Жаңалықтар

Кеңес Рақышев әлем чемпионатында үздік шыққан боксшыларға 100 мың доллар сыйақы береді

Кеңес Рақышев әлем чемпионатында үздік шыққан боксшыларға 100 мың доллар сыйақы береді
Фото: Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі 25.04.2023 18:00 1498

Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев Ташкенттегі әлем чемпионаты алдында Мырзағали Айтжанов жаттықтыратын ұлттық құрамаға сәттілік тіледі, деп хабарлайды Еl.kz ақпараттық агенттігі.

Бокс – еліміздегі ең танымал әрі ең нәтижелі спорт түрі. Сондықтан, Ташкенттегі әлем чемпионаты жанкүйерлердің ерекше назарында болары анық. Қазақстан бокс федерациясы, бапкерлер және спортшылардың өздері алдағы додаға тиянақты дайындалу үшін бар күш-жігерін жұмсады. Соңғы әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде иеленіп, тамаша нәтиже көрсеткенін өздеріңіз білесіздер. Енді Ташкентте біздің былғары қолғап шеберлеріміз бұдан да биік белестерді бағындыратынына сенеміз, - деп жазды Кеңес Рақышев.

Ол жанкүйерлерден спортшыларымызға қолдау көрсетуді сұрады. Ал федерация тарапынан жеңімпазға қомақты сыйақы қарастырылғанын айтты.

Демеу болса, ұлттық құраманың боксшылары аянып қалмасы анық. Бірлік бар жерде – тірлік бар. Барлығымыз бір жұдырық болып жұмылсақ, алынбайтын қамал жоқ. Әлемдік аренада тағы бір мәрте үздік атану үшін қауқарымыз жетеді. Жігіттерімізді ынталандыру мақсатында жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дәстүрлі түрде өз қаражатымның есебінен қосымша сыйақымен марапаттаймын. Чемпиондарға 100 мың АҚШ доллары қарастырылған, – деді федерация президенті.

Әлем чемпионатының басталуына тура бір апта қалды. Жарыс 1-14 мамыр аралығында өтеді. Ұйымдастырушылар біріншілікке 104 елден 600 аса былғары қолғап шебері қатысады деп отыр.

Әлем біріншілігіне қатысатын құраммен мына сілтеме арқылы таныс болыңыздар. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға