Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев америкалық Брэндон Ройвалмен жекпе-жек өткізу үшін қаңтарға дейін күтуге де дайын болған. Алайда екі тарап өзара келісімге келе алмады. Алмабаевтың айтуынша, Ройвал кездесуге шығуға әр жолы түрлі себеп тауып, кейінге шегере берген.
Бастапқыда Алмабаевтың ықтимал қарсыластарының бірі ретінде UFC чемпионы атағына таласқан Брэндон Ройвал қарастырылған. Қазақстандық файтер америкалықпен жекпе-жек ұйымдастыру үшін өзі де бірнеше рет байланысқа шыққанын айтады.
Ройвалды жекпе-жекке шақырып, әртүрлі жолмен әрекет жасап көрдім. Жеке хабарлама жазып, не болғанын сұрадым. Қажет болса, үміткерге арналған жекпе-жек үшін қаңтарға дейін күтуге де дайын едім, – деді Асу «Спорт Шредингера» басылымына берген сұхбатында.
Алайда келіссөз нәтижесіз аяқталған. Алмабаевтың айтуынша, Ройвал кездесуге келісудің орнына үнемі жаңа сылтау айтқан.
Бірде іші ауыратынын айтты, бірде аяғы ауыратынын жеткізді, енді бірде әйелі босанғалы жатқанын айтты. Әйтеуір түрлі сылтау тауып, ақырында жекпе-жекке шықпады, – деді қазақстандық спортшы.
Айта кетейік, Ройвал бұған дейін UFC-дің аса жеңіл салмақтағы қазіргі чемпионы Джошуа Ван мен Манель Капе арасындағы титулдық кездесуде қосалқы файтер болатынын мәлімдеген. Бұл жекпе-жек 2027 жылғы 30 қаңтарда Торонтода өтетін UFC 336 турнирінде ұйымдастырылады.
Алмабаевтың келесі қарсыласы – тәжірибелі Хоригути
Ройвалмен келісімге келе алмаған соң, Алмабаевтың келесі қарсыласы ретінде UFC белбеуіне таласқан жапониялық Кёдзи Хоригути таңдалды. Қазақстандық файтер оны дивизиондағы ең танымал әрі тәжірибелі спортшылардың бірі деп санайды.
Ол да дивизиондағы танымал есімдердің бірі, тәжірибесі мол файтер. Көп жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Тіпті кезінде Деметриус Джонсонмен UFC чемпионы атағы үшін жұдырықтасқан. Сондықтан бұл мен үшін жақсы мүмкіндік. Оны барынша тиімді пайдалануға тырысамын, – деді Алмабаев.
Бұған дейін Асу UFC-дің бұрынғы чемпионы Брэндон Мореномен кездесуі керек болған. Алайда қолын сындырып алуып, жекпе-жекке шыға алмады.
Қазір Алмабаев UFC-дің аса жеңіл салмақтағы рейтингінде жетінші орында тұр. Ал рейтингтің бесінші сатысындағы Кёдзи Хоригутимен кездесу 21 қарашада Катар астанасы Дохада өтетін UFC Fight Night 294 турнирінің негізгі кардында ұйымдастырылады.
Бонус алғысы келеді
Алмабаев алдағы жекпе-жекте өзіне күмәнмен қарайтындардың пікірін өзгертуді көздейді. Оның айтуынша, Хоригутиге қарсы кездесуде шеберлігін толық көрсетіп, жеңіске лайық екенін дәлелдеуге ниетті.
Жеңіске лайық екенімді дәлелдеу үшін жекпе-жектің соңына дейін барымды саламын. Көпшіліктің маған күмәнмен қарайтынын сеземін. Олар менің шеберлігіме, кейбір жеңістеріме күмән келтіреді. Сондықтан бұл кездесу – қабілетімді және дәл осы деңгейде өнер көрсетуге лайық екенімді көрсетуге жақсы мүмкіндік, – деді Асу UFC баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Қазақстандық спортшы Хоригутиді жеңумен шектелмей, айқасты әсерлі өткізіп, кештің үздік өнері үшін берілетін бонусты да иеленгісі келеді.
Басымдық танытып, жекпе-жекті мүмкіндігінше ертерек аяқтау керек. Көрерменге қызықты айқас көрсетіп, сол үшін бонус алғым келеді. Осылайша қосымша табыс табуға да мүмкіндік болады, – деді ол.
Сондай-ақ Алмабаев UFC-дің аса жеңіл салмақтағы чемпионы Джошуа Ван мен Манель Капе арасындағы алдағы титулдық жекпе-жекке қатысты да пікір білдірді. Оның болжамынша, екі файтер де негізінен тік тұрып жұдырықтасуға басымдық береді. Сондықтан кездесудің тағдырын соққы алмасу барысындағы басымдық шешуі мүмкін.
Екеуі де мықты, екеуі де соққы жасайалады. Жұдырықтасуға басымдық беріледі деп ойлаймын. Біреуі міндетті түрде нокаутқа түсуі мүмкін. Екеуі де күреске аса бейім емес, тік тұрып айқасқанды ұнатады. Кім өзін жақсы көрсетсе, сол жеңеді, – деді Алмабаев.
Оның пікірінше, Капе қашықтықтан шабуылдағанда өте қауіпті. Дегенмен Хоригути бұған дейін португалиялық файтерді жеңуге болатынын көрсеткен.