Жаңалықтар

Көп балалы отбасыларға не қажет?

Мәжілістегі ҚКХП парламенттік фракциясының координаторы Назгүл Мағжанмен сұхбат
Көп балалы отбасыларға не қажет?
19.02.2019 12:28 9013

Кеше Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы «Әйелдерді шешім қабылдау деңгейіне жеткізу» тақырыбында кездесу ұйымдастырған болатын. Кездесудің мақсаты қоғамдық-саяси процестерге қатысуға әйелдер қауымын белсендіру. Алайда, мені әйелдердің болашақтағы позициясы емес, бүгінгі қоғамдағы қазіргі жағдайы көбірек алаңдатады. Осы жөнінде ҚР Мәжілісіндегі ҚКХП парламенттік фракциясының координаторы Назгүл Мағжанды әңгімеге тартқан едім.   

- Жақында Астана қаласында 5 бүлдіршіннің өрттен қаза болған қайғылы оқиғасына байланысты көп балалы әйелдердің әлеуметтік қамсыздандырылуына қатысты түрлі пікірлер айтылып, талқылануда. Сіздің пікіріңізше 1 баланың жәрдемақысы қанша болуы керек?

- Біріншіден отбасының жалпы жағдайын, интеллектуалды жағынан, білімі жағынан қолдау керек. Аз қамтылған отбасыларға 100 мың беріле ме, 200 мың беріле ме ол кейінгі мәселе. Бастысы отбасы мүшелері өз күнін өздері көру, балаларына тәрбие беруге қауқарлы болуы тиіс. Адамның білімі болса, оның болашағы бар, ертеңіне нық сеніммен қарай алады. Қолында 10 мың теңгесі болса да, оны жаратып орынды ұқсатуы мүмкін. Бастысы ақша емес, интеллектуалды капиталы. Біз «Шапағат» Қайырымдылық қоры аясында біз бірқатар отбасыларға көмек көрсеттік. Олардың 90 пайызы көп балалы отбасылар. Осы отбасылардан сұраймыз:

- Қандай проблемаларың бар?

- Жұмыс жоқ...

- Жақсы, сенің жолдасың бар ма? Мамандығы кім?

- Сварщик.

- Онда кәсібіне сай жұмыс тауып берейік.

Осылай таныстардан сұрастырып, дәнекерлеуші жұмысын тауып береміз. Алайда бір аптаға жетпей жұмыстан кетіп қалады. Сөйтіп қайтадан қолды қусырып, көмек сұрап отырады.

- Ау, ағасы, жұмыс тауып беріп едік қой?

-  80 мыңның жұмысы керек емес.

-  Бұл жалақы 1 разрядты дәнекерлеуші үшін жеткілікті. 200 мыңды кім саған бере салады? 200 мыңның сұрауы да басқаша ғой? Онда сені оқытайық, курсқа барарсың?

- Оқу оқып отыратын мүмкіндік жоқ, қырықтан асқан соң партада отыра алмаймын, - дейді.

Бір жағынан түсінікті, отағасы оқу оқып отырғанда жанұясын асырау керек. Бірақ бір рет берген 200 мың ештеңе шешпейді. Келесі ай тағы ақша қажет болады. Одан да жоғары жалақы талап ететіндей біліктілікті берген жөн.  Меніңше, аз қамтылған отбасыларға дәл қазір осындай қолдау қажет. Мұндай отбасылардың басты проблемасы әке-шешесінің білімсіздігі. Өз-өздерін қамтамасыз ете алмайды. Әйтпесе, 6 баламен үйде отырып та жұмыс жасауға болады ғой. Бірақ олардың білімі, біліктілігі оған жетпейді. Қазір балаға тағайындалатын жәрдемақы көлемін талқылап жатыр. Қанша теңге тағайындаса да, бұл мәселені түбегейлі шешпейді деп ойлаймын. 

- Қазақстанда 2017 жылы 10 269 өрт болып, 44 бала көз жұмды. 2018 жылы 9 595 өрт болып, 34 бала қайтыс болды. 2017 жылы 5 жастан 15 жасқа дейінгі  жас мөлшерінде 886 бала көз жұмды. Бұл проблеманың басы да, соңы да емес. Мұндай қайғылы жағдайлар болмауы үшін, барынша азаюы үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?

-    Біздің қоғамда болып жатқан бүкіл проблема отбасы институтынан басталады. Отбасы иниститутының құлдырауы, ажырасудың көбеюі, тағы басқа себептер көп. Бізге келген адамдардың жағдайын қарастырып, анализ жүргіземіз. Неге адамдар осы күнге жетіп отыр? Қыздар, балалар жоғары білім түгіл, орта мектептің өзін бітірмей жатады. Алған білімі жоқ, меңгерген кәсібі жоқ, бірақ отбасы құрып жатады. Себебі өз отбасынан қашқысы келеді. Қыз балалар осы ретте проблемалардан қашып, күйеуге тигісі келеді. Бұл жақта ол проблемадан құтылам деп ойлайды. Яғни, барлық проблема бала кезден қалыптасқан, санаға сіңген. Әке-шешесінің білімі таяз, кешке дейін жұмыстағы ата-ана балаларын тәрбиелеуге мұршасы да жоқ. Бала бұл жағдайды норма қабылдайды. Олар өмірден басқа ештеңе күтпейді. Ертең олар есейіп дәл әке-шешесінің жолын қайталайды.

- Әлеуметтік желіден, «баланы баға алмайсың ба, тума» деген пікірлер жиі айтылады.        

- Тумауы керек деп айта алмаймын. Бала деген салмақ емес, жауапкершілік. Бірақ бізде әдетте отбасыны жоспарлау мәселесі қарастырылмайды. Көбіне ауылдық жерлерден келген отбасылар көп балалы. Біз «Шапағат» қайырымдылық қорының шаралары аясында көмекке зәрі отбасыларды жиі аралаймыз. Сонда білесіз бе, 6 баласымен контейнерде тұрып жатып жетінші перзентін күтіп отыратын отбасыларды көреміз. Сіз қазір жәрдемақы дедіңіз. Ал кейбір отбасыда жәрдемақы түгіл, балаларының құжаттары рәсімделмеген. Ал отбасыны жоспарлау кабинеттері барлық емханаларда бар. Онда мамандар жоспарланбаған жүктіліктен қорғану амалдары туралы айтып, қажет процедураларын жасап береді. Бәрі тегін. Бәрі қолжетімді. Осы мәселе ақшаға, не басқа мәселеге тірелмейді. Барлығы да жауапсыздық салдары деп ойлаймын. Бұрынырақ бізде отбасыны жоспарлау тақырыбы «валеология» сабағында айтылатын еді. Оның өзін Сәуле апайымыз, «Балалар, бұл тақырыпты өздерің оқып аларсыңдар» деп жылы жауып қоя салатын. Ол тақырыпты не үйдегілерден сұрай алмайсың, кітапта түсініксіз жазылған. Сексуалды сауаттың негіздерін ересектердің өзі білмейтін сияқты, меніңше. Неше бала туам десе, әр әке-шешенің еркі. Бірақ жағдайын жасай алмай отырып, үсті-үстіне бала туу, сол балалардың өзіне жасалған қиянат. Ол баланы дүниеге әкелуден соң адам қылып, қатарынан қалдырмауың қажет. Әйтпесе, бұл тұйық тізбек жалғаса береді. Ол балалар ертең күнін көре алмай, қара жұмысқа жегіліп, тағы бір жағдайы жоқ отбасын дүниеге әкеледі.  Дегенмен «жағдайың жетпесе, тумау керек еді» деп табаламай, қолдан келгенінше осы өмірге келген балалардың жетілуіне, таршылық көрмеуі үшін қолдан келген көмегімізді аямауымыз керек. Біз жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік, киім-кешек жинаймыз, қолдан келгенше қаржылай көмек береміз. Бізге де жұрттар сендер «масылдықты» дамытып жүрсіңдер деген пікірді айтып қалады. Бірақ көп балалы отбасыларға, көздері жәутеңдеген балаларын көре тұра «тумай керек еді» деу нағыз қатігездік.      

- Өткен аптада Астана қаласыныі әкімшілігі ұйымдастыруымен «Ашық есік күні» өтті. Бұл жерде қоғамның өте өзекті, ауыр мәселелері талқыланатын болды. Қатысушылардың дені әйел адамдар. Бұл проблема әйелдерді ғана алаңдата ма әлде әйелдердің әлеуметтік жауапкершілігі артық па?  

- Әйелдерге, аналарға ғана қатысты деп айтпас едім. Біздің қоғамда солай қалыптасып қалған. Ер адам үлкен басын кішірейтіп сұрағысы келмейді. Есіңізде ғой, тоқсаныншы жылдары үйде нан болмаса, сүт болмаса әкелеріміз бармайды намыстанып. Шешелеріміз көрші жағалап, туыс жағалап кетеді. Сол секілді қазір де жағдай өзгерген жоқ. Қайта ер азаматтар жауапкершілігі төмендеп бара жатқан сыңайлы. Ер адамдар қоғамдық, саяси істерді шешуі керек. Ал отбасы, тұрмыстық мәселе әйелдер еншісінде. Ал түптеп келгенде осы күрделі проблемалардың өзі қарапайым отбасыдан басталады. Министрліктің жанынан құрылған комиссияға біздің партиямыздан екі мүше кірді. Олар біздің «Шапағат» қайырымдылық қорында тіркеуде тұрған 2 мыңнан астам көп балалы отбасылардың атынан сөйлейді. Ол отбасылардың басым бөлігі әйелдер, олардың көпшілігі жалғызбасты аналар. Үймелі-сүймелі балалармен әйел қалады. Бұл біз үшін үйреншікті нәрсе. Әйел адам отбасын тастап кетіпті дегенді сирек естисіз. Сондықтан да бұл қоғамдық мәселелерде аналардың үнінің көбірек шығуы – аналық инстинкт.

- Сіздің айтқаныңыздың жаны бар. Былтыр сенатор Бірғаным Әйтімова Қазақстандағы әрбір үшінші отбасы ажырасады, ал әрбір оныншы азамат алимент төлеуден жалтаратынын,  қазақстандықтардың алимент бойынша берешегі миллиард теңгені құрайтынын айтқан болатын. Ер азаматтың алименттен жалтаруына бойымыз үйреніп кетті. Ал әйел баласын тастап, еркек балалармен қалатын болса, қоғам болып жанымыз ашып, жылу жинауға дайын тұрамыз. Неге? Біз бұл жағдайға қалай жеттік?

- Әйел адамның сұрауы көп. «Әйел – ана», «Әйел - отбасы ұйытқысы», «Әйел жақсы болса жаман еркекті сұлтан етеді» деп көп салмақ артып жібердік. Ал ер адамдардың рөлін таяздатып, ұсақтатқан өзіміз. Ол тек баланың дүниеге келуіне себепкер, табыс табушы. Ал бала ауырып қалса, оның күтіп қарайтын, жұмыстан сұранатын әйел. Жиналысына баратын әйел. Киімін, тамағын дайындайтын әйел. Дүниеге келгеннен, үйлендіріп, адам қатарына қосылғанынша жүгіретін әйел. Меніңше осының бәрі адамның біліміне байланысты. Білімді, көзі ашық адам отбасына да жауапкершілікпен қарайды. Ол ешқашан өз міндетін өзгеге артпайды, жалтармайды.  

 

Анықтама үшін:

Өзге елдерде бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы мөлшері

Норвегия

Жаңа босанған әйелдерге екі нұсқа ұсынылады: жалақысының 90% мөлшерінде бала күтіміне байланысты жәрдемақыны 322 күн алу немесе жалақысының  80% мөлшеріндегі жәрдемақыны 365 күн алу. Әкелерге жалақысы сақталатын 10 апталық демалыс беріледі. Бұл демалысты олар әйелдерінің декреті аяқталғанда пайдалануына болады.  

 

Финляндия

Суоми елінде декреттік төлем әйелдерге де, еркектерге де төленеді. Аналарға – 161 күн, әкелерге – 56 күн. Бұл мерзім аяқталған соң әйелдер 550 евро көлемінде жәрдемақы алады. Алайда Финляндия үшін бұл тым аз сома, сондықтан аналардың көбісі жұмысқа шығып кетеді.

 

Исландия

Исландия заңнамасы бойынша алғашқы 3 айда ата-ананың екеуі де демалыс алады. Демалыс кезінде жалақының 80% төленеді. Келесі жарты жыл бойы ата-ананың бірі келісім бойынша жұмысқа шығады. Ал екіншісінің жәрдемақысы сол күйінде сақталады.   

 

Дания

Әйел босанған соң оған 126 күн, ал еркекке – 14 күн ақылы демалыс беріледі. Төлемақысының мөлшері жалақысының 55% құрайды. Егер бала әлжуаз болса, демалысты тағы 14-15 күнге созуға болады. Сонымен қоса бала 2 жасқа толғанша мемлекет әр 3 ай сайын оның жеке шотына 600 еуро аударады.

 

Қытай

Қытайдағы аналар жалақысы мен өзге төлемдерін толық сақтай отырып, 90-120 күн декреттік демалысқа шығады. Әйел жасы ұлғайған сайын декреттік демалыс ұзағырақ болады. Айтпақшы, әкелер де бұл демалысты пайдалана алады.

 

Түркия

Түркияда декрет демалысына тек әйелдер шыға алады. Оның ұзақтығы – 16 апта (жартысы босануға дейін, жартысы кейін). Қажет болса ана декретте тағы жарты жыл бола алады, алайда ол үшін ақы төленбейді.

 

АҚШ

Көптеген штаттарда мынадай заң бар: әйел қызметкерлер саны 50 адамнан асатын компанияда жұмыс істесе, ол 12 аптаға дейін декрет тік демалысқа кете алады. Бірақ мемлекет оған бір тиын төлемейді, әйел жұмыс берушінің жәрдемақысына ғана үміт артуы мүмкін. Тек үш штатта: Калифорния, Вашингтон және Нью-Джерсиде декрет днмалысы төленеді. Мысалы, Калифорнияда жәрдемақы мөлшері 6 ай аралығында жалақының 40-60% құрайды.

 

Швеция

Бала дүниеге келген соң әке-шешесіне 480 күн демалыс беріледі, оның 90 күні – тек әкеге арналады. Бұл ретте әке-шешесі жалақысының 80% мөлшерінде жәрдемақы алады. Бала 8 жасқа толғанша әке-шешесі жарты күн жұмыс жасауға құқылы. Бірақ жалақысының мөлшері де жұмыс уақытына байланысты.

 

Израиль

Аналар балаларымен 26 апта үйде отыра алады, оның тек алғашқы 98 күні толық жалақы төленеді.

 

Сербия

Сербияда әйел бала туған соң 365 күн жалақысының 100% мөлшерінде жәрдемақы алады. Демалысты ұзартамын десе еркі, бірақ ары қарай жәрдемақы төленбейді. Сербиялық еркектер 1 апта ақысы төленетін демалысқа шыға алады.

 

Ұлыбритания

Британдық аналар ақысы толық төленетін 26 апта және ақысы жартылай төленетін 26 апта декреттік демалысқа шығады. Әкелерге жалақысы 90% мөлшерінде төленетін 2 апталық демалыс беріледі.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға