Жаңалықтар

Ұлттық шипагерлік дәстүрдің түпқазығы – қазақтың халық емі

Ұлттық медицинаға үлес қосып жүрген қандасымыз Толқын Ақанұлы туралы
Ұлттық шипагерлік дәстүрдің түпқазығы – қазақтың халық емі
25.09.2020 15:23 6914

Емшілік – ерекше қасиет. Ол қай кезеңде, қай дәуірде болмасын адам жанын емдеу арқылы халқына қызмет етеді. Қатпары терең, тарихы ұзақ қазақ емі атадан балаға жалғасып, бүгінгі күнге дейін тамырын тереңге жайып келеді. Осы орайда қазақ халық медицинасы мен руханиятының дамуына үлес қосып жүрген жандардың бірі – қоғам қайраткері, қолы шипалы дәрігер Толқын Ақанұлымен әңгімелескен болатынбыз.

Ұлттық шипагерлік дәстүрдің түпқазығы – қазақтың халық емі

Толқын Ақанұлы 1968 жылы ҚХР ШҰАР Толы ауданында туған. Ол Қытай Халық Республикасы медициналық университетін жалпы медицина мамандығы бойынша тәмамдаған. Қытайда 20 жылдай емханада дәрігер, диспансер жетекшісі және медицина, әкімшілік салалары бойынша басшылық қызметтерін атқарған қандасымыз 2007 жылы атажұртқа оралу туралы шешім қабылдайды. Бүгінде ол «Nur Otan» партиясының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Алматы» аудандық филиалының «Қазақ Емханасы» бастауыш партия ұйымына басшылық етеді. Дәрігерлігімен бірге психолог, ақындық, сазгерлік өнерлерді қатарынан меңгерген, қоғам қайраткері Толқын Ақанұлы бүгінгі күнде Қазақстан Ұлттық Агроөнеркәсіп палатасының, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті, «Барқы би» қоғамдық қорының президенті.

2007 жылы дәм бұйырып, өз елімізге көшіп келдік. 2009 жылдан бастап елімізде дәрігерлік мамандығым бойынша кәсіп бастадым. Бүгінде мемлекетіміздің берген мүмкіндігінің арқасында көптеген табыстарға жетіп жатырмыз. Мен туып-өскен Толы ауданында Қарағайбастау деген бастау бар. Ел аузында «Қарағайбастаудың суын ішкен адам не ақын, не әнші-сазгер болады» дейтін тәмсіл жүреді екен. Абылай ханның тұсында Керейлер Алтай тауына барып қоныстанып, шығыс қақпаға ие болған. Кейін сол жерді мекендеуге Абылай хан Ер Жәнібек батырды топ бастатып көшірген екен. Бірнеше ғасыр бойы біздің ата-бабаларымыз Сарыарқаның Біржан сал ауданында Ақкөл, Қорғалжын жерлеріне қоныстаныпты. Кейін Сыр өңіріне көшіп келген. Сыр өңіріне қайта келгенде, Бұқар жыраудың қонар орын таппай, «Керей қайда барасың?» деген сөзі содан қалған екен. Сонда неше ғасыр бойы біз сол Алтай тауын мекендеп, кейін шекара айқындалып бөлінген кезде бір бөлігіміз Қытайда, тағы бір бөлігіміз Моңғолстанда, жартымыз Ресейде қалып қойдық. Кейде бізге «Қашан көшіп кеттіңіздер?», «Неге Қазақстанға қайтып келдіңіздер?» деген сұрақтар қойып жатады. Мұны мен орынсыз деп ойлаймын. Себебі, біз көшкен жоқпыз, Алтай әуел баста қазақтың жері болатын. Қазақстан – біздің тарихи Отанымыз,,– дейді елден іргесінің қалай ажырағанын түсіндірген Толқын Ақанұлы.

«Ем алыңыз, демалыңыз...»

Толқын Ақанұлы қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі малшы болған. Ағамыз өзінің киіз туырлықты отбасынан шыққанына қарамастан, жоғары білім алып, медицина саласында қызмет еткенін мақтаныш санайды. Бұл оның әке-шешесінің де еңбегі. Ол өз емделушілерінің жан мен тән саулығын алуы үшін барлық жағдайды жасауға ұмтылады. Сондықтан медицина саласында шағын емдеу мекемесін ашқан.

Ұлттық шипагерлік дәстүрдің түпқазығы – қазақтың халық емі

Кейіпкеріміз сондай-ақ, бүгінде Ақмола облысының Біржан сал ауданында, Ерейментау қаласында егіншілік пен мал шаруашылығы салаларында үлкен жұмыстар атқарып, жергілікті асыл тұқымды жылқыларды баптап жатыр екен. Сол еңбектің нәтижесінде Толқын Ақанұлы биылғы жылы «Мемлекеттік республикалық ұлттық агроөнеркәсіп» палатасының вице-президенті болып тағайындалыпты.

– Алдағы уақытта жүзеге асырсақ деген көптеген жоспарларымыз бар. Қазақстанның климатына қарай әр аймаққа мал және егін шаруашылығын дамытуға арнайы субсидияларды жоспармен бөліп жұмыс жүргізбекпіз. Сонымен бірге шет елден келетін қандастарымыз бар. Олармен бірлесе отырып кәсіптене алмай жатқан адамдарға кәсіп тауып беру сынды үлкен бағыт-бағдар ұстап отырмыз, - дейді елге игілігін тигізсем деген қандасымыз.

Сондай-ақ, ол мұқтажға қол ұшын созуды да өз міндетім деп санайды. Сол үшін өзі басқаратын медициналық мекемеде әлеуметтік әлжуаз топтар үшін жеңілдіктер жүйесін қалыптастырып қойған.

Ұлттық шипагерлік дәстүрдің түпқазығы – қазақтың халық емі

– Алдағы уақытта медицина саласына үлкен өзгерістер енгізбекпіз. Бұл – қазақ дәрігерлігі. Жалпы қазақтың арнайы дәрігерлігі болған. Ол бізге Тілеуқабыл Өтебойдақтың «Шипагерлік баянының» тұсынан белгілі. Әрі қай ұлттың болмасын өзінің халықтық медицинасы бар. Қазақтың ең бір негізгі, басқа ұлтта жоқ қасиеті – сынықшылық. Ертедегі болған оқиғаларға сенсек, қазақтың батырын жоңғарлар ұрып жығып, аяғын сындырады. Содан бір ай жоңғарлар «қазақтың негізгі батыры жарақат алды» деп қазақтың жерін жаулап алуды көздеп, соғыс ашпақ болады. Сонда бірнеше уақыт өткеннен кейін аяғы сынған батыр жоңғарлармен қайта жекпе-жекке шыққан кезде, жоңғарлар қатты таңырқаған. Олар: «бұл не ғажап екен?» деп түсінбеген. Бұл қазақтың сынықшылық қасиетінің құдіреттілігі болатын,– дейді Толқын Ақанұлы, қазақ халық медицинасының терең тарихына үңіліп.

Біздің кең байтақ даламызда дәрілік шөптер мен өсімдіктер жоқ емес. Толқын Ақанұлы алдағы уақытта сол өсімдіктерді жинап, елдің игілігіне жаратып, елімізде қазақтың дәрілік зауытын ашуды жоспарлап жүргенін айтады. Себебі, қазақ даласында дәрілік шөптердің өте кең таралғаны белгілі. Бұл зауыт ашу үшін үлкен мүмкіндік, – дейді дәрігер шипагер Ақанұлы Толқын.

Бұл дәрі зауытынан шығарылған дәрі-дәрмектің атауы да қазақша жазылатын болады. Көптеген жандар ауруы жанына батқан кезде, ота жасатуға келісім беріп жатады. Алайда, менің дәрігерлік тәжірибемнен білетінім, көптеген ауруларды пышақпен емес, дәрілік шөптермен де емдеуге болады. Дәрігерлерді арнайы дайындайтын университеттер мен шалғайдағы ауылдарға медициналық көмек көрсететін орталықтардың саны көбірек болса екен дейміз. Біз сол арқылы халықтың қолжетімді ем алуына жағдай жасай аламыз. Жазылмайтын ауру жоқ. Барлық аурудың емі бар. Мен 30 жылдан астам уақыттан бері дәрігер болып жұмыс істеп соның барлығының куәсі болып келемін,– дейді жұмыс тәжірибесімен бөліскен кейіпкеріміз.

Қазақ салт-дәстүрін ұмытпауы керек

Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Бұл - елдің мәдениетті әрі көргенді екендігін айғақтайды. Ел өмірімен біте байланысып кеткен рухани және мәдени азықты сақтап, келер ұрпаққа жеткізу әр азаматтың міндеті.

Ұлттық шипагерлік дәстүрдің түпқазығы – қазақтың халық емі

– Біздің қазақтың салт-дәстүрінің өзі ұшан-теңіз. Оған тоқталар болсақ, бізде төрт маусым көші-қон ауыстыру әлі күнге дейін бар. Бізде қыстау, көктеу, жайлау және күзем деп төртке бөлінеді. Біз өмір сүрген аймақта әлі күнге дейін түйемен көшетін дәстүр сақталған. Қойдың жүнін сабап, киіз жасайды. Одан неше түрлі бұйымдар жасайтынын өзіңіз де білесіз. Біз соның барлығын көзімізбен көріп өстік. Ең маңыздысы, ақсақалдарды жалпы үлкендерді қадір тұтатын халықпыз. Қазақ баласы ертеден кез-келген даулы мәселеде ауылдың үлкенінің айтқанын тыңдап, сөзге тоқтаудың не екенін біліп өскен. Ертеден келе жатқан рулық жүйе, бір-біріне жақын жерден қыз алыспау әлі күнге дейін бар. Бала күнімізден барлық салт-дәстүрлерді көріп өстік. Оның барлығы осы күнге дейін қаз-қалпында сақталған аудандар мен ауылдар да бар. Қытайдағы қазақтар тұратын кейбір аудандарда қазақ тілінен басқа тілді білмейтін адамдар бар. Олардың барлығының тіл байлықтары мол. Және де құдаласу мен қыз алысудың, өлім-жітімнің де өзіндік арнайы рәсімдері бар. Енді қазір қалада тұрып жатқаннан кейін көп нәрсе өзгереді. Бірақ бәрібір де қазақтың салтын ұмытпауымыз керек, – дейді қандас бауырымыз.

Салт-дәстүрмен, ырым-тиыммен ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей, тәрбиелей білген халқымыздың рухани қазынасы адамды адастырмас тура жолмен жүруге, жөн-жосықты біліп, үйренуге және өмірде қолдануға үгіттейтін заң іспетті.Сондықтан өз тарихымыз бен дәстүрімізді әрбіріміздің міндетіміз болып табылады.

Ақындық – сөз өнерінің аса қастерлі саласы

Ақындық әркімге беріле бермейді. Ол әуелі табиғаттың сыйы. Одан кейін еңбек, өз-өзіңмен жұмыс жасау, іздену. Сол қасиет кейіпкерімізге де берілген екен.

– Арғы ата-бабаларымыздан бері қарай текті елдің баласымын. Біздің үлкен шешеміз Қаз дауысты Қазыбек бидің туған қарындасы болған. Одан бері қарай маған дейінгі бабаларымыз ел басқарған, текті сөзіне адам тоқтайтын, батыр, құсбегі, көріпкел әрі емші болған адамдар. Менің өзімнің туған нағашым ҚХР ең бірінші болып баспасөзді қолға алып, қазақтың оқу-ағарту саласын дамытып, мектептерінің барлығын қалпына келтірген ұлы тұлға. Бүгінде Қытайда ол кісінің атында арнайы көше бар. Мүсіні де орнатылған. Дубек Шалғынбай атындағы ансамбль де құрылған. Сол себепті де менің бойыма ақындық пен сазгерлік ата-балаарымнан дарыған деп білемін.

Толқын Ақанұлы өлең жазады. Ол өз бойындағы қасиетті дамытып бірнеше кітап шығарған. Сазгерлігі жағынан 20-ға тарта әні де бар. Әндері философиялық ойға толы, көне салт-дәстүрді насихаттайды. Өнеріне композиторлардың басым бөлігі оң бағасын беріп үлгерген.

– Барлығын қосқанда жүзден аса әнге сөз жаздым. Құдайға шүкір радиоларда үлкен тұлғалар Нұрлан Өнербай, Мақпал Жүнісова, Талғат Күзембай, Клара Төленовалар біздің әндерді орындап жүр, - деп әңгімесін аяқтады Толқын Ақанұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға