Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы нәтижесі ведомствоны қанағаттандырмайтынын айтты. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) блогерлермен ынтымақтастығы және оған жұмсалатын қаражат туралы да сұрады.
Футболға қатысты айтсам, блогерлермен ынтымақтастық болса, ол демеушілердің қаражаты есебінен қаржыландырылуы мүмкін. Басқа спорт түрлеріне келсек, биыл ұлттық құрамаларымыз олимпиадалық спорт түрлерінен 20-ға жуық тарихи нәтиже көрсетті. Бюджеттен блогерлерді тартуға ақша бөлінбейді – деді Ербол Мырзабосынов.
«Құраманың нәтижесі көңілімізді түсіреді»
Журналистер министрден ұлттық құраманың Ұлттар лигасындағы ойынына көңілі тола ма деп сұрады.
Әрине, жоқ. Ұлттар лигасындағы тобында соңғы орын алған құраманың нәтижесі көңілімізді түсіреді әрі бізді қанағаттандырмайды. Ішкі чемпионаттағы төрешілік мәселесі де алаңдатады, – деді министр.
Мырзабосыновтың айтуынша, қазақстандық футболға жүйелі өзгерістер қажет. ҚФФ түрлі мамандарды шақырып, жағдайға талдау жасаған және бас бапкерлерді ауыстырған. Федерация футболды дамытуға мүмкіндік беретін тиімді шешімдерді іздестіріп жатыр.
Бұл бағытта жүйелі жұмыс пен сапалы талдау қажет. Федерация түрлі мамандарды шақырып, жағдайды саралады, бас бапкерлерді де ауыстырды. Мәселені шешудің жолдары әлі де қарастырылып жатыр. Маусым қорытындысы бойынша кемшіліктерді талдап, жұмыстың тиімді тетігін қалыптастыруға тырысамыз, – деді ведомство басшысы.
Министр футболды дамытудың негізгі бағыттарының бірі ретінде балалар мен жасөспірімдер футболын атады. Оның сөзінше, федерация футбол академиялары мен инфрақұрылымды дамытуға күш салып жатыр. Қазір еліміздің жеті өңірінде стадиондар салынып жатыр.
Сонымен бірге футбол клубтарын коммерцияландыру жұмысы жалғасуда. Министрдің айтуынша, жеке инвесторлар командалар мен спорт инфрақұрылымын дамытуға өз қаражатын салып келеді.