2026 жылғы 17 қарашада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің «Майлан» далалық оқу орталығында «MILITARY DRONE CHALLENGE» турнирі өтті.
Еліміздің мемлекеттік органдарының командалары пилотсыз авиациялық жүйелерді (ҰАЖ) және пилотсыз ұшу аппараттарына қарсы іс-қимыл құралдарын қолдана отырып, шынайы жағдайларға барынша жақындатылған жағдайда арнайы тапсырмалар орындайды.
Турнирді ҚР Мемлекеттік күзет қызметі «Ashyq Aspan Foundation» қоғамдық қорының техникалық қолдауымен ұйымдастырады. Қор осы бағыттағы сайыстарды Қазақстан Республикасында өткізу бойынша уәкілетті ұйымдастырушы болып табылады.
«MILITARY DRONE CHALLENGE» турнирі ҰАЖ-ны қолдану және оларға қарсы іс-қимыл тәсілдерін жауынгерлік әрі кәсіби даярлық жүйесіне енгізуге, мемлекеттік органдардың техникалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар сайыс қатысушы командаларға ҰАЖ-ны қолдану әдістері мен тәжірибесі бойынша өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Турнир барысында командалар төрт жаттығу бойынша сынға түседі:
1. «Шабуыл». Ұшақ үлгісіндегі және мультироторлы ҰАЖ операторлары нысан мен ғимарат ішіндегі үй-жайларға әуеден барлау жүргізеді. Ал шабуылдаушы топ алынған ақпарат негізінде ғимараттағы кепілге алынған адамды босату операциясын орындайды.
2. «Барлау – қону – жүк тастау». Команда біртұтас тапсырма аясында әуеден барлау жүргізіп, FPV-дронды қозғалыстағы тіркемеге қондырады және оқу жүгін нысанаға дәл тастайды.
3. «Ашық аспан». Командалар өз ведомстволарының штаттық антидрондық кешендерін пайдалана отырып, дрондарды анықтап, тоқтатады. Одан кейін FPV-дронды тегіс ұңғылы атыс қаруымен жояды.
4. «Командалық эстафета». Жылу камерасымен жабдықталған мультироторлы дрон операторы ғимарат ішінен «қарсыласты» іздейді, ал FPV-дрон ұшқыштары шектеулі көріну жағдайында анықталған нысаналарды жояды.
Шабуылдау тапсырмаларын орындау кезінде қатысушылар страйкбол қаруын пайдаланады.