Қазақстанда кәсіби спортты қаржыландыруға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде бюджеттен 8 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді. 2026 жылдан бастап легионерлерге мемлекеттік бюджет есебінен қаржы бөлу тоқтатылды.
Бұған дейін қабылданған заңнамалық өзгерістер легионерлерді бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салып, кәсіби клубтарға бөлінетін қаржының бірыңғай шегін белгіледі. Үнемделген қаражаттың қайда бағытталып жатқаны туралы Орталық коммуникациялар алаңында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтты.
Үнемделген қаражат балалар мен жасөспірімдер спортын, бұқаралық спортты, ұлттық құрамаларды даярлауды және спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталуда, – деді министр.
Реформаның нәтижесінде спорт мектептеріндегі бір тәрбиеленушіге бөлінетін жылдық қаржы 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін өсті. Сондай-ақ жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысы 30 пайызға артты.