Жаңалықтар

Қазақстандағы 100 жаңа есім жобасының жеңімпаздары

Жоба жеңімпаздарымен сұхбат
Қазақстандағы 100 жаңа есім жобасының жеңімпаздары
15.12.2017 11:58 7007

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында бастама еткен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздары анықталды. Олардың әрқайсы өмірге деген құлшынысты арттырады, өзінің білімділігі мен еңбекқорлығымен тәнті етеді. Осы "жаңа есімдермен" кеңінен таныстырмақ мақсатта, оларға бірнеше сұрақ қойған едік:

1. Сіздің өмірдегі ұстанымыз. 

2. Сіздің табысқа жетуіңізге ықпал еткен қасиетіңіз

3. Болашаққа жоспарыңыз.  

Бахаргүл Төлегенқызы

1.Тәуелсіз елдің болашағына болысу, қолымнан келген бар мүмкіндікті пайдаланып, туған елдің келешегіне бойымдағы барлық күш-жігерімді жұмсау. Бұл-жылтырақ қызыл сөз емес, менің өмірлік мұратым. Менің алдағы өмір белестерімнің барлығы осы мақсаттармен тікелей байланысты. Мен атамекенге үлкен сағыныш, таудай мақсатпен табан тіредім. Қытайда туып-өстім. Бірақ, мәңгілік бойтұмарым-Отанға қалтқысыз қызмет ету. Осы мақсат жолында табандылықпен аянбай еңбек етіп келемін.  Өзім басқарған «Әдемі-ай» компаниясы бұл күндері бүкіл елімізге белгілі. Елбасының да бірнеше мәрте қабылдауында болдым. Халық мүддесіне, ел сұранымына толықтай жауап беретін ұлттық нақыштағы кәдесыйлар жасап шығаруды одан әрі жалғастыра беремін.

2. Ең алдымен айтарым, ұстамдылық және жігерлілік. Уәдеге беріктік. Мұқалмау, ойдан шықпаған шаруа болса, оны бастан -аяқ қайтадан қолға алудан ешқашан тартынған емеспін және шаршаған да емеспін. Қауырт жұмыс мені үнемі жігерлендіреді, алға ұмтылуға жетелейді. Компания санаулы уақыт ішінде талай-талай халықаралық спорт жарыстары мен  әлемдік мән-маңызға ие болған атышулы көрмелердің тапсырыстарын мінсіз орындады. Олардың бізге деген алғыстары шексіз. Мені табысқа жеткізген осы жігерлі қадір-қасиеттер.

3. Алға қойған жоба-жоспар шашетектен. Алдымен елдің кәдесыйларға деген сұранысын аңдау. Облыстардан түсіп жатқан тапсырыстарға толыққанды жауап беру. Алдымызда Астана қаласының 20 жылдығы. Осы мерекеге орай айналысқа әлі түсе қоймаған кәдесыйлардың жаңа моделін жасау жоспарда бар. Облыс орталықтарындағы компания дүкендерін заман талабына сай жасақтасақ деймін.  

Дина Жоламан

1. Менің өмірлік ұсанымым – «өмірде қандай жағдай болса да берілмеу керек және өткеніңді ұялмай есіңе алатындай өмір сүру». Әрине барлық адам қателеседі, қателікке ұрынады. Бірақ өзгеру үшін күш-жігер, ақыл мен адамшылық барлық адамда бола бермейді. Менің ойымша өзгелерге ешқандай қиянат жасамаған, зиянын тигізбеген адамдар ең бақытты жандар деп есептеймін.

2. Үлкен спортта жалқаулыққа, өз-өзіңе аяушылықпен қарауға орын жоқ. Менің спорттағы жетістігім, физикалық жаттығудың ғана емес, рухани күш пен ақылдың жемісі деп есептеймін. Спортшыға қорғаныстан кейін қандай соққы жасау керек екенін ойлану үшін бірнеше секунд қана беріледі. Егер жекпе-жек алдында психологияық тұрғыдан дайындық жасамасаң, қобалжудан күш-жігерден айырылуың да мүмкін. Іштей барлық соққыға дайын болу керек, себебі іштей дайындық боласа барлық еңбегің далаға кетеді. Мен әлем чемпионы атанғанда жаным мен тәнім біріккендей болды. Менің жетістікке жетуіме жеңіске деген құштарлық пен еңбекқорлығым себепкер болды деп ойланбастан айта аламын.

3. Спорт залы – тек бапкерлердің чемпиондар мен споршыларды дайындайтын орын емес. Темірдей берік тәртіптің арқасында жігерлі де мінезді және мықты адам болып қалыптасуыңа себепкер болатын бірден бір орын – спортзал. Менің бапкерім, Высоцкий бала кезімде «боксшы бола алмауың мүмкін, алайда адам болу сенің бірінші міндетің» деп айтқаны әлі күнге дейін есімде. Мені боксшы ғана емес, адам етіп тәрбиелегені үшін мен оған өмір бойы қарыздармын. Ал менің спортшы ретіндегі жоспарым, еліміздегі боксты ары қарай дамытқым келеді. Сонымен бірге спорттан бөлек қайрымдылықпен де айналысқым келеді.

Күлбарам Баязитова

1. Ата-бабаларымыздың ұлжандылығы қазіргі жастарға үлгі болады. Ата-бабаларымыз жер үшін, өскелең ұрпақ үшін өз жандарын құрбан етіп, елін, жерін, ұлтын, дәстүрін сақтап қалды. Сондықтан біз оларды ұмытпауымыз керек, тек ұлықтауға міндеттіміз.

2. Мен өзгелерге сенім білдіре аламын. Менің осындай жетістікке жетуіме себепкер болған қасиеттер кәсібилігім және өз мамандығымды жақсы көретіндігім деп есептеймін.

3. Менің алға қойған жоспарларымның бірі кәсіби, білікті маман дайндау. Қазіргі жастарға өз білгенімді үйрету. Сонымен бірге мен өз жұмысымды да дамытқым келеді.

Айдие Айдарбеков

1. Мен өзгелердің өмірін жақсартқым келеді. Адамдарды шабыттандырып, олардың өмірге көзқарасын жақсы жағынан өзгерткім келеді.  Тек Қазақстанның ғана емес, әлем тарихында атым қалатындай деңгейде жұмыс атқаруды мақсат етіп отырмын. Әрине, бұл жұмысым ең бірінші өз елімнің, ұлтымның игілігіне жұмсалатын болады.

Өмір, әлем деген шексіз. Сондықтан өмірді ұсақ-түйек дүниелермен шектеп қоюға болмайды. Әсіресе өзгерістер жиі болатын қазіргі уақытта заманға қарай жұмыс жасау керек деп есептеймін. Өмір бір-ақ рет берілетін болғасын кез келген адам өтіп жатқан әр күніне шүкіршілік етіп, рахаттану керек.

Менің өмірімдегі ең құнды байлық – отбасы. Менің ата-анама деген алғысым шексіз. Отбасым менің барым, байлығым.

Менің өмірлік ұстанымым - «Өзімнің қолымнан келеді». Негізі мен өзгелердің көмегіне көп жүгіне бермеймін. Өзгелерге бүкіл жауапкершілікті артып қойғаннан гөрі өзім істегенді артық көремін. Егер жұмыстың жақсы аяқталғанын қаласаң оны басынан аяғына дейін өзің істеу керексің деп есептеймін.

2. Менің жетістікке жетуіме бір ғана қасиетім себепкер болды десем қателескенім болар. Мен талаптымын, бірақ қол жетпейтін дүниелерді армандамаймын. Алайда бір кезде мен армандауды, қиялдауды шетке ысырып қойып, алға тек мақсат қойдым. Барлық уақытта кез келген оқиғаға салқынқандылықпен қарауға тырысамын. Сонымен бірге әр қадамымды аңдап басуға, жет рет өлшеп бір рет кесуге тырысамын. Қандай да бір істі бастасам да соңына дейін жеткізбей қоймайтын мінезім де осындай жетістікке жетуіме көп көмегі тигізді деп есептеймін.

3. Менің алға қойған жоспарларым өте көп. Алдағы уақытта атқарылу керек жұмыстар да көп. Мен барлығын үлгергім келеді. Мені көптеген салалар қызықтырады. Мысалы, музыкаға да, технологияға да, әдебиет пен киноға да қатты қызығамын. Сонымен бірге мен бір жұмыспен, бір саламен шектеліп қалғым келмейді.

Біз, жастардың алдында көптеген мүмкіншіліктер бар. Дәл осындай керемет мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды. Болашақ еліміздің болашағы біздің қолымызда. Тек біздер, жастар ғана елімізді жақсы жағынан өзгерте аламыз.

Салтанат Байқошқарова

1. Менің өмірлік ұстанымым «адамгершілікпен айналаңдағы адамдарға шамаң келгенше қамқорлық жасау, өз ісіңді жоғары шеберлікпен орындау».

2. Еңбекқорлық үнемі игі мақсат қою, соған адалдықпен, асқан табандылықпен, білімділікпен, шадамдылықпен жету кез келген жұмыста жетістікке жетуге көмектеседі деп есептеймін. Сонымен бірге әрбір маман иесі әр адамның жанын түсіне тырысуы керек.

3. Мүмкіндігінше еліміздегі адам ұрпағын өрбіту саласындағы кәсіби мамандарды дайындау, сонымен бірге олардың біліктілігін дүниежүзілік деңгейге жеткізу, алыс аймақтағы халыққа ғылыми технологияларды мүмкіндігінше қолжетімді ету, сол арқылы ұрпақты болуға ықпал етуді жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар, маңызды жоспарларыммен де бөлісетін болсам:

1. 2018 жылы Атырауда экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) лабораториясын ашу жоспарланған.  Бұл БҚО тұрғындарының заманауи технологиялармен ұрпақты болуға үлкен мүмкіндік береді.

2. Алдағы уақытта Алматы қаласында заманауи Кэмбридж ЭКҰ орталығының жобасы бойынша жаңа бедеулік орталығын саламыз. Бұл жобаның ерекшелігі – Кембридждегі орталық сияқты басынан технологиялық тұрғыдан арнайы ЭКҰ – лабороториясы болып салынуы, өйткені әлемдегі орталықтардың көпшілігі дайын ғимараттарға бейімделген.

3. Қазақ репродуктивтік денсаулық сақтау ассоциациясын ұйымдастырып, алыс аймақтағы мамандардың біліктілігін, жалпы халықтың денсаулығына деген сауаттылығын арттыру мақсатында үнемі жүйелі түрде шетелдік және отандық алдыңғы қатардағы мамандардың шақырылуымен конференциялар, мастер-класстар, оқу сабақтарын жүргізу.

Серік Есматов

1. Менің өмірлік ұстанымым: «Өмірде бәрі мүмкін, мүмкін емес дүние жоқ». Мен толыққанды өмір сүремін, себебі мен үнемі өзім ойлағаннан да мықтымын деп сеніммен айта аламын. Өзіме де, өзгелерге де «Өмірде жай жүрмей, өмір сүру керек», - де айтып жүремін.

2. Менің жетістікке жетуіме батылдығым, өз-өзіме деген сенімділігім, ішкі рухани күшім мен еңбекқорлығым себепкер болды деп есептеймін.

3. Қазіргі қоғамда жақсы жағынан өзгертуді, айналамдағылардың көзқарасын өзгертуді жоспарлап отырмын. Кез келген салада мүмкіндік шектеулі емес екенін түсіндіргім келеді. Сонымен бірге еліміздегі Паралимпиядалық спортты дамытқым келеді.

Тимур Рысбеков

1. Менің өмірлік ұстанымым егер өзгелердің өмірінде сен ғана шеше алатын қиындықтар туындаса онда сен оған көмек көрсетуге міндеттісің.

2. Менің еңбекке, өз жұмысыма деген махаббатым жетістікке жетуіме көбірек көмектесті деп сенімді түрде айта аламын. Себебі адам өзінің сүйікті саласы арқылы ғана жетістікке жете алады.

3. Мен елімізде ғылым саласында алғаш рет сараптамалық, зертханалық орталық ашуды жоспарлап отырмын. АҚШ-та осындай орталықтар өте көп, әсіресе университеттерден жиі көруге болады. Ал біздің елде осындай орталықтар жоқтың қасы. Мен кез келген адам өз жобасымен ғылыми орталыққа келе алатындай жағдай жасауды жоспарлап отырмын. Мен өз жобасымен келген адамдарға өз көмегімді көрсетіп, білгеніммен бөліскім, үйреткім келеді.

Елена Дмитриенко

1. Менің өмірлік ұстанымым: әрбір адамға берілген өмір – жақсылық жасауға, өзгелерге зиян келтірмей, қамқор болуға және әр күнді күліп қарсы алуға берілген керемет мүмкіндік.

2. Жетістікке толы өмір деген ең бірінші отбасымен тығыз байланысты деп есептеймін. Сонымен бірге кез келген жұмыста өз-өзіңе сенімді болуың керек. Себебі сенімсіз жетістікке жету мүмкін емес. Сонымен қатар мақсатқа қол жеткізу үшін талап пен кәсібилік және де ең басты қасиеттің өз жұмысыңа деген сүйіспеншілік өз септігін тигізеді.

3. Менің болашақтағы жоспарым еліміздегі балалар қоғамдық ұйымның бір жүйеге келтіріп, одан әрі дамыту. Қазіргі кездегі «Рухани жаңғыру» жобасының жоспарларын да өз саламда дамытып, болашақта жас мамандарға өз білгенімді үйрету.

Санжар Мырзағалым

1.  Менің өмірлік ұстанымым: Сөзден тезірек іске көшкен дұрыс. Ешқандай сын мен сылтау айтпай айтқан сөзді іспен дәлелдеу қай кезде де маңызды. Ойыңа келген кез келген идеяны іске асыратын болсаң міндетті түрде жетістікке жететін боласың. Мен осы ұстаныммен өмір сүремін. Жоспармен ұзақ уақыт жүріп қауға болмайды. Жоспарды міндетті түрде іске асыру керек. Мен осы ұстаным арқылы жұмыс жасаймын және осы ұстаныммен жетістікке жеттім.

Менің тағы бір ұстанымым – ештеңеге өкінбеу керек. Біз «осы істі ертерек бастағанымда ғой», - деп жиі өкініп жатамыз. Біз осы кезде өткенде оралып, барлық қателіктерді жөндеуді аңсаймыз. Бұл өкінішке орай мүмкін емес. Бірақ бірнеше жылдан кейн сіз дәл осылай бүгінге оралуды армандап отырасыз. Бұл – шындық. Сол себепті бірнеше жылдан кейін өкінбес үшін қазір ойыңызға келген жобаны идеяны іске асыруыңыз керек.

2. Үнемі көңілді жүру арқылы да көптеген жетістікке жетуге болады. Тіпті өміріңіздегі ең қиын деген сәттерде өзіңізді құздан құлатпай, қиындықтың шешімін табуға тырысу керек.

Сонымен бірге жетістікке жету үшін өзгелермен тез тіл табыса білу де өз көмегін тигізеді. Егер сіз қызықты дүниені ойлап тапсаңыз, бірақ өзгелер бұл туралы хабарсыз болса, онда сіздің жұмысыңыздың ешқандай мағынасы жоқ. Себебі өз идеяңызды сатып та, оны көркемдеп те білу керек.

3. Қазіргі кезде мені алдағы уақыттағы жобаларым қатты қызықтырып жүр. Қазір технология заманы болғандықтан, осы салаға көп көңіл бөліп жүрміз. Біз қазіргі жастардың да осы саланы терең меңгергенін қалаймыз. Осы технология біздің болашағымыз болып есептеледі.

Сонымен бірге біз осы салаға қызыққан жастарға өз білгенімізді үйретіп жатырмыз. Оларға біз жүрген жолдарды тез жүріп шығуға мүмкіндік берілген. Мен болашақ жастарға сенемін.

Менің өзіндік мақсатымнан, арманымнан бөлек біздің ортақ арман-мақсатымыз бр деп есептеймін. Ол елімізде шығарылған жоғары сапалы өнімдерді, IT өнімдерін, яғни программалар мен жүйелерді барлық әлем білсе, пайдаланса. Діл осы сала елімізді көркейтуге көп көмегін тигізіп, жаңаруға, жаһандануға өз үлесін қосатынына кәміл сенемін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға