Жаңалықтар

Өлең, мен сені аялап өтем!

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Нұргүл Маулинамен сұқбат
Өлең, мен сені аялап өтем!
08.07.2022 14:07 6016

Нұргүл Маулинаның шығармашылығы турасында ақын  Рахат Қосбармақ: «Бастысы, оның бойында шын ақынға тән тас жаратын талант, шынайы мөлдір сезім, ештеңеге айырбастауға болмайтын, еліне, жеріне деген маздаған махаббат, Ардың туын биік ұстаған азаматтық көзқарас, айналадағы өмірді, қоғамда болып жатқан құбылыстарды суреткердің көзімен көре алатын сұңғыла қасиет бар», – дейді. Шынымен де Нұргүл Маулинаның өлең әлемі – мөлдір, таза. Оның жырларында сонымен бірге ұлттық айшық, дәстүрлі реңк те бар. Маулина шығармашылығындағы жеңешеге сыр айту дәстүрі қыз баланың сыры мен назын бейнелейді. Ақынмен осы сұхбатта өлең мен өлеңі бар әлем туралы сөз қозғадық.

– Нұргүл, өлең қайдан келеді? Қалай келеді?

– Өлең әркімге әртүрлі жолмен келетін болар. Шабыт келетін керемет шақтар бар. Шабыт әркімге әрқилы жолмен келетін болар дедім ғой, өлең әркімге де әрқилы қонады-ау деп ойлаймын. Сондықтан жеке өз мысалымнан айтсам, өлеңді көбінесе жолда жазады екенмін. Жолда адам тазарады, жаңарады деп есептеймін. Әсіресе ұшақта отырғанда түрлі ғажап күйге бөленемін. Ондай сәттерде ұшақ иллюминаторынан сыртқа көз тастасаң айналаның ғажайып сыр бүккенін ұғасың. Ұшар биікте сезім де басқа қырынан келетіндей ме? Ақша бұлттардың үстімен ұшып бара жатқаның да ерекше әсер сыйлайтындай. Міне, осындай әсерде отырып өлең жолдары келеді. Өлең жазғым келіп, шабытымды оятатын сәттер осындайда туындайды. Біраз өлеңдерім жолда жүргенде жазылыпты. Жолдың өзі – жаңа өмір, жаңа өлең ғой.

Өлең, оған қоса, сағыныштан туады деп ойлаймын. Өлеңдерімді жариялай бастағандағы алғашқы өлеңім, «Ауылды аңсау» және «Ұршық» деген өлеңдер еді. Шетел асып кетпесек те, туған ауылымыздан әркез жырақта жүреміз ғой. Сондай сәттерде аңқылдаған ауылға деген сартап сағыныш жүректі сыздатады. Балалық шағым Ақжігіт деген тамаша ауылда өтті. Туған жер – болашақтағы бүкіл болмысыңның қалыптасуына әсер етеді. Туған өлке сенің бойыңдағы мінезді қалыптастырады. Менің де өлеңдерімде туған жерге деген сағыныш басым. Ал сол жырлар кеудемде сағыныш күйі шертілгенде туған еді.

– Өзіңіз кімді жиі оқисыз? Қандай өлеңі қатты ұнайды?

– Қадыр Мырза-Әлі, Жарасқан Әбдіраш, Өтежан Нұрғалиев сынды ақындарды жиі оқимын. Олардың бірнеше өлеңін жатқа оқып бере аламын. Әттең, уақыт тығыздау болып тұр. Әйтпесе осы ақындардың жырынан дауыл тұрғызар едім сізге. Жалпы нақты бір өлең ұнайды дегеннен гөрі, көңілдің кейбір кездерінде өзім ұнатқан әр ақынның әрбір жырын таңдап оқиды екенмін. Сондықтан нақты мына өлең ұнайды деп кесіп айтқым келмейді. Мұхтар Шахановтың өлеңдерін жақсы көремін. Көңілдің орайына сәйкес әр кезде әртүрлі өлеңін оқығанды ұнатамын.

– Өлеңіңізге қатысты ең алғашқы пікірді кім айтып еді? Қандай пікір айтып еді?

– Өлеңіме қатысты ең алғашқы пікірді Рахат Қосбармақов деген ақын ағамыз айтты. Өте жақсы пікірін білдірді. «Болашақ үлкен ақын таптым» деп болашағымнан үлкен үміт күтетінін айтқан еді. Жалпы шығармашылығыңды біреудің бағалауы үлкен жауапкершілік дер едім. Рахат ағамның сөзі де маған зор жауапкершілік жүктеді. Рахат Қосбармақовты ұстазым деп айтсам да болады. Табылды Досымовтың кешінде өлең оқығанымды байқап, үлкен сенім білдіріп, өлең атты әлемнен алыстамауына жол ашқан сол кісі ғой.

– «Өлең атты әлемнен алыстамауыма...» деп қалдыңыз...

– Мектепті тәмамдаған соң, ЖОО-ға оқуға түскенде филологияны емес, экономика мамандығын таңдадым. Бір істі бастаған соң оны соңына жеткізейін дедім де, осы саланы індете оқып, экономика саласы бойынша 2009 жылы кандидаттық диссертациямды қорғадым. Сол уақыт аралығында өлең жазбадым емес, жаздым, тек көпшілікке көп жариялай қойған жоқпын. 2011 жылдан бастап өлеңдерім жариялана бастады. Поэзияда мойындалу сенің ақын ретіндегі роліңді өзгелердің де тануы деп білемін. Ол мен үшін аса маңызды емес сияқты. Яғни белгілі бір дәрежеге жетуді мақсат тұтпаймын. Өлеңдерімнің оқырмандары табылып, өзгелердің кәдесіне жарап жатса, өлеңім өзгенің де жүрек қылын таба білсе, өзімді бақыттымын деп ойлаймын. Адамға айтпаған нәрені өлеңде жазамын. Оны жариялауым да жарияламауым да мүмкін. Ең жақын сырласым – өлеңім.

– Егер өлеңді жеке бір ғаламшар деп қарастырсақ, оның тұрғындары қандай болар еді?

– Өлеңді жақсы көретін адамдар жүрегі жүрегі нәзік, әділеттілікті жақтайтын, турашыл адамдар болып елестейді. Өлеңді жақсы көретін адамдарда қаталдық болмайтын сияқты. Сондықтан өлең жеке ғаламшар болса, әдемі әлем болатын шығар деп ойлаймын. Фариза Оңғарсынованың:

Өмірдің өткелдерінен

қиындық көп көргеніммен,

өртеніп от басқаныммен,

өзіңмен қоштаспадым мен.

Күлкімді, жайлы күнімді,

азапты, қайғы-мұңымды

өзіммен бөліскенің үшін,

қатем мен жеңістерім үшін

менің мынау қиындау тағдырым болып

о баста көріскенің үшін

Өлең, мен сені аялап өтем! –

дейтін өлең жолдары бар еді ғой. Өлеңді аялау керек, меніңше. Өлеңді аялағандар құрметке лайық. Ал өзіңіз айтқандай өлең атты ғаламшар шынымен болса оның тұрғындары ізгі, аяулы адамдар болар еді. Бізде «Өлең, мен сені аялап өтемін» дейтін адамдардың қатары көп болғаны керек. Сонда жақсылық та, ізгілік те әлемді нұрландырып тұрар еді.  

– Өзіңізден кейінгі жастарды оқисыз ба? Кімді оқисыз?

– Жастарды жиі оқимын. Жастардың поэзиясына көңілім толады. Ерлан Жүніс, Шерхан Талап, Батырхан Сәрсенханның өлеңдері ұнайды. Жастар туралы көп айтуға болады. Жастықтың өзі өлең, меніңше. Жастар поэзиясы ең жақсы, айшықты, әсем әлем деп есептеймін. Жастыққа құрметпен қарайтындардың бірімін. Жас ақындарға тілектестік көңілімнен айнымайтындардың қатарындамын. Жастыққа достық ұстанымды қолдаймын. Жалпы қазіргі жастар өте турашыл, әділ. Өлеңі де шынайы, шыншыл. Мен атын атамаған да жастар бар. Өлеңі көркем, жыры әсем. Олардың әрқайсының да жырын оқып, тілектестігімді білдіріп жүрген ұнайды.        

– Әдетте жастар поэзиясына үлкендердің көңілі толмай жатады. Сіздің көңіліңіз тола ма?

– Буын арасындағы түсінбестік бұрын да болған, қазір да бар, кейін де бола беретін шығар. Сөзімнің басында айтқанымдай, жастарға әркез тілектеспін. Олардың жыры, өлеңі жеке бір әлем, құрметке лайық жеке бір жауһар дүние. Сондықтан жастардың қандай да жыр әлемін аялай білсек деген ұстанымымнан айнымаймын.  

Ал көңіл толмау мәселесіне келсек. Жеке өзім ақ өлең жазатын жастарды аса түсінбеймін. Қазақтың тілі бай, сөздік қоры мол. Қазақта ұйқассыз сөз жоқ деп есептеймін. Сондықтан болар, ұйқассыз өлең жазатындарды аса түсінбеймін. Мұны өзімнің жеке пікірім есебінде айтып отырмын. Әйтпесе ақ өлеңді сүйіп оқитын үлкен буын өкілдері де жетерлік. Ақ өлеңді іздеп жүріп оқитындар да бар. Сондықтан маған ұнамағанымен, өзгеге ұнайды ғой деп ақ өлең жазатын жастарды түсінбесем де құрметтеймін. Басқа аса бір қарсылығым, көңіл толмастығым жоқ.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Қиямет күні әрбір құлдан төрт нәрсе сұралмайынша ол тұрған орнынан қозғалмайды. Бірінші, ол өмірін қалай өткізді? Екінші, жас күнгі күш-қайратын қайда жұмсады? Үшінші, ол білген білімінің қайсысына амал қылды? Төртінші, ол несібесін қалай тапты және қайда жұмсады?» – деген хадисі бар ғой. Сол хадисте айтылғандай, жастар жастық күш-қуатын жақсылыққа жұмсаса екен деп тілеп жүремін.

Тағы бір айтарым, әр ақын «Ақын бола тұрып әділетсіздікке көзімді жұма қарасам не болғаным?» деген ұстанымынан айнымауы керек деп есептеймін. Жастарға да сондай ұстанымды болуын тілеймін.

– Жастардың поэзия әлемі туралы баяндама жаса десе, не айтар едіңіз?

– Баяндама дейсіз бе? Мұныңыз күрделілеу тапсырма екен. Жарайды, сұраған екенсіз, жауап беруге тырысайын.

Батырхан Сәрсенхан деген ақын жігіттің «Бір күндер болады» деген өлеңі бар еді ғой. Есіме түсіріп, оқып көрейін:

Бір күндер болады,

Күлкі білмейтін.

Бір түндер болады,

Кірпік ілмейтін.

 

Бір сезім болады,

Сыр ақтаратын.

Бір әзіл болады,

Жылап қалатын.

 

Бір бауыр болады,

Серік болмайтын.

Бір ауыл болады,

Көлік бармайтын.

 

Бір сырың болады,

Бөліске – жетім.

Бір шылым болады,

Теріс шегетін.

 

Бір уайым болады,

Тас та жылайтын.

Бір қайың болады,

Басқа құлайтын.

 

Бір бақыт болады,

Түкірген көбі.

Бір уақыт болады,

Күтіңдер мені! –

дейді ол. Міне, тәуекел етіп осындай өлеңдерге баяндама жасалса қандай жақсы болар еді деп ойлаймын. Ал өзім баяндама жасамайтын шығармын. Себебі мен өлең туралы сын не баяндама емес, өлеңнің өзін жазатын адаммын. Баяндама жазуды жақсы сыншы, әдебиетшінің еншісіне қалдырайық. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейді ғой. Өлең өте әсем әлем. Сол әлемнің әсемдігін, тереңдігін, тазалығын жан-жақты ашып көрсететін баяндамалардың көп болуын тілеймін.   

– Бір өлеңіңізде:

Түсімде көрсем, сағынышым ғой ол менің!

Ұршықтар бүгін – экспонаты көрменің.

Бейнеңе сенің ұқсас суреттер іздеп ем,

Орамал тартқан жаулықты кемпір көрмедім –

дейсіз... Өлеңдерңіздегі этнографиялық тақырыптың көптігін байқап, өзіңіз де осы дәстүрден алшақ емес екеніңізді түсінеміз. Ал Алматыда ондай дәстүрді жаңғырту қиын емес пе?

– Кесте тігу, ұршық иіру, жүн түту, оны орау, өрнек, басқұр, алаша тоқуды әжемнен үйрендім. Дәл қазір қалада сол дәстүрлерді жаңғыртып отырмын деп айта алмаймын. Алайда үйде қазақы оюлы төр көрпені кестелеп те, құрап та тігемін. Қазақтың ою-өрнегі айшықталған әшекейлерді таңдап тағып, дәстүрді насихаттауға үлес қоссам деймін. Қазақтың ұлттық дәстүріндегі әрбір элементті өлең-жыр арқылы да тірілткім келеді. Қазақ болып қалу үшін түп-тамырымыздан ажырамауымыз керек. Қанға сіңген қасиеттер дәстүріміз, тіліміз, діліміз, дініміз ғой. Қыз баланы жастайынан өнерге баулу жақсы қасиет. Сол мінезден айырылмасақ екен. Өлеңдерім негізінен этнографиялық тақырыпта жазылған, солай деп сыншылар да баға беріп жатады. Этнографиялық тәрбие – бала күнімде көріп өскен дүниелерім. Сол дүниеден артық ештеңе жоқ сияқты.

 – Әңгімеңізге көп рақмет!

 

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға