Жаңалықтар

Келін шайы

Келін шай құю арқылы алғашқы сыннан өтеді
13.10.2015 09:38 21007

Келін шайы – беташар айтылып болған соң сол үйге туыс жасы үлкендер, көрші-қолаңдар жас келіннің қолынан «шәй ішу» рәсімін өткізген. Бұл кезде жас келінге өзіне тетелес сол үйдегі не жақын абысыны көмекке келген. Абысын-ажын арасындағы болашақ татулық осы арадан басталған. Осы бірінші дастарқан үстінде келіннің жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, т.б. назар аударылып, ол алғашқы сыннан өткен. Соңынан жасы үлкен, халыққа қадірлі қария келінге бата берген.

Келін шайы

«Келін шайы» рәсімінің мәнісі жаңа түскен келінге шай құйдырту арқылы оның үй шаруасына икемділігін сынау және келінді жаңа туыстарымен таныстыру. Келген қонақтарға келін жылы қабақпен, жылы  жүзбен, инабатты пейілмен шай ұсынады. «Келін жан, тамағыңды емес, қабағыңды бер» дейтін нақыл осындай жағдайдан басталып айтылса керек. Әрине, шай демдеудің, оны кеселерге құюдың жөн-жобасын келін білмеген жағдайда абысындары көмектеседі. Бұл бір жағынан әлі ешкімді танымайтын келіннің абысын-ажынмен тезірек танысып, алыс-беріс жасап кетуіне жақсы. Сонымен қатар бұл дәстүр келін мен абысындар арасын бірден жақындастырады. Келгендер қолтығына бір-бір көйлектен, шай-қанттарынан, орамалдарынан қыстыра келеді. Тіпті кейбір жақын әрі кербез абысындар жүзік, сырға да салып кетеді. Қатын-қалаш құшақтап келіннің бетінен сүйіп, еркелететін бұл басқосуды абысындар арасындағы бауырластық, жылылықты бірден жалғауға арналған жиын деуге болады. Жиылғандарға жаңа түскен жас келін уағыз айтып көсемсімейді. Қызарақтап, қысылып, ақырын ғана әнтек күліп, көзін төмен түсіріп отырады. «Алыңыздар, жеңіздер» деп те айтпайды. Мұны жеңге айтады. Абысындар кетерде келін сарқыт береді. Бұны біздің бабалар жас келін жалғызсырамай абысын-ажынмен тез сыйласып кетсін дегендіктен шығарған. Адамдар арасындағы бауырмалдықты тез қалыптастыратын мұндай отырыс дін шарттарынан шыққанын есте ұстағанымыз абзал. Қазақ әйелдерінің ырысты ынтымағынан хабар беретін «келін шайда» жақсы, ұлағатты әңгімелер айтылғаны дұрыс.

Келін шайы

Қолданылымдағы «абысын-ажын» деген қос сөздің әрқайсының көне түркі-моңғол тілдерінде жеке-жеке мағынасы болған. Келін ағаның әйелін «абысын», ал абысын інінің әйелін «ажын» деп атаған.

Келін туралы Зейнеп Ахметова апамыз бір жазбасында: «Келін тек қана күйеуге ие болмайды. Ол қайын ата, қайын ене, қайны, қайынсіңлі, қайнаға мен абысын, тағы да басқа толып жатқан туыстарына, бүкіл әулетіне ие болуға барады. Ал, «бір-бірін жақсы көрсе болды» деген жай сөз. Одан бір шикілік шықпай қоймайды. «Қайтып келген қыз жаман» демекші, қайтып келген қыз ата-анасының бетіне де, ауыл-аймағына да көлеңке. Мысалы, «Қызға қырық үйден тыю, қала берді қара күңнен тыю» деген бар. Бұл қырық үйден үлгі-өнеге көру, қала берсе қара күңнен де бір жақсылықты үйрену деген сөз, - деген екен.

Ибалы, инабаттың келіннің иіліп шай құюының өз мәнісі бар. Бір шаңыраққа келін болып түскеннен кейін, сол әулеттің туған-туыстарына келін шәй берудің тәрбиелік мәні осында болса керек. Аталмыш салттың мәні – келіндер мен абысындардың татулығы, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуді мақсат етуінде.


Әзірлеген Тұмар АСЫЛ  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға