Жаңалықтар

«Күн астындағы мекен»: Қытайдағы қазақ жайлауы туристердің сүйікті орнына айналған

«Күн астындағы мекен»: Қытайдағы қазақ жайлауы туристердің сүйікті орнына айналған
Фото: ©El.kz 17.09.2024 11:22 1775

Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағында 25 миллионға жуық халық тұрады. Ал солардың арасында 74 ұлт өкілі бар: ұйғырлар, қытайлар (хан), қазақтар, дүнгендер, қырғыздар, моңғолдар (оның ішінде ойраттар), тәжіктер, сібе, өзбектер, орыстар, тибеттер, татарлар мен өзге ұлт өкілдері сан жағынан басым.

Автономиялық округ аумағы 1 664 897 шаршы шақырымды құраса, бұл Қытай Халық Республикасының алтыдан бір бөлігіне тең. Шыңжаңның шекарасы 5600 шақырымға созылып, сегіз елмен шектеседі: Моңғолия, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Үндістан, Ауғанстан және Пәкістанның бақылауындағы Ладакх өңірі. Сол үшін де шығар, мұнда түрлі ұлттардың салт-дәстүрлері өзара үйлесім тауып, ал мұны жергілікті тұрғындар табыс көзіне айналдырып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Шыңжаң – Аспанасты елінің өзге қалалары секілді заман ағымына сәйкес қарқынды дамып жатқан өңір. Сөйте тұра бұл жақта да аз ұлттардың дәстүрлері жақсы сақталған. Бұған біз Қытайдың Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған кезекті сапарда көз жеткіздік. Округте бірқатар экотуризм нысаны, сегіз пейзаж облысы бар: Үрімші-Наньшань тауы, Шығыс-Жоңғар ойпатындағы Тас орманы, Алтай, Іле аумағы және тағы басқалар. Біз соның ішінде өзіміздің қандастар көп тұратын Іле аймағына табан тіредік.

«Күн астындағы мекен»: Қытайдағы қазақ жайлауы туристердің сүйікті орнына айналған

Ал алғашқы бағыт Нарат жайлауы болды. Табиғатының сұлулығына көз тоймайтын бұл жер қазақтың бір үлкен ауылы іспеттес. Нарат сөзі моңғол тілінен аударғанда «күн астындағы мекен» деген мағынаны білдіреді. Ұғым сонау Шыңғыс хан дәуірінен қалған деседі. Себебі Шыңғыс хан батысты бетке алғанда, әскерінің бір бөлігі Іленің бойымен Таянь-Шань арқылы өткен. Көктем болса да, қар құйып тұрған көрінеді. Әбден қажып, тоңып, қарындары ашқан әскер тауды асқанда күннің сәулесінен нәр алып, көкке боялған кең даланы көріп таңғалады. Басқа әлемге тап болғандай күй кешіп, әрі аман қалғандарына қуанған олар «нарат, нарат» деп айғайлай беріпті. Міне, содан бері бұл жайлау осы атауға ие болған екен.

«Күн астындағы мекен»: Қытайдағы қазақ жайлауы туристердің сүйікті орнына айналған

Нарат теңіз деңгейінен 1800 метр биіктікте орналасқан. Үш жағынан тау қоршап тұр.

Ресми деректер бойынша, оның аумағы 960 шаршы метрге тең. Қытай бұл мекенді жоғары сыныпты туристік аймаққа енгізген.  

Әлгіндей айтқанымыздай, Нарат ұлттық саябағы Тянь-Шань тауының бөктерінде орналасқан. 1999 жылы ашылған ұлттық саябақ аумағы 10 гектар жерді құрайды. Ал айналаның барлығы шырша ағашымен қоршалып тұрғандай. Құдды бір ертегіге тап болғандайсың, ауасының тазалығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан да шығар, бұл жер қытайлар мен шетелдік туристердің сүйікті мекендерінің бірі.

Жайлауға кіргеннен-ақ қазақтың иісі аңқып тұрғаны сезіледі. Автобустан топ-топ болып түскен туристерді шашу дәстүрін паш еткен мүсіндер қарсы алады, оның ар жағында аттың үстінде қолына қыран бүркітін ұстаған ер адамның мүсінін көруге болады.

«Күн астындағы мекен»: Қытайдағы қазақ жайлауы туристердің сүйікті орнына айналған

Қазанда қайнап жатқан сорпа мен бауырсақ және шелпектің иісі мұрын жаратындай. Бірер күнде-ақ ұлттық тағамдарымызды сағынып қалыппыз, алып-ұшып сатушылардың алдына бардық. Қазақтар екен, мәре-сәре болдық. Атажұрттан келгенімізді біліп тағамдарын ұсынып әлек, тіпті ақысын да төлетпеді.

«Күн астындағы мекен»: Қытайдағы қазақ жайлауы туристердің сүйікті орнына айналған

«Күн астындағы мекен»: Қытайдағы қазақ жайлауы туристердің сүйікті орнына айналған

Ал сахнада күнделікті екі рет: таңғы 10:00-де және 14:00-де әннен шашу шашылып, мың бұрала билеген бишілер өнерін ортаға салады екен. Өнер иелерінің айтуынша, мұның бәрі қазақтың әуенін ұйғырдың әнімен, ал қазақтың киіз үйін моңғолдың гэрімен шатастармас үшін жасалып жатқан дүние. Одан қалды қазақтың беташар, тұсаукесер секілді дәстүрлерін көпшілікке таныстырады. Ал жергілікті театрда 20 шақты адам бар.

«Күн астындағы мекен»: Қытайдағы қазақ жайлауы туристердің сүйікті орнына айналған

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаздыгүні жайлауда ығы-жығы адамнан көз аша алмайсың. Мұнда күніне 40 мыңға жуық турист келетінін ескерсек, жылына қаншама адам Қытай жерінде-ақ қазақтың болмысымен, әдет-ғұрпымен танысып жатқанын ойлай беріңіз. Бізге гид болған Дегдар Нұрғазықызының сөзіне қарағанда, Қытайда ішкі туризм ерекше дамыған, сол үшін де Наратқа ат басын бұратындардың басым бөлігі қытайлар. Биылдыққа біз Қазақстаннан келген бірінші топ екенбіз.

«Күн астындағы мекен»: Қытайдағы қазақ жайлауы туристердің сүйікті орнына айналған

Нарат 2011 жылы бесінші дәрежелі саяхат орнына айналды. Мұнда саяхатшылар үшін барлық жағдай жасалған. Тамақ ішіп, демалатын орындар қарастырылған. Тігілген киіз үйлердің барлығы туристерге арналған. Жайлауда демалатын 27 орын бар. Мұнда автобустар да қатынайды. Бір рет алған билет екі күнге жарамды. Сондықтан көпшілік осында түнеп, таза ауамен тыныстап кетеді. Жылқы мініп, тіпті тікұшақпен саяхаттауға да болады, - деді Дегдар Нұрғазықызы.

Күніне 40 мыңдай турист келсе де, айналада шашылып жатқан қоқысты көрмейсің. Тұрғындар да, жергілікті билік те табиғатқа ерекше қамқорлықпен қарайтыны сезіліп тұр.

Туристер жүріп өтетін жол да талғаммен жасалған: мұнда сіз сүреңсіз бетон немесе темір жабдықтар көрмейсіз, керісінше, жақтаулардың бәрі табиғатпен үйлесім тапқан ағаштардан жасалған.

«Күн астындағы мекен»: Қытайдағы қазақ жайлауы туристердің сүйікті орнына айналған

Сұрастыра келе қандастарымыз негізінен мал және егін шаруашылығында табысты еңбек етіп жүргенін білдік. Ұлттық орман саябағында жауын-шашынның орташа мөлшері 800 миллиметрді құраса, бұл дегеніміз – төрт түлік жыл бойы жем-шөппен қамтамасыз етілген деген сөз. Тағы бір бөлікте қысқы мезгілге арналған шөп өсіріледі. Айтпақшы, бұл аймақ көлік жүргізушілері отар қойға жол беретін Қытайдағы жалғыз мекен болар. Тіпті Шыңжаңдағы көптеген аудандағы көшелер мал айдалған жолдармен салынған деген түсінік бар.

Бұдан бөлек жергілікті тұрғындар туризм саласынан да тәп-тәуір нәпақасын айырып отыр. Қуантатыны, солардың арасында өзіміздің қазақтар да баршылық. Бұлай болатыны, Нарат жайлауы қарайтын Күнес ауданы – дүниежүзіндегі қазақ ең көп әрі тығыз қоныстанған аудан. 350 мыңға жуық тұрғынның 150 мыңнан астамы – қандастар. Бір Нараттың өзінде 33 мыңдай қаракөзіміз өмір сүреді.

«Күн астындағы мекен»: Қытайдағы қазақ жайлауы туристердің сүйікті орнына айналған

Мақсұт Толықбай есімді бауырымыз сиыр етін әбден қақтап, пісіріп, туристерге ұсынады екен. Қазақстаннан келгенімізді біліп, кәдімгідей қуанып қалды. Елдің жағдайын сұрап, үзіліссіз келіп жатқан туристердің де көңілін тауып, біздің де сауалдарымызға жауап беріп үлгерді.

Бес-алты жылдан бері жазды осында өткіземін. Қазан айының ортасына таман үйге ораламын. Оған дейін Нарат жайлауындамыз. Өзім Текестің тумасымын. Осы жерден 200-ден астам шақырым жерде орналасқан. Мұнда сиыр етінен кәуап пісіремін. Кезінде моңғолдардан үйреніп едік, қазір осы істі дөңгелетіп отырмын. Жаздыгүні бес-алты адам жалдаймын, күн суыған соң жалғыз өзім боламын. Қыстыгүні мал шаруашылығымен айналысамын, бұрын такси жүргізушісі болдым, кейін шаршап кеттім. Осы жерде кәсіппен айналысып тұрған екі ғана қазақпыз. Ол кісі тауық етінен кәуап дайындайды, - деді ол.

Қандасымыздың айтуынша, болашақта саяхат саласына бет бұрмақ. Қазақстан мен Қытай арасында өзінше елші болмақ.

«Күн астындағы мекен»: Қытайдағы қазақ жайлауы туристердің сүйікті орнына айналған

Бір ұл, бір қызым бар. Төмен жақта інім де осы іспен айналысады. Күніне бір күнде 5 мың юань табысымыз бар, жазда 15-20 мың юаньға дейін жетеді. Өздеріңіз білесіздер, мұнда сиыр еті арзан емес. Келісін 70-80 юаньнан алып, кептірілген соң ол салмағын жоғалтады ғой, біз 380 юаньнан сатамыз. Өзіміз де мал асыраймыз, бірақ мұнда мал етін тек арнайы белгіленген жерден ғана алуға болады, сондықтан етті сатып аламыз. Өзіміз сойған ет жетпей қалады. Жазда күніне 100 келіден астам ет кетеді. Тұздап, жақсылап құрғатып, осында әкеліп сатамыз. Негізі Қазақстанда Нарат туралы көп біле бермейді. Өзім де Қазақстанда болдым, бірақ көрікті жерлерін көре алмадым, алдағы уақытта сол олқылықтың орнын толтырсам деймін, - дейді Мақсұт Толықбай.

Қонақүйде қызмет атқаратын Алтынгүл есімді ханыммен танысып, ол кісіден де жергілікті қазақтардың тұрмыс-тіршілігі жайлы сұрадық.

«Күн астындағы мекен»: Қытайдағы қазақ жайлауы туристердің сүйікті орнына айналған

Өзім күнделікті жұмысқа қатынаймын, жақын маңда тұрамын. Екі балам бар, қызым - дәрігер, ал ұлым - дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі. Екеуі де осында жұмыс істейді. Қазақтар көп қой, сондықтан әртүрлі қызмет атқарады, басшылар да, қарапайым жұмысшылар да бар. Егін егіп, мал асырап күнелтіп жүргендер де аз емес. Ал дәстүрге келсек, біз бұған қатты мән береміз. Өйткені бұл ата-бабамыздың бізге аманат еткен мұрасы. Қыздарымызды сырға салып алып кетеді, ұзату жасаймыз, - деді ол.

Ұлттық дәстүрді берік ұстанған, тілін де, атажұртын да ұмытпаған қандастарымыздың тіршілігімен танысып, қаймағы бұзылмаған қазақы өңірден көңіліміз жадырап қайтты. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға