Күмістің құпиясы: қазақ әйелдері оны неге алтыннан артық көрген?

Күмістің құпиясы: қазақ әйелдері оны неге алтыннан артық көрген?
Фото: El.kz коллажы

Қазақ әйелдерінің әшекейлерінде күміс кең қолданылған. Ол алтынға қарағанда қолжетімді болғанымен, қазақтардың күмісті таңдауының өзіндік себептері болған. Халық оны тазалықтың, пәктіктің және қорғаныштың белгісі деп санаған. Этнограф, дизайнер Алмагүл Берішбаева қазақ әйелдерінің күмісті неге ерекше қадірлегенін және зергерлік бұйымдардың қандай мағына бергенін түсіндірді.

Алтын мен күмісті кімдер таққан?

Қазақта «алтынды сән үшін, күмісті ем үшін тағады» деген түсінік болған. Алтын қымбат металл ретінде байлық пен жоғары әлеуметтік жағдайды көрсеткен. Оны негізінен хандар, сұлтандар, байлар мен дәулетті адамдар пайдаланған.

Алтынмен қару-жарақ, белбеу, қамшы, ер-тұрман және ат әбзелдері апталған. Мұндай бұйымдар адамның қарапайым халықтан ерекшелігін көрсеткен.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Ал күміс қазақ даласында көбірек кездесіп, алтынға қарағанда қолжетімді болған. Сондықтан одан күнделікті тағылатын сақина, білезік, сырға, шолпы, шашбау, бойтұмар және өңіржиек жасалған.

Алтын көбіне байлықты көрсету үшін қолданылған. Ал күмісті қарапайым халық кеңінен таққан. Бірақ күміс әшекейдің қалыңдығы мен салмағына қарап та отбасының жағдайын білуге болатын, – дейді Алмагүл Берішбаева.

Ауқатты отбасылар қыздарына ауыр, қалың күмістен жасалған әшекейлер таққан. Тұрмысы төмен отбасылардың бұйымдары жұқа әрі жеңіл болып келген.

Күміс – тазалықтың белгісі

Қазақ танымында күмістің ақ түсі тазалық пен пәктіктің белгісі саналған. Күміс таққан әйелдің қолы таза, әзірлеген асы адал болады деп сенген.

Этнографтың айтуынша, қолында күміс сақинасы немесе білезігі жоқ әйелді ас дайындауға жақындатпаған кездер болған.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Әйел адамның қолында күміс жүзігі болуы керек деп есептеген. Күміс тағып ас әзірлеген әйелдің тамағы таза болады деген сенім болған, – дейді этнограф.

Күміс қасық пен ыдыстарды да тұрмыста пайдаланған. Халық күміс салынған су ұзақ сақталады, ал бұзылған немесе зиянды тағам күмісті қарайтады деп түсінген.

Күміс иондарының кейбір бактериялардың көбеюін тежеуге қабілетті екені белгілі. Бірақ күміс бұйым адамның бойындағы ауруды «сорып алады» деген тұжырым ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген. Күмістің қараюына көбіне оның ауадағы немесе адам терісіндегі күкіртті қосылыстармен әрекеттесуі себеп болады.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Әшекейіне қарап әйелдің мәртебесін білген

Қазақ әйелдерінің әшекейлері жасына және отбасылық жағдайына қарай өзгеріп отырған. Бұйымның саны, пішіні, көлемі мен салпыншақтары белгілі бір мағына берген.

Мысалы, қыз бала бір білезік таққан. Бұл оның әлі сыңарын таппағанын білдірген. Қыз ұзатылғаннан кейін екінші білезік салынып, қос білезік тұрмыстағы әйелдің белгісіне айналған.

Бір білезік таққан қыздың әлі сыңары жоқ деп түсінген. Тұрмысқа шыққаннан кейін оған екінші білезік қосылған, – дейді Алмагүл Берішбаева.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Qazaq Kiimder (@kazakkiimderi.almagul)

Жасы үлкен әйелдер бірнеше білезік пен сақина таққан. Халық арасында күміс буын ауруын азайтып, қолды түрлі зияннан қорғайды деген сенім болған.

Өңіржиек нені білдірген?

Өңіржиек – кеудеге тағылатын, бірнеше күміс тақтадан тұратын әшекей. Ол қыз-келіншектің кеудесін жауып, бөтен назардан қорғайды деп есептелген.

Алмагүл Берішбаеваның айтуынша, қыз баланың өңіржиегі екі тақтадан тұрған. Оның бірі – төркін жұртын, екіншісі – нағашы жұртын білдірген. Қыз ұзатылғаннан кейін үшінші тақта қосылып, оның барған жұрты бар екенін көрсеткен.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Өңіржиектің төменгі жағындағы салпыншақтардан әйелдің балалары туралы да ақпарат алуға болған. Кей үлгілерде қыз бала дүниеге келсе, ромб пішінді, ал ұл туса, дөңгелек салпыншақ қосылған.

Бұрын әйелден қанша баласы барын сұрамай, өңіржиегіне қарап білген. Баласы көбейген сайын салпыншақтары да көбейіп отырған, – дейді этнограф.

Мұндай белгілер әр өңірде әртүрлі қолданылуы мүмкін. Қазақ зергерлік бұйымдарының пішіні мен мағынасы жергілікті дәстүрге қарай өзгеріп отырған.

Ауыр шолпының сыры неде?

Шолпы мен шашбау қыз-келіншектердің бұрымына тағылған. Кейбір шолпылардың салмағы бірнеше келіге дейін жеткені айтылады. Ауыр шолпы шашты артқа тартып, қыздың денесін тік ұстауына ықпал еткен. Шолпы таққан қыз асықпай, жинақы жүруге тиіс болған.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Оның сыңғыры да белгілі бір қызмет атқарған. Қыз немесе әйел үйге кіріп келе жатқанда, шолпының дыбысын естіген ер адамдар сөзін тоқтатып, өзін жинақы ұстаған.

Халық түсінігінде шолпы бұрымды тіл-көзден де қорғаған. Адам өзінің арт жағындағы шашын көре алмайтындықтан, шаштың қорғанышы ретінде күміс бұйым тағылған.

Сырғаның мәні

Қазақ қыздарына сырға кішкентай кезінен тағылған. Оның сыңғыры қыздың құлағына жаман сөз бен өсек-аяң кіргізбейді деп сенген.

Қыздың жасына қарай сырғаның көлемі де өзгерген. Кішкентай қыздарға жеңіл әрі шағын сырға, ал бойжеткендерге көлемдірек және өрнекті бұйымдар тағылған.

Сырға мен басқа әшекейлер отбасының әл-ауқатын да көрсеткен. Дәулетті отбасылардың қыздары қалың күмістен жасалған күрделі бұйымдар таққан.

Нәрестенің суына неге күміс салған?

Нәрестені шомылдыратын суға күміс бұйым салу – қазақ арасында кең тараған дәстүрлердің бірі.

Сәбидің шомылатын суына күміс салған. Күміс суды тазартады, балаға жақсы әсер етеді деп есептеген, – дейді Алмагүл Берішбаева.

Кей отбасылар ауызсу сақталған ыдысқа да күміс салған. Бұл дәстүр күмістің суды таза ұстауға көмектеседі деген халықтық тәжірибемен байланысты.

Нәрестенің суына күміс салуды медициналық ем ретінде емес, дәстүрлі ырым ретінде қарастырған дұрыс.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Жас келіннің жасауына күміс неге қосылған?

Қыздың жасауына күміс сақина, білезік, сырға және басқа әшекейлер салынған. Бұл бұйымдар жас келіннің барған жерінде күнделікті тағуына арналған.

Келін үй тіршілігіне араласып, ас әзірлеп, шай құйғандықтан, оның қолында күміс жүзік болуы керек деп санаған. Сонымен қатар күміс жас келінді тіл-көзден және бөтен ортаның жаман әсерінен қорғайды деген сенім болған.

Жасауға қосылған күміс бұйымдар қыздың жеке мүлкі ретінде де бағаланған. Олар анадан қызға, әжеден немереге беріліп, отбасылық мұраға айналған.

Күміс қаржылық қор да болған

Күміс әшекейлер қажет кезде айырбасқа жарайтын бағалы дүние саналған. Жұт, ашаршылық немесе тұрмыстық қиындық кезінде оларды малға, азық-түлікке және басқа қажетті заттарға айырбастаған.

Сондықтан күміс бұйымның салмағы мен тазалығына мән берілген. Ауыр білезік немесе көлемді өңіржиек сәндік әшекей ғана емес, отбасының жинақ қоры болған.

Алтын мен күмістің осындай қызметі тарихи деректерде де кездеседі. Қиын кезеңдерде бағалы металдар кей отбасыларға күн көруге көмектескен.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Қазақ зергерлері күмісті қайдан алған?

Қазақстан аумағында металл өндіру мен өңдеу ісі ерте кезеңдерден дамыған. Орталық Қазақстан, Алтай және Шығыс Қазақстан өңірлерінде мыс, алтын және күміс өндірілген.

Зергерлер жергілікті шикізатты, күміс теңгелерді және сауда арқылы келген металды пайдаланған. Ескі бұйымдарды қайта балқытып, жаңа әшекей жасау да кең тараған.

Күміс жұмсақ әрі созылғыш болғандықтан, оны өңдеу қолайлы. Зергерлер одан жұқа өрнекті сақинадан бастап, ауыр білезік пен үлкен өңіржиекке дейін жасаған.

Әр өңірде өзіндік зергерлік үлгі қалыптасты. Батыс Қазақстанның күміс бұйымдары көлемді, қалың әрі салмақты болып келеді.

Ақтаудағы зергерлер көне әшекей үлгілерін сақтап, қайта жасап жүр. Олардың бұйымдары салмақты әрі дәстүрлі пішінге жақын, – дейді Алмагүл Берішбаева.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Күміс жын-шайтаннан қорғай ма?

Халық арасында күміс тіл-көзден, жын-шайтаннан және жаман энергиядан қорғайды деген сенім болған. Оның ақ және жылтыр болуы жарықпен байланыстырылған.

Алайда этнограф күмістің өзі ғана тылсым күштерден қорғайды деу дұрыс емес екенін айтады.

Күміс қосымша құрал ретінде қолданылған. Бойтұмардың ішіне дұға немесе аят салынған. Негізгі сенім металлға емес, Аллаға және оқылған аятқа бағытталған, – дейді ол.

Бойтұмардың сырты күмістен жасалып, ішіне Құран аяты немесе дұға жазылған қағаз салынған. Оны адамның мойнына, киіміне немесе баланың бесігіне таққан.

Көз тиюге қатысты түсінік күмістің жылтырымен де байланысты. Бөтен адамның назары алдымен әшекейге түседі деп сенген.

Алтын мен күмісті бірге тағуға бола ма?

Халық танымында алтын күннің, ал күміс айдың белгісі саналған. Осыған байланысты екі металды бірге тағуға болмайды деген сенім қалыптасқан.

Алмагүл Берішбаева да алтын мен күмісті араластырмай таққан дұрыс деген пікірде. Алайда екі металды қатар тағудың денсаулыққа зиян екені ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген.

Исламда ер адамдарға алтын тағуға тыйым салынып, күміс жүзік тағуға рұқсат етіледі. Ал әйелдерге алтын да, күміс те тағуға болады.

Алтын ба, әлде күміс пе?

Алмагүл Берішбаева әйелдерге күмісті көбірек тағуға кеңес береді. Оның айтуынша, күміс ерлерге де, әйелдерге де жарасады және қазақтың дәстүрлі әшекейлерінде кең қолданылған.

Дегенмен күмісті ауруды емдейтін құрал ретінде қабылдауға болмайды. Оның тарихи және мәдени маңызы әлдеқайда терең. Ғасырлар бойы қазақ тұрмысында қолданылған күміс әшекейлер бүгінде халқымыздың дүниетанымы мен зергерлік өнерінен сыр шертетін құнды мұра болып саналады.

Оқи отырыңыз