Жаңалықтар

Қазақ публицистикасы сыншыл реализмінің реттемелік  қызметі

Қазақ көсемсөзіндегі сыншыл реализм
Қазақ публицистикасы сыншыл реализмінің реттемелік  қызметі
16.09.2017 15:16 2901

Бұрын айтуға болмай келген, жариялауға рұқсат етілмеген көптеген тарихи шындықтың беті ашылды. Егемендігімізбен ере келген демократияның оң ықпалына қуанбағанымыз кемде-кем. Мысалы, «Егемен Қазақстан» газеті «Алыс-жақынды таразыласақ» деген айдармен тарихқа жүргізілген зерттеулерлерден мағлұмат береді. Мәселен, «Әділет» қоғамына келіп түскен мәліметтер бойынша 1938 жылғы ақпан мен наурыз айында Алматыда, Ақтөбеде және Шымкентте 623 адам, олардың ішінде М.Асанбаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Асфендияров, С.Меңдешев, Т.Жүргенов, Е.Есқараев, Н.Сырғабеков, А.Лекеров, Ж.Шанин, т.б. атылды. Қазақстанның аумағы бірнеше жылда қасіретті Гулагтың бөлімшесіне айналды. Мұнда жүз мыңдаған адам лагерьлерде азап шегіп, өліп жатты.

Ендігі тарихтың жүректі жаралайтын тұсы, сол кінәсіз қаза болғандардың қайда жерленгенін анықтау. Оның үстіне күні бүгінге дейін Қазақстанда қуғын-сүргінге түскендердің біразы ақталды. Мәселен, мына дерекке қараңыз. Алматы облысының, Талғар, Іле аудандарының Кіші Алматы өзені және Алматы-Николаевка жолы арасында 30-40 жылдарда саяси қуғын-сүргін құрбандары әртүрлі ұлт өкілдерінің жаппай жерленгені анықталды. Әли селосының тұрғындары 1937 жылы өздері тұрған ауылдың шығыс жағынан, Кіші Алматы өзенінің оң жағалауында 1932 жылы Диқанбай байдың аштықтан қырылып қалған ауылының жағалау бойына күндіз солдаттар келіп, кезінде саманнан салынып, кейін құлап қалған үйлердің үйіндісінде және сай-салада шұңқырлар қазған. Ал кешке қарай шамдарын жаққан көліктер келіп, осы шұңқырларға атылған адамдарды көмген. Бұл жантүршігерлік мәліметтермен «Қуғын-сүргін құрбандары қашан ақталады?» атты мақала арқылы таныстық. Жетпіс жыл ішінде жүргізілген аяусыз зұлмат қазақ халқын азшылыққа ұшыратып қойған жоқ, өмір сүру ортасын да ойрандады. Мыңдаған жылдар бойына өшпейтін жара салды. Міне, осындай ащы шындықты да кеңестік жүйеден жаңа ғана қол үзген тәуелсіз елдің баспасөзі жариялады. Әлі де болса бұл тың тақырыпқа қазақ зиялыларының ішінде қалам тербеп, тұшымды дүниені жарыққа әкелгені некен-саяқ. Қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың зиялылары мен ашаршылық туралы «Ұлы жұттың жазбалары» атты деректі кітапты қазақ емес, бірақ қазаққа жаны жақын Валерий Михайлов жазды. Демек, біз баспасөз арқылы тарихи ақтаңдақтарды бүкпесіз жариялауымыз керек. Ол тарих қойнауында қалып қоймауға тиіс. Себебі, тарих бәрін өз орнына қояды. Тарихтан үлкен «ақсақал» жоқ.

Сол сияқты С.Аққұлұлының «Ұлт мүддесін қорғаған» атты мақаласынан Ә.Бөкейхановтың бүкіл өмірі оқыған оқырманның санасына күшті әсер етерлік пайыммен жазылған. Сол кездегі қазақ зиялылары ауқатты жерден шыққанына қарамастан, ел мұңын, қазақ халқының дербес болуын армандаған. Армандап қана қоймай, осы жолда тер төкті. 1913 жылдың көктемінде А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың қолдауымен «Қазақ» газетін шығару қолға алынып, Бөкейханов осы газетке «Қыр баласы» және басқа да лақап аттармен түрлі мәселеге арналған мақалалар жариялады.

Ал жеке басының емес, өз халқының тамырын, өз ұлтының тегін қарастырған, сол үшін де оған «ұлтшыл», «түрікшіл» деген айдар тағылып, бүкіл ғұмыры қуғын-сүргіннің, қыл тұзақтың астында өткен. Мағжанның ақындығын азаматтығынан, азаматтығын ақындығынан ажыратып сөйлеу мүмкін емес.

– Жұрттың қамын кеп ойла,

Уайым-қайғы жеп ойла!

Артта қалған сорлы жұрт.

Алға бассын деп ойла...

Міне, ақын болмысы, оның азаматтық тұлғасы. Қазіргі ұрпақтың сана-сезіміне әсер ететін мақала, газеттің ағартушылық бағытын тарихи тұлғаларға иек арта отырып, оқырманына сәуегейсің ақыл айтпай, қазақы қанына қайрат беру. 

«Ұлт мәдениетінің Хан тәңірі» атты мақалада академик Ә.Қайдаров пен Ө.Айтбайұлы А.Байтұрсыновтың қазақтарды надандық шырмауынан шығарудың бірден-бір жолы ғылым-білім алу, оқу-ағарту жұмысымен айналысу деп ұққанын айтады. «Ел билеушілері Ахаңның соңына түсуін қоймаған. Газет бетінде жарияланған материалдардың бәрін цензурадан өткізіп, ақшалай айып салып, қауіп-қатерді төндіріп отырған. Тағылған айып мөлшері асқынып кеткен кезде Ахаңның үш ай мерзімге абақтыға өз еркімен отыруға келісім берген кезі де болған. Мұны естіген газет оқырмандары тиісті ақшаны жиып, шығарып алған». Мұндай өз ісіне, еліне берілгендік, жоғары жауапкершілік, рухани биіктікке ие Ахаң өмірі кім-кімге де үлгі емес пе?

Көкірегі ояу, көзі ашық арыстарымыздың озық ойлылығынан қорыққан кеңестік империя оларды қудалап, «қызыл қырғынның» құрбаны етті. Меңіреу жатқан қазақ сахарасына түрткі боларлық оқығандардың тіпті шығармашылығына да қара күйе жағып отырды. Мұның байыбына көп жылдар бойы бара алмадық. Айыбын іздеп үңілудің, ақиқатын іздеп табудың мүмкіндігіне тұсау салынып, бір күндік тірлігімізге риза болумен уақыт өткіздік. Егемендігіміз ғана ақиқаттың ақ жолын көрсетіп, арда азаматтарымыздың қадірін ұғындырып келеді. Олардың рухтары қара күйеден арылып, есімдері ортамызға оралды. Халықпен қайта қауыштырған қазақ баспасөзі, әсіресе ХХ ғасырдың 90 жылдарындағы басылымдар ештеңеден тайсалмады. Нәубет жылдардың ақ-қарасына әділ баға беріп, кінәлілерді көрсеткен басылымдар «Егемен Қазақстан», «Жас алаш» көптеген шындықтың бетін ашты. Сол зұлмат жылдары қайғы-қасірет әкелген империя әділетсіздігін 1988 жылдары-ақ жаза бастапты. Озбыр саясатқа, жалпы империяның отарлау саясатына батыл баға бермесе де, астармен жеткізіп отырған. «Куәгерлер көзімен көзқарас», «Зұлмат заман, замана запыраны» секілді айдарлардың көрініс табуы соның айқын дәлелі. Тіпті, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ баспасөзі Алаш зиялыларының небір тақырыпты қаузаған сыни материалдарын қайта көшіріп басқанын айта кеткен жөн.

Мәселен, Жасарал Қуанышәлі «Жас алаштың» 1993 жылғы қыркүйегіндегі санында қазақ халқына қарсы жасалған осы зұлматқа қатысты толғанысында: «Мәскеу билеушілері осыдан кейін программа минумум» ретінде қазақ жерін басып алып, халқын бағындыру мақсатын қойса, «программа максимум» ретінде қазақ жерін жалпы қазақ этносынан түбегейлі тазарту, сөйтіп «Қазақстан», «Қазақ елі», «қазақ жері» ұғымдарын мүлде жойып, тұтасымен «орыс жеріне айналдыру және Ресейге қосып алу» мақсатын көздеген болатын»,– деп жазу бұрын-соңды болып па еді? Әрине, жоқ. Бұл сол кезде баспасөзге берілген сөз бостандығының арқасы.

«Жас алаш» газетіндегі көп қозғалған тақырыптың бірі – 1986 жылғы «қанды Желтоқсан». Желтоқсан қасіреті үстемдік саясатқа мойын ұсынып, қалғып, қараңғылана бастаған халықты оқыстан оятқан озық ойлы оқиға, батыл көтеріліс болды. Ол еңсені езген жоқ, елдікті көтерді, санасында ұлттық рух өше бастағандарға саңылау берді, ата-баба қанымен, жанымен қорғаған қасиетті жерінің құнын арзандатушыларға қатал сабақ болды. 1986 жылғы желтоқсан талай жастың қанын мойнына артып із-түссіз кете беруі мүмкін емес еді. Ертелі-кеш қайта келіп, шежірелі тарихтан орын алары сөзсіз еді.

«Жас алаш» газеті «Замана ақтаңдақтары», «Желтоқсан жаңғырығы» атты айдарлар арқылы қазақ жастарының тәлкекке түскен тағдыры жөнінде соңғы жылдары көп зерттелген деректермен кең көлемде мақалалар легін жариялап тұрған. Мысалы, «Жүректе қалған жара бар», «Желтоқсанда жапа шеккен», «Біз – желтоқсандықтармыз», «Жаңа алаңнан қызыл алаңға» т.б. тақырыпта берілген мақалалардың қай-қайсысын оқысаңыз да, жантүршігерлік.

Міне, әкімшіл-әміршіл жүйе әкелген қиянаттың газет бетінде көрініп, кеңестік жүйенің қазақ жастарына тигізген зардабы мен басынған биліктің зомбылық әрекеті ашық жазылуы да сол қоғамның ащы шындығы.

«Егемен Қазақстан» газетін парақтап отырсаңыз, ел қорғаны – әскер жайында көбінесе проблемалық, сыни тұрғыда жазылған мақалаларды кезіктіресіз. Мәселен, жазушы Қалмұқан Исабаев «Тәуелсіздік талаптары"» айдарымен «Әскер – әліміз, армия – айбарымыз» атты материалда Қазақстанның әскері қандай болу керек, алдымен әскер сол мемлекетті жасайтын халық тілінде сөйлеу керек дегенді нық айтады. Тарихи шегініс жасай отырып, қазақ даласын қорғап, сақтап қалғанда оның әскері болмады дегенді ешкім айта алмас. Өзі айбынды болмаса, оны аяйын демеген. Қазақ тілінде дамыған әскери ғылым жоқ. Әскери өмірдің қазақша терминдері жасалуы тиіс деуі өте орынды, көпшіліктің көкейінде жүрген тілек екен белгілі. Егемендігіміз енді-енді тәй-тәй басып келе жатқанда қазақ тілінде жарық көретін басылымдардың дер кезінде мәселе көтеріп, дабыл қағуы өте орынды.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алған соң бізге жаңалық болған нарықтық экономиканы меңгеру үрдісін қалыптастыру мәселесі тұрды. Нарықтық экономика мәселелері мен басты принциптерін білмей тұрып, бүгін өзіңді білімді, өз қоғамының экономикалық өміріне аяқ басқан адам ретінде елестету қиын. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетінің  1992 жылғы 1 қаңтардағы нөмірінде белгілі публицист Нұртөре Жүсіптің «Нарық және халық» айдарымен берілген «Қазақстанның алтыны қайда?» деген проблемалық мақаласында: «Біз нарықтық экономикаға көшкелі отырмыз. Ал нарық экономикасын қанша алтын өндіретінімізді, оны қаншаға сататынымызды білмей жасау мүмкін емес. Түптеп келгенде, алтын – мемлекетіміздің негізгі қаржы көзі, валюта табудың қайнар көзі» деп реформаны тездетіп жүргізу қажеттігін айтады. Алтын шығару, сөздің тура да, жанама да мағынасында, кен орындары қамтамасыз етуі мүмкін экономика серпінділігі мен өрге көтерілуі. Әрине, бұл қазына орынсыз шашылмай, экономикамызға қажетімен жұмсалар болса, халық дәулеті де артпақ. Нарықтық экономика идеологиясы қалыптасу үстінде. Ал экономикалық патриотизм өзінен өзі келмейтіндігі белгілі. Сондай-ақ, публицист Н.Жүсіптің Қазақстан ауыр шаруашылығы Ғылым академиясының президенті Ғани Қалиевпен  жасаған сұхбатында «Жұрт арасында Қазақстанның егемен мемлекет екені рас болса, неге ылғи Ресейдің ығына кетеді, қашанғы олардың айтқанымен жүріп, айдағанына көнеді» деген сарында әңгіме қозғайды.

Тәуелсіз баспасөз түрлі деңгейдегі және үкімет тарапынан болатын қысымдарға қарсы тұра алуы керек. Ал тек мақтауға құрылып жазылған материалдар белгілі бір топтың ғана мүддесін көздейтін болса, ондай газеттің тиражы да, беделі де аз болары сөзсіз. Журналистер де басқа адамдар сияқты өзіндік көзқарасы, принциптері, өз құқығы бар. Кейде олар өз көзқарастарын мақалаларында көрсетеді. Әрине, практика жүзінде шындықтың шегіне жету - қиын нәрсе. Алайда, Тәуелсіздіктің арқасында қоғамдағы күрделі мәселелер шынайы суреттелді. Тәуелсіздігімізбен қайта көктеген тіліміз бен әдет-ғұрып, дініміз, салт-санамызды кешегі қызыл империя дәуірінде жоғалтып ала жаздадық. Еліміз егемендігін алған соң ақпарат құралдарына, оның ішінде баспасөзде тың серпіліс пайда болды. Мақалалар легі ұлттық мүдде мен ел болашағы тұрғысынан жазылды. 

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары біртіндеп халықаралық ұйымдарға мүше бола бастады. Әсіресе, Біріккен ұлттар ұйымына, басқа да көптеген халықаралық ұйымдарға мүше болған егемен ел баспасөзінің бетіне көптеген өзгешеліктер енді. Газет-журналдардың түр-сипатының (дизайнының) өзгеруі, мазмұндық ерекшелігі, жанрдың жетіліп, жаңалануы сөзімізге дәлел болады.

БАҚ, соның ішінде баспасөз әрқашан да идеялық-саяси өзгерістер алаңы екені мәлім. Газет жанрларының формасы мен мазмұны да осы өзгерістерге байланысты түрленіп, дамып отырды.

«Баспасөз – жарқын істер жаршысы ғана емес, әрі кемшілік атаулыға қарсы күрес құралы. Жауапсыздық, оралымсыздық, пайдакүнемдік, маскүнемдік, азғындық сияқты толып жатқан шаруашылық, моральдық дерттерді әшкерелеп, оларды жоюды қамтамасыз ететін сын, тек өзара сын құралы».

Расында, баспасөздің қоғамдағы рөлі өте жоғары. Оның жанрларының түр-түрін қолдана отырып, оқырманға сан-салалы ақпар береді. Бұл оқырман  назарын қоғамдағы қордаланған, күйіп тұрған мәселелерге аударады. Қазақ кәсіби басылымдарындағы кез келген мақалаға зер салсаңыз, астарында сынның белгілерін табасыз. Проблемалық мәселе көтерген мақала кейде пікірталас туғызып, баспасөз бетін ашық пікір алаңына айналдырады. Елімізде болып жатқан саяси оқиғалар, жер-су, тіл, діл, дін мәселелері ресми және тәуелсіз басылымдарда кеңінен көрініс тапты.

Ғылыми жұмыстың негізгі тікелей негізге алған нысанасы – ХХ ғасырдың тәуелсіздік алған жылдардағы, яғни 1990 жылдардағы баспасөз болғандықтан, еліміз бодандық қамытынан босап, еңсесін тіктеген уақытта жарық көрген басылымдарды парақтауға тура келді. Мәселен, сол 1990 жылдардан бергі газет-журнал беттерін ақтарып, сол кездің өзінде батыл әрі нық жазылған, діттеген жеріне дөп тиетін публицистикалық мақалаларды көз шалды. Қоғамның шынайы көрінісін көпірме сөзбен емес, деректермен жеткізген сыни мақалаларда есеп жоқ. Дәл сол тұста шығып тұрған ресми басылымдардың өзі –«сен тұр, мен атайын» сынимақалаларымен ерекшеленіп тұр.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары «тұрымтай тұсына, балапан басына» кеткені белгілі. Сол бір қиын-қыстау уақытта күнкөріс қамымен базар жағалап, қап арқалап кеткен жастар, аналар қаншама. Мәселен, Жұмабек Кенжалиннің «Қап арқалаған қазақтар» атты мақаласында «қазақ жастары пұлдың дәмін алған соң, басқа шаруаның бәрін ысырып қояды. Саясат, парасат, ел тағдыры деген мәселелер өкінішке қарай екінші қатарға сырғиды, қап арқалағанның дені қазақ тіліндегі газет-журналды оқымайды» дей келе қынжылыс білдіреді. Автордың мұндағы айтпақ негізгі ойы толыққанды нарықтық қатынастар орнағанға дейінгі орын алып отырған «жабайы нарық» көріністерінің жастарға кері әсері, өз жерімізге қожа болайық" деп ұрпаққа ұлағатты іс қалдырайық деп жатқан да қазақ баспасөзі деп ойланарлық мәселені оқырман қаперіне салады.

Қазақ көсемсөзіндегі сыншыл реализмға тұнып тұрған мақаланың нағыз шеберлік үлгісін Ә.Кекілбаевтың «Бетерден де бетер бар деген осы емес пе?» –деп амандасқан замандастың сауалына жауап» атты мақаласынан аңғарасыз. «Егемен Қазақстанның» бірнеше санында жарияланған бұл дүние оқырманды бей-жай қалдырмаса керек. Автор республикада болып жатқан тарихи өзгерістерге жан-жақты, дәйекті жауап іздейді. Әрі оны тарих сабақтарынанан мысал келтіре дәлелдейді.

«Жабық есік саясаты» тұсында қазіргі халін өткендегі халімен салыстырып, өзіне өзі мәз болып келген кеңес қоғамы енді «ашық есік» саясаты тұсында өз тұрмысын өзгелердің қалай тұратынымен салыстырып, өзіне өзі қарны ашатынды шығарды. «Экономикалық нигилизм саяси нигилизмді өрбітті» дей келіп, публицист қайта құру реформасының келуіне, кеңестік социалистік республикалар одағының таралу себептерін философиялық оймен өрбітіп айтып берген. «КОКП трагедиясының тағы бір сыры – тым орталықтандырылып жіберілгендігінде. Шын мәнінде, тоталитаризмнің күйреуі демократияны орната салған жоқ. Демократия әдейі мақсат болудың орнына билікке таласқан топтар мен саяси институттардың қолындағы күрес құралына айналып барады. Ондай күрес экономикалық талан-таражды күшейтпесе, азайтқан жоқ», – дей келе, автор бұл күйзелістерді желеу етіп, қалыптасып отырған жағдайды өз пайдасына шешіп қалуға тырысатын күштер барын, бүгінгі қиындықтарды бетке ұстап кешегіні, тіпті баяғыдағыны көксеушілікті күшейтуге тырысатындарға тойтарыс береді.

«Иә, тәуелсіздіктің жолы жіңішке, жүгі батпан екен...» атты «үшінші толғанысында» пәлен ғасырлар бойға көміп келе жатқан есе бірер жылда қайтпайды. Ендеше, кекшілдік өзіне де, өзгеге де шөп шығармайды. Асығыстықтың тапқызар абыройы да шамалы. Әлің жетпес мақсат қойсаң, ертең өзіңнің қарадай сілең қатады. Былайғы жұртқа күлкі боласың. Ал, саясатта абырой керектігі әркімге-ақ мәлім. Қазақстанға саяси прагматизм қағидаларын ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да табандылықпен ұстанбасқа жағдай жоқ. Оның орналасқан жері де, ішкі демографиялық ахуалы да, табиғи ресурстары да тек соны талап етеді. Автор қазақ ұлтын болашаққа бағдарлай қарауға, асығыстыққа бармауға шақырады. «Келісіліп пішкен тон келте болмас» деген ойды тамаша да түсінікті тілмен жеткізе білген. Егемендіктің ең үлкен жауы – жікшілдік пен алауыздықта, рушылдықта екенін ескертеді.

Бұдан ұққанымыз, біз егер ертең көсегеміздің көгеруін қаласақ, бүгінгі ауыртпашылықтарлың бәріне де шыдап, бұғанасы қата қоймаған балаң тәуелсіздігіміздің буынын бекіту жолында еңбек етуіміз керек. Әйтпесе, өтпелі кезеңнің қиындықтарына қайысып, қолымыз енді ғана жеткен егемендіктен айрылып қалар болсақ, толғақ азабына да төзе алмай, не өзіне, не перзентіне зақым келтіріп алған бейбақ ананың бейшара кебін киер едік. Өйткені, қиындық атаулы – арманға жетудің ауыр жолы. Кім қашан арманға оңай жетіп еді?! Міне, сонау 1992 жылдары жарық көрген мақаланың астары нені меңзейді?! Ал қазір баспасөз бетінде терең талғамды есейген жан түгілі, жастарға да әсер етеп, жан-дүниесін түлетер, тоғыз торамды жүйрік ойдан туған осындай сыни публицистикалық мақалалардың аздығы қынжылтады.

Егемен елдің баспасөзін қалыптастыруда сатира мен юмордың да ықпалы басым. «Сатира, юмор. Осы атаулар аталғанда бойымызды күш билейді, көңілімізге әр сырлы күлкі нұр құйылады, кеудемізге болашаққа деген оптимистік зор сенім ұялайды. Жасампаздыққа жат нәрселерге қарап, семсер қаруын әділдік пен теңдікке қарсы пайдаланған күштер елестейді» деп сатира теоретигі, сыншы Т.Қожакеев айтқандай, оқырманды өмірдің тек өнегелі жақтарымен тәрбиелеу мүмкін емес. Қоғамның әр түрлі көлеңкелі жақтары да бар. Осыдан сақтандыру «сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей жақсы мен жаманды өлшей білу қажет. Демек, әр кезеңнің өз көкейкесті мәселесі, өз тыныс-тіршілігі болады. Қазіргі кезде оқырмандар бойынан ізгілік қасиеттердің көбейгенін, оларды биік мақсаттарға, имандылыққа, адалдыққа, жаманнан жиреніп, жақсыға ұмтылушылыққа баулу – алға басқан қоғамның міндеті. Сондай тәрбие берер күшті қарудың бірі – баспасөз бетінде сатира арқылы «түйреп» өтерлік сынға толы мақалалар. Ал бүгінде бәсекелестік пен шулы оқиғаларды басуға әуестеніп алған отандық БАҚ сол фельетондар мен памфлеттерді жарияламайтын болды.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға