Жаңалықтар

Көпжасар Нәрібаевтың ғылыми еңбегі

Ұзақ уақыт бойы қазақ жоғары мектебінің қара шаңырағы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін басқарған, көрнекті ғалым-экономист, мемлекет қайраткері Көпжасар Нәрібаевтың қызмет жолы көпке үлгі.
15.07.2015 06:52 4719

Ұзақ уақыт бойы қазақ жоғары мектебінің қара шаңырағы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін басқарған, көрнекті ғалым-экономист, мемлекет қайраткері Көпжасар Нәрібаевтың қызмет жолы көпке үлгі. Осындай тұлғаларды жас ұрпақ біле жүруі үшін, Көпжасар ағаның шәкірттері әрі әріптестері Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Серік Пірәлиевтің, ҚР Жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі Ержан Жатқанбаевтың және ҚР ҰҒА академигі Сағындық Сатыбалдиннің Көпжасар аға туралы, ол кісінің еңбек жолы баяндалған очеркінен үзінді келтіруді жөн санаймыз.

Көпжасар Нәрібаевтың ғылыми еңбегі

Көпжасар Нәрібаев Жамбыл облысы, Жамбыл ауданына қарасты Бектөбе ауылында қара шаруа Нәрібай әке мен Бүбікүл ананың отбасында 1938 жылы 3 маусымда дүниеге келді.

Балалық шағы – Ұлы Отан соғысының соңғы жылдарына, мектеп жылдары – соғыстан соңғы шауашылықты қалпына келтіру науқаны қызу жүргізіліп, қоғамда тәртіп күшейген жылдарға тап келді. Көпжасар Нәрібаев 1952 жылы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының Қызыл Шарық ауылындағы жеті жылдық мектепті, 1955 жылы Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) №38 мектепті тәмамдады.

Мұнан соң 17 жасар талапкер С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Ол кездерде университетте бүкіл Одаққа әйгілі С.Б.Бәйішев, И.М.Бровер, С.А.Нейштадт сияқты ірі экономист ғалымдар дәріс беретін. Сонымен қатар, кезінде ел экономикасының ірі салаларын басқарған Т.Ш.Шәукенбаев, М.Е.Бутин, Т.Т.Төлебаев, М.М.Розманов сияқты профессорлар және т.б. көрнекті қайраткерлер жұмыс істейтін. Болашақ экономист жастардың нағыз жанашыры Ф.А.Жеребьятев, факультет деканы Ш.Г.Надиров, сол кезде жас оқытушылар, кейін еліміздің ірі ғалымдары болған Ж.Ә.Әубәкіров пен Д.Қ.Қабдиевтің дәрістері мен ақыл-өсиеттерін тыңдап өсті. 1960 жылы К.Н.Нәрібаев экономика факультетін ойдағыдай бітіріп шығады. ҚазМУ-ды бітірісімен Мәскеу қаржы институтының аспирантурасына түседі.

1964 жылы К.Нәрібаев «Механикаландыру жағдайында есептеудің қазіргі формаларының дамуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, Қазақ мемлекеттік университетінен енші алып бөлек отау тіккен Алматы халықшаруашылығы институтына жолдама алады. 1965 жылы ол экономикалық есептеу факультетінің деканы, 1972 жылы институттың ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры болып тағайындалады.

К.Нәрібаев АСУ, бухгалтерлік есеп және есепті механикаландыру курстары бойынша бірнеше оқулық пен методикалық оқу құралдарын жазды: «Есептік мәліметтерді өңдеуді тұтастай механикаландыру», «Есептік–экономикалық мәліметтерді машиналық өңдеу», «Есеп және есептеу жұмыстарын механикаландыру» және т.б.

К.Нәрібаев – есеп және басқару ісі бойынша ғылыми еңбектерді ана тілімізде жазған алғашқы ғалымдардың бірі. Профессор мемлекеттік тілде  кітап, 3 кітапша және 120-дан аса мақалалар жариялады.

1973-74 жылдары Көпжасар Нәрібаев Америкада ғылыми тәжірибе жинақтайды. Сөйтіп, 1976 жылы профессордың «Есеп және басқару салаларында мамандар дайындаудағы және консультативтік қызмет ұйымдастырудағы АҚШ-тың тәжірибесі» деген зерттеу еңбегі жарық көреді.

Көпжасар Нәрібаевтың ғылыми еңбегі

1981 жылы 6 ақпанда КСРО-ның Жоғары аттестациялық комиссиясы К.Нәрібаевқа экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін, 1982 жылдың 10 желтоқсанында профессор ғылыми атағын береді.

1983 жылы Көпжасар Нәрібаев Республикамыздың Жоғары және арнаулы орта білім министрі болып тағайындалады. Сол уақыттарда ол Қазақстанның білім беру жүйесін кеңейтіп, ғылыми әлеуетін дамыту жолында елеулі еңбек етті. Республикаға ауадай қажет болған мамандықтар мен жаңа оқу ордаларын ашуға тікелей жетекшілік жасады. Алматы мемлекеттік театр және көркем өнер институты, Қостанай ауылшаруашылығы институты, Рудный индустриалды институты, Қостанай ауылшаруашылығы интситуты, Семей ет және сүт өндірісі технологиялық институты және т.б. сол сияқты ондаған жаңадан ашылған техникумдар мен училищелер соның нақты нәтижесі.

1986  жылы әйгілі «Желтоқсан оқиғасынан» кейін К.Н.Нәрібаев «ұлтшыл» деп айыпталып, министр қызметінен босатылды. Негізгі тағылған айып: министр қызметін пайдаланып, жоғары оқу орындарында қазақ жастарын шектен тыс көбірек оқытып, басқа ұлттар өкіліне, әсіресе, орыс халқының мүддесіне орасан зор зиян келтірген екен.

Тоқсаныншы жылдардың басында ҚазМУ ұжымындағы моральдық-психологиялық жағдайды жақсарту қажеттілігіне байланысты Республика басшыларының алдында университетке лайықты басшы таңдау міндеті тұрды. Ректорлық қызметке тәжірибелі ұстаз, ұйымдастыру қабілеті мол, жоғары білім жағдайын жақсы білетін адам қажет болды. Бұл талапқа қай қырынан болса да даусыз сай келетін К.Н.Нәрібаевқа үлкен сенім артылып, университетті басқарудың жоғары жауапкершілігі жүктелді. Арада өткен он жыл жемісті болды.

К.Нәрібаевтың табандылығы мен қайсарлығының арқасында Қазақстан Үкіметінің арнайы қаулысымен университетке шығыстың ғұламасы, екінші ұстаз аталған ғалым-энциклопедист әл-Фарабидің аты берілді. Бұл үлкен абырой сонымен қатар шексіз ауыр жауапкершілік еді.

Өз халқының тарихи естелігін қалпына келтіру мақсатында қазақ елінің даңқы ұлдарының ғылымға, әбедиетке, мәдениетке қосқан елеулі үлестеріне бас ие отырып, университеттің 15-қабатындағы Ғылыми кеңес залында портреттер галереясын толықтырды. Осылайша, университеттің Ғылыми кеңесі мүшелерінің пікірлеріне сүйене отырып, галлереяда Баласағұн, Дулати, Байтұрсынов, Әуезов, Сәтпаев, Қонаевтың портреттері пайда болды.

1993 жылы 9 қаңтарда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қаулысымен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне автономиялық мәртебе берілді.  

К.Н.Нәрібаев ғалым ретінде шетелдерде өткен маңызды ғылыми конференциялар, симпозиумдар, семинарларға белсенді қатысып, экономиканы жандандыру мен жоғары білім жүйелерін жетілдірудің өзіндік мәселелері бойынша баяндамалар жасады. Осы салада сіңірген еңбегі үшін 2000 жылы Кембридж халықаралық биографиялық орталығы К.Н.Нәрібаевқа «Халықаралық жыл адамы» атағын берді.

Білім саласындағы қажырлы еңбегі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін К.Нәрібаев «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен, сонымен қатар шетелдік одақтық және республикалық ұйымдардың Құрмет грамоталарымен марапатталды. 1996 жылы ғалымға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», 2001 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы берілді.

Қандай қызметте болмасын К.Нәрібаев өзін білікті басшы, талантты жетекші, тәжірибелі ұстаз, дарынды ғалым ретінде танытып келеді. Көпжасар Нәрібаевтың бұлжымас ережесі бар: өзіне ешқандай артықшылық, жеңілдік бермеу. Оның өмірде қолы жеткен табысының бәрі де өз талантының, табанды еңбегінің нәтижесі екенін бүкіл қоғам мойындап, лайықты бағасын берді. 


Дария Жұмалиева

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға