Сәйгүлік тізгіндеген полицейлер
El.kz редакциясы осыған дейін жол полициясының бір күндік өмірі жайлы жазған болатын. Бұл жолы да әңгіме дәл осы тәртіп сақшылары жайлы болмақ. Бұл жігіттер көшені немесе саяжайды аралап жүрсе, оларды байқамай қалу мүмкін емес. Өйткені олар баяғының батырлары секілді сәйгүліктерді тізгіндеген тәртіп сақшылары.
Астана қаласында атты полиция қызметкерлері мамыр мен қазан айларының аралығында ғана жұмыс істейді. Күн суытқан кезде жылқыларды қыстауға жөнелтеді.
Қазір атқорада ахалтекеден бастап буденный, ағылшын, орлов жорғасы, қазақтың жабы тұқымдас жылқылары, қазақ пен ағылшын жылқыларының буданы сияқты асылтұқымды аттардың түр-түрі бар.
Қайыржанов Ерғали, взвод командирі:
— 1994 жылдан бері атты әскер взводында еңбек етіп келемін. Атты полицияның тиімділігін ерекше атап өту керек. Автопатруль кіре алмайтын жерлерді атты полиция еш қиналмастан аралай алады. Саяжайларда, егін алқаптарында немесе ормандарда атты полиция тәртіп орнатады. Мысалы жақында ғана саяжайдың ішінде қылмыскерлерді атпен қуып жүріп ұстаған оқиға тіркелді.
Атты полиция ел тыныштығын күзетумен қатар биыл ерекше іс-шара ұйымдастыруымен көзге түсті. Балаларды қорғау күнінің қарсаңында полиция қызметкерлері тұрмысы төмен немесе көпбалалы отбасыларға тосын сый жасады. Полк қызметкерлері бүлдіршіндерді таза ауаға алып шығып, атпен серуендетіп, түрлі ойындар ұйымдастырып, дәмді тағамдар ұсынды.
Сүлейменова Анар, полиция капитаны:
— Бүгінгі іс-шараға жетпіске жуық бүлдіршін қатысуда. Олардың ішінде тұрмысы төмен отбасылар, көпбалалы отбасылар және көпбалалы полиция қызметкерлерінің балалары бар. Мұндай іс-шара биыл бірінші рет ұйымдастырылып отыр.
Балалардың серуендеуіне полктегі ең жуас деген аттар таңдалынып алынған. Сонымен қатар, полк қызметкерлері балаларды атқа дұрыс отыруға үйретті.
Индира Искакова, көпбалалы ана:
— Менің жұбайым полиция қызметкері. Ол көбіне түнгі уақытта жұмыс істеп, күндіз демалады. Әдетте табиғатқа шығып демалуға көп уақыты бола бермейді. Бүгінгі іс-шараның арқасында балаларымызды таза ауаға шығарып, атпен серуендеуге мүмкіндік алдық. Мұндай іс-шаралар жалғасын тапса екен деген тілегіміз бар.
Взвод командирі Ерғали Қайыржановтың айтуынша, атты әскер взводына көбі ауылда өскен балаларды алады екен. Жастайынан атқа мініп үйренген жігіттер жұмысқа да тез сіңісіп кететін көрінеді. Дегенмен соңғы уақытта қала балаларының да қызығушылығының артып келе жатқанын айта кеткен жөн.