Жаңалықтар

Хәкім Абайды сомдаған ең жас опера әншісі

Азамат Жылтыркөзов: «Ең алғаш рет сахнаға 9 жасымда шықтым»
Хәкім Абайды сомдаған ең жас опера әншісі
Фото: © El.kz 17.05.2021 20:33 7441

Азамат Жылтыркөзов – опера әншісі. Музыкалық шеберлік пен әртістік қабілет, кең диапазонды дауыс тембрі оның өнерін ерекшелейтін қасиеттердің бірі. Қазақ опера өнерінде өз орны қалыптасқан әншінің дарынына өнерсүйер қауым тәнті. Абайды сомдаған ең жас опера әншісі әрі аса дарынды классик әнші әлемнің көптеген елдерінде гастролдік сапарларда болып, қазақ өнерін кеңінен насихаттауға өз үлесін қосып жүр. Азамат Жылтыркөзов – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры сыйлығының лауреаты әрі Еуропа Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі.

845f3549-3e00-44ea-be67-50ee5cd45294.jpg

(Суретте: Азамат Жылтыркөзов)

Азамат Жылтыркөзов 1986 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Алты жасына дейін Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданының Өркен ауылында тұратын нағашы атасы мен әжесінің тәрбиесінде болған. «Үйдің жақсы болуы – ағашынан, баланың жақсы болуы – нағашыдан» демекші, негізгі тәрбиені ата-әжесінен алуы оның өнерге бетбұруына бірден-бір әсер еткен. Өрімдей кезінен өнерге құштар болып өсті. Кейіпкеріміздің анасы да өнерден алшақ емес. Анасы Әсия Мұхаметбайқызы Талдықорған қаласындағы Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінде оқыған. Осы ән айту қабілеті кейіпкерімізге анасынан да дарыған.

– Бала кезімде шамамен төрт-бес жасымда ауылға концерт беруге әнші Роза Бағланова келді. Сол концертке әжем мені де өзімен бірге апарған еді. Әлі есімде, ол кісі баян аспабының сүйемелдеуімен шамамен екі сағаттай өнер көрсетіп, жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Ол кісінің өнері ұнағаны соншалық әнге, сахнаға деген құштарлығым одан сайын арта бастады. Әншінің «Ах, Самара, городок» атты ел арасында ерекше танымал болған әнін кейін өз бетімнен орындап жүрдім,- деп еске түсірді Азамат Жылтыркөзов.

Ал әжесі болса Хәкім Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» сынды өлеңдерін немересіне бала кезінен үйреткен. Музыкаға қабілеті бар ол бала-бақшада түрлі мерекелерде өнер көрсетіп, дарынын одан сайын шыңдай түседі. Кейін ол Талдықорған қаласындағы Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 қазақ орта мектеп-лицейіне бірінші сыныпқа қабылданады. Ал үшінші сыныпқа көшкенде Азамат Жылтыркөзов музыка мектебіне қатар барып жүреді. Содан сегізінші сыныпты бітіріп, отбасымен 2001 жылы елордаға біржола көшіп келеді.

Елордада Айман Мұсақожаеваның ұсынысы бойынша 1998 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақ Ұлттық Музыка академиясы ашылған еді. Ол еліміздегі жас оқу орындарының бірі ретінде саналған болатын. Кейіпкеріміз 2005 жылы осы академияда «Жеке ән салу» мамандығы бойынша Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі әрі профессор Қанат Омарбаевтың сыныбына оқуға қабылданып, оны 2009 жылы тәмамдап, «Бакалавр» дәрежесін алып шығады.

– Оқу орнының бірінші курсын аяқтаған уақыттан яғни 2006 жылдан бастап мен Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының солисті болып қызметке орналастым. Ал тура бір жылдан кейін осы қызметпен қоса, Күләш Бәйсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының солисі болып та жұмыс атқардым. Менің өнердегі еңбек жолым осы тұста басталды деп айтуға толық негіз бар. Ал 2009 жылдан осы уақытқа дейін бас қаладағы Қазақ ұлттық өнер университетінде оқытушы болып жұмыс істеймін, - дейді ол.

Сондай-ақ өнер иесі 2012 мен 2017 жылдар аралығында Қазақ ұлттық өнер университетінде «Вокалдық өнер және хорға дирижерлық ету» кафедрасының меңгерушісі болып қызмет еткен. Ал 2016 жылдан бастап «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында» классикалық бөлім меңгерушісі әрі әншісі болып қызмет етіп келеді.

Опера әншісі болу – кез-келген адамның қолынан келе бермейтін өнер. Өнердің қиын түрлерінің бірін таңдау кейіпкеріміздің бала кезден бергі арманы екен.

– Әлі есімде, бала кезімде теледидардан Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев сынды өзге де классикалық өнер майталмандарының концерттерін жиі көрсететін. Солардың өнерін көріп өскен мен болашақта өз-өзіме «Өскенде менің дауысым да Ермек Серкебаевтың дауысы секілді болады» деп жиі айтатынмын. Алайда сол уақытта оның қиын сала екенін аса қатты түсінген жоқпын. Бірақ та адам өзінің армандарына мақсат қойып жетеді емес пе? Аға буынға қарап бой түзеп, ұқсауға талпындық. Осылайша, мектепті бітірген соң осы салаға оқуға түсемін деп шешім қабылдадым, - дейді Азамат Жылтыркөзов.

Хәкім Абайды сомдаған ең жас опера әншісі

Шетелге шығып тұру әсіресе өнер адамдарының шығармашылығын шыңдайтыны рас. Осы ретте опера әншісі Азамат Жылтыркөзов те шетелдік әріптестермен байланыс ұстап, тәжірибе алмасып және гастрольдік сапарларға шығып тұрады.

– Алғашқы сапарым бірінші курста оқып жүргенімде Америка Құрама Штаттарына барудан басталған болатын. Бұл бір естен кетпес сапар болды. Шамамен бір айға жуық уақытқа созылған концерттік сапар кезінде АҚШ-тың Вашингтон, Орландо қалаларында және Нью-Йорк, Нью-Джерси және т.б. штаттарында өнер көрсетіп қайттық.

Кейбір шығармашылық адамдары гастрольдік сапарды алдымен көршілес орналасқан мемлекеттерден бастаса, ал Азамат Жылтыркөзов бірден мұхиттың ар жағынан бастаған.

– 2010 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі тарапынан Австрия Республикасының Вена қаласына барып, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Халық әртісі әрі профессор және «екінші Шаляпин» атанған Евгений Нестеренкодан шамамен алты ай дәріс алдым, әрі тәжірибемді шыңдадым және біліктілігімді арттырып қайттым. Өкінішке қарай биыл ұстазым 82 жасына қараған шағында қайтыс болды, - дейді өнер иесі.

Хәкім Абайды сомдаған ең жас опера әншісі

Ол 2013 пен 2015 жылдары Армения Республикасының Ереван қаласындағы Комитас атындағы Ереван мемлекеттік консерваториясының магистратурасын тәмамдаған.

–Ресей мен армян елінің опера әншісі Сусанна Мартиросянмен де байланыстамын.Қазақстандық және шетелдік аға буын өкілдерімен де тығыз қарым-қатынас ұстап тұрамыз. Әлбетте, бұл кісілер – жасы келген музыканттар. Ол кісілерден үйренерім өте көп. Бастысы өнер жолында осындай тәжірибелі әрі өз ісінің кәсіби шеберлерімен кездескеніме әрі олардың менің ұстаздарым болғанына өте қуаныштымын, - дейді опера әншісі.

Оның жағымды үні миллиондаған тыңдарманның көңілін марқайтып, олардың қошеметіне бөленіп үлгерген.

– Он бесінші ғасырдан бастау алған опера жанры әлі күнге дейін өзінің маңыздылығын жойған емес. Әлбетте, түрлі қойылымдар барысында режиссерлердің қарім-қабілетіне қарай сахналық костюмдер мен өзге де өзгешеліктер болуы әбден мүмкін. Бұл – біздің қазақ өнерімізге сырттан келген өнердің бір түрі. Алайда оның бұрыннан келе жатқан қаңқасы яғни негізгі ноталары өзгерген емес. Қаймағы бұзылмаған қалыпта келе жатқан опера айлар мен жылдар өтсе де, мәңгілік өмір сүре береді.

Еліміздегі тұңғыш опера және балет театрының құрылуына Күләш Бәйсейітова, Жұмат Шанин, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Шара Жиенқұлова және т.б. зор еңбек сіңірген еді. Қазақ елінің өнерін дәріптеген олар қазақ опера өнерінің алғашқы майталмандарына айналды.

– Біздің қазақ опера өнері өзінің ұлттық нақышымен ерекшеленеді. Әр ұлттың операсы түрліше болып келеді ғой. Сол сияқты сахнада қойылатын операда қазақтың қарасөздері мен ұлттық билері бірге астасып жүреді. Қарасөздермен көрерменге жол тартқан «Қыз Жібек» операсы сөзіме дәлел бола алады, - дейді ол.

1934 жылы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры ашылған болатын. Мұхтар Әуезовтың либреттосына жазылған «Айман-Шолпан» музыкалық спектаклі алғаш сәтті көрсетілген соң жұртшылық назарына «Қыз-Жібек» қойылымы ұсынылды.

– Классикалық музыканы тыңдау үшін, классикалық опера мен балетті тамашалауға келетін кісілер кішкене дайындықпен келу керек деп есептеймін. Яғни көрсетілетін қойылым жайында алдын ала оқып, либреттосымен танысып алған да жақсы. Нәтижесінде көрермен операны тамашалау кезінде көп нәрсені түсініп, қабылдай ала алады. Бір ерекше айта кететін жайт, опералық спектакльдер түсіне білген көрерменге өте керемет дегім келеді. Өйткені театрдың ішкі сәулеті, әртістердің қойылымдық костюмдері, сахнадағы музыка мен оқиғалар және т.б. көрерменнің ішкі жан-дүниесін елжіретіп, ерекше әсер сыйлайды.

Кейіпкеріміз опералық қойылымдар жайында «мың рет естігенше, бір рет көрген» артық дейді.

– Кез келген адамды бірден театрға алып келсеңіз, алғашында сахнадағы қойылымды түсінбей қалуы мүмкін. Классикалық жанр – ертеден келе жатқан жанрлардың бірі. Дегенмен де әр көрермен өзінің ұнаған жанрына келеді емес пе? Сол сияқты операны сүйіп тыңдайтындар да бар. Тіпті қойылымды алғаш рет көрген адамдар ұнатып, келесі қойылымдарға да қалмай келіп жүр.

Қазіргі таңда опералар қазақ, орыс, ағылшын, француз, итальян, неміс сынды түрлі тілдерде орындалады. Қазір техниканың қарыштап дамыған кезінде еліміздегі опера сахналары да түрлі жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Отандық опера әртістері өзге тілдерде қойылымдар көрсетсе, қазақ тіліндегі нұсқасы экранда көрсетіліп тұрады.

Ол көпшілік арасында Хәкім Абайды сомдаған ең жас опера әншісі ретінде кеңінен танымал. Кезінде бұл рөлді Ермек Серкебаев 27 жасында сомдаса, біздің кейіпкеріміз 23 жасында сахналаған. Студент кезінде ойнаған Азамат Жалтыркөзов осы рөлімен ең жас қазақ ретінде тарихта қалғанына мақтанатынын жеткізді.

– Ең алғаш рет сахнаға 9 жасымда шықтым. Сол уақытта яғни 1995 жылы Ұлы Абай ақынның 150 жылдық мерейтойына арналған концерт өткізілген болатын. Мұнда мен қазақтың бас ақынының жас бала кезіндегі рөлін ойнап, «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындадым.

Бұл оның үлкен сахнаға тұңғыш шығуы болатын.

– Кейін Сара Алпысқызының «Бөбек» қорының бастамасымен дарындық жеткіншектердің «Айналайын» халықаралық фестиваліне қатысып, өнер көрсетіп, бірінші жүлделі орынға ие болдым. Фестивалде мен патриоттық әнді, бүгінде еліміздің әнұранына айналған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін орындаған болатынмын. Әлі есімде, конкурстан кейін шамамен үш жыл қатарынан мерекелерде осы әнді шырқап жүрдім, - деп еске түсірді кейіпкеріміз.

Хәкім Абайды сомдаған ең жас опера әншісі

Өмірін өнерге арнаған Азамат көптеген халықаралық және республикалық байқауларда өзгеге ұқсамайтын өзіндік орындау стилімен талайды таңдай қақтырып келеді. Ол   2005 жылы Шымкентте өткен XXVI Республикалық жас орындаушылар байқауында I премияны жеңіп алса, 2006 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында өткен жастардың IV дельфий ойындарында алтын медальды қанжығасына байлайды. Ал 2007 жылы Польшаның Варшава қаласында өткен Станислав Монюшко атындағы алтыншы Халықаралық байқауда Польша музыкалық академиясының арнайы сыйлығына ие болса, 2008 жылы елордада ұйымдастырылған Нұрғиса Тлендиев атындағы бірінші Халықаралық байқауда Гран-при мен Астана қаласының әкімдігінің сыйлығына ие болады. Дәл осы жылы өнер иесі Италияның Сан-Барталамео қаласында ұйымдастырылған XXIII Халықаралық «Жас таланттар» конкурсында I премиямен марапатталады. Сондай-ақ ол 2010 жылы Алматы қаласында Бибігүл Төлегенова атындағы IV Халықаралық байқау мен Әзірбайжан мемлекетінің Баку қаласында Бюль-Бюль атындағы V Халықаралық байқауда бас жүлдені иеленген еді.

– 2010 жылы Украинаның Одесса қаласында өткен А.В.Нежданова атындағы бірінші Халықаралық конкурста бас жүлдеге ие болдым. 2012 жылы Молдова мемлекетінің Кишинев қаласында Мария Биешу атындағы Халықаралық опералық әншілер байқауында, 2014 жылы Ресейдің Курск қаласында Г.Свиридов атындағы V Халықаралық камералық әншілер байқауында бірінші орынды иелендім. Мен шамамен отыздан аса елде ұйымдастырылған республикалық және халықаралық классикалық опера әншілерінің конкурсында бақ сынадым, - дейді ол.

Бүгінде Азамат Жылтыркөзов – Қазақстан Республикасының «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері және Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің Жоғары аттестациялық комитетінің ассоциациялық профессоры. Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталып, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы арасында «Содружество дебютов» Халықаралық сыйлығының лауреаты атанған.

Опера әншісі мемлекеттік және халықаралық дәрежедегі мәдени іс-шараларға белсене қатысып, еліміздің классикалық өнерін өзге мемлекеттерде жоғары дәрежеде көрсетіп жүр. Оның репертуарында опера ариялары мен романстар және халық әндері мен шетелдік композиторлардың шығармалары бар.

– Шетелдерге гастрольдік сапарларға шыққанда әуелі қазақтың халық әндерін, Ұлы ақын Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем қаламқас» сынды өзге де өлеңдерін орындаймыз. Репертуарымызда қазақ, орыс, неміс сынды өзге ұлт өкілдерінің де шығармалары бар, - дейді ол.

Азамат Жылтыркөзов белгілі композитор Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсында Қамардың әкесі Омардың партиясын, П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсында Онегиннің, «Иоланта» операсында Робертоның, Дж.Вердидің «Травиата» операсында Жермонның, С.В. Рахманиновтың «Алеко» операсында Алеконың партиясын орындау мәртебесіне ие болған. Ол тек опера жанрында ғана емес, камералы-вокалдық шығарманы да орындағанды жақсы көреді.

Бір айта кетерлігі, әр ұлттың туындыларын ұштастыра білу де кәсіби біліктілікті қажет етеді.

– Түрлі елдерге гастрольдік сапарларға барған уақытта міндетті түрде сол ұлттың тілінде де орындалатын шығармаларды апарамыз. Мәселен, Италияға барсақ, итальян тілінде, Германияға барсақ, неміс тілінде сынды түрліше тілдегі ұлттық туындыларын репертуарымызға міндетті түрде кіргізіп отырамыз. Өзге ұлттың туындыларын орындауға дайындыққа шамамен бір-екі ай көлемінде уақыт кетеді, - дейді Азамат Жылтыркөзов.

Кең диапазонды тембрге толы дауыс иелері еліміз бойынша санаулы. Солардың бірі әрі бірегейі – Азамат Жылтыркөзов.   Өзінің талантымен елімізде өтетін түрлі мәдени шараларға белсене қатысып, халықтың алдында өнерін көрсетіп, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүр.  

– Өмірін опера өнеріне арнайтын адам ең алдымен еңбекқор болуы қажет. Әлбетте, опера әншісі үшін бойында дарыны мен кең диапазонды тембрге толы дауыс болуы керек. Меніңше, бұл Алланың пендесіне берілетін баға жетпес сыйы. Ол бір пайыз болса, қалғаны үздіксіз ізденіс пен еңбектің нәтижесі. Мәселен, бойымдағы дарынды сондай сый деп ойлаймын. Ал менің өмірлік миссиям   – опералық туындыларды қалың көпшілікке жеткізу. Кез келген рөлді сахнада орындаған уақытта өз-өзімізді ұмытып, шығарма кейіпкеріне айналамыз. Әнді орындағанда және рөлді сомдаған уақытта кейіпкердің мінезін, сөйлеу мәнерін және т.б. іс-әрекеттерін барынша ұқсастырып жеткізуге тырысамыз,- дейді ол.

Бір ерекше атап өтерлігі, әртіс шығарма кейіпкерінің образын жан-жақты түсініп, ішкі жан дүниесімен толық сезінген жағдайда ғана көрерменге жеткізе алады. Ал өнер иелері сол шығарма кейіпкерлерінің образдарын қойылымдар арқылы көрерменге жеткізушілер екенін айта кетейік.

Хәкім Абайды сомдаған ең жас опера әншісі

Олардың күнделікті жұмысы – өзге сала мамандарының жұмысынан өзгеше.

– Күнделікті жұмысына кіріспес бұрын әртістің ұйқысы қанық әрі өз-өзің сергек сезінуі қажет. Таңертеңгілік таңғы асымызды ішіп, театрға жұмысқа келеміз. Жұмыс күніміз дауысымызға жаттығу жасаудан басталады. Кейін репетицияларға дайындыққа кірісеміз. Оркестрмен, режиссермен бірге опера жанрындағы туындыларды орындаймыз. Ал кей күндері кешкілік концерттерге барып, өнер көрсетіп қайтамыз, - дейді Азамат Жылтыркөзов.

Опера әншілерінің кейбіреулері дауыстары қатты шығуы үшін ерекше күтінетінін де естіп жатамыз. Ал біздің кейіпкеріміз болса, қандай да бір әдісті ұстанбайтынын айтады. Тым қатты салқын болмаса ыстық су ішпеу сынды жалпыға ортақ ережелермен ғана шектелетінін жеткізді.

Былтыр наурыз айынан бастап күллі әлемге таралған жұқпалы індетке байланысты көптеген сала мамандарының қызметтері онлайн форматқа ауысқан еді. Солардың қатарында кейіпкеріміз Азамат Жылтыркөзов те бар. Ол карантиндегі уақыты қалай өткені жайында да айтып берді

– Қателеспесем, былтыр наурыздың 16-нан бастап «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы карантинге жабылып, шамамен алты айға жуық уақыт онлайн форматта жұмыс істедік. Әлбетте, басында қиынға соқты. Бірақ біртіндеп онлайн форматта да жұмыс істеуге үйреніп кеттік. Спортшыларымыз күнделікті бұлшық еттерін жаттықтырып тұруы қажет секілді бізде дауысымызды жаттықтырып, түрлі әндерді орындауымыз керек. Сол себепті карантин уақытында барлығымыз үйімізге музыкалық аспап сатып алып, үй жағдайында дайындалдық. Себебі театрға келуге тыйым салынған болатын, - дейді өнер иесі.

Сонымен қоса, ол үйде отырып, онлайн форматта әлеуметтік желінің көмегі арқылы көрермендерге түрлі тілде шығармаларды орындап, олардың көңіл-күйін көтеруге атсалысқан.

– Біз Мәдениет және спорт министрлігінің және Қазақконцерттің әлеуметтік парақшаларында тікелей эфирде «Карантиндегі жұлдыз» атты жобаны ұйымдастырдық. Мұнда өнер иелері өз концерттерін өткізді. Бұған өзім де қатысып, түрлі тілде опералық туындыларды орындадым. Меніңше, мұндай бағыттағы концерттер барша қазақстандық көрерменнің көңілінен шықты деп ойлаймын, - дейді ол.

Концерт барысында көрермен өнер иелерінің фольклорлық, эстрадалық, классикалық, аспаптық концерттерін үйден шықпай-ақ тамашалаған болатын. Сондай-ақ өнерсүйер қазақстандықтар концерт кезінде өнер жұлдыздарымен тікелей әңгімелесіп, қызықтырған сұрақтарына жауап та алған болатын.

Оның айтуынша, онлайн форматта концертті опера әншілерінен ең бірінші болып Майра Мұхамедқызы берген. Жалпы әнші карантиннің де көмегі көп тигенін жеткізді.

– Карантин уақытында отбасымызға және бала-шағамызда мейлінше көп уақыт бөлдік. Елордадағы саябақтарда таза ауада серуендеп, уақытты пайдалы өткізуге тырыстық. Менің жұбайым да өнер саласында қызмет етеді. Ол – музыкант. Сондықтан өзіме үй жағдайында дайындалу аса қатты қиындық туғызған жоқ. Ал қабырғалас көршілерім болса, менің опера әншісі екенімді жақсы біледі. Сол себепті олар түсіністікпен қарады. Әлбетте, кешкі сағат оннан бастап тыныштық режимін сақтап отырдық, - дейді ол.

Азамат Жылтыркөзов қатаң карантиндік шаралар алғаш жеңілдетілген уақытта 50 шақты көрерменнің алдында мерекелік-іс шаралар мен концерттер өткізгенде қандай сезімде болғанын айтып берді.

– Карантинге байланысты жарияланған ұзақ үзілістен кейін сахнаға шығу әрі өнер көрсету – зор қуаныш. Әлбетте мен де өзге әріптестерім сынды сахнаны қатты сағынған болатынмын. Мен үшін әсіресе көрермендердің қуанышты жүздерін көру – үлкен бақыт. Мәселен, операға келген елу көрермен біз үшін лық толы залмен тең болды. Шамамен алты ай үзілістен кейін елу көрерменнің өзі бізге керемет шабыт сыйлады. Өздеріңіз білесіздер, шығармашылық адамы үшін алты ай сахнаға шықпау деген додаға қатысудан шеттетілген спортшымен бірдей. Көптен бері театрға келуді аңсаған көрермендерді қуанту үшін біз бар жан-тәнімізбен беріліп өнерімізді көрсеттік және әндерімізді орындадық.

Азамат Жылтыркөзов – опера әншісі ғана емес, әрі білікті ұстаз. Бүгінгі таңда Қазақ ұлттық өнер университетінде студенттерге тәлім берумен айналысады.

– Менен бітіріп шыққан студенттерімнің алды қазіргі кезде театрда солист болып жұмыс істеп жатыр. Олардың бірі – жас әнші (баритон) Ержан Сайыпов. Екінші оқушым Азат Мәлік – опералық әнші (баритон), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және халықаралық конкурстардың лауреаты. Ол Венгрияда білімін жалғастырып жатыр. Алтынбек Әбілда есімді оқушым Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының жеке солисі болып қызмет етіп жатыр. Ал Сұлтан Бақытжан атты оқушым қазіргі кезде магистратураны Италияда оқып жатыр. Алла қаласа, шетелдерде кәсіби білімін шыңдап жатқан оқушыларым оқуын тәмамдап, елге келіп, еліміздің өнер саласының дамуына өз үлестерін қосады деген ойдамын, - дейді ол.

Ол бос уақытында тамақ әзірлегенді және отбасымен таза ауада серуендегенді ұнатады.

Биыл қарашаңырақ «Қазақконцерттің» алпыс жылдығына классикалық өнер бөлімі бенефис өткізді. Музыкалық өнерде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан Қазақконцерт Тәуелсіздік мерекесінің 30 жылдығын өзінің 60 жылдық мерейтойымен ұштастырып, алдағы уақытта көрермен назарына онлайн және дәстүрлі форматтағы жаңа концерттік бағдарламаларды ұсынады. Егемендіктің отыз жылдық мерейтойын «Қазақконцерт» өзінің бай тарихы мен тәжірибесі бар әрі кемелденген өнер ордасы ретінде қарсы алып жатыр.

– 2021 жыл айтулы даталарға толы екені баршамызға белгілі. Биыл тау тұлғаларымыздың мерейтойлары көп. Осы орайда «Қазақконцерт» ел мәдениеті мен тарихындағы елеулі мерейтойлық іс-шараларды назардан тыс қалдырмайды. Қазіргі уақытта Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына, жыр алыбы Жамбыл атамыздың 175 жылдығына, келер жылы атап өтілетін Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар кешені дайындалып жатыр, - деп сөзін түйіндеді Азамат Жылтыркөзов.

(Суреттер сұхбат берушінің жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға