Жаңалықтар

ХVІІІ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ-башқұрт және қазақ-қалмақ қатынастары

ХVІІІ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ-башқұрт және қазақ-қалмақ қатынастары
03.09.2015 06:12 25822

ХVІІІ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ-башқұрт және қазақ-қалмақ қатынастары

Еділдің төменгі сағасында Қалмақ хандығының күшеюі

Кіші жүз қазақтарымен оның солтүстік-батысында шектесетін аралық мемлекет Қалмақ хандығы еді. Олар бұл жаққа сонау алыстағы Жоңғариядан қоныс аударып келген болатын. Торғауыттардан, хошауыттардан және басқа да тайпалардан тұратын ойрат одағы XVII ғасырдың бас кезінде өзара қырқыса бастады.

Сөйтіп 1628 жылы торғауыттар қазақ даласы арқылы батысқа қарай жөңкіле көшті, Тобыл мен Жайықтың жоғарғы сағасын басып өтіп, Еділ бойына дейін жетті. Олар содан бастап Еділ қалмақтары деп аталды. Қалмақтардың негізгі көшіп-қонып жүретін аумағы төменгі Еділ бойы болды. Қалмақ хандығының күш-қуаты артып, шырқау биікке көтерілген шағы Аюке ханның тұсы еді.

Ол жекелеген қалмақ билеушілерінің өз алдарына бөлініп кетуге тырысқан сеператистік әрекеттерін басып-жаншып, Ресейге жартылай тәуелді мемлекет құра білді. Еділ қалмақтарының билеушісі Далай-ламадан хан лауазымы мен хан мөрін алды.

Осы бір көшпелі мемлекеттің негізгі міндеті Ресейдің оңтүстіктегі шептерін көшпелі халықтардың, соның ішінде қазақтардың да шабуылынан қорғау болатын. Мәселен,1697 жылы орыс патшасы I Петр Аюкеге Ресейдің шығыстағы шептерін қорғауды ресми түрде міндеттеді. Еділ қалмақтары Ресей империясының көптеген басқыншылық жорықтарына белсене қатыса бастады.

Аюке хан I Петр патшаның қолдауын ашықтан-ашық пайдаланды. Жақсы қаруланған және жауынгерлік қабілеті мол армия құрған қалмақтар қазақтарға туыс ноғайларды тас-талқан етіп женді. Қалмақтар башқұрттарды туып-өскен ежелгі атамекенінен ығыстырып, қуып шығу саясатын ұстанды. Олар Дағыстанға да, Кабардаға да жорықтар жасап тұрды.

Тіпті Қырым хандығына, Осман империясына және Францияға қарсы соғыстарға да қатысты. Қалмақтар оқтын-оқтын кубаньдықтар мен түркімендерге, қазақтарға да шабуыл жасап тұрды.

Қазақ-қалмақ қарым-қатынастарының қалыптасу ерекшеліктері

Қазақтар мен Еділ қалмақтарының қарым-қатынасы барынша қарама-қайшы әрі шиеленісті еді. Патша үкіметіне қарсы бірлескен жорықтар жасаған кездер де болды. Әбілқайыр хан Еділ қалмақтарының билеушілерімен қыз алып, қыз берісіп, әулеттік құдалар болуға әрекет жасап көрді. Қазақтардың қалмақ жеріндегі мал жайылымдарына өтуінің мүмкіндігі туралы келіссөздер де жүргізілді.

Сонымен қатар көшпелі екі көрші елдің ашықтан-ашық өзара қақтығыстары мен өзара шабуылдары да жиі-жиі болып тұрды. Ондай оқиғалар барымталап мал алып кетумен, тұтқындар алумен, халықты қырып-жоюмен жалғасатын. Мұның өзі Еділ қалмақтарының Жоңғарияда тұрған кезінде басталған шиеленісті қақтығыстардың жалғасы мен салдарлары болатын.

Әбілқайыр 1723 жылғы қыркүйектің бас кезінде қазақтар мен қарақалпақтардың 20 мың қолдық әскерін бастап, Еділ қалмақтарына жорық жасап кайтты. Аталмыш жорық жоңғар қaлмақтары мен Еділ қалмақтарының арасында әскери одақты болдырмау мақсатын көздеді.

1726 жылы Әбілқайыр 10 мың қол әскерімен Еділ калмақтарына жаңадан жорық жасады. Ол жорық өзара келісім жасасумен аяқталды. Патша үкіметі бұл екі халыктың өзара қарым-қатынасында Ресейдің билеп-төстеуіне қарсы қосыла қимыл жасауына жол бермеуге тырысып бақты. Тап осындай максат көздеген патша кейде бұл екі халықты бір-біріне өшіктіріп, өзара қақтығыстарға айдап салып отырды.

Сол кездегі үкімет құжаттарының бірінде былай деп жазылған болатын:

'Егер қалмақтар бізге қарсы қандай да бір қарсылық жасай қалатындай болса, онда оларға қарсы қырғыздырды (қазақтарды) және керісінше, қалмақтарды — оларға қарсы айдап салуымыз керек'

.

Қазақтардын 1771 жылгы «Шаңды жорыққа» қатысуы

XVIII ғасырдың екінші жартысында Қалмақ ұлыстарындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдай әлдеқайда нашарлап кетті. Патша үкіметінің қалмақ халқын отаршылық езгімен қанауы күшейе түсті.

Қалмақтардың құқықтары елеулі түрде шектелді. Мал жайылымы жетіспеді. Қалмақтардың бір бөлігіне христиан дінін күштеп қабылдату саясаты жүргізілді. Олар Ресей армиясына жыл сайын әскери жасақтар беріп тұруға міндетті болды. Ресейдің көптеген басқыншылық соғыстары кезінде қыруар қалмақ қырылып қалды.

Қытай Жоңғария мемлекетін тас-талқан етіп жеңгеннен кейін Еділ қалмақтарына олардың ежелгі атамекені, тарихи отаны қаңырап бос қалды деген хабар жетті. Қалмақтардың арасында шығыстағы отанына қайту жоспары пайда болды. Қалмақтарды ежелгі отанына қайтару жөнінде үгіт жүргізуді Әмірсананың жақын серігі Шеренбасқарды.

1770 жылдың күзінде қалмақтар өздерінің атамекеніне қайтадан қоныс аударуы туралы Қытай өкімет билігімен келісіп алды. Еділ қалмақтарының бір бөлігі лама дінбасыларының белсенді араласуымен Жоңғарияға қайта көшу жөніндегі үгітіне қатты иланды.

1771 жылдың қаңтарында жалпы саны 180 мың адам болатын қалмақтар Қытайдың шебіне көшіп кетуге әрекет жасады, Еділдің оң жақ аймағында 60 мыңдай қалмақ қалды. Олар Еділдің сол жақ аймағына өте алмады. Өйткені күн жылып, өзеннің мұзы өте жұқарып кеткен еді. Қалмақгардың ұлы көшінің қозғалу бағыты тағы да Қазақстан аумағы арқылы өтетін болды. Қалмақтар әмірші Убашидің бастауымен көшіп келе жатты. Қоныс аударушы қалмақтардың іс-әрекеті патша үкіметінің жоспарына қарама-қайшы келді.

Өйткені ол салық төлеп отырған халықтан айырылып қалды. Оның үстіне, қалмақтардың үлгісі өлкенің өзге халықтарына келеңсіз әсер етті. Жайық казактары қалмақтардың соңына түсіп, көштің бетін кері қайтарудан үзілді-кесілді бас тартты.

Орынбор казактары тарапынан да белсенді қимыл жасала қойған жоқ. Міне, тап сол кезде патша үкіметі, қазақтар мен қалмақтардың көптен бері созылып келе жатқан дәстүрлі өзара дұшпандық қарым-қатынаста екендігін пайдалана қойды. Қалмақтар Жайық өзеніне жақындап келе бергенде Орынбор губернаторы Неплюев Нұралы ханға олар қазақтарға шабуыл жасау үшін келе жатыр деген хабар берді.

Оның үстіне, Неплюев қазақтарға патша үкіметінің атынан қалмақтарға қарсы шайқасқа шығып, қан майданда олжаға түскен қалмақтардың бүкіл дүние-мүлкіне ие болу құқығына уәде берді.

Қазақтарға қойылған бірден-бір шарт қалмақ көшінің бетін бұрып, кешегі көшіп-қонып жүрген жеріне қайтару болды. Тап осындай ұсынысты Орта жүз қазақтарына да жасады. Қазақтардың мұндай ұсынысты зор ықыласпен қабылдап, қалмақтардан олардың бұдан бұрынғы жасаған бүкіл шабуылдары үшін барынша күш-жігер жұмсап, кек алу себебі әбден табиғи нәрсе еді.

Кіші жүз бен Орта жүздің жерлерін басып өтпек болған қалмақтар қазақтардың әскери жасақтарынан қатты соққы жеді. Қалмақтармен болған қанды шайкастарға іс жүзінде қазақтардың хандары, сұлтандары түгелдей дерлік белсене қатысты. Олар: Абылай, Нұралы, Сұлтанбет, Әбілпейіз, Орыс, Ералы және басқалары еді. Қалмақтар, жауынгерлік қабілеті күшті 40 мың қолы бар әскері болғанына қарамай, қазақтардан үсті-үстіне жеңіліске ұшырады.

Қалмақтардың бір бөлігін Сағыз өзені бойында Айшуақ сұлтанның жасағы қырып салды. Мұғалжар тауына таяу жердегі Ор, Ұжым өзендері бойында шегініп бара жатқан қалмақтарға Нұралы ханның жасақтары да күшті шабуыл жасады.

Қалмақтарға Абылай, Сұлтанбет және Әбілпейіз сұлтандардың қолдары да есеңгірете соққы береді. Қалмақтармен болған шайқастарға Ұлы жүз қазақтарының күштері де қатысты. Қазақтар ата дұшпанның малын, мүлкін олжалап, адамдарын тұтқынға алып қалумен болды.

Қазақтардың қалмақтармен ең ірі шайқасы Жем өзенінің бойында өтті. Балқаш көлінің жағасында да қанды қырғын болды. Қалмақтар Мойынты өзенінің бойына тоқтап, біраз аялдамақшы болып еді, бірақ Абылай бастаған 50 мың адамдық жасақ әбден әлсіреп қажыған қалмақтарды қоршап алды.

Бұл жолғы шайқасқа Нұралы хан, Сұлтанбет, Орыс және Әділ сұлтандардың қолдары қатысты. Қалмақтарға алатау қырғыздары да ойсырата соққы берді.

Бұл орасан зор оқиға қазақ тарихында «Шаңды жорық» деген атпен қалды. Алыстағы Жоңғарияны армандаған қалмақтардың өз атамекеніне шағын бір бөлігі ғана жетті. Олардың көпшілігі қазақтармен шайқас кезінде қаза тапты. Қалмақтардың Шыңжаңға аман жеткен қалдығы шағын-шағын топтарға бөлініп, шекара күзеті қызметіне алынды.

Соғыстың зардабын қазақтар да аз шеккен жоқ. Мың-мыңдаған қазақ сарбаздары қанды шайқастар болған майдан далаларында қаза тапты. Олар өз Отанының тәуелсіздігі, қазақ халқының бостандығы жолында құрбан болды. Қазақ жауынгерлері қалмақтардан олардың бұрынғы кездердегі жаугершілік шапқыншылығы үшін кек қайтарды.

Өздерінің туып-өскен атамекенін зұлым жаудан қорғауда ерлігімен аты шыққан батырлар халықтың есінде мәңгі сақталып қалды. Олар:

  • Баян,
  • Жәнібек,
  • Үйсінбай,
  • Байғозы,
  • Оразымбет,
  • Елшібек,
  • Райымбек батырлар және басқалары.

Шоқан Уәлиханов мынадай бір жағдайды суреттеп жазады:

'Даладағы үңгірлердің бірінде қалмақтар жайғасады. Үңгірдің кіре берісінде алыстан оқ ататын мылтығы бар қалмак мергені отырады. Бірнеше жауынгері қаза тапқан қазақтар үңгірдегі қалмақтарға таяу баруға жүрексінеді. Осы кезде сіргелі руынан шыққан Елшібек батыр суырыла алға шығып, жауға қарай желе жортып таяу келеді де кенет атына қамшы басып, құйындата шауып жетеді, Қалмактың мергені атқан оқ босқа кетеді. Осы кезде қазақ батыры әбжілдік танытып, жау мергенін қылышпен шауып өлтіреді'

.

Қазақтардың қалмақтарды жеңуінің тарихи маңызы

Жоңғарияға қайта көшіп бара жатқан Еділ қалмақтарымен болған «Шаңды жорық» кезіндегі шайқастарда қазақтар қол жеткізген жеңістің тарихи маңызы зор болды. Қазақ халқы Еділ қалмақтарының тарапынан іс жүзінде ұдайы жасалып келген жорықтар мен шабуылдан бір-жолата құтылды.

Кіші жүз қазақтарының Еділ мен Жайық арасындағы бұрыннан көшіп-қонып жүрген атамекеніне қайта қоныстануының үміті қайта пайда болды. Қалмақтарға ойсырата соққы берудің нәтижесінде қазақтар Тарбағатай жері мен Іле өзенінің бойын өздерінде сақтап қала алды.

Ақырында, қалмақтарға енді ес жия алмайтындай етіп есеңгірете соққы беру арқылы екі жүз жылдай дерлік уақыт бойы жауынгер жоңғар қалмақтарымен арадағы жойқын соғыс аяқталды. Қазақтар ойрат тайпаларының олардың көп жылдар бойы жасаған шабуылдары мен жорықтары үшін кек алды. Қалмақтармен соғыста қазақтар керемет табандылық танытты, батырлық пен бұқаралық жаппай ерліктің ғажайып үлгілерін көрсетті. Сонымен қатар бұл сұрапыл соғыс халықтар арасындағы жауласудың ешкімге де ешқандай жақсылық алып келмейтінін айқын көрсетіп берді.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға