Жаңалықтар

ХІХ ғасырдағы Ұлытау өңіріндегі мешіттер

ХІХ ғасырдағы Ұлытау өңіріндегі мешіттер
Фото: © El.kz 28.10.2021 15:50 12596

 

VII-VIII ғасырларда Орталық Азия мен Қазақстанға алғаш ислам діні келгені туралы деректер кездеседі. Алғашқы араб-дін таратушылары қазақ даласына 670 жылдардан бастап келе бастағаны жайында мәліметтер бар. Ал, арқа жеріне мешіттер қашан салына бастады? Ұлытау өңіріндегі мешіттердің тарихы қайдан бастау алады? Бұл сұрақтардың жауабын зерттеушілер далалық этнографиялық экспедиция кезінде табылған археологиялық жәдігерлерді негізге ала отырып, жүйелеуге тырысады. Біз бүгін «Ұлытау-Нұра өңірлерінің тарихи-мәдени ескерткіштері» еңбегіне сүйене отырып, Ұлытау топырағында жатқан көне мешіттердің тарихына тоқталмақпыз.

 

«Қазақ халқының бүгінгі тірлігінде дін елеулі орын алып отыр. Дәл араб елдеріндегідей діншілдік байқалмаса да, қазақы салт-дәстүр мен әдет-ғұрып ислам дінімен тығыз байланысып, мұсылмандық тұрмыс-тірлігіміздің ажырамас бөлігі болып отыр. Ислам дінінің өрістеуіне діни орындардың салынуы кең мүмкіншілік жасады. Қаламызда да мешіттер бой көтеріп, халықтын игілігіне қызмет етуде. Біз Арқа жерінде мешіттердің салынуы тарихынан көпшілік қауымға сыр шертсек деп едік»,- деп жазады автор.

 

Бұл еңбекте Қазақстан территориясына исламның енуі негізінен VII ғасырдан, арабтардың Орта Азияға жорықтарымен басталатыны айтылады. Осы уақыттан бастап ислам діні дала өңіріне таралды. Бұл үрдіс уақыт өткен сайын кеңінен орын ала бастайды. Бірақ, ислам дінінің ошақтары негізінен оңтүстіктегі қалалық жерлерде шоғырланады, ал көшпелі рулардың мекені Дешті-Қыпшақ ата-баба дәстүрімен Тәңірге табынып, Құдайға құлшылық етіп, исламның ықпалына түсе қоймайды. Бұл жағдай Алтын Орда дәуіріне дейін сақталып келсе, Алтын Орда ханы Берке мұсылмандық жолды ұстанып, исламға қолдау көрсетсе, кейініректе Өзбек хан ислам дінін мемлекеттік дінге айналдырып, көшпелі халыққа мұсылмандықты күштеп енгізе бастайды. «Шаджарат ал-атрак» тарихи шығармасында Дешті-Қыпшақ көшпелілерінің ислам дінін қабылдауын Өзбек хан мен оның баласы Әз Жән пек тұсында болғанын көрсетеді: «Бұл Сұлтан – Мұхаммед Өзбек хан өзінің елімен ұлысымен құдайдың рахымы арқасында бақытқа жеткен уақытта әулие Сейіт ата оларды жаратушының құпия жарлығымен және күдіксіз белгісі бойынша Мауераннахр аймағына ертіп келді, ал әулие Сейіт атаға сенім білдірмей адалдықтан бас тартқандар - сол жерде қалып, «қалмақ» деп атала бастады, бұл сөздің мағынасы «қалуға бұйырылған». Сол уақыттан бастап осы себептен келген адамдар өзбектер деп, ал сонда қалғандары қалмақтар деп аталдыы». Сондай-ақ, Өзбек ханның бұйрығымен елдегі барлық нұтханалар қиратылса керек.

 

Алайда, ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін исламның таралуы Арқа өңірінде басқаша сипатта болған еді. Мәселен, саяхатшы-этнограф Ш. Уәлиханов: «мұсылмандық әзірше біздің сүйегіміз бен қанымызға сіңіп бола қойған жоқ. Ол бізге келешекте халықты ыдырату қаупін төндірмек, Қазақтардың арасында әлі Мұхаммедтің атында білмейтіндер көп және біздің бақсыларымыз қырдың көп жерлерінде өздерінің мәнін жоғалта қойған жоқ. Нестор заманында Русьта болғаны сияқты, еңді біздің сахарада қазір қос дін дәуірі болып тұр”, - десе, ХІХ ғасырда қазақ этнографиясы мен тарихын жазған А.И.Левшин қазақтардың діни ахуалын анықтауда келесідей мысал келтіреді «Какой вы веры?,”- спросил я однажды двух киргиз-казахов. «Незнаем», - отвечали они. Ответ сей услышите от большей частей их соотечественников. И в самом деле трудно решить, что такое киргизы - магометане, манихеяне или язычники».

 

Көшпелі тірліктің орталығы Сарыарқада исламның кеңінен таралуы ХІХ ғасырда болды десек қателеспеспіз. Әсіресе, бұл үрдіс ХІХ ғасырдың екінші жартысында кең етек алады. Белелді ру басылардың (аға сұлтан Құнанбай, Шорманның Мұсасы, Жанғұтты би т.б.) мешіттер салғыза бастауы, ауылдарда молда ұстауы, балаларды арабша хат танытуы, Арқадан қажылыққа барушылардың көбеюі осы тұсқа келеді. 1871 жылғы Ақмола Уездінің Бастығы подполковиик Фроловтың Ақмоланың Әскери Губернаторы генерал-майор Окольничийге жазған хатында: «Осыдан 15 жыл бұрын қазақтар арасында бақсылық қана болып, дінге немқұрайды қараса, қазірге күнде бұл мәселе басқаша сипатқа ие болды. Хат танитын молласы жоқ ауылдар жоқтың қасы» деп көрсетеді.

 

Қазақ арасында жаппай мұсылмандықтын кен таралуының, әсіресе ру басылар тарапыпан қолдау табуының себебі қазақ даласындағы Ресей империясының отарлау саясатымен тікелей байланысты. ХІХ ғасырда Ресейдін отаршылдық әрекеттері қазақ қоғамының дәстүрлі өмір-тіршілігін өзгертті. Бұрынғыдай арқаны кеңге салып, етегі жайлауда жатар заман өтіп, көшпелі тіршіліктің аясы тарылып, қоғам дағдарысқа тап болды. Рулар нақты әкімішілік бөліктерге бөлініп (болыстар), сол территория ауқымына бекітілді. Қоныс тарылып, ру арасында жер үшін талас-тартыс көбейді. Дәстүрлі жолмен шешілетін даулар да, енді орыс әкімшілігіне жүгінуге мәжбүр болды. Ол ұзақ-сонар бюрократиялық әрекеттерді тудырды. Пара беру тәрізді қоғамдағы келеңсіз құбылыстар бюрократиялық жүйенің енуімен байланысты осы кезде туындаса керек. Осы қарқындағы Ресей империясының отаршылыдық саясаты халықты рухани азғыншылыққа алып келері сөзсіз еді. Дулат, Шортанбай сияқты ақындар туындыларында көрініс тапқан осы жәй «Зар-заман» деген атпен халыққа белгілі:

 

Ел тандыры құрыды,

 

Орыстың түсті құрығы,

 

Анадан емшек суалды,

 

Қайғымен елді суарды.

 

Ресейдің әкімшілік реформалары хандық билікті жойып, нәтижесінде саяси аренаға ру басылары шықты және халықтың тағдыры ендігі кезекте осы адамдардың қолында болды. Қоғамда болып жатқан өзгерістерді көре білген азаматтар отарлаудың салдарына қарсы арқа сүйер күш ретінде ислам дінін пайдаланды. Ал, ислам дінінің кез-келген жерде таралуына әсер ететін бірден-бір фактор – мешіттің болуы. Мұсылмандықты уағыздаған адамдар бірінші кезекте мештіт салдырған. Мұны Ұлытау өңіріндегі мешіттер мысалынан көре аламыз.

 

Жакуда мешіті. Ұлытау ауданы Қорғасын селосының батыс бағыты 12 км шамасында орналасқан. Мептітті қалаушы шебер белгісіз. Бағаналылық болыс Жүсіп Шоновтың тапсырмасымен ХІХ ғ. аяғында салынған. Мешіттің құрылыс материалы ретінде саман және күйдірілген кірпіштер қатар қолданылған, оның құрылымы биік минарегтен және үш бөлмеден тұрады.

 

Қоныспай мешіті. Коныспай Қылышпай - Кеңгір болысының ІІІ әкімшілік ауылына қарасты, Қаракеңгір өзені бойында Түгіскен Жартас деген жерде қыстаған. Ауылдың қашан құрылғаны белгісіз. Қуат атасына жатады. Кигіз үй саны - 4, сонымен қоса 5 шым үй, 4 шошала бар. Ауылды 23 алам мекендейді, оның ішінде 13 ер адам, 10 әйел адам. Ауылдың реттік саны 49.

 

Дүйсек Лабақ – Кеңгір болысының ІІІ әкімшілік ауылына қарасты, Ақмая өзені бойында қыстайды. Ауыл 30 жыл бұрын құрылған. Қуат атасына жатады. Киіз үй саны - 3. Ауылды 11 адам мекендейді, оның ішінде 5 ер адам, 6 әйел адам. Ауылдын реттік саны 56.

 

Лабақ мавзолейінен 4 шақырым шамасында қыстақтың басында орналасқан. Жан қабырғасының ұзындығы - 28,7 м, биіктігі - 4 м, ені-7,30 м. Жан қабырғасының терезелері жерден - 1,25 м биіктіктен басталады. Терезенің биіктігі- 1,40 м, ені- 0,85 м, дәліздің ұзындығы- 1,80, ені-3,75 м. Кірпішінің аумағы 26 х 17 х 6 см. Мешіттің есігінің биіктігі - 1,84 м, ені - 0,90 м.

 

Ұлытау өңіріндегі діни сәулеткерлік ескерткіштер әрине мұнымен шектелмейді. Уақыт өте келе ғасырлар қойнауынан рухани мәдениетіміздің ошақтары болған талай мешіт-медіреселер анықталып, тарих төрінен өз орынын табатынына сенеміз.

 

Дулығалы мешіті. Қарағанды облысы Ұлытау ауданының территориясында, Ақылы өзенінің бойында орналасқан. Қарсақпай поселкесінен 130-135 км, Актас поселкесінен 83 км қашықтықта. Мешіт күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған, үш бөліктен (орталық және екі жан бөлмелері) және мұнарадан тұрады. Орталық бөлменің шеткі бөліктерінде күмбез құрлысының қалдықтары сақталған. Жоғарғы ернеулеріндегі және есіктерінің жоғарғы жағындағы кірпіштері түрлі оюмен өрнектелтен.

 

Мешіт өзеннен 50 м қашықтықта, биік жерге тұрғызылған. Едауір қашықтықта үлкен қазақ қорымы бар. Медресе болса төменіректе, өзенге таяу салынған. Архитектуралық құрылымы күрделі көпбөлмелі мешіт аумағы өте үлкен. Жалпы оның алдыңғы қабырғасының көлемі- 23,40 м жан қабырғасы- 15,40 м. Орталық бөлігінің биіктігі- 56 м жан қабырғасының биіктігі- 3,96 м, іргетсының биіктігі- 0,90 м. Терезелері жерден 1 м биіктікте орналасқан, бірақ дегенмен бұл барлығы бірдей сақталмаған. Мешіт мұнарасының биіктің- 3,5 м. Мұнара орналасқан алдыңғы бөлменің алдыңғы бөлігі- 40 м жан қабырғасы- 2,80 м. Келесі бөлменің алдыңғы қабырғасы -3,60 м, жан қайырғасы- 1,13 м, мұнан соң төбесі ұшталған жанама бөлме кетеді. Оның алдынғы қабырғасының ұзындығы- 6,30 м, бұл бөлменің жан қабырғасы -10,45 м. Бірнеше қалыптағы күйдірілген кірпіштер қолданылған 20 х20 х 6 см, 23 х 11 х 6 см кірпіштер колданылған, яғни мұнда құрылыс материалына 10 астам әр түрлі қалыптағы кірпіштер қолданылған.

 

«Мешіnті салдырған Құлмұхаммед ишан Арыстанбайұлы. Руы Бес таңбалы қыпшақ ішінде Ұзын қыпшақ, Бердікей тармағына жатады. Дулығалы, Ашылы өзендерінің бойын мекендеген. Құлмұхаммед ишан жастайынан оқу - білімге зеректік танытқандықтан, әкесі Арыстанбай оны Бұхара, Самарқан жағына оқуға жібереді. Одан кейін көп қиыншылықтар көріп, қажылыққа барады. Елге оралған соң мешіт - медресе салдырып, молда ұстап бала оқытады. Мешіттің құрылысы 1902 жылдары басталып, шамамен 1906 жылы аяқталады. Құрылысты салуға бүкіл ел болып ат салысып, көмек көрсеткен. Мешітті салған Бердікей Талпақ деген шебер.

 

Тоғыз күмбезді қылып түрғызылған. Құлмұхамед ишан 1916 жылға дейін қайтыс болса керек. Оның игі ісін жалғастырушы Абдрахман ишан,Бірмағамбет ишан деген адамдар болған. 1916 жылғи дүрбелеңде қыпшақ руының бас көтерер азаматтары мешітте бас қосып бәтуаласып, көтеріліске шыққан. 1937-38 жылдарға дейін мешіт сау күйінде сақталып, одан кейін кірпіштері колхозға алыныпты. Күмбездері де сол кезде құлаған» -дейді мәлімет беруші Жаңабай Әбсадықұлы.

 

Бүгінгі күні мешіттің жан қабырғалары мен мұнарасы ғана сақталған. Орталық және жанама күмбездері толығымен құлап түскен. Қабырғаларының кейбір жерлері де құлаған.

 

Жалпы Ұлытау өңірінін діни-ғұрыптық ескерткіштерінде қолданылған ою-өрнектерге тоқталар болсақ. Мұнда табиғат ісінен шыққан жаратымды нәрсені тіршілік өнері деп атауға болады. Тіршілік және көркем өнер еңбекші халықтың өзінің ата-дәстүрден қалған жаңаша қайталанып қоғамдық құрылысы, кәсібі мен күн көрісі, ой ұғымы үнемі дамып отырды. Шеберлер ою-өрнекке өзінің білетін өрнектерін жасады.

 

Геометриялық ою-өрнектер: екі-үш қырлы ойылған, әр түрлі ромбы, крест, жартылай сыңар мүйіз, доға тәрізді ойылған түрінде қалыптасқан. Бұл тектес ою-өрнек түрінің сәулеткерлік құрылыс өнерінде пайда болуы, ортағасырлық тарихи жәдігерліктердің құрылыс өнеріне қатысты болды.

 

Орталық Қазақстандағы Жошы хан, Келінтам, Жансейіт кесенелерінде қолданылған ою-өрнектелген құрылыс материалы далалық этнографиялық экспедиция кезінде табылды. Екі кесененің де өрнектері кірпішке 1-12 см екі қырлы ойыққа отырзылған, үстіне бирюза шынымен қапталған.

 

Геометриялық ою-өрнектің қолданылуын Ұлытау өңірінін ХІХ ғасырда салынған күмбездерінен көреміз. Күмбездерде бұл өрнек түрі, жәдігерлердің фасадына (қасбетіне) жан қабырғаларынын жоғары қатарына және барлық қабырғаларына қолданылған. Атап айтсақ, Сарлық селосынан оңтүстік-батыс бағытта 60 шақырым жерде орналасқан «Қыз қүмбезі» әр түрлі геометриялық өрнектер ромбы, шаршы, көпқырлы қалыптан қаланғанын байқаймыз. Бұл күмбездің өрнектері геометриялық қалыпта орналасқанымен оларда қатаңдығынан гөрі әсемдігі басым. Осы қалыптағы өрнектер Кендір өзендерінің бойындағы жәдігерлер Лабақ, Дүзен, Жаһуда қорымының қүмбезі тағы басқаларынан бірнеше кесенеде қолданылған.

 

Бұл жәдігерлерде орналасқан геометриялық өрнектер: ромбы, шартты, жұлдызша, үшбұрыштар, колбұрыштар болып келеді. Осы өңірдегі жәлігерлерге тан нәрсе: кесененің кабырғасындағы өрнекпен, қоса құрылыс материалының да геометриялық қалыптарда ромды,үш бұрыш, шаршы пішіндес кірпіштер күмбездің қасбетінің, жан қабырғаларына қалау кезінде қолданылған. Геометриялық кірпіштерді сәтті қолдану, бұл Иманбек күмбезі, Бұзау болыс кесенесі және осы өңірдің жәдігерлерінің көпшілігінің жоғары жақтауына (фриз) геометриялық қалау тән.

 

Геометриялық өрнектердің қолдануы жөнінде қазақ халқының сәулеткерлігін зерттеуші Т. Басенов былай деп жазады: «Тегінде жаңалықтың бәрі де еңбектен басталады. Адамдар өздерінің ауыр тұрмысын жеңілдету үшін еңбек құралдарын ойлап шығарды. Еңбек кұралдары мен әшекей заттардың бәрі де еңбектің жемісі. Ежелгі дала тайпалары аң аулағанда әуелі ағашпен тастарды, терең жыра мен сайларды пайдаланды. Тас қорғандар, талдан жасалған шарбақтарға аңдарды дөңгелек, сыбызғы мен үркітіп, айқай мен қорқытып, қашып кетпесін деп от жағып, ұстап алатынды. Ол қорғандардың сыртқы пішіндері шеңбер, ромбы, шаршы, төрт бұрышты болып келген.

Дереккөз:

Прошлое Казахстана в источниках и материалах/ Под ред.проф.Асфендиярова С.Д и проф. Кунте П.

Ш.Уәлиханов Собрание сочинении. 1985 ж.

Левшин А.И. Описание киргиз-кайсацких или казачьих орд и степей. 1996 ж.

Бабатайұлы Д. Тұнық тұма. Өсиетнама: өлеңдер мен дастандар (1 кітап); Дулат жырау тағылымы: сын-зерттеу, көзқарастар (2 кітап). Құрастырған Р.Раев. 2002 жыл.

 

Ұлытау-2005 этнографиялық экспедициясының ғылыми есебі. Қарағанды, 2006 ж.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға