Жаңалықтар

Қайырғали Медеттің журналистік қызметінің қалыптасу кезеңі

Қ.Медет - зерттеуші, публицист
Қайырғали Медеттің журналистік қызметінің қалыптасу кезеңі
15.09.2017 10:46 5650

Қайырғали Мүсілімұлы Медет – журналист, жазушы. Ол 1956 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Қосағаш ауылында туған. 1983 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1982 жылы –  республикалық «Білім және еңбек» журналында әдеби редактор, бӛлім меңгерушісі, 1990 жылы – республикалық «Денсаулық» журналында жауапты хатшы, 1991 жылы республикалық «Мәдениет» («Культура») газетінің бас редакторы, 1997 жылы республикалық «Қазақстан теледидары мен радиосы», корпорациясында программалық қызмет басшысы, 1998 жылы – ОҚО Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының тіл бӛлімі бастығы, 1999 жылы - «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газеті бас редакторының бірінші орынбасары, 2000 жылы – «Шымкент келбеті»-«Панорама Шымкента» қалалық газеттерінің бас редакторы, 2006 жылы – «Ел мәдениеті», «Ӛмір-айна» газеттерінің бас редакторы қызметтерін атқарған.

«Қазақстан», «Қазақстан-Шымкент» телеарналарында тілшіліктен бастап, бас редакторлыққа дейінгі түрлі деңгейдегі қызметтер атқарған. Бүгінде «Алтын қазына» мәдени-қоғамдық, тарихи-танымдық, өнер газетінің бас редакторы. Журналист, редактор Қайырғали Медеттің шығармашылық жұмысына тоқталмас бұрын, оның ең алдымен БАҚ-да атқарған қызметі мен басшылығына ерекше тоқталғанды дұрыс көрдім. Себебі, Қ.Медеттің редакцияда атқарған қызметтері мен басқарушылық жұмыстарынан оның фотографтан бастап журналистке, одан редакторға дейінгі жүріп өткен жолы мен тәжірибелерін анық көруге болады. Өзінің журналистік қызметін бірден Республикалық орталық басылымдардан бастаған Қ.Медет, 1980 жылдары қазақтың атақты ғалым, ақын-жазушылары Ақселеу Сейдімбеков, Бейбіт Қойшыбаев, Әлібек Асқаров, Танаш Дәуренбеков, Жұмабек Кенжалин, Есенғали Раушанов, Марат Тоқашбаев, Әшірбек Амангелдиев, Жүнісбек Пайызов секілді азаматтармен қоян-қолтық қызметке араласуын ерекше айтуға болады. Бұл сол жылдардағы Қ.Медеттің журналистік талантының ашылуына, қызметті ұйымдастырудағы қабілетіне, редакцияға келіп, кетіп жататын оқырмандармен сұхбаттасу сәтінің маңыздылығына, қайсыбір мекеме, не ғылым ордаларынан ақпарат алудың тәсіліне кеңінен жол ашып берді.  Қаншама дарынды болғанымен шығармашылықпен айналысатын адамның өзіндік стилі, ұстанымы, өмірден түйген бағыт-бағдары болуы қажет. Міне, осының бәрі бір адамның яғни, журналист, редактор Қайырғали Медеттің тұла бойынан табылуы оның журналистер арасында белгілі азамат болып қалыптасуына жарқын жол салды. 

Республикамызда журналистикаға еңбек сіңіргендердің, оған өз үлестерін қосқандар қатары кӛп болғанымен, еткен еңбегі кейінгілерге өнеге болатындар қатарының саусақпен санарлық екенін де осы тұста айта кеткен орынды сияқты.  Себебі, журналист, редактор Қ.Медеттің БАҚ-дағы атқарған еңбектері осы сөзімізді толық айғақтай түседі. Осы дипломдық жұмыста бұл жағы да жаңа қырынан жазылып, негізгі мақсатымыз Қ.Медеттің БАҚ-тағы бейнесін айқын түрде аша түсу болды.  Қазақта «Ханның биі ақылда болса, қара жерден кеме жүргізеді» демекші, редактор ізетті болса, оның қарамағындағы журналистің де бағының жанғандығы. Сондай жұлдызы оңынан туған Қ.Медет шәкірттерінің алды жазушы атанып, кейінгілері журналист ретінде танылып абыройлы қызмет атқарып жүр. Бір айта кетерлігі, олардың санын бір-екеумен шектемей ондаған кісі есімін тізіп шығуға болады. Қ.Медет шәкірттерінің де журналистика саласына қосқан еңбектері осы дипломдық жұмыста кеңінен сөз етіледі. Журналист, редактор Қ.М.Медеттің қатардағы журналистен бас редактор дәрежесіне дейін өсуі, оның ізденгіш іс-әрекеттері, білімділігі, адамгершілігі себеп болды деп те айтуға болады. Қ.Медеттің Қазақстандағы (бұны қысылып, қымтырылмай айтуға болады Б.М.) журналистиканың қалыптасуына өзіндік әсерінің болғандығын, сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ірі басылымда (Республикалық «Мәдениет-Культура» газетінің бас редакторы қезінде - Б.М.) алдыңғы қатарда болуы, үнемі журналистердің арасында сөз болып жататындығын да ескере кеткенді жөн санадым. Қай кезең болса да, журналистер қоғамдық ойдың ұйытқысы бола білетіндігін де мойындауымыз керек.  Қ.Медет кешегі Кеңес тұсында қалам қалыптастырғанымен, ол өзінің тәуелсіз еліне ерекше еңбек сіңіре білді. Республикалық «Денсаулық» журналының алғашқы жауапты хатшысы, «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан», «Қазақстан-Шымкент» телеарнасындағы басшылық құрамда бола жүріп журналистік шеберлікті меңгеруден, шыңдалудан өтті. Бір емес бірнеше басылымдардың («Мәдениет - Культура», «Ел Мәдениеті» «Өмір-Айна», «Шымкент-Келбеті - Панорама Шымкента», «Алтын Қазына» газеттері) бас редакторы қызметтерін атқарды.  Осы басылымдарда басшылық жасай жүріп, ол қазақ халқының, жалпы жұрттың мәдени-рухани құндылықтарына аса көңіл бөле білді. Ол ешуақытта өткенге өгейси қараған емес. Қайта ескіден қалған құндылықтарды бағалай білді. Оларды терең зерттеп, пайымдай білді. Оның өзіндік осындай орны бар екендігін қай басылымда қызмет істемесін, соны із қалдырып отырғандығынан көреміз. Көп ретте редакцияға келген кейбір басшының алғашқыда өзін мықты журналист екендігін танытқысы келіп, ұжымдағы талантты жас, тіпті кәсіби журналистерге мұрын шүйіре қарайтындығын несіне жасырамыз. Ал, бұндай ерекшелену не өзін өзгеден артық санау Қ.Медеттің мінезіне жат. Ол өзінің қарамағындағы әрбір журналистің, әрбір қызметкердің қай деңгейде екендігін саралай да бағамдай да білетіндігін әріптестері ашық айта алатын. Қ.Медет әсіресе, жоғарыдан келген әкімшілік жүйедегі ұсыныстарға көп ретте келісіңкірей бермейтін. Газеттің оқырманының артуына ол ерекше назар аударатын. Басылымның ерекшелігі де сол оның оқырмандардың пікірімен санаса білетіндігінде. Қ.Медет журналистиканың негізін Кеңес дәуірінде өткізгенімен, оның еркіндікке ұмтылысы сол кезде байқалған. «Рухани күшпен көптен озасың» демекші, Қ.Медет өзінің журналистік тәжірибесіндегі ізденісті рухани күшке айналдыру бағытына бұратын. Қай заманда да қоғамдық қатынастағы сана ұлттың ерекшелігімен дамиды. Қ.Медет осы пайымды ұран тұтқан. Қ.Медет тың тақырыпқа қалам тартпай тұрып, ақиқаттың ақ жібін аттамау мақсатында көп ізденеді. Онысы оған шындығында көп пайда әкелді. Қ.Медет өзінің жолын осылай адалдықпен тапты. Бірді мақтап, екіншісін даттамады. Ақ сөйлеуге тырысты. Жала жабылғанды қорғады, өтірік жазғанды сынады. Оның журналистикадағы биіктігі де осындайда көрінді. Қ.Медет жоғарыда айтқандай әрбір мақаланы терең зерттеп, дерек көздерін тауып барып қағазға түсіреді. Қ.Медет тарих, өнер, әдебиет, әлеуметтік мәселе тұрғысында қалам тербеген журналист. Оның осындай ізденімпаздығы жастарға ой салады. Олардың да өзінің еңбектерінде шынайылықты көрсетуіне үлгі болды. Қ.Медет өзінің ұлтын шын сүйетін қаламгер. Оның жазған мақалалары, әңгімелері, өлеңдері осы сөзімді айғақтай түседі. 

Бір сөзбен айтқанда, Қайырғали Медет шығармашылық жұмыста өзінің орнын ойып тұрып алған кәнігі журналист. Оның журналистикаға сіңірген еңбегі бүгінгі жазған дипломдық жұмыспен шектеліп қалмасы да анық. Оның шығармашылығы мен журналистік қызметіне біраз еңбек еттім.  Сондай көп жылдық тәжірибелерінің, қолға алған жұмысты өз деңгейінде атқара білетіндігінің арқасында журналистикамен қатар, облыс басшыларының ұсынысымен Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы директорының орынбасары болды. Ол арада Қ.Медет Алаш арыстарына қатысты тың материалдар жинақтауға, олардың мұрағаттарда шаң басып қалған құнды еңбектерін елге танытуда кейінгі ұрпаққа насихаттауға ұйытқы болып, өзі де облыстық баспасөзде бірнеше публицистикалық мақалалар жариялады. Нақты фактілермен көркемсөзбен жазылған «Әкені аңсау», «Ұлтжанды ұрпақ қажет» сияқты танымдық мақалаларының тұщымды дүниелер екені сөзсіз. Алаш қайраткерлерінің тікелей қатысуымен Ташкент қаласында төте жазумен жарық көрген «Ақ жол» газетінің бүгінгі әріпке аударылып, бірнеше томдық кітап боп шығуына еңбек сіңірді.  2014 жылдың соңында Елбасының Оңтүстікке сапары кезінде республикадағы тұңғыш рет ашылған «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» директорлығына да журналист, жазушы Қайырғали Медеттің тағайындалуы тегін емес еді. Оның ұлтжандылығы, ұлттық рухани құндылықтарды терең білуі, қарымды қаламгерлігі, басшылық тәжірибесі мұндай орталықты аяғынан тік тұрғызуға Қ.Медеттің қайраты жетеріне облыс басшылары сенімді болды. Қай салада жүрсе де, Қайырғали журналистикадан, жазудан бір сәт қол үзген емес. Осы қызметтермен бірге ол «Алтын қазына» қоғамдық мәдени, тарихи-танымдық, өнер газетінің бас редакторлық қызметін де қоса атқарып келеді. 2014 жылы Елбасының Ұлытау төріндегі келелі мәселелерді қозғаған сұхбатынан кейінгі бір айдан соң, сол Ұлытау жерінде мәдениет және ғылым салаларындағы зиялы қауым өкілдері қатысқан «Ұлытау-ұлы мекенім» форумы аясында халықаралық ғылыми-практикалық конференция мен «Ұлы дала сазы» дәстүрлі өнер орындаушылардың халықаралық фестивалі өтті. Осы Мәдени шеруге, яғни мәдени форум мен фестивальге қатысу үшін Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы бес адамды іссапарға арнайы көлікпен аттандырды. Солардың бірі – жазушы, «Алтын қазына» газетінің бас редакторы Қайырғали Медет еді. Әулиетаудың етегіндегі Әулиебұлақ басындағы сұхбатында Елбасы «Ұлытауымыз бен Ордабасымыз досымызға да, дұшпанымызға да ұялмай көрсетер айбарымыз, ардағымыз, асылымыз болуға тиіс» деп қадап айтты. Тарих тереңіне үңілсек, бұл екі киелі мекен де қазақ халқының басынан өткен қилы замандарында бірлікке, ынтымақтыққа арқау болғанын, ұлтты ұйытуға себепкер болғанын көреміз. Сондықтан да Елбасы Ордабасы мен Ұлытауда келелі, ұлт мүдесін көксеген әңгімелер өрбітті. «Ұлытау – ұлы мекенім» атты мәдени форумның да негізгі мақсаты осыған үн қату, бүгінгі тарих тасасында қалып келе жатқан Ұлытаудың ұлылығын паш ету, кейінгі ұрпаққа таныту еді.  «Көшпенділердің үш мың жылдық рухын бойына сіңірген, аты аңызға айналған осы қасиетті топырақта Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл, Едіге би, Тоқтамыс хан тағы басқалардың өшпес ізі қалған. Сонау Керей ханнан бастап Кенесары ханға дейінгі қазақтың жиырмадан астам ұлт тұлғаларын ақ киізге көтеріп, хан сайлап, таққа қондырған киелі жер. Тіпті, желмаяға мініп, жерұйық іздеген Асанқайғының Ұлытаудың ұшар басынан мәңгілік тыныс алуы – ұлтымыздың ұлылығының ұясы да осы мекен екендігін дәлелдеп тұрғандай. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ел болашағының іргетасын қалайтын басты құндылықтардың бірі деп айқындап көрсеткен «Тарих, мәдениет пен тілдің ортақтығы» идеясы негізінде өткен осы жиынға қатысып, болашаққа бет алған үлкен жаңғырудың, жаңарудың куәсі болып қайтқан едік...» – дейді Қайырғали Медет «Ұлытау – ұлт ұясы» атты публицистикалық мақаласында. Сондай-ақ, 2015 жылғы 29 сәуірде Астана қаласы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қызметіне ресми кірісуіне орай өткен салтанатты Ұлықтау рәсіміне қатысуға шақырылуы да Қайырғали Медеттің бүгінгі қоғамда алар орнына берілген баға болса керек.

Қ.Медеттің журналист болып қалыптасуы мен редактор болып басшылық жасауға оңайлықпен келе салды деп айту да артық айтқандық болар еді. Қандай да бір істі бастау үшін де үлкен ізденістер қажет ететіні белгілі.  Ол, алдымен, журналистикамен танысуды шындығында газет оқудан бастады. Әкесі Мүсілімнің ұстаздық талабы мен балаға деген сүйіспеншілігі Қ.Медетке аса жауапкершілікті жүктеді. Оның сегізінші сыныпта оқып жүрген кезі екен. Ауылдық пошта таратушысының ауылға келер хат-хабар, газетжурналдарды әр үйдің арнайы пошта жәшігі бола тұра, әркімнің есігінің алдына лақтырып кететін жаман әдеті болыпты. Хат-хабар бірде арықтағы суға түседі, бірде жел ұшырып кетеді. Газет-журналды сүйіп оқитын бала Қайырғали осы іске қатты ренжиді де, аудандық «Ильич жолы» газетіне шығып, сын мақала жазады. Бірер күнде мақала газетке жарияланып, бүкіл ауыл риза бола сөз етеді. Пошта таратушы бір күн ауыл кісілеріне көрінбей кеткен. Сөйтсе, ол  аудандық партия комитетіндегі аудандық байланыс торабының мәселесін қараған жиынға шақырылып, қатаң сөгіс алған. Сонан соң-ақ ауылдағы газет тарату мәселесі дұрысталыпты. Бірақ, әлгі пошта таратушы кісі бала Қайырғалиға үнемі қамшысымен доқ қылып жүреді екен. Ал, бүкіл ауыл оны «кәреспәндент бала» атап кетіпті.  Міне, сол кезден жазуға, яғни тілшілікке деген құштарлығы артып, орта мектеп бітіргенше мақала, өлең жазуға төселе берді. Ал, 1973 жылы орта мектепті бітірген соң, оқуға аттанудың реті келмей, туған жерде жұмыс істейді. Әскер қатарына шақырылады. Әскерден соң тағы да еңбекке араласып, жұмысшы тілші атана жүріп, аудандық «Ильич жолы» газеті редакциясымен тығыз байланыста болды. Арнайы тапсырмалар алып, редакция ұжымының көңілінен шығатын мақалалар жазып, кәдімгідей төселген, ауданға танымал тілші атанды. Сосын 1977 жылдың күзінде сол кездерде екінің бірінің қолы жете бермейтін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөлімінің табалдырығын аттады. 

Студенттің болашағынан зор үміт күткен ұстаздар қауымы (профессорлар Т.Сайрамбаев, Т.Қожекеев, Ф.Оразаев, Т.Амандосов т.б.) оны іргелі басылымдарға тәжірибелік жұмыстарға жиі жіберетін. Соның нәтижесінде Қ.Медет төртінші курсты оқып жүргенде ғылыми-көпшілікке арналған «Білім және еңбек» журналына қызметке шақырылды. Бұл 1982 жыл болатын. Ол «Білім және еңбек» журналында біраз маңдай тер төгіп тұрып қызмет жасады. Журналистиканың үлкен мектебінен өтті. Сол кезде журналистер Бейбіт Қойшыбаев, Әлібек Асқаров, Ақселеу Сейдімбеков Қ.Медеттің көп ізденгіш журналист болып қалыптасуына жан-жақты ықпал еткен.  Қ.Медет 1982-1990 жылдар аралығында «Білім және еңбек» журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Ол кездегі «Білім және Еңбек» журналы республикамыздағы ғылыми ортамен тығыз байланыста болған. Ғылым Академиясына қарасты сан салалы, түрлі бағыттағы (математика, экономика, ботаника, химия, тіл білімі т.б) ғылымизерттеу институттары мен орталықтарынан түрлі жанрдағы материалдар журналға дайындалатын. Әр ғылымның алпауыт академиктерімен, ғылыми докторларымен көпшілікке түсінікті тілде сұхбаттар жүргізілетін. Бұл, әрине, журналда еңбек етіп жатқан әрбір журналистке оңай соқпасы анық. Жақсы сұхбат жүргізу үшін журналист те білімді болуы шарт екені бәсенеден белгілі.

Фотожурналистикаға да бейім Қайырғали Медет әуелде әдеби қызметкер болып еңбек етті. Сол жерде жүріп, профессор Тауман Амандосовтың жетекшілігімен «Ғылыми журналистика» деген тақырыпта дипломдық жұмысты үздік қорғады. Бұл, әрине, университеттен алған теориялық білім мен редакциядағы тәжірибені ұштастыра білудің жемісі екені айқын еді. Журналдың жауапты хатшысы, журналист әрі суретші Әлібек Асқаровтың ағалық қамқорлығының арқасында журналдың секретариатының жұмысын үйренді. Көркемдеуші редактор болды. Баспасөз үшін «кухня» саналатын секретариат жұмысын меңгерген журналист газет, журнал безендіру ісіне жетік болғанымен, үнемі жұмыс басты болып, кейде жазудан шет қалуы да мүмкін. Бірақ, «Білім және еңбекте» олай емес-ті. Әр журналистің жетік меңгерген тақырыбын зерттей, зерделей жазуға мүмкіндік мол болған. Редакцияда тәжірибе жинақтаған Қайырғали Медет 1986 жылы бөлім меңгерушілігіне ауыстырылып, комсомол жастар бөлімінде жас ғалымдар мен етене араласа жұмыс істеді. Олардың жетістіктері туралы жүйелі материалдар ұйымдастырып отырды. 1990 жылы ол жаңа ашылған республикалық ғылыми-көпшілік «Денсаулық» журналында жауапты хатшы, 1991 жылы Республикалық «Мәдениет» газетінің бас редакторы қызметіне бекітілді.  Сол 1970-80 жылдар аралығында қазақ журналистикасының шын мәнінде кәсібилік жағынан қалыптасып үлгергенін көреміз. Одақтас Республиканың бірі саналатын Қазақстанның бұл жылдардағы журналистикасы мен қатар жазушылар қауымының үркердей шоғырының өзге елдердің басылымдарында көрініс бере бастауы ірі құбылыс болып саналды.  Қ.Медеттің осы саладағы қызметіндегі мақалаларына зер салып қарайтын болсақ, оның әрбірінің жоғарыда айтқандай үлкен ізденістен туындағанын көріп, қызыға оқуға болады. Сол жылдарда жазылғандарының барлығы дерлік бүгіндері де өзінің актуальділігін жойған жоқ. Журналистика теориясын тәжірибемен ұштастыра білген Қ.Медеттің сұхбаттарында да осындай көріністі кездестіре алдық. Мысалы «Кемедегінің жаны бір» атты мақаласына зер салайық: «Республикамыздағы экологиялық дертті аймақтар дереу арада комплексті түрде әрі дәйекті шешілуін қажетсінеді. Міне, сондықтан да, «көп көңілі – көл демекші», біз белгілі ғалым-мамандарға, министрлерге, жауапты қызметкерлерге, бірнеше сұрақтар қойып, жауаптар алдық. Ол сұрақтар мынадай:

1) Экология төңірегінде қайта кұру процесі бар ма, бар болса қалай жүріп жатыр?

2) Қазақстанның қос жанары іспеттес Арал мен Балқашты қалай сақтап қалуға болады?

3) Адамдардың суық қолынан қорғалмаған республика табиғатының тағы да кандай сырқат жерлері бар?

4) Қазіргі заманғы ғылыми-техникалық прогрестің қарқынды кезеңінде экологиялық проблемалардың шешілуі мүмкін бе және де осы салада 2000жылға дейінгі сіздің болжамыңыз қандай?

 А.П.Коротков, Қазақ КСР Табитатты қорғау жөніндегі мемлекеттік комитеттің председателі: – Бір мәселенің басын ашып алайық. Экономика түрлі байлық қорларын жасау ғана емес, сондай-ақ, экология да тек қана табиғатты қорғауға ғана қатысты емес. Бұл екі түсінік те адамзат жағдайына тең дәрежеде әсер етеді. Сондықтан да өндірістің дамуы өнім санын өсіруге емес, ең алдымен өмір жағдайын жақсартуға бағытталуы тиіс. Яғни, табиғатты тиімді пайдаланудың экономикалық механизмін құру қажет... Виктор Гончарев, Қазақ КСР Мелиорация және су шаруашылығы министрі: – Біздің есептеуімізше Әмудария мен Сырдарияның 100 миллиард текше метр суы құрдымға құрып кеткен жоқ. Ол су төрт ортаазиялық республикалардың, Қазақстанның қоймаларында. Мәселе осы суды тиімді пайдалануда болып отыр... Дмитрий Орешкин, «Правда» газетініц шолушысы, КСРО Ғылым академиясы География институтының аға ғылыми қызметкері, география ғылымдарының кандидаты: – Әмудария мен Сырдария өзендерінде судағы ауру тудыратын бактериялар өте көп, яғни мұны су емес, адам өміріне қауіпті ерітінді деуге болады. Мұндай ертіндіден бүйректің сау тамтығы қалмайды. Сондықтан да Орта Азияда, әсіресе Арал өңірінде бүйрегі ауыратындардың көптеп саналуына таңдануға болмайды. Тағы бір жан түршігерлік факт – мұнда әрбір оныншы бала өледі екен. Неге?... О. Баймұратов, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондентмүшесі, Қаз КСР Ғылым академиясы Президиумы жанындағы өндіргіш күштерді зерттеу Советінің председателі: – Табиғаттың «қатерлі нүктелері» өкінішке орай, өте көп. Қазақстанды алып карасақ, Алматы, Жамбыл, Шымкент, Екібастұз, Өскемен, Лениногор, Қарағанды, Балқаш т.б. қалалардың ауа бассейндерінің ластануы немесе керемет ауқымды жайылымдардың бүлінуі бірінші ауызға оралады. Қазақстан үшін өндіріс қалдықтарын пайдалану үлкен проблемаға айналуда. Тау-тау боп үйіліп жатқан қалдықтар коршаған ортаға едәуір залалын тигізеді... («Білім және еңбек», № 9, 1988 ж.)  Оның инженермен, не ғалыммен болған әңгімелесулерінде еркіндікпен қоса, сол саламен танысып, терең талдау жасап барып өзінің кейіпкерін басылымға беріп отырғанын көреміз. Әрине ғалымдармен сұхбаттар жүргізуге үлкен дайындық керек. Журналист кейіпкері айналысатын саладан шығуы мүмкін емес те.

Қайырғали Медет жүргізген «Ғалым жұмыс үстінде» айдарында химик-академик Болат Жұбанов полимер химиясының өндірісте қолданысы барысы туралы айтса, академик Ләйла Базанова биологиядағы, академик Ісмет Кеңесбаев тіл білімі жөніндегі зерттеулері жөнінде өзі толғайды. Ал, «Ғылым көкжиегі» айдарында Қ.Сәтбаевтан бергі геология ғылымының жетістігі академик Айтмұхаммед Абдуллинмен болған сұхбатта өрбісе, жас ғалымдар Хиуаз Досжанов биотехнологияның, Зерекбай Әліқұлов ген инжинериясының болашағы туралы әдемі әңгіме өрбітеді. Қ.Медет «Зерде» журналының 1989 жылғы №1 нөміріне «Ғалым қалай вахтер болды?» атты мақаласын жариялайды. Сол мақаладан дарынды ғалым Әбдіжаппар Қалшабековтың өмір тағдыры сөз болады. Ол 1965 жылы кандидаттық диссертация қорғайды. Москвада білімін жетілдіру институтында оқиды. Білімін жетілдіре түскен ол докторлық диссертация жазады. Тақырыбы: «Социализмнің проблемалық мәселелері. Социализмнен коммунизмге өтудің заңдылық жолдары. Маркстік квитанциясының мәні». Ол жатпай-тұрмай еңбектенді. Қажетті мәселелерді тереңінен зерттеді. Бірақ, бұл докторлық жұмыстың тақырыбын еш жер бекітпеді. Қазақ КСР Ғылым академиясының экономист-ғалымдары еңбекті түгелдей жоққа шағарады. Ал, УССР Ғылым академиясы Кибернетика институтының директоры, академик В.Глушаков: Автор мәселені өткір қояды, әрі өткір талдайды.

Мұны кәсіпқой маман-саяси экономистердің ғылыми ортасында ашық пікірталас жасау пайдалы болар еді,  –  деп КСРО Ғылым академиясы Экономика институтына өтініш жасайды. Осындай ғалымдардың пікірлері мен ұсыныстарын зерделеп барып мақала жазған Қ.Медеттің ізденгіш журналист екендігіне көзіңіз жетеді. Қ.Медеттің тағы бір ерекшелігі ол Қазақстанның арғы-бергі тарихындағы қоғамдық тұрмыстағы ерекшелікті бірден аңғара білетіндігі дер едім. Оның ойпікірлері, халқымыздың қайраткерлерінің өмірі мен қызметін құмарта зерттеуі де бізді таңдандыра түсті. Мысалы, Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы Академиясының тұңғыш басшысы белгісіз жағдайда самолет апатынан опат болған көрнекті ғалым, Кәрім Мыңбаев туралы тың деректер жинап, оның Балқаш пен Аралды қорғау жөнінде сонау 1940 жылдары айтқандарын, Бетбақдалада көне заманда түрлі егіс алқаптары болғаны жөніндегі дәйектерін келтіреді. Ғалымның көрегендігін бүгінгі заманғы проблемалармен байланыстыра паш етеді. Сондай-ақ, Қ.Медеттің «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1999 жылғы №15 санында жариялаған «Таным траекториясы» атты мақаласы осы сөзімді дәлелдей түседі. Көшпелі өмір табиғи қажеттіктен әлемдік өркениетке теңдессіз жаңалық ретінде бағаланған киіз үйді тұрмысқа енгізгендігі белгілі. Бұл киіз үйдің ою-өрнектері осы күні де өзге елдің ізденушілерін таң қалдырып келеді. Бұл жайында қаншама еңбектер де жазылды. Ал, Шоқанның (Мұхаммед-Қанафия Уалиханов) өзі ғылымитанымдық сапарларында графикалық, кескіндемелік туындыларды дүниелерді жасады емес пе? Осының бәрін біздер Қ.Медеттің жоғарыда жазған еңбегінен оқыдық. Қ.Медет ертедегі осындай ірі тұлғалардың атын атап қоймайды, әрі онымен шектелмейді, ол қазіргі Қазақстанда өнердің қадірін арттырып жүрген өнер адамдарының еңбектерін де жан-жақты талдап ашуға күш салады. Қ.Медет Оңтүстік өңірден алғашқылардың бірі болып кәсіпқой өнертанушы атанған осы күні осы саладағы ғалым, ғылым кандидаты Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Айдар Ниязов туралы іргелі зерттеу де жасапты. Қ.Медет А. Ниязов арқылы өзекті ой қозғайды, терең толғанысқа барады. Қ.Медет көне дәуірдің тарихын жете меңгерумен қатар, ол философия мен әдебиетпен де жақсы таныс болғандығын байқауға болады. Оның жазғандарынан, зерттеулеріне қызығушылық білдіріп жазған оқырмандардың жазған хаттары бір шоғыр болыпты.   Ол ондаған мақалалар мен сұхбаттарды түрлі басылымда жариялады. Алғашқы мақаласы шыққаннан бергі 45 жылға жуық уақыт ішінде, яғни, бүкіл саналы ғұмырын журналистикаға арнаған кезеңде жазған дүниелерін тізбелеп шығу тым күрделі. Сондықтан, мысал ретінде төмендегі мақалаларды атасақ та жеткілікті болар деп ойлаймын.

«Киелі нәрсені қадірлейік», «Өмір-Айна» газеті, 2007 жыл, маусым; «Иірім» алдындағы беймаза сәт», «Оңтүстік Қазақстан» газеті, №13, 1999 жыл; «Қазақ тілінің құны қанша немесе балағаттайтын Иван, ал, Игорьді не үшін жазаладық?!» «Оңтүстік Қазақстан» газеті, №26, 1999 жыл, т.б. мақалалар. Бұл мақалалардың атына жазған хаттар түрлі саланың адамдары. Мысалы, «Сендердің заңдарың...» деп секірген Ваня қазақ қызына ғана емес, Қазақстанға тіл тигізеді» атты тақырыппен Х.Әлішеваның хаты. Қалалық ІІБ бастығы Қ.Ақтаевтың Х.Әлішеваға жолдаған хаты. Осындай хаттар тізімін көрсете беруге де болады. Бірақ, мен осы екі хат арқылы жоғарыдағы мақалалардың акутуальді жазылғандығының дәлелі ретінде көрсетуді басты мақсат санадым.  Осындай хаттар легін Қ.Медеттің қарамағында қызмет жасаған журналистердің атына да жолданып жататынын айта кеткен орынды болар деймін. Мысалы, журналист, жазушы Асан Сарқұловтың атына «Аллаһ деген сөз жеңіл» немесе ар сынға түсер ақиқат» атты мақаланы талантты жазушы, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Асқар Алтай жазыпты. А.Сарқұловтың «Замана көшіндегі дін ақиқаты» кітабына «Бұхар жыраудың тілегі немесе рухани серпіліс әкелген кітап» деген мақаланы елге белгілі азамат Бекболат Тілеухан жазыпты.

Сол сияқты дарынды журналист Бейсенбай Тәжібаевтың, орыс және қазақ тілдерінде еркін көсіле жазатын Жандар Көшеннің т.б. журналистердің атына жазылған хаттар легі де аз емес. Мен бұл жерде де оқырмандардың жазған хаттарын, олардың қорытылып басылымға ұсынылғандарын тізімдеп диплом жұмысына қосуды артық санадым.  Әрі Қайырғали Медет журналистикадан бір күн де қол үзбеген, өз таңдаған мамандығына шын берілген адал азамат. Оның шәкірттерінің өзі бір шоғыр. Ол таланттыларды тани да көре де білетін азаматтық позициясы қалыптасқан қаламгер де. Сөзімізге бірер дәлел. Кезінде «Лениншіл жастың» жазу стиліне қалыптаса алмай жұмыстан шығып қалып, журналистикадан кетпек болып жүрген Асан Сарқұлов «Мәдениет-Культура» газетіне тілші болып қабылданады. Сөйтіп, ол Қайырғали Медетпен бірге тәуелсіздік «қарлығаштарының» бірі болған газеттің ыстық-суығын бірге көрді. Жауапты хатшылыққа дейін барды. Кейін Қазақ радиосында қызмет етіп, Астана студиясында бас редактор болды. ҚР Парламенті мен Қазақстан Журналистер одағы сыйлықтарының лауреаты, ҚР мәдениеті қайраткері болды. Ал, сол кездегі газетті безендіруші әуесқой суретші, журналист Сейсенхан Махамбетов бүгінде «Ислам және өркениет» газетінің бас редакторы. ҚазГу-ді жаңа бітіріп келіп, тілшілікке орналасқан Қалдыбек Құрманәлиев бұл күнде танымал сазгер, Шымкенттегі «Түркістан» сарайының директоры. Сондай-ақ «Шымкент келбеті – Панорама Шымкента» газетіне түрлі қызметтерге қабылданған, Қ.Медеттің мектебінен өткен, оннан астам жас журналистер бүгінде журналистика саласының бел ортасында жүр. Ғалымжан Елшібай – «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті», Шадияр Молдабек – «Заң және заман», Раушан Баударбек – «Жас қазақ», Бақытжан Әбдірашұлы мен Жандар Көшенов – «Рейтинг», Бейсенбай Тәжібаев – «Айқынның» Астана қонысында; Фариза Құрманбек – «ҚазақстанШымкент», Серік-Ибраһим... – Астанада қызмет етуде. Бұлар Қ.Медеттің алдын көрген, тәрбиесін алған бір шоғыр ғана. Ал, ол кісінің шәкіртімін деп жүрген журналистер Оңтүстік өлкеде аз емес.

Бұл да болса қолына қалам алған азаматтың еңбегінің үлкен жемісі, нәтижесі екені сөзсіз.  Қайсы бір басылымда қызмет етпесін, ол Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігінің бастауында жүрді, журналистикада осы бағытта елеулі үлес қосты. Жоғарыда айтқандай, Қ.Медет елдің тәуелсіздігі жарияланбас бұрын да КСРО-да болған, болып жатқан келеңсіздіктерді батыл жазып, сол жылдарда жазықсыз жазаланып жатқан ел азаматтарына ара түсуге тәуекел еткен журналистердің бірі болды. Мысалы өздеріңіз танысып өткендей жоғарыда ғылым кандидаты Әбдіжапар Қалшабеков жайын айттық. Ұлттың арда азаматтарын қорғауға белсене араласқан Қ.Медет өзінің басын бәске тігіп отырған. Бір ғана осы Ә. Қалшабеков туралы «Ғалым қалай вахтер болды?» атты көлемді зерттеу мақаласының өзі «Білім және еңбекке» жарияланған соң, зиялы ортада үлкен резонанс тудырды. Сондай-ақ, оның биолог ғалым Дәмеш Қойшығараева туралы «Қорғалмай қалған докторлық диссертация» атты мақаласы да кеңестік жүйедегі ғылым саласындағы кемшіліктерді батыл көрсеткен дүние еді. Бұл әлі тәуелсіздікке қол жетпеген кез еді. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына тек жас студенттер ғана шыққан жоқ. Зиялы қауым, жұмысшы-шаруа өкілдері де сол оқиғаның бел ортасында болды. Желтоқсан ызғырығында Кеңес одағы сияқты алып империяға  қарсы тұрып, кеудесін оққа тосқандардың аты-жөні әлі түгел аталып, түсі түстелген жоқ. Журналист Қ.Медет өзінің айтуынша желтоқсанның 17-18 күндерінде алаңда болып, желтоқсаншылармен бірге иық тірестіре жүрді. Бұл оның батылдығы ғана емес, сол кезде көрсеткен ұлтжандылығы еді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға