Жаңалықтар

Ләззат Кенжебайқызы: Бақыт деген – көптің алғысы

Мейірімді дәрігер
Ләззат Кенжебайқызы: Бақыт деген – көптің алғысы
08.06.2017 10:54 17291

Алматы қаласындағы Репродуктивті медицина институтының гинеколог-репродуктолог дәрігері Айтқожина Ләззат Кенжебайқызы

 

– Ләззат ханым,  сіз көңілдің гүлі, көздің нұры болатын бір перзентке зар болып жүрген жандарға үміт сыйлап, барынша қол ұшын созып жүрген ақ халаттысыз. Кішкентай ғана шоқ көрсеңіз үрлейін деп, тұтатуға жаныңызды салып жүрген мамансыз. О баста бұл мамандыққа қалай келдіңіз? Медицина саласындағы еңбек жолыңыз қалай басталды?

– Дәрігерлік Алланың тарапынан берілген үлкен сый деп білемін. Дәрігер болуды армандайтындар өте көп. Алайда, екінің бірі дәрігер бола алмасы анық. Мамандықты меңгеру аздық етеді. Дәрігер болатын жанға ең әуелі үлкен жүрек керек, адамгершілік керек. Одан кейінгі биік ұстайтын ту – мамандығыңа деген адалдық, жаупкершілік. Дәрігер – тәулігіне 24 сағат дәрігер. Бұл мамандыққа келуімнің тарихы ұзақ емес. Шығыс Қазақстан өңірінде дүниеге келдім. Семейдің медициналық университетін (бұрын академия болған) бітірдім. 7 жыл білім алдым. 1997 жылы түсіп, 2003 жылы тәмамдадым. 2004 жылы интернатураны аяқтадым. Интернатураны екі мекемеде Өскемен қаласындағы гинекологиялық орталық пен перзентханада өттім. Тәжірибе жинау мақсатында Абай аудандық ауруханасына аттандым, осылайша алғашқы еңбек жолым басталды. Ол жерде перзентхана немесе аурухана деп бөлінбейді нағыз қайнаған ортаға түстім. Жас маман үшін тәжірибе жинақтап, теориялық білімді кәсіби тұрғыда жетілдіруге зор  мүмкіншілік болды. Алайда денсаулығым сыр бергеннен кейін жұмысымды жалғастыру мүмкін болмады. Семей қаласына келіп, қызметімді гинекологиялық орталықта жалғастырдым. Кейіннен дәм тартып, Алматы қаласына қоныс аудардым. 2008 жылы Алматыға келдім. Әуелгі жұмысым шаһардың перинатальдық орталығында басталды. Уақыт сынаптай сырғып өтіп жатты. «Осы мен медицинада не үшін жүрмін?» деген сауал іштей маза бермейтін. Адамның қалауы, ішкі құлшынысы деген бар ғой. Акушер-гинеколог ретінде жанымның қалауын дөп басатын жұмыс туралы ойланып жүрдім. Негізі репродуктология саласына қашан да бір бүйрегім бұрып тұратын. Репродуктивті медицина институтына 2013 жылы келдім. Алдымен практикадан өттім, кейін жұмысқа қабылданып, тәжірибе жинақтай бастадым. Аллаға шүкір, арманым орындалды, жүрек қалауымдағы жұмысымды зор құлшыныспен істеп жүрмін деп сеніммен айта аламын.

 

2012 жылдан бастап 4 жыл бойы «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Дауа» бағдарламсын жүргіздім. Ол уақытта ешбір арнада қазақша медицина, денсаулық тақырыбын қаузайтын ешқандай бағдарлама болған жоқ. Алғаш болып осы істі бастаған біз едік. Уақыт өте келе екі жұмысты қатар алып жүру мүмкін болмады. Өзімнің профессиям дәрігер болғандықтан, журналистер менсіз де жеткілікті ғой деп телевизия саласынан кетемін деп шештім.   

– Репродуктивті технологияның көмегіне кімдер және қалай жүгіне алады?

– Кімдер жүгіне алады? Бала керек жұптар жүгіне алады. Бедеу еркектер не болмаса бедеу әйелдер келеді. Бір перзентке зар болып жүрген отбасылар келеді. Әрине мұның бәрі тегін дүние емес. 2010 жылдан бері мұқтаж жандарға үкімет тегін квота беріп келеді. Дегенмен де өткен жылғы статисткалық мәліметке сүйенсек, еліміздегі отбасылардың 16% бала сүйе алмай отыр. Статистика бойынша шамамен бір жылда 150 мың неке тіркелсе, оның 16% – яғни 20-21 мың жұп баласыз. Сонда орта есеппен жылына 6500 жұп ЭКО (денеден тыс ұрықтандыру) жасатады. Ал, енді былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы тегін квотаның саны сәл көтеріліп отыр. Биыл Қазақстан бойынша 900 мемлекеттік квота бөлінді. Бұл мұқтаж жұптардың тек 17% ғана қамтиды. Осы сандарды ескерсек, 900 квота жыртықты жамауға да келмейді. Сонда 900 келіншек экстракорпоральді ұрықтандыру (ЭКО) жолымен балалы болса, қалғандары ақылы түрде осы көмекке жүгінеді. Негізі көпшілігі ЭКО-ға келетіндердің ақшасы көп деп ойлайды. Шын мәнінде жағдай олай емес, шарасыз алайда жанарлары үмітке толы пациенттеріміздің 90% соңғы қаражатын жинап келеді немесе несие алып келеді. Репродуктивті технология біздің орталықта өте жақсы дамып келеді деп сенімді түрде айтуға болады. Себебі, біз жылына 2-3 рет тәжірибе алмасу мақсатында шет елдерге шығып тұрамыз. Шетелдік әріптестеріміз бізге келіп тұрады. Сырттан келген мамандар біздің орталықтағы замануй құрал-жабдық, медициналық аппараттарды,  технологияларды көріп таң қалады. Әлем бойынша репродуктология саласында қандай жаңашылдық, қандай тың әдіс шықса біздің институт дер кезінде бірінші қамтуға тырысамыз. Орталықтың жұмысына биыл 21 жыл толып отыр. Қазақстанды айтпағанда Орта Азия бойынша ең үлкен орталық екенін айта кеткен абзал. Жылдан-жылға Репродуктивті медицина институтының ЭКО жолымен бала тудыру көрсеткіші жоғарылап отыр.   Жалпы еліміз бойынша осы орталық өзге де ЭКО орталықтарынан әлдеқайда көш елгері тұр десек артық айтқандық емес. Осы салаға қатысты қандай тың әдіс шықса, бірден сол технологияны енгізуге тырысамыз. Мамандар жылына бірнеше рет сырт елдерге оқуға барып, кәсіби біліктіліктерін жетілдіріп, тәжрибе алмасып отырады.

– Экстракорпоральды ұрықтандыру тәсілінің бүгінгі жетістіктерін  нақтырақ атап өтсеңіз?

– Нақты жетістіктерін тізуге тырысайын. Осыдан 6-7 жыл бұрын мысалы 10 әйелге ЭКО жасасақ, соның екеуі жүктілікке қол жеткізсе (20-30%), қазір көрсеткіш 60-70 пайызға жоғарылады. Оны жаңа әдістер, тың тәсілдер, замануи технологиямен байланыстырамыз. Медицинаға икси, имси, пикси деген ұғымдар келді.  Мұның барлығы бізге үміт артып келген пациенттердің ұрығының жақсы дамуына кепілдік бола алатын әдістер. Тағы бір айта кетерлік үлкен жетістігіміз – бізде қазір преимплантациялық генетикалық диагностика (PGD) бар. Яғни пациенттерге генетикалық сараптама жасаймыз. Эмбрионды жатырға қондырмас бұрын эмбрионның хромосомасын  тексереміз. Бұрындары тек 9 хромосомаға сараптама жасасақ, биылғы жылдан бастап барлық 23 хромосоманың генетикасын толық тексеруге мүмкіншілігіміз бар. Ол дегеніңіз эмбрионды жатырға енгізбей тұрып, баланың денсаулығын тексеру деген сөз. Қандай да бір генетикалық ауру бар ма, жоқ па, бұл  эмбрион жүктілікті бере ме жоқ па, алдын-ала анықтап, сосын барып жатырға енгіземіз. Әрине мұның бәрін жасату пациенттердің қалтасын көтере бермейді, өйткені ақылы түрде жасалады. Аталмыш сараптаманы бізге келген пациенттердің бәрі бірдей жасатады деп айту ағаттық. Көбінесе үнемі балалары шетінеп кететін жұптар, жиі түсік тастайтын әйелдер немесе жасы келіп қалған келіншектер яғни қауіпті топқа жататын қыз-келіншектер жасатады. Жалпы ЭКО дүниежүзі бойынша ешқандай елде 100 пайыз кепілдік бермейді. Біз 50-60 пайызға кепілдік бере аламыз. Статистикаға көз жүгіртер болсақ, ЭКО бойынша жоғары нәтиже біздің орталықтың еншісінде. Жетістік деген осы.  

– Мемлекеттік квотаға жалғыз басты аналар да үміт арта ала ма?

– Жалғыз басты аналар да үміт арта алады. Бірақ оның денсаулығы дұрыс болу керек, жас ерекшелігі ескеріледі. Жасы 40-тан  асқан үміткерлерлер үшін мүмкіншілік мүлде аз. Жасы неғұрлым жас болса, соғұрлым ЭКО-ның нәтижесі жоғары болады.

– 2017 жылы 900 мемлекеттік квота бөлінгенін айттыңыз, үміткерлерді қалай іріктейсіздер?

– Үміткерлердің санында есеп жоқ. Тегін экстракорпоральді ұрықтандыру кімге керек жоқ. Былтырғы жылдан бері жақсы үрдісті қолға алдық. Орталықтың дәрігерлері Қазақстанның әр өңірлерін аралап, пациенттерді тегін қабылдап, тексеріп, іріктеу арқылы талапқай сай жандарға тегін квота үлестіру жолға қойылды. Тегін мемлекеттік квотаға кімдер лайық соны қарастырамыз. Не болмаса үміткерлерді осы оратылыққа шақырамыз, осы жерден қараймыз, тексереміз, мемлекеттік квота алуға лайық болса бірден протокол жазып, кезекке тұрғызамыз. Кезегі келгенде тегін ЭКО жасап береміз.  

– Мемлекеттік квотаның санын көбейтуге не кедергі?

– Енді оны жоғары жақтағы билік органдары шешеді ғой. Мемлекеттен қаражат көбірек бөлінсе, квотаға мұқтаж жандар үшін мүмкіншілік артатын еді. Мысалы жылына 2000 квота бөлінсе жылап жүрген қаншама қаракөз қыз- келіншектер тегін ЭКО жасатуға мүмкіндік алар еді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, кейбір шет мемлкеттерде тұрғылықты халқына бірінші және екінші квотаны тегін беретін елдер бар. Негізі көпшілік елдерде солай. Тіпті бірінші баласы туғанша тегін квота беретін мемлекеттер бар. Егер демографияны көтереміз десек, квотаның санын көбейтуге болар еді. Жоқ дегенде қаншама бала сүйе алмай жүрген жұптарға нәрестелі болу үшін бірінші жүктілікке тегін квота берілсе, ел ішінде қаншама әлеуметтік жағдайлары төмен отбасылардың арманы орындалар еді. Біздің де жұмысымыз алға басар еді, қараша халық та ақша іздеп қиналмайтын еді, несие алмайтын еді. Сондықтан бірінші ЭКО-ның өзі қаншама отбасына бақыт сыйлайтын еді. Демографиялық көрсеткіш те айтарлықтай көтерілер ме еді?!

– Репродуктология саласына тың әдістер келіп жатыр деп отырсыз, ЭКО жасатқызы келіп жүрген немесе дайындалып жүрген әйелдердің жатырының жұмысын белсенді қылатын арнайы екпелер бар екен,  сондай екпелердің қаншалықты оң әсері бар?

– Жүктіліктің болмау себептері неде? Кейде себеп нақты күйеуінен екенін білеміз, әйелдің дені сау, кінарат ерінде болып тұрады. Ұрықтың көрсеткіші төмен немесе мүлде қабілетсіз. Не болмаса әйелдің жатыр түтікшесі бітеліп қалған, немесе жатырдан тыс жүктіліктің орын алуынан жатыр түтікшесін алдырып тастаған пациенттер болады. Дәл сондай жандарға 100 пайыз ЭКО-дан басқа ештеме көмектеспейді. Ал, кейде келесідей жұптар кездеседі. Екеуінде де бәрі жақсы бірақ бала жоқ. Кейде көп нәрсе психологияға да байланысты. Әйел баласы тұрмыс құрғаннан кейін жоқ дегенде бір жыл немесе бір жарым жыл ештеме ойлаймай, жүктілік туралы бас қатырмай жүре тұрса ғой. Кейбір келіншектер босаға аттай салып, екі айдың ішінде емханаларға шапқылайды. Мен неге көтермей жүрмін, маған не болды, себебі неде деген сұрақтың жетегінде. Сондай әйелдер түбінде ЭКО-дан бірақ шығады. Психология соған әкеледі. Кейде бір пациенттерге айтасың: «Болды, демалыңыз, ештеме жасамаңыз, ЭКО-ға бірақ келесіз» деп. Дәрігерлердің пайымынша сонда ғана жаңағы әйел ЭКО жасатамын ғой деген оймен өзін еркін сезіне бастайды. Жанын жегідей жеген ойдан арылып, еркін жүре бастағанда қалай көтеріп қалғандарын өздері де білмей қалатын кездер болады. Сол себепті қыз-келіншектерге айтарым мезгілінен бұрын бала сүю туралы ойға шырмалып, өздерін жегідей жей беруді қою керек. Ал, енді ЭКО-ға дайындық барасында жатырдың жұмысын белсенді ететін екпелерді қажет жағдайда саламыз, нәтижесі өте жақсы деп айтуға болады.

– Бала сүйе алмаудың басты себептері неде?

– Бедеулік себебінің 50 пайызы жатыр түтікшесінен болады. Екінші фактор – ерлердің ұрық көрсеткішінің төмен болуы. Және бір себеп – эндокринді факторлар, артық салмақ, аналық жұмыртқаның дұрыс жұмыс жасамауы, эндиметриоз, миома секілді себептер жалғастыра береді. Көп жағдайда еркектердің бедеулігі мен әйелдегі жатыр түтікшесінің бітеліп қалуы немесе жоқ болуынан.

– Эмбрионның әрі қарай дамып, жетіліп кететініне кепілдік бар ма?

– Жалпы әлемдік тәжірибеде ЭКО 100 пайыз кепілдік бермейді. Егер әйелдің жасы 35 жасқа дейін болып, күйеуінің ұрығы жақсы болса 50 пайыз кепілдік береміз. 20, 25, 30, 35 жастағы келіншек келсе де сол 50 пайызға сенім артуларына болады. 35 жастан нәтиже төмендей береді, себебі әйелдің жасы ұлғайған сайын аналық жұмыртқа жасушасы да қартая береді. 38-ден ары қарай эффект одан да төмендей береді, 40 тан жоғары болса тіпті төмендейді. Ал енді 43 жастан жоғары пациенттер келетін болса мүлде үміт жоқ деп айтуға болады. Бес-ақ пайыз.

– Сіздерге шет елдерден келетін пациенттер бар ма?

– Өте көп. Тәжікстаннан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Ресей, Украинадан, тіпті Америкадан да пациенттер өте көп келеді.

– «Құтыдағы бақыттың» құны қанша?

– Құны 1 миллион 200-300 мыңдай болады.

– ЭКО жасатуға қанша уақыт керек?

– Жалпы ЭКО-ға дейінгі сараптамаларды тапсыруға 2 айдай уақыт кетсе, ЭКО жасауға кірістік дегеннен күннен бастап, жұп 3 апта жүреді. Сосын екі апта нәтижесін күтеміз. Егер нәтиже оң болса онда пациентпен бірге қуанамыз, сол нәтиже берсе бірге мұңаямыз. Бірақ жұмыс сонымен тұрып қалмайды, басқа жолдарын қарастырамыз, тағы не істеуге болатынын ақылдасамыз, шешеміз. Егер запаста қатырлыған эмбриондар болатын болса соны саламыз.

– Запастағы қатырылған эмбрионның мүмкіншілігі қаншалық?

– Қатырылған эмбрионның әдеттегі эмбрионнан еш айырмашылығы жоқ. Дәл сондай нәтиже беруге қауқарлы. Қайта біз қатырылған эмбрионның арқасында ЭКО нәтижесінің жоғарылауына қол жеткізіп отырмыз. Себебі, сапасы дұрысын ғана қатырамыз. Екінші бір мәселе, кейде кейбір жұптарға бірінші рет ЭКО жасағанда эмбрион бірікпей қалып, сәтсіз аяқталып жатады. Сондықтан екінші жолы запастағы қатырылған эмбрионды қайта қондыруға мүмкіншілік бар. Екінші қадам сәтті болып кететін кездер болады. Мәселен, пациент экстракорпоральді ұрықтандыру әдісіне ақылы негізде жүгінген болса, екінші рет қатырылған ұрықты жатырға қайта енгізу тек 100 мың теңге.    

– Жақында «Айтуға оңай» бағдарламасында донор мәселесі көтерілген тақырып сөз болды. Сіз сол түсірілімге қатыстыңыз. Ұрық мәселесі біраз дау тудырғанын көрдік. Елімізде айналдырған жиырма шақты еркектің ұрығы 20 жылдан бері пайдаланылып келеді екен. Бұл қаншалықты дұрыс, қанның тазалығы жөнінде не айтасыз?

– Түсінген адамға сол бағдарламада өте өткір мәселе көтерілді. Кейін сол бағдарламаның видеонұсқасын әлеуметтік парақшаларда бөлістім, бір таң қалғаным қоғам селт еткен жоқ. Мен осыған таң қалдым. Бұл ұлттың жойылып кетуіне алып келетін күрделі мәселе. Неге осы тақырыпты журналистер көтермейді? Кезінде донор мәселесіне қатысты Заң қабылданса қабылданған шығар. Бірақ белгілі бір өзгерістер енгізу керек деп есептеймін.  Жалпы донорлыққа қарсы емеспін. Сәби сүйе алмай жүрген жұптарға (күйеуінің) ағасы немесе інісі донор болса болады. Ал, аноним донор болу дұрыс емес. Донор иесінің есімі құпия сақталатындықтан ЭКО-ның көмегі арқылы бала көтерген әйел кімнің баласын туғанын өзі де білмейді. Ең өкініштісі сол бірнеше еркектен алынған ұрықты 20 әйелдің жатырына енгізу – үлкен қателік. Өз басым мүлде қарсымын. 

– Суррогат ана болуға келісім білдіретін әйелдер көп пе? Және олар жатырын жалға бергені үшін қанша ақы талап етеді?

– Донорлыққа қарағанда суррогат ана болу әлдеқайда жеңіл секілді. Жатырын жалға берген әйел шаранадағы нәрестенің биологиялық анасы емес. Ол тек сәбиді аман-есен өмірге алып келуші адам. Біздің елімізде суррогат ана туралы заң 2004 жылы ғана бекітілді. Келісімге келген тараптардың құқықтық міндеттемелері, салдары, егіз бала дүниеге келген жағдайда не істеу керектігі, егер биологиялық ата-аналар ажыраса қалса, қандай шешім қабылданатыны толықтай белгіленген. Сондай-ақ, заңда суррогаттық тәсілмен сәбидің дүниеге келуіне ықпал еткен денсаулық сақтау мекемесі, келісімді бекіткен нотариустың құпияны жарияламауы да міндеттелген.

Суррогат ана мәселесіне қоғамның көзқарасы әртүрлі. Біреулер бір перзентке зар болған ерлі-айыптылар үшін таптырмас шешім деп есептесе, кейбіреулер құп көрмейді. Біздің орталыққа суррогат ана іздеп немесе керісінше суррогат ана болайыншы деп келушілер көп. Екі тарап ақысын қалай келіседі оның бізге қатысы жоқ. Өзара келіседі. Орта есеппен суррогат аналар қызметі үшін 3 пен 6 миллион аралығында құн сұрайды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар Кеңесі суррогат ана болудың шариғи үкімін шығарып, пәтуа бойынша тиым салғанын естігенмін. Одан гөрі біз жоғарыда сөз еткен донорлық мәселесіне де көңіл бөлініп, қан тазалығын сақтап қалуға әрекеттер жасалса ғой. 

– Кәсібиліктен гөрі жеке басыңызға ойыссақ. Қандай қағидамен өмір сүресіз? Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Ұстанымым – өз жұмысыңа адал болу керек. Өзіңе адал болу керексің. Өмірді қиындата берудің қажеті жоқ, өмір бір-ақ рет беріледі. Әрбір сәтті бағалап, мағыналы етуге тырысу керек. Қанағат болу керек. Өмірдің әрбір сәтіне қуануға талпынамын. Көп нәрсені өткізіп жіберуге тырысамын, себебі қиялдауға уақыт жоқ, тек алға жүру керек. Бір жерде болмады ма, аттап өт те алға бас. Өмір – біреуден кек алу, біреуге қастандық жасау, біреудің жамандығын қазуға арналмаған. Айналаңды қоршағандардан тек жақсылықты көруге тырысу керек. Біреу саған жамандық жасады ма Аллаға тапсыр. Бұл да өтеді де кетеді деген ұстаныммен алға қадам басамын.  

– Әйел бақыты деген ұғым сіз үшін қандай мағына береді?

– Әйел бақыты деген – ана болу. Саған қолдау білдіретін, арқай сүйейтін азаматыңның қасында болуы. Ұл бала тәрбиелеп отырмын, әлі де бала сүйгім келеді. Бақыт деген – ата-анаң, жақындарыңның амандығы, сүйіп істейтін кәсібіңнің болуы, жұмысыңа деген махаббатың.

«Дәрігерде үш қару бар. Олар: сөз, өсімдік, пышақ» деген ұғым бар. Астарына үңілсеңіз, мағынасы терең. Жаныма жақын қару – сөз. Себебі қашан да адамгершілік қасиет биік тұруы керек. Жақсылық атаулы жақсы қарым-қатынас арқылы өріледі. Неге десеңіз, менің алдыма көкірегін мұң торлаған, сәби сүюді армандайтын қыз-келіншектер келеді. Әрқайсысының тілін тауып, мұңын тыңдайсың. Әртүрлі адамдармен бірге әртүрлі тағдырлар келеді. Бізге «Маған бала керек» деп ешкім күліп келмейді. Бәрінде бір мұң, қилы тағдыр бар. Жанары жасаураған әрбір жанның мұңын мұқият тыңдап, ішкі күйзелісін түсінуге тырысамын. Қалай да осы жандардың жүгін жеңілдетіп, өз тарапымнан қандай да бір көмегімді тигізгім келіп тұрады. Пациентім бала көтерсе, өзім де жүктілік бақытына жеткендей бірге қуанамын, мұңайса жұбатуға тырысамын.

Не істесем де шын көңілмен істегенді ұнатамын. Жұмысымды шын көңілмен жасаймын. Менің алдыма келген әйел мүмкін еден жуушы, мүмкін асхана қызметкері, мүмкін мұғалім, мүмкін дәрігер, мүмкін бастық шығар. Оның дәрежесі, мамандығы мен үшін қызық емес. Және ешқашан сұраған емеспін. Маған келген әйелдің бәрі бірдей. Баласы жоқ, балаға зар болған жартылай бақытсыз жандар, мұңы бар, шері бар қамкөңіл әйелдер. Сондықтан ел ішін аралағанда да шынымен әлеуметтік жағдайы төмен әйелдерге квота беріп кетуге тырысамын. Соңғы қаражатын жинап немесе несие алып келген жандарға да қалай да қол ұшын созуды ойлап тұрамын. ЭКО-ның нәтижесі қалай болар екен деп бірге қобалжимын. Себебі, ол ертең жүкті болмай қалған жағдайда оның өмірі қалай өрбитінін біліп тұрасың. Күйеуі не дейді, ата-енесі не дейді деп бірге алаңдаймын. Өмірде түрлі жағдай бар, ажырасып кетіп те жатады. Шаңырақ шайқалмаса екен, бір перзентке зар болған жұп арманымен қауышса екен деп тілейсің. Әрине біз Құдай емеспіз, біз тек себепшіміз. Жүректері алып-ұшып, балапандарын жетектеп, алғыс айтуға келгенде бақыт құшағында жүрген пациентіңмен бірге шаттанасың. Менің жұмысымның жемісі – сол. Дені сау ана мен дені сау баланың риясыз махаббатына кәу болған сайын шабыттанасың. Әйел бақытын, ана бақытын сезінген қыз-келіншектердің бақытты жүздерін көру – мен үшін үлкен жетістік.

Жақсы дәрігер адамдарға көмектессем деген ізгі ниеті арқылы Алланың разылығына бөленеді, сол адамдардың шексіз алғысын алады деп ойлаймын. Мен үшін де сәби иісін аңсаған жандардың алғысын алғаннан артық бақыт жоқ. Алдыма келген әрбір қыз-келіншектің мұңын жеңілдетіп, бала сүю бақытына себепші болу – еңбегімнің ақталғаны. Сол себепті де арманы орындалған бақытты жандардың қатарынанмын деп сенімді түрде айта аламын. Бақыт деген – көптің алғысы. Шын жүректен айтылған алғыс алға жетелейді, қанаттандырады.  

– Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет. Еңбегіңізге табыс тілеймін.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға