Егер сіз осы мәтінді ашқанда әріптер бұлдырап, мойныңыз сыздап ауыра бастаса, сізде компьютерлік көру синдромы (ККС) болуы әбден мүмкін. Көзіңіз кәдімгідей шаршап, заттарға назар аудару (фокустау) қабілетін уақытша жоғалтқан. Бірақ уайымдауға негіз жоқ: бұл ауру емес, тек уақытша жағдай. Бұған мониторды емес, оған тапжылмай қарап отырған сағаттарыңызды кінәлау керек. Төменде жағдайды қалай тез қалпына келтіруге болатынын және трендтегі көз жаттығуларының неге уақытты босқа кетіру екенін түсіндіреміз.
Компьютер алдында ұзақ отырғанда көз неге талады?
Себебі адам көзі де, жалпы денесі де компьютер алдында тапжылмай сегіз сағат отыруға бейімделмеген. Эволюция бойынша біз ондаған шақырымды артқа тастап, аң аулайтын «аңшы» болуымыз керек еді. Бірақ біз «ақылдырақ» болып шықтық та, жұмыстан алаңдамас үшін кеңсеге тамақ тапсырыс беру қызметін ойлап таптық. Қазір адам қызметінің 50-70%-дан астамында компьютер қолданылады. Бұл бәріне ыңғайлы болғанымен, көру аппаратымыз үшін үлкен салмақ.
Компьютер шын мәнінде көру қабілетін БҰЗБАЙДЫ. Барлық күнәні компьютерге жабуға асықпаңыз: оның көзді бұзатыны туралы түсінік – миф. Бұл смартфондар, планшеттер мен басқа да электронды құрылғыларға да қатысты. Қазіргі гаджеттердің экрандары көзге зиян келтірмейді.
Бұрынырақ, ескі компьютерлермен жұмыс істегенде жайсыздықты сезінетінбіз. Контрастты фон, экранның жыпылықтауы мен шағылысуы (блик) көзімізге нағыз соққы болатын. Егер көзді бір үлкен бұлшықет деп елестетсек, оның күніне кемі алты сағат бойы жаттығу залында ауыр салмақ көтергендей күй кешетінін ойлап көріңізші. Қазіргі ноутбуктер көзді бұзбайды – модельдердің көбі байқалмай жыпылықтайды, шағылыспайды және сурет сапасы өте жоғары. Көзге барынша жайлы.
Алайда, ең негізгі бір мәселе қалады — біз экранға телміргенде жыпылықтауды ұмытып кетеміз. Содан барып жұмыс күнінің соңында экрандағы мәтін анық көрінгенімен, алыстағы заттар бұлдырап кетеді. Қысқасы, көзді құртатын монитор емес, гаджеттерге сағаттап байланып отыру немесе күнделікті тоқтаусыз жұмыс.
The Independent газеті кеңсе қызметкерлерінің жылына компьютер алдында өткізетін орташа уақытын жариялады – нәтижесі 1700 сағат болды! Бұл демалыс күндерін есептемегенде, күніне шамамен алты жарым сағат деген сөз. Сондықтан кеңсе қызметкерлерінің 70%-ы жұмыс соңында көздің бұлдырауына, бастың ауруына және мойын бұлшықеттерінің тартылуына шағымданатыны таңғаларлық жағдай емес. Бұл белгілердің ғылыми атауы бар — ол компьютерлік синдром.
Компьютерлік синдром екенін қалай білуге болады?
Компьютерлік синдром өте жиі кездеседі: соңғы деректер бойынша, бүкіл әлемде 60 миллионға жуық адам осыдан зардап шегеді. Пандемия кезінде үйге қамалған адамдардың гаджеттерді шамадан тыс қолдануы бұл статистиканы одан сайын ушықтырды. Тіпті балаларда да компьютерлік синдром дами бастады.
Офтальмологтар бұл синдромды ауру деп есептемейді. Оның механизмі мынадай: көзді сирек жыпылықтатқанда, көздің беті құрғап, ылғалданбайды. Қалыпты жағдайда көз жас қабықшасымен қапталып тұруы керек, ал бұл кезде ол жұқарып, жыртылады. Оның үстіне көзіміз экрандағы суретке фокусталу үшін үнемі күш түсіруге мәжбүр болады. Оған қоса, экранның контрасты да әсер етеді. Егер әріптер мен фонның контраст айырмашылығы төмен болса, көз одан сайын шалдығады. Нәтижесінде – көздің ауруы, ашуы және жасаурауы пайда болады.
Егер үйге келіп, демалғаннан кейін бұл белгілер жоғалып кетсе — бұл жақыннан көрмеушілік (миопия) емес, үрейленудің қажеті жоқ. Көзге күтім жасалса, бұл уақытша әрі қалпына келетін реакция. Ал егер бұл синдроммен күреспесе, уақыт өте келе көру қабілеті шынымен нашарлап, нағыз жақыннан көрмеушілікке немесе басқа да мәселелерге әкелуі мүмкін. Компьютерлік синдромға шалдығу қаупі жоғары топтар:
- Күніне 4 сағаттан артық компьютерде жұмыс істейтіндер;
- Көздің құрғау синдромы бар адамдар;
- Жақыннан көрмеушілігі (миопиясы) бар жандар;
- Көздің фокустау қабілетіне әсер ететін аурулары бар тұлғалар.
Компьютерде сағаттап жұмыс істегенде көзді қалай сақтау керек?
1. «20-20-20» көру режимін сақтаңыз: Бұл – Америка оптометристер қауымдастығының ең маңызды ұсынысы. Әр 20 минут сайын 20 секунд бойы шамамен 20 фут (яғни 6 метр) қашықтықтағы кез келген затқа қарап тұру керек. Бұл уақыт әріптестеріңізге көз тастап, қол бұлғауға, ал көзіңіздің демалуына толық жетеді. Екі сағат тоқтаусыз жұмыс істегеннен кейін 15 минут үзіліс жасаған жөн. Осылайша тек көзіңізді ғана емес, ұзақ отырудан зардап шегетін арқаңызды да жазып аласыз.
2. Компьютер үстеліне дұрыс отырыңыз: Жұмыс орны ыңғайлы әрі денсаулыққа зиянсыз болуы тиіс. Компьютерде жұмыс істегенде монитордан созылған қолдың қашықтығындай жерде отыру керек. Экранды сәл төмен қарай еңкейтіп реттеңіз. Ең тиімдісі – көз деңгейінен 15-20 градус төмен тұруы. Басты сәл төмен түсіріп жұмыс істеу ыңғайлы: бұл кезде мойын бұлшықеттеріне көп күш түспейді.
3. Жарықты реттеңіз немесе экранның шағылысуын азайтыңыз: Қазіргі мониторлар әдетте шағылысуға қарсы (антиблик) қабықшамен қапталады. Егер күн сәулесі мәтінді оқуға кедергі жасаса, арнайы қорғаныш үлдірін (пленка) сатып алыңыз. Ол қымбат емес және көздің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Сондай-ақ, егер оқу қиын болса, қаріп (шрифт) өлшемін үлкейтіңіз. Бұл көзге түсетін қосымша салмақты азайтады.
4. Жиі жыпылықтаңыз: Қалыпты жағдайда адам минутына шамамен 18 рет көзін жыпылықтатады. Ал экранға қарағанда бұл көрсеткіш төрттен бір есеге азаяды. Көзді ылғалдандыру үшін жұмыс кезінде жиірек жыпылықтауға тырысыңыз. Сонымен қатар, суды көбірек ішіңіз немесе кеңсеге/үйге ауа ылғалдандырғыш қойыңыз. Ауа ылғалдылығы 45% деңгейінде болуы тиіс, әйтпесе компьютерлік синдром белгілері күшейіп, ЖРВИ (ОРВИ) жұқтыру қаупі артады. Вирустар құрғап кеткен шырышты қабықтарды жақсы көреді, оларға қонып, көбею оңайырақ.
5. Жасанды көз жасын қолданыңыз: Жасанды көз жасы – бұл көздің сыртқы бетінің ылғалдылығын сақтауға арналған көз тамшылары. Оларды көздің құрғау синдромын емдеуде, шырышты қабықтың құрғауымен байланысты кейбір ауруларда, көзге жасалған отадан кейін және жел немесе түтін сияқты қоршаған орта факторларының әсерінен қорғану үшін қолдануға болады.
Жасанды көз жасын дәріханадан рецептсіз сатып алуға болады. Әртүрлі жағдайларға әртүрлі тамшылар көмектеседі, сондықтан оны өзіңізге ыңғайлап таңдау керек. Қай тамшы жайсыздық тудырмай, көзіңізді жақсы ылғалдандырса – сізге керегі сол. Тамшылар ерітінді және гель түрінде болады. Айырмашылығы – гель ерітіндіні көз бетінде ұзағырақ ұстап тұрады.
Көз жаттығуларының пайдасы бар ма?
Көз жаттығуларын (гимнастика) көптеген офтальмолог дәрігерлер тағайындайтыны рас, бірақ бұл емдеу әдісінің тиімділігіне ешқандай ғылыми дәлел жоқ. Сондай-ақ, Америка оптометристер қауымдастығының ұсыныстарында бұл жаттығулар туралы бірде-бір сөз айтылмаған.
Көз гимнастикасы «Бейтс әдісі» деп те аталады. Уильям Бейтс — XX ғасырда өмір сүрген офтальмолог дәрігер, ол пациенттердің түрлі көру бұзылыстарын емдеу үшін өз жаттығулар кешенін насихаттаған. Бұл әдіс «көзі нашар көретін адамдардың көз бұлшықеттері әлсіз болады және оларды жаттығулар арқылы тонусқа келтіру керек» деген болжамға негізделген. Бірақ сонау 1929 жылы FDA (АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы) Бейтстің уәделері жалған болғандықтан, бұл әдіске тыйым салу туралы қаулы шығарған.
Бұл жаттығулар жақыннан көрмеушілік (миопия) немесе астигматизм сияқты ауруларға да, компьютерлік синдромға да көмектесе алмайды. Бейтс көзді емдеу үшін бұлшықеттерге әсер ету керек деп есептеді. Алайда, жақыннан көрмеушілік тұқым қуалауы мүмкін, астигматизм жарақаттар мен қабынудан дамиды, ал компьютерлік синдромды көзді сирек жыпылықтату тудырады. Бұл жерде бұлшықеттер бірінші кезекте әсер ететін фактор емес.
Егер сізге бұрын мұндай гимнастика тағайындалып, ол көмектескендей көрінсе, оның қисыны мынада: Мысалы, бұл плацебо әсері болуы мүмкін — егер жаттығу көмектеседі деп қатты сенсеңіз, ол көмектескендей сезіледі. Бірақ бұл тек қиял ғана. Екінші нұсқа: жаттығу жасау барысында сіз көзіңізді жиірек жыпылықтатып, оны ылғалдандырдыңыз. Нәтижесінде көз жақсырақ көре бастады. Ал бұл кеңес (жиі жыпылықтау) американдық оптометристердің ресми ұсыныстарында бар.
Тағы бір танымал кеңес — жұмыс кезінде компьютерлік көзілдірік кию. Өкінішке орай, Америка офтальмология академиясы оларды тиімді деп есептемейді. Олардың пікірінше, көзілдірік кигеннен көрі, көзге жайлы жұмыс орнын ұйымдастыру және жұмыстан кейін смартфон экранына телмірмей, басқа жолмен демалу әлдеқайда пайдалы.
Компьютерлік синдром туралы ең маңызды түйін:
- Компьютер экранының өзі көзді бұзмайды, маңыздысы — оның алдында қанша уақыт өткізетініңіз. Күніне бір сағат — қауіпті емес. Ал толық жұмыс күні бойы отырсаңыз — көзіңізге күтім жасаңыз.
- Монитор алдында көп отыратын адамдардың ең жиі кездесетін мәселесі — компьютерлік көру синдромы. Көз сирек жыпылықтайды, қажетті ылғалды алмайды, салдарынан қызарып, ауырады.
- Егер компьютерде көп жұмыс істесеңіз, өзіңізге ыңғайлы жұмыс орнын дайындаңыз, жарықты реттеңіз, әр 20 минут сайын көзіңізді экраннан тайдырып — жан-жағыңызға немесе терезеге қарап, көзіңізге демалыс беріңіз.
- Көз гимнастикасының орнына көздің жеткілікті ылғалдануына мән беріңіз. Жиірек жыпылықтаңыз және жасанды көз жасы препараттарын қолданыңыз.
- Егер көзіңіздің өткірлігі жоғалып, басыңыз жиі ауырса, көзіңіз талып, қызарып, ішіне құм толғандай сезім туса — офтальмолог дәрігерге жазылыңыз.