралы толық мәлімет келтірген. Осындай ғылыми дәлелдеулер арқылы кітаптың Жанұзақ Жәнібековке тиесілі екеніне ғылыми тұрғыда дәлелденді. Бұл жағдай «Балалар бәдуәмі» деп аталатын екінші кітапқа да қатысты еді. Одан бөлек, «Қазақ» газетінің мұрағаттағы түпнұсқа тізбесін ақтарып отырып,«Қазақ» газетінде жарық көрген көптеген мақалалары табылды. Өзі редактор болған «Кедей» газетіндегі жарияланымдары жинақталып, қазіргі жауызымызға көшірілді. «Кедей» газетіндегі медиаменеджерлік қабілетіне жеке тарау арналды. Тарихи статистикалық мәліметтер арқылы Жанұзақ Әлжанұлының редактор-басқарушылық таланты тұжырымдалды.

Сондай-ақ, осы жинақта Жанұзақ Жәнібековтің фольклористік қызметі атап өтілді. Өз кезінде алаш қайраткері ауыз әдебиетінің озық үлгілерін жинақтаумен де айналысқан фольклорист. Оны «Жұмбақтар мен мақалдар» деп аталатын жинаққа топтастырып, кітап қып шығарған. «Жұмбақтар мен мақалдар» жинағы 1909 жылы қазақ қаласындағы баспадан жарық көрген.

–  Нью-Йорк қаласында осы монографияңыздың таныстырылымы ұйымдастырылыпты...

–  Иә, монографияның баспадан жарыққа шығуы менің «Болашақ» бағдарламасы арқылы АҚШ-қа ұшатын уақытпен тұспа-тұс келді. Уақыттың реті солай болды. Елде ғылыми еңбегімнің таныстырылымын жасап үлгермедім.

2022 жылдың 24-маусым күні Нью-Йорк қаласындағы «Біріккен Алаш» қорының (United Alash Foundation) жанынан құрылған Кітап клубының (Book Club) ұйымдастыруымен әріптесіміз әрі Нью-Йорк фильм академиясындағы группаласымыз Жаңылхан Асылбекованың «Сөнбес сәуле»  атты публицистикалық жинағы және менің «Алаш қайраткері Жанұзақ Жәнібековтің шығармашылық мұрасы» атты монографиямның таныстырылымы өтті. Іс-шараға демеушілік жасап, еңбегіміздің таныстырылымының халықаралық деңгейде өтуіне себепкер болған United Alash Foundation Біріккен Алаш Қорының бас құрылтайшысы Ұланбатыр Бақытханұлына алғыс айтамын.

Презентацияға Қазақстан Республикасының Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығы мен Біріккен Ұлттар ұйымының өкілдері, Нью-Йорк Кино академиясынан факультет деканы F.Silverman, ұстаз-профессорлар: R.Ferraro, E.Vlasova арнайы келіп, лента қию рәсіміне қатысты. Еліміздегі республикалық, ұлттық бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен қолдау білдірді. Журналист Назира Байырбекованың редакторлығымен АҚШ-та жарық көріп жатқан «KazUnite» халықаралық онлайн басылымы да арнайы мақала әзірледі.

АҚШ-қа тағылымдамадан өтуге құжат тапсырғанда Жанұзақ Жәнібековтің «Балаларыңызды келешек заман үшін үйретіңіздер. Осы заманымыз – келешек заманның айнасы» деген сөзін де назарға алдым. Біз болашақтың адамына дәріс оқимыз. Демек, сол болашақты студенттерден де жақынырақ тани, біле түсуіміз керек. Ол үлкен ізденісті, терең білімді қажет етеді. Бір жылға ғана созылады дегенімізбен де, сол бір жыл уақыт ішінде елдегі оқу үдерісіне, жаңашыл бағдарламалар түзуге қажетті білім негізін толық әрі жан-жақты сіңіріп үлгергіміз келеді.

– Ендеше сәттілік! Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға