Жаңалықтар

Кәріс ұлтының тағдыры: бір ұлт – екі мемлекет

Оңтүстік Корея әлемде экономикасы озық 12 елдің қатарына кіреді. Бұл ел дамудың жолына қалай түсті?
Кәріс ұлтының тағдыры: бір ұлт – екі мемлекет
Фото: https://gas-kvas.com 21.10.2022 09:57 3411

Корей түбегінде солтүстік және оңтүстікке бөлінетін бір ұлтты – екі мемлекет бар. Бірі жер бетіндегі жайлы да берекелі ел – Оңтүстік Корея. Бүгінде Сеулге бір барып қайтуға қаншама адам ынтық. Озық медицинасында сауығып, плистикалық хирургиясының қызметін пайдаланып қайтуды армандайтын адам көп. Тіпті жыл өткен сайын гастарбайтер ретінде сонда қалып, мол қаржы табуға ниеттілер саны артып келеді. Екіншісі, адамның өмір сүруіне қолайсыз ел – Солтүстік Корея.

Бір ұлттың жолы екіге қалай айырылды және дамудың жолына қалай түскені жайлы іздендік.

Әлемдік ақпараттық кеңестікте «түрік пен әзірбайжан бір ұлт, қалай екі елге айналды» деген мазмұндағы мақалалар кезігеді. Түрік халықтарының тілдік қатынасын талдағанда, қыпшақ, қарлұқ, шағатай және оғыз тіл тобына бөлінсе, түрік пен әзірбайжан соңғысына жатады. Тілі ұқсас, ділі ортақ, діні бір ұлттар өтпелі кезеңдерле тағдырлас болып, Селжұқ империясының құрамында болған-ды. Одан кейінгі кезеңде жолдары екіге айырылып, өздерінше елдіктің жолын тіктеді. Бірі алып империяға айналса, екіншісі Ресей патшалығына бағынды.

Жә, біздің айтпағымыз бұл емес. Түрік пен әзірбайжан екі ұлт. Әлем солай таниды. Бірақ бір ұлт екі мемлекетке айналғандар бар. Естеріңізде болар, 41 жыл бойы немістер екіге бөлінді, бірі – Федералдық Германияға екіншісі – Демократиялық Германияға қарады. 1990 жылы екі елдің арасындағы биік қорған құлатылып, біртұтас Германия салтанат құрды.

ХХ ғасырдың 50 жылдары Вьетнамда азаматтық соғыс басталып, комминистік режим орнай бастады. 1965 жылы соғысқа АҚШ араласып, нәтижесінде бір ел екіге бөлініп: солтүстік – социалистік, оңтүстік – капиталистік Вьетнам болды. 1975 жылы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы соғыс оты өшіп, вьетнамдықтар қайта біртұтас елге айналды.

Германияны екіге бөлу екінші дүниежүзілік соғысқа нүкте қойса, Вьетнамдағы соғыс екі империя – КСРО мен АҚШ-тың арасындағы қырғи-қабақ соғыстың салдары еді. Коммунизм мен капитализм арасындағы әскери тайталас 1945 жылы Корея түбегінде орын алып, бір ұлт екіге бөлінді. Содан бері бір ұлт бір-біріне атажау болып, бір-біріне оқ отып келеді.

Енді тарихы мен тілі бір, діні мін ділі бір ұлт біртұтас мемлекет бола алмасы хақ. Оған түрлі факторлар әсер етіді. Әсіресе, түбектің солтүстігіндегі Корей Халық Демократиялық Республикасы біртұтас ел болуға мүдделі емес. Қайта ресми Пхеньян билігі өзінің ядролық қуатымен көршісін үркітіп, қорқытып, сес көрсетуден таймай келеді.

БІР ЕЛ ЕКІГЕ ҚАЛАЙ БӨЛІНДІ?

1910 жылы Жапон империясы Корей түбегін толығымен бақылауына алды. Екінші дүниежүзілік соғыста фашистік Германияның жеңілгеннен кейін Корей түбегін басқыншы Жапониядан азат ету үшін солтүстіктен – КСРО, оңтүстіктен – АҚШ әскерімен еніп, бір елді 48 параллель сызықтан екіге бөліп алады.

Сөйтіп, солтүстігі – КСРО-ның, оңтүстігі – АҚШ-тың бақылауына өтіп, дамудың екі түрлі жолына түседі. Солтүстік Кореяны басқаруға коммунист Ким Ир Сен, Оңтүстік Кореяны басқаруға капиталистік көзқарастағы Ли Сын Ман келеді.

1948 жылы 15 тамызда Сеулде ресми түрде Корея Республикасы, ал 9 қыркүйекте Пхеньянда Корей Халық Демократиялық Республикасы құрылады.

Солтүстік Корея билігі КСРО және Қытайдың қолдауымен әскері қуатқа ие болады. Сөйтіп, Оңтүстік Кореяға басып кіреді. Бірақ Ким Ир Сен жергілікті халықтың қолдауына ие бола алмайды, оның үстіне, Сталин қайтыс болуымен негізгі тірегі әрі қолдаушысынан айырылып, соның салдарынан Оңтүстік Кореядан бас тартуға тура келеді.

1950 жылы 25 маусымда басталған соғыс 1953 жылғы 27 шілдеге дейін жалғасып, 5-6 миллион адамды опат қылды. Бір-біріне оқ атқан корей ұлтының өшпендік сезімін ұлғайтуда КСРО мен АҚШ-тың өз мүддесі болды. Иә, екі держава әскери мақсатта шығарған қару-жарағын сынап, әскери қуатын саралауда таптырмайтын соғыс алаңына айналды.

ЕКІ КОРЕЯНЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІ

Солтүстік Кореяның президенті – 37 жастағы Ким Чен Ынге билік атасы Ким Ир Сеннен мұра болып қалды.

Дерек көздерінде, ХХ ғасырдың 90 жылдары Кеңес Одағының көмегі тоқтағаннан кейін Солтүстік Корея экономикалық дағдарысқа ұшырап, халқы ішіп-жерге ас таппай, аштықтан өзегі талған кәрістердің қырылғаны туралы ақпарат көп. 1995 жылы басталған аштық 2000 жылдары аяқталып, соның салдарынан миллионға жуық кәріс қайтыс болды. Сөйтіп, КСРО ықпалында болған Солтүстік Корея экономикалық тұрғыда артта қалды.

«Азия жолбарысына» айналған Оңтүстік Корея білімі мен ғылымы, инновациясы мен технологиясы дамыған, әлемде экономикасы қуатты елдің қатарына кіреді.

Дерек көздерінен, Оңтүстік Кореяда 35 мыңнан аса Қазақстан азаматы бар дегенді оңай табуға болады. Олар онда не істеп жүр? Әрине, жақсы өмір үшін, жақсы табыс табу үшін шекара асты. Көбісі гастарбайтер ретінде заңсыз жұмыс істеп жүр. Бұл туралы алдағы уақытта арнайы мақала жазамыз.

Жалпы Корея ІЖӨ бойынша әлемде 12-ші орында тұр. Яғни әлемде экономикасы озық 12 елдің қатарына кіреді.

Корея кеменің ең ірі жасаушысы болып табылады, оның нарықтағы үлесі – 45 пайыз. Сондай-ақ тұрмыстық техника мен ұялы телефон өндірісі бойынша әлемде екінші, машина жасап шығарудан бесінші, құрыш құю өндірісі бойынша алтыншы орында тұр.

Бізді қызықтыратыны, бұл елдің шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуы. Кореяның кәсіпкерлікті жоспарлы дамыту жолынан үлгі алуға болады. Мәселен, елдегі барлық өндірістің 98 пайызын және жұмыс істейтін халықтың 60 пайызын қамтитын миллионнан астам кәсіпорны бар. Ондағы шағын компаниялар ЖІӨ-нің 50 пайыздан астамын және экспорттың 45 пайызын құрайды. Қазіргі таңда Оңтүстік Корея экономикасы – ЖІӨ-нің номинальды көлемі бойынша Азия-Тынық мұхиты аймағында үздік үштікте тұр.

1966 жылы «Шағын және орта кәсіпкерлік туралы» Заң қабылдап, Корея Үкіметі бизнесті қолдаудың кешенді шараларын қабылдап, алдымен ірі корпорацияды дамытуға мән беріп, оларға сервистік қызмет көрсететін шағын және орта бизнесті саралайды.

1980 жылдан бастап бизнесті қорғау саясаты одан әрі нығайтып, арнайы бизнесті насихаттау жөніндегі мемлекеттік қор және шағын және орта бизнеске қолдау көрсететін ұзақы мерзімді 10 жылдық бағдарлама қабылдайды.

Осы бағдарлама Кореяны әлемнің озық елдерінің қатарына қосылуға сүйрейді. 1990 жылы Кореяның шағын және орта бизнес өкілдері жаһандық бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып кіреді. Сөйтіп, Кореяның екінші тынысы ашылып, енді Үкімет өндірістік процесті автоматтандыруға, инновациялық технологияны енгізуге мән береді.

2000 жылы Корей Үкіметі тағы да 10 жылдық бағдарламаны қабылдайды. Мұндағы мақсат – шағын және орта бизнестің деңгейін көтеру еді. Екінші жылдық бағдарламаның нәтижесінде өнеркәсіп өнімдерінің экспорттық үлесі 30 пайыздан 50 пайызға өсті. Ал, халықты жұмыспен қамту 80 пайызды құрады. Мемлекет шағын және орта бизнесті қаржылай қолдауда, елде заемдар бойынша төмен пайыздық мөлшерлеме режимін енгізді.

Кәсіпкерлікті қолдау саясаты бірнеше бағытта жүрді. Бастапқы компаниялар төмен пайыздық мөлшерлемемен 8 жыл бойы несие алуға мүмкіндігі бар. Бұл негізгі банк жүйесіне қарағанда 3 пайызға төмен. Оған қоса, өндірілетін өнім халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келсе, мұндай компаниялар мемлекет тарапынан қосымша қаржылық қолдауға ие болады. Қысқасы, дұрыс жоспарлау және жүйелі жұмыстар Кореяны озық техника мен технологияны, тіпті электрониканы жетік меңгерген алдыңғы қатардағы индустриалды елге айналдырды.

Бүгінде әлемдік брендке айналған «Hyundai Motor», «Kia Motors», «Daewoo Auto», «SsangYong Motor Company» компаниясының көліктеріне сұраныс жоғары. Ал, сандық технологияға саласындағы LG, Samsung және Daewoo Electronics компаниясының бір жылдық табысы көптеген елдердің бюджетінен едәуір көп.

Қысқасы, ХХ ғасырдың 60 жылдары кедей ел саналған Оңтүстік Корея бүгінде G20 кіреді. Үлкен жиырмалық дегеніміз, әлемдегі экономикасы мықты дамыған және қарқынды дамып келе жатқан елдердің ықпалды клубы.

Қазақстанның мақсат-мұраты – озық отыздыққа кіру. Бұл жолда Оңтүстік Кореяның бағдарлы жолын үлгі етуге әбден болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға