Кеш жүктілік: қауіпті үрдіс пе, қалыпты үрдіс пе?

 Коллаж ЖИ көмегімен жасалды
Фото: Коллаж ЖИ көмегімен жасалды

Кезінде жиырмаға толмай ана атанған қыздар бүгінде отызға жақындағанда немесе одан асқанда ғана сәбилі болуды жоспарлайды. Әйелдер алдымен білім алуды, мансап қууды және қаржылық тұрақтылыққа жетуді жөн көреді.

Бүгінде Қазақстанда әр 1000 адамға шаққанда жыл сайын 20,1 бала дүниеге келеді. Орташа есеппен бір әйел үш сәбиді өмірге әкеледі. Бірақ уақыт өзгере келе аналардың орта жасы да өзгерді: егер 1990 жылы әйелдер алғашқы баласын көп жағдайда 22 жаста тапқан болса, қазір бұл көрсеткіш 29,5 жасқа жеткен, яғни қазақстандық әйелдер бүгінде отбасын құру мен ана болуды саналы түрде кейінге қалдыруда. 

Авторы: Аружан Кенжебаева 

Кеш ана атану үрдісінің артында жеке таңдау ғана емес, қоғам мен экономикадағы бірнеше себеп жатыр. Психологтардың сөзінше, бұған соңғы жылдардағы экономикалық жағдайдың құбылмалылығы, урбанизация мен үлкен қалалардағы өмір салты өз әсерін тигізді. Мұндай ортада бала туу шешімі эмоционалды және физикалық тұрғыда жоспарлы қадамға айналады.

Қазіргі әйел мен ер адам алдымен тұрмыстық және эмоционалды тұрақтылыққа ұмтылады. Тұрғын үйдің қымбаттауы, жұмыс бәсекесі, болашаққа сенімсіздік сияқты факторлар отбасын құру, ата-ана атану шешімін кейінге қалдыруға итермелейді. Заманауи әйелдер үшін тәуелсіздік пен кәсіби өзіндік бірегейлік басты құндылықтарға айналды, – дейді психолог Аяулым Жантемірова. 

Тағы бір маңызды себеп – медициналық сауаттылықтың артуы мен заманауи контрацепцияның кең таралуы. Егер бұрын жүктілікті жоспарлау ұғымы сирек айтылса, бүгінде әйелдер өз ағзасын жақсырақ түсініп, қашан және қалай ана болатынын өздері шешеді.

Алайда бала сүюді кейінге қалдырудың өз зардабы да болады. Репродуктолог мамандардың айтуынша, жас ұлғайған сайын әйелдің табиғи ұрықтану мүмкіндігі төмендеп, жүктілік кезінде асқынулардың пайда болу қаупі артады. 

Репродуктивті жасы ұлғайған әйелдерде бедеулік жиі кездеседі, әрі жүктіліктің ағымы жасқа байланысты және басқа да қосымша аурулардың әсерінен күрделі өтуі мүмкін. Мысалы, қант диабеті, бүйрек аурулары сияқты экстрагениталды сырқаттар жиі байқалады, - дейді Қазақстанның бас репродуктологы, акушер-гинеколог Вячеслав Локшин.

Фотода Вячеслав Локшин, Қазақстанның бас репродуктологы, акушер-гинеколог

 Маманның айтуынша, 35 жастан кейін ұрықта хромосомалық ауытқулардың даму ықтималдығы күрт өседі. 

Сол себепті 35 жастан асқан әйелдерге перенаталдық скринингтен өту ұсынылады. Бұл зерттеу жүктілік кезінде ұрықтың хромосомалық құрылымын тексеріп, болуы мүмкін патологиялардың алдын алуға көмектеседі, - деп түсіндірді Вячеслав Локшин. 

Сондай-ақ дәрігер кеш тұрмыс құрған немесе әлі бала сүймеген әйелдерге аналық без қорының жағдайын тексеруге кеңес береді. 

Антимюллер гормонының деңгейі 1-ден төмен болса, бұл репродуктивті резервтің азайғанын көрсетеді. Мұндай жағдайда жүктілікті ұзаққа қалдырмай жоспарлау немесе ұрық жасушаларын (ооциттерді) криоконсервациялау жөнінде ойлану қажет, - деп атап өтті бас репродуктолог.

Көпшіліктің арасында «жас кезінде босану жеңіл, ал жасы ұлғайғанда ағзаға ауыр тиеді» деген пікір бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Осыны анықтау үшін біз алғашқы баласын 23 жасында, ал соңғысын 40 жасында дүниеге әкелген келіншекпен сөйлестік. Кейіпкеріміз Алтынның айтуынша, екі жүктіліктің айырмашылығын бірден байқауға болады. 

Жасырақ кезде жүктілік те, босану да жеңіл өтті. Ал 40 жасымда ағзам әлдеқайда баяу қалпына келді, босану да қиын болды. Дәрігерлердің бақылауында болдым, кесарь тілігімен босандым, - дейді ол. 

Мамандар мұндай айырмашылықты табиғи құбылыс деп түсіндіреді. Себебі 35 жастан кейін әйел ағзасында метаболизм баяулап, гормондық тепе-теңдік өзгереді. Репродуктивті жүйе биологиялық тұрғыда әлсірей бастағандықтан, жүктіліктің ағымы да күрделене түседі. Көп жағдайда ана мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кесарь тілігі отасы жасалады. Қазақстан қоғамдық даму инстититуты мамандарының зерттеуі де бұл пікірді растайды.

35 жастан асқан әйелдердің табиғи жолмен босану ықтималдығы төмендеп, медициналық араласуды қажет ететін жағдайлар жиілейді, - дейді маман. 

Ал екінші кейіпкеріміз алғашқы сәбиін 46 жасында дүниеге әкелген. Жүктіліктегі тәжірибесін бөліскен ол тұрмысқа кеш шығып, тәуекелдерді түсіне отырып, бұл кезеңге ұзақ әрі жүйелі дайындалғанын айтты.

- Кеш жүктілікке баруыңызға не себеп болды?

- Бұл шешімнің негізгі себебі – менің кеш тұрмысқа шыққаным. Отбасылық жағдайым тұрақталғаннан кейін ғана бала туралы шынайы ойлануға мүмкіндік туды. Уақыт өткен сайын бұл сұрақты кейінге қалдыра беру мүмкін еместігін түсіндім.

- Осы жасқа келгенде бала сүю туралы шешім қабылдауға не ықпал етті?

- Ең басты фактор өзімнің ана болуға деген нақты ішкі дайындығым. Бұрын мансап пен жеке мақсаттарым басым болды. Тұрмысқа шыққаннан кейін өмірімнің келесі кезеңіне өту қисынды көрінді. Жасым үлкен екенін, тәуекелдердің бар екенін анық түсіндім, бірақ соған қарамастан бұл шешім саналы түрде қабылданды.

- Жүктілікке дейінгі дайындық қалай өтті?

- Дайындық ұзақ және жүйелі болды. Жасы үлкен әйелдерге тән медициналық қауіптерді түсіне отырып, толық тексеруден өттім. Дәрігерлердің ұсынымдарын орындадым: денсаулықты бақылау, дәрумендер қабылдау, өмір салтын реттеу. Бірақ бәрібір іштей қорқыныш болды. Әлеуметтік желіде көптеген жазбаларды оқып, кеш жүктілік кезінде болатын проблемалар менің де басымнан өтеді ме екен деп уайымдадым. Шүкір, қазір дені сау Ерасыл есімді азаматты тәрбиелеп, өсіріп отырмыз.

Біз осы мақаланы жазу барысында  «Қазақстандық отбасылар - 2022» әлеуметтік зерттеуі аясында респонденттерге мынадай сұрақ қойылды: «Бала тууын жоспарлау керек пе, әлде бұл міндетті емес деп ойлайсыз ба?» (%).

Сауалнама нәтижесі бойынша, қатысқан қазақстандықтардың 73,5%-ы бала туу алдын ала жоспарлануы керек деп есептейді. Ал 15,2%-ы мұның қажеті жоқ десе, 11,3%-ы сұраққа жауап беруде қиналған.

Жасы ұлғайған сайын әйелдің репродуктивті мүмкіндігі төмендейтіні белгілі. Бірақ медицина дамыған заманда ана болудың жолдары да көбейді. Қазақстанда бедеулік проблемасын шешу мақсатында 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында ЭКҰ (экстракорпоралды ұрықтандыру) процедурасына берілетін квота саны бес есе өсіп, 1,3 мыңнан 7 мың хаттамаға дейін артты.

Бүгінде елімізде мынадай көмекші репродуктивті технологиялар қолданылады: 

  • - экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ); 
  • - суррогат ана немесе донор жасушасын пайдалану; 
  • - жұмыртқа жасушасы цитоплазмасына шәуетті енгізу (ЖКЦШИ әдісі); 
  • - жатыр ішіне инсеминациялау (ЖІІ); 
  • - жыныс жасушаларын криоконсервациялау (қатыру және сақтау); 
  • - эмбрионды имплантациялауға дейінгі генетикалық диагностикалау (ЗИГД); 
  • - ерлерден шәует алу үшін TESA әдісі.

Діни көзқарас бойынша, медициналық араласу, оның ішінде көмекті репродуктивті технологиялар, тек некедегі ер мен әйелдің арасында қолданылған жағдайда рұқсат етіледі. Мысалы, экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) - бұл ерлі-зайыптылардың бедеулігін шешуге арналған әдіс. Жұмыртқа жасушасы зертханада ұрықтандырылып, эмбрион жасалады, кейін әйелдің жатырында дамиды. Бұл жағдайда баланың генетикалық материалдары тек ата-анасына тиесілі, ал жүктілік медициналық араласудың нәтижесінде жүзеге асады. 

Ал суррогат ана болу Қазақстан заңында рұқсат етілген, ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінде суррогат ана болудың негізгі шарттары қарастырылған. Дегенмен ислам тұрғысынан бұл әдіс күрделі этикалық шектеулерге байланысты ұсынылмайды. 

Суррогат ана болу шариғатқа сәйкес емес, өйткені әйелдің жүктілігі мен ұрпақ табу қабілеті саудаға жатпайды, – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуа бөлімі.

Бүгінде кеш ана болу Қазақстанға ғана тән құбылыс емес - әлемдік деңгейде де байқалады. Еуропаның басқа елдерінен алынған мәліметтер бірінші рет бала туған аналардың жасының жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді. 2020 жылы бұл көрсеткіш орташа есеппен 29,5 жасқа жеткен. Орташа алғанда, бірінші рет балалы болған аналардың жасы: Италияда - 31,4, Испанияда - 31,2 жас. Ең жас аналар Болгарияда - 26,4 жас, Румынияда - 27,1 жас, ал Словакияда - 21,2 жас.

Сонымен қатар кеш аналықтың ар жағында жеке шешім ғана емес, денсаулық, жоспар мен дайындық мәселелері жатыр. Сондықтан әр отбасы үшін маңыздысы – ақылмен жоспарлау: 

- Екі серіктес те: әйел де, ер адам да медициналық тексеруден (чекап) өтуі қажет; 

- Аналық немесе отбасылық жоспарлау мәселелерін мағыналы әрі саналы түрде қарастыру қажет; 

- Балалы болу шешімін қабылдаған кезде жас пен денсаулықтың ықпалы, медициналық мүмкіндіктер мен тәуекелдерді ескерген жөн.

Авторы: Аружан Кенжебаева 

Оқи отырыңыз