Өткен ғасырда қазақ даласында дәурен құрған коммунистік идеология, атеистік көзқарас ел тарихына, рухани құндылықтарына, мәдениетіне зор нұқсан келтірді. Шолақ саясаттың кесірінен сол тұста ұлтымыздың мүддесі үшін қызмет еткен азаматтар жапа шегіп, мәдени, діни ошақтарымыз ойрандалды. Әсіресе қазақ жеріндегі мешіт пен медреселердің көзін жоюға кеңес одағының билігі барын салды. Сол діни орындардың бірі және бірегейі - Қарқаралы қаласындағы Құнанбай қажы мешіті еді.
Қарағанды облысында орналасқан Қарқаралы - табиғаты көркем кішігірім ғана қала. Талай ғұлама ғалымдарға мекен болған бұл қаладағы Құнанбай қажы мешіті - осы өлкенің құнды жәдігеріне айналған, қаланың бетке ұстар көне ғимараттарының бірі. Қарқаралыны тамашалауға келген әрбір жан алғашқы қадамын осы мешіттен бастайды. Құрылысы 1850 жылы басталып, 1853 жылы барша мұсылман қауымға есігін айқара ашқан бұл діни орын - еліміздегі ең көне мешіттердің қатарында. Бұл ескерткіштің архитектуралық маңыздылығымен қатар, қазақ мәдениеті үшін рухани құндылығы да тым жоғары. Себебі, бұл мешітті әлемдік тұлғаға айналған қазақтың ұлы ақыны -Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы салдырған.
1849 жылы Құнанбай Қарқаралы уезінің аға сұлтаны болып сайланғаннан кейін, өз туыстары мен бала-шағасының бір бөлігін алып осы кішігірім қалаға қоныс аударады. Осылайша Абай бала күнінде Қарқаралы қаласына келіп, өмірінің көптеген қызықты шақтарын осы өлкемен байланыстырады.
Абайды барша әлемге әйгілі еткен «Абай жолы» романында қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов былай деп жазады: «Қарқаралы округіне келгенде Абай өз әкесінен және мұндағы тұрғындардың көбінен жаңа мешіт жайлы жиі еститін. Құнанбайдың мешіт салып, жергілікті халықтың алғысын алып, атақ-даңққа бөленіп жүргенін Абай жақсы білді. Құнанбайдың есебінен өткен жылы Қарқаралы мен сол маңдағы барлық округтегі ең алғашқы және жалғыз мешіттің құрылысы басталған еді». Қолдағы бар деректер бойынша, өмірінің әрбір жылдарында Абай бұл мешітке келіп тұрған екен.
Құнанбай — күрделі тұлға
Құнанбайдың ел билеген тұстағы қызметі қарама-қайшылықтарға толы болғандықтан, біз үшін ол - әлі де көп зерттеуді қажет ететін аса күрделі тұлға. Жалпы Құнанбай дегенде, көз алдымызға қатігез әкенің, сұм, тасжүрек адамның бейнесі елестейді. Себебі, Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясында Абайдың әкесін дәл осылай суреттеген. Жылдар бойы біз Құнанбайды озбыр ретінде танып, оның мәрт тұлғасының астына үңілмей келдік. Поляк революционері Адольф Янушкевич Құнанбай жайлы: « Соңғы кездері бір көзім жеткені - Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясында бейнеленген Құнанбайдың жағымсыз бейнесі тек сол кездегі цензурадан туындаған кейіпкер образы ғана. Ал Әуезовтың сол заманның қыспағына бағынбасқа амалы болмады. Құнанбайдың қарапайым халықты езгіге салмасына Тұрағұл Құнанбаевтың, Архам Ысқақов пен Ахат Құдайбердіұлының естеліктері дәлел бола алады», - деп жазады. Айдауда жүрген революционер өмірінің отыз жылын қазақ өлкесінде өткізеді. Сондықтан да талай мәрте Құнанбайды өз көзімен көріп, дәмдес болған. Өзінің «Қазақ даласына жасаған сапардан естеліктер» деген кітабында Адольф Құнанбайды былай деп суреттейді: « Ол маған қазақ даласының әулиесі сияқты көрінді. Құнанбайдың дінге беріктігі мен қара қылды қақ жарар әділдігі баршаға аян еді. Сондықтан да оған алыс-жақын ауылдардан ақыл-кеңес сұрап келетін жарлының да, жастың да, бай мен кедейдің де санында есеп болмайтын». Жалпы, өткен күннің деректерін парақтасақ, Құнанбайдың дара тұлғасын айқындай түсетін мәліметтер көп. 160 жылдан астам қасқайып тұрған мешіт те алып тұлғаның елі үшін еңбек еткен жан екендігін көрсетеді. Сондай-ақ, Меккеге қажылыққа барған тұсында Құнанбай сол жақта өз отандастарына арнап қонақ үй салдырған екен. Ғимараттың қасбетінде Құнанбай есімінің қасында бұл қонақжайға қазақтардың емін-еркін жайғасуларына болатыны жайлы жазылған.




