Жаңалықтар

Күйеуіне донор болған келіншек: Мен емес, жолдасым көп ойланды

Күйеуіне донор болған келіншек: Мен емес, жолдасым көп ойланды
Фото: ©El.kz/Элеонора Мамыр 18.07.2024 12:08 667

Шымкентте ерлі-зайыпты бір-біріне донор болды. Нақтырағы әйелі күйеуіне бір бүйрегін беріп, екінші өмір сыйлады. Қазір пациенттердің жағдайы жақсы, үйге шығарылды, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Науқастың бүйрек жетіспеушілігі диагнозымен кезекте тұрғанына 1 жылға жуықтаған. Қос ағзасы істен шығып, гемодиализ аппаратына тәуелді болып қалған еді. 49 жастағы Ерлан Асқаровқа дәрігерлер шұғал түрде орган ауыстыру қажеттігін айтады. Оны естіген зайыбы Айна Әмзеқызы донор болуға бірден келіседі.

Былтырдан бері күйеуімнің жағдайына қанықпын. Оның қиналып жүргенін күнде көрем. Оңай емес. Содан кейін өзім шешім қабылдадым. Ойымды жолдасыма білдіріп ем, ол біраз ойланып жүрді де кейін келісімін берді. Қан тобым І, резус факторы сәйкес келуі мүмкін деп үміттеніп келдік, - дейді ол.

Трансплантацияны Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық аурухананың трансплантологтары жасады. 221-ші рет жасалынып тұрған бүйрек алмастыру операциясы сәтті өтті. Ағзалар трансплантациясы бөлімінің меңгерушісі Сәбитхан Байтеміровтің айтуынша, ота тірі донорда жасалды. Яғни ол реципиенттің әйелі. Мұндай операциядан кейін "жасанды бүйрек" қызметі қажет болмайды екен.

Дәрігерлер ағза алмастыру отасы кезінде науқасқа жарының сол жақ бүйрегін хирургиялық жолмен қондырып берді. Қазір екі пациенттің де жағдайы жақсы. Ерлан Асқаров біз барғанда өзін қалыпты сезініп отырғанын айтты.

9 айдай диализбен жүргенде қиналушы едім, қазір аздап жеңілдікті сезінем. Бірақ барлығы бірден орныға салмайды, күтіну керек. Дәрігерлердің айтқанын уақытылы орындап жүремін,-деді ол.

Бәрінен бұрын Ерланның ағасы Дүйсенбек Асқаров інісіне ойланбастан бір бүйрегін бере салған келініне дән риза. «Келінге үлкен рақмет! Осындай ерлік жасады, атасына рақмет! Бауырыма өз бүйрегін берді. Ері ғой енді, бірақ онда да біреуге-біреу бүйрек беру оңай емес,-деді Дүйсенбек Асқаров.

Бөлім меңгерушісі Сәбитхан Байтеміров Шымкентте 600 адамның гемодиализге баратынын алға тартты. Бұл  - осыншама жанның ағзасын ауыстыру қажет деген сөз.

Олардың арасында нақты шешім қабылдап, қорықпай операция үстеліне жататындары аз. Шешім қабылдағанның өзінде донор тапшы. Туыстарының арасынан донор табылмаған жағдайда, мәйіттік донорға жүгінуге тура келеді. Ол проблема бізде әлі шешілмеген, - деді хирург.

Жалпы елімізде Ерлан Асқаров сияқты бүйрегін ауыстыруды күтіп жүрген 3 мыңнан астам адам бар.

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада органдар трансплантациясы 2013 жылдан бері тәжірибеге енгізілген. Бүйректен бөлек, бауыр ауыстыру бойынша 30-ға жуық ота жасалыпты. Бұл да бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Халық ауырғанын сезбей, дертін өткізіп барып, яғни жаны шүберекке түйілгенде ғана дәрігердің есігін қағады.

Қанша айтамыз, бірақ қазақ өзгермейді ғой. Ауырса ауруды басатын дәрілерді ішіп алып күнделікті тіршілігін жалғастыра береді. Ыстығы көтерілсе де елемей жүре беретіндер бар. Асқазаны, бүйрегі, бауыры ауырса да өз-өзіне ем жасап алатындарды тағы қосыңыз. Одан қала берді емшіге барады. Өткізіп алған соң бәрі кеш. Солай десек те қазір тығырықтан шығатын жол табылды ғой. Ағзаны ауыстыра аламыз, мадицинаның, дәрігерлердің оған қауқары жетеді. Алайда донор қай ағзаны алсақ та тапшы. Сұраныс жылдан жылға артып отыр. Әсіресе бауыр ауырғанда бірден мазаламайды. Тіпті оны науқастар білмей де қалады. Өткізіп алғаны соншалықты өлім құшып жатқандары жиі тіркеле бастады,-дейді Сәбитхан Байтеміров.

Соңғы дерек әрбір 10-шы қазақстандықта созылмалы бүйрек ауруы кездесетінін көрсетіп отыр. Биылғы жылдың өзінде бүйрек трансплантациясына кезекте шамамен 3600 азамат тұр. 80-нен астамы балалар. Ағза ауыстыруды күтіп жүрген тізімдегі пациенттердің 90 пайызға жуығы бүйрек трансплантациясын қажет етеді. Қалған 10 пайызы бауыр, өкпе және жүрек ағзалары құрайды. Сарапшылар өкінішке қарай, әр адам өз кезегін күте алмай, жарық дүниемен ерте қош айтысып жатқанын айтып, дабыл қағады. Мамандардың айтуынша, созылмалы бүйрек ауруы дамуының қауіп факторлары болып табылатын бірнеше аурулар бар. Ең көп тарағандары – артериялық гипертензия, яғни қан қысымының жоғары болуы, жүрек-қан тамырлары аурулары, одан соң отбасылық анамнездегі СБА және қант диабеті. Артериялық гипертензиямен ауыратын әрбір үшінші науқаста созылмалы бүйрек жетіспеушілігі ауруының маркерлері бар екенін атап өткен жөн.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға