Соңғы жылдары мектеп бітіру кештері ұлан-асыр тойға ұласып, ата-аналар қымбат мейрамханаларды жалға алып, арнайы асаба мен әншілер шақыртып, әлекке түсу әрекеттері жиілеп барады. Ол аздай бірнеше локациядағы фотосессия мен лимузин жалдау, ұстазға бриллиант алу секілді шығындар бар.
Мемлекеттік қызметте істейтін Айнұр Машбаеваның баласы Алматыдағы мемлекеттік мектептердің бірінде оқиды екен. Оның айтуынша, ата-аналар комитеті кештің жалпы бюджетін есептеп шыққанда, әр оқушыға шаққанда шамамен 500 мың теңге қажет деген шешімге келген. Бұл сома мейрамхананы жалдау және банкетке, кәсіби фотограф пен бейнеоператордың қызметіне, залды қымбат декорациямен безендіруге, әншілер мен асабаға және мұғалімдерге құнды сыйлықтар алуға жұмсалады екен.
Бастапқыда бұл сома соншалықты көп болмаған еді. Бірақ күн өткен сайын біреулер «орта деңгейден төмен болмауымыз керек» деп, одан да қымбат мейрамхана, одан да қымбат шоу-бағдарлама қосуды талап ете бастады. Қазір есептеп қарасақ, барлығын қосқанда 500 мың теңгеге жуықтап қалды. Бұл нақты бекітілген тариф емес, бірақ шығындар тізіміне қарасаңыз, соманың осы шамада болатыны айдан анық, – дейді Айнұр.
Айнұрдың айтуынша, басты мәселе – ата-аналар чатындағы орынсыз насихатта. Әр ата-ананың отбасылық бюджеті әртүрлі. Біреулер үшін бұл сома сезілмейтін шығар, бірақ қарапайым отбасылар үшін бұл – үлкен салмақ.
Чатта «балаларымыз мектеппен бір-ақ рет қоштасады, ұят болады» деген сөздер айтылғанда, ешкім ашық қарсы шыға алмайды. Бәріміз де баламыздың көңілі қалмасын, қатарластарынан қалып қоймасын дейміз. Алайда «бәрі солай істеп жатыр» деген қоғамдық пікірдің ықпалымен көптеген ата-ана өз мүмкіндігінен тыс шығындарға келісуге мәжбүр болады. Менің ойымша, бұл – баланың мектеп бітіру мерекесі емес, керісінше, ата-аналардың әлеуметтік статусын көрсететін жарысқа айналып барады, – дейді Айнұр ханым.
Айнұрдың айтуынша, бұл «жарыс» ата-аналарды ғана емес, ең алдымен балаларды тығырыққа тірейді. Мектептегі қымбат кеш білім мерекесіне емес, оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздікке айналуы әбден мүмкін.
Ата-аналар министрдің тыйымына неге пысқырып та қарамайды?
ҚР Оқу-ағарту министрлігі жыл сайын «соңғы қоңырау» және мектеп бітіру кештері қарсаңында білім беру мекемелеріне арнайы ескертулер жасайды. Биыл да жолынан жығылмай, солай жасады. Бірақ министрдің тыйымына ата-аналар құлақ аспақ түгілі, «жылда солай айта береді» деп пысқырмай отыр.
Иә, ата-аналардың министр сөзін елемеуіне негіз бар. Себебі бұған заңды түрде ешкім шектеу қоя алмайды. Мұндай кештер жеке іс-шара секілді сипатта болғандықтан, бұл жерде заңдық шекара бар. Ең өкініштісі, біздің қоғамда заңнан гөрі жылдар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлердің маңызы басым. Бұл ретте оқушыдан гөрі, ата-аналардағы «бұл – өмірдегі бір-ақ рет болатын маңызды оқиға», «балам басқалардан кем болмасын» деген ескілік көзқарас шешуші рөлге айналып барады. Ол аздай қоғамдық қысым бар, көбісі сол үшін ақшасы болмай тұрса да үнсіз келіседі. Сонымен қатар кей мектептер, оның ішінде жеке білім беру ұйымдары өз имиджі үшін, маркетинг үшін осындай сән-салтанатты іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, бұрынғы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов та жиі айтып жүр.
Олар бұл соманы көтере алмайтындарын айтады. Расында да, ол кейде өте үлкен мөлшерге – 300 мың, 500 мың, 1 млн теңгеге дейін жетеді, сондықтан кейбір ата-аналар балаларының қатты уайымдап жүргенін айтады. Алайда мұнда Оқу-ағарту министрлігі мерекені мүлдем жойып жатқан жоқ екенін түсіну керек, яғни мектептердегі бітіру кештері, мектеп вальсі, соңғы қоңырау – бұл іс-шаралардың барлығын ешкім тоқтатпайды. Мектеппен қоштасудағы барлық эмоциялар, сол әсерлі сәттер – олар ешқайда кетпейді, – дейді Асхат Аймағамбетов.
Бұл ретте оқушылардың да өз айтары бар. Ауылдық мектепті бітіріп, грант негізінде оқуға түскен Дильназ есімді түлектің мектеп бітіру кешін ұйымдастыру сәті өзіне үлкен қолайсыздық туғызғанын айтты.
Сыныптағылардың бәрінің жағдайы бірдей емес. Біреулер үшін 500 мың теңге – жай ғана бір кештің шығыны болса, біз үшін бұл – болашақтың қаражаты. Кейде сол жиналыстарда отырғанда өзімізді «артық адамдай» сезіндік. Мұндай «жарысқа» түспесек, ортадан шеттетіліп қалатындай, бітіру кешіне қатыспасақ, мектеппен толық қоштаса алмайтындай қорқыныш болды. Бұл - бітіру кеші емес, керісінше, кімнің ауқатты екенін көрсететін шоуға айналып кеткендей, – дейді ол.
Авторы: Жанель Омарова