Конституциялық Сотқа 18 мыңнан астам өтініш түсті: азаматтар қандай мәселелер көтерді?

Конституциялық Сотқа 18 мыңнан астам өтініш түсті: азаматтар қандай мәселелер көтерді?
Фото: El.kz архиві

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотына 18 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Олардың шамамен 99 пайызы азаматтардан түскен. Бұл туралы Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Азимова Құрылтай отырысында елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы Жолдауын жариялау кезінде мәлімдеді.

Төрағаның айтуынша, өтініштерді қарау қорытындысы бойынша 500-ден астам қаулы және 91 нормативтік қаулы қабылданған. Оларды талдау азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыруға тікелей әсер ететін заңнамалық реттеу мен құқық қолдану тәжірибесіндегі кемшіліктерді анықтауға мүмкіндік берген.

Алдыңғы Жолдаудан бері конституциялық бақылау нәтижесінде 23 норма мен бір конституциялық заң Конституцияға сәйкес деп танылған. Сонымен қатар 14 норма конституциялық емес деп танылып, қолданыстағы құқық жүйесінен алынып тасталған. Тағы 19 нормаға конституциялық-құқықтық түсіндірме берілген.

Эльвира Азимова заңнаманың сапасын ең алдымен оның адам құқықтарын қаншалықты тиімді қамтамасыз ететініне қарай бағалау қажеттігін атап өтті.

Нормативтік қаулылардың 70 пайызы заңнамада іске асырылды

Қазіргі уақытта Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларының 70 пайызы заңнамалық деңгейде орындалған. Тағы 17 қаулы бойынша тиісті шаралар заң шығару бастамасы аясында қабылдануға тиіс.

Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдары сот және құқық қорғау органдарының жұмысына да әсер еткен. Атап айтқанда, сот актілері қайта қаралып, 1 мыңнан астам сот актісінде Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларына сілтеме жасалған.

Прокуратура органдары 85 қадағалау және ден қою актісін енгізген. Нәтижесінде 1 мыңнан астам азаматтың құқығы қалпына келтіріліп, заңсыз өндіріп алынған қаражат пен зейнетақы төлемдері бойынша берешек ретінде 40 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған.

Жаңа Конституция заңнаманы жаңартуды талап етеді

Эльвира Азимова Жолдаудың биыл 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституция жағдайында жарияланып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Ата заң мемлекеттің, оның институттары мен қоғамның одан әрі дамуының құндылық бағдарларын айқындайды. Бұл заңнаманы жүйелі түрде жаңартуды және конституциялық-құқықтық тәуекелдердің алдын алуды талап етеді.

Конституциялық Сот төрағасы заң жобаларын әзірлеу кезінде соттың құқықтық ұстанымдарын ескеру қажеттігін де айтты. Бұл болашақта Конституцияға қайшы нормалардың қабылдануына және заңнамадағы қайшылықтардың туындауына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар құқықтық айқындық, шектеулердің мөлшерлестігі және заңнаманың болжамдылығы қағидаттарын сақтау маңызды. Бұл әсіресе қылмыстық сот ісін жүргізу, еңбек қатынастары және экономикалық құқықтар салаларында өзекті.

«Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттары

Жолдауда конституциялық құндылықтарды заңнамада және қоғамдық өмірде сақтау қажеттігіне де назар аударылған.

«Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік институттар мен азаматтардың өзара жауапкершілігін көздейді. Ал «Адал азамат» тұжырымдамасы құқықтар мен міндеттерге, қоғамдық мүддеге жауапкершілікпен қарауды, өзге адамдардың құқықтарын құрметтеуді және азаматтық борышты адал орындауды білдіреді.

Сондай-ақ Конституциялық Сот заңнамадағы олқылықтар мен қайшылықтарды, азаматтардың құқықтарын негізсіз шектеуге мүмкіндік беретін нормаларды анықтау үшін конституциялық-құқықтық мониторинг жүргізудің маңызын атап өтті.

Қорытындылай келе, Эльвира Азимова конституциялық заңдылықты нығайту жұмысының нәтижесі қабылданған актілердің санымен ғана өлшенбеуге тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, басты нәтиже – адам құқықтарының нақты қорғалуы, конституциялық құқықтық тәртіптің беріктігі және қоғамның мемлекетке деген сенімі.

Оқи отырыңыз