Жаңалықтар

Мемлекет үшін діни татулық маңызды

Дінтанушы Бақтияр Оспанмен сұхбат
Мемлекет үшін діни татулық маңызды
Фото: © El.kz 23.02.2021 15:22 3481

 

Бақтияр Оспан – дінтанушы. Дін саласында 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасында кеңесші және облыс әкімі жанындағы Дін туралы комиссияның мүшесі болған. 2014 жылы Сыр өңірінде Дін мәселелерін зерттеу орталығы ашылып, сол уақыттан бері осы жерде қызмет атқарады.

Бақтияр Оспан 1997 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетіне түскен. Онда пәлсапа, дін тарихы, дін ғылымы туралы Білім Құдайберген, Мұқанмадияр Орынбек, Ғарифолла Есім және Досай Кенжетай сияқты профессорлардың дәрісі арқылы мамандығына қызығушылығы артқан.

Осылайша Сыр бойындағы діни мектептердің қалыптасуы мен исламдық көзқарастар жөнінде ізденістер жүргізіп, магистрлік және докторлық диссертациясы бойынша зерттеу жұмыстарын жасаған. Ұлыбританиядағы белді ғылыми журналдарға Сыр сүлейлері, ақын-жыршылары туралы, жалпы діни-танымға арналған мақалалары шыққан.

 

Трансшекарадағы талаптар күшейді

 

Бақтияр Оспан қазіргі кезде біздің елімізде діни ахуал тұрақты деуге толық негіз барын айтады. Сонымен қатар тоқсаныншы жылдардағыдай діни ағымның артынан лек-легімен кетіп қалу қаупі саябырсығанын жеткізді.

 

- Діни ахуалдың тұрақтануына аймақ басшыларының, дінтанушылар мен тарихшылардың сондай-ақ қоғам қайраткерлерінің үлесі бар. Қызылорда облысындағы діни ахуалды алатын болсақ, өңірде 98% қазақ ұлты тұрады. Бұл да тұрақтылыққа үлкен әсер етеді. Мұндай жағдай ақпараттық түсіндірме топтарының және терроризмге қарсы ұйымдардың, ішкі істер саласының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және басқа да құзырлы органдардың бірлесе жұмыс істеуінің нәтижесі. Қазір өңірімізде жастардың арасында діни ұйымдарға, түрлі теріс ағымдарға бет бұру жағдайы біршама азайды, - дейді кейіпкеріміз.

 

Кейіпкеріміз биыл елімізде ғана емес, дүниежүзінде экстремизм мен терроризм актілері біршама басылғанын айтады. Оның себебін коронавирус пандемиясы әрі трансшекарадағы талаптардың күшеюімен байланыстырады.

 

«Жусан» операциясын сәтті жүзеге асырды

 

Бақтияр Есенгелдіұлы да экстремизм бабымен сотталған азаматтар түрмесіне арнайы барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде олар қатесін түсініп, халыққа, туыстарына үндеу жасаған. Бүгінгі күнгі тыныштық осындай өз ісінің адал мамандарына тікелей байланысты деуімізге болады.

 

Діни фанатизмге әуестеніп, Сирияға қарай шекара асқан, адасқан азаматтардың тағдыры алаңдауға тұрарлық. Өкініштісі, Сирия жерінен бақыт табамыз деп, батпаққа батып, мәңгілікке сүйегі сол жақта қалған қандастарымыз да бар. Бақтияр Есенгелдіұлы Қазақстан халықаралық саясаттағы беделін пайдаланып, «Жусан» операциясын сәтті жүзеге асырды деген пікірде.

 

- «Жусан» операциясының көмегімен 600-ге жуық отандасымыз елге келді. Бұл тікелей Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы екенін айту керек. Соғыс болып жатқан Сирия территориясының әуе кеңістігінде қазақстандық әскери ұшақтардың ұшуы үлкен тәуекел. Асылында саяси-әскери ұйымдар араласып, шешетін, мақұлдайтын күрделі мәселе. Соғыс жағдайына қарамастан, қарулы қақтығыстың ортасынан отандастарымызды алып шығу оңай емес. Асыл дінімізге қайшы ағымның жетегінде азаматының артынан еріп кеткен келіншек балаларымен еліне қайта оралды. Туған жердің топырағын басқан сәтте «Мына жерде бомба жарылмай ма?» деп, көз жастарына ерік беріп, үміт пен күдік аралас сұрақ қойғанына куә болдық. Шын мәнінде бұл сүйекке таңба болатын дүние. Жастардың санасын улап, дәстүрлі дінімізден адастыруды мақсат еткен күмәнді азаматтардың уағызы осындай жағдайға себепші болды. Ғаламторда біреуі өзін шейх санаса, келесісі өзін ұстаз ретінде таныстырады. Сирияға кеткен бауырларымыздың ішінде бомбамен бірге жарылып кеткен, құлаған үйдің астында қалған, оқтан жараланып қайтыс болғандар, еш хабарсыз кеткендер де бар. Олар табылған жағдайда біздің мемлекет елге алып келуге мүдделі. Ал егер белгілі бір мемлекеттің тұтқынында немесе уақытша қамау абақтысында отырған жағдайда мәселе күрделі, - деп атап өтті Бақтияр Есенгелдіұлы.

 

Талай адам теріс ағымның жетегінде Сирия мен Ирак мемлекеттерінің шекарасын асты. Онда жағдай  мүлдем басқаша екеніне «Жусан-1», «Жусан-2» операциясы көмегімен елге оралған азаматтардың жантүршігерлік әңгімесі куә. Еліміздегі оңалту орталықтары дәл осы азаматтармен жұмыс істеп, моральдық және психологиялық көмек түрлерін көрсетіп келеді.

 

- «Жусан» операциясынан кейін психологтар елге жеткізілген азаматтармен, олардың балаларымен бейімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Арасында тіпті Сирияда дүниеге келген, сондай-ақ енді ғана оң-солын тани бастағанда ата-анасымен еріп кеткен балалар да бар. Бір өкініштісі, Сирияға кеткен жерлестеріміздің көбі маргинал жастар қатарынан. Олар елге келгеннен кейін де  бірден қоғамға сіңісіп, үйреніп кетуі екіталай. Десе де мамандардың жүйелі жұмысының арқасында ортаға бейімделіп, дұрыс жолға түскендер бар. Осы бағыттағы жұмыстар нәтижесіз емес. Қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде осындай оңалту орталықтары ашылып жатыр. Ислам дініне теріс көзқарас қалыптастырып, тек қана соғыспен байланыстыратын, «жиһад жасаймыз» деп, ата-анасын жылатып кеткен жандарға Шал ақынның «Ата менен анаңды құрметтесең, Мекке болып табылар үйдің іші» деген нақыл сөзін айтқым келеді, - дейді дінтанушы.

 

Дін мен дәстүріміз бір-біріне қайшы емес

 

Дәстүр мен діннің арасында кейде қайшылықтар болып жатады. Мысалы, үлкен кісілерге сәлем салуға, қайтыс болған жанды жоқтауға қатысты дау туындайтын сәттер бар. Дінтанушыдан осы мәселе бойынша пікірін сұраған едік.

 

- Келіннің сәлем салуына, қасиетті қара домбырамызбен күй тартып, жыр орындайтындарға айып тағатын адамдар кездеседі. Қазақ халқына тән ырымдар мен салт-дәстүр бар. Олардың әрқайсысы өзіндік мән-мағынаға ие. Оның ішінде Аллаға серік қосатын нәрселерден сақтандырған амалдар да кездеседі. Осындай наным-сенімдердің ара-жігін дұрыс ажыратып, тарқатып түсіндіретін мамандар тапшы. Мәселен, сәбидің маңдайына қара күйені не үшін жағады? Қыз баланың басына үкі тағудағы мақсат не?  «Үйді айналып жүгірме, обал болады, ұят болады» деген тыйымдар бар. Тарқатып айтар болсақ, мұсылмандар тек Қағбаны айналып, тәубе етеді. Одан кейін кез келген нәрсенің хақысын ескеріп,  ысыраптан тыйып отырады. Ал енді «ұят болады» дегенге келсек, үлкен адамның алдынан өтпеу, өзгенің ала жібін аттамау деген ырым-тыйымдар дінде бар нәрселер. Кейде, тіпті, халқымыз «нан қоқымын жесең бай боласың» деп ас атасын құрметтейді. Мысал ретінде айтсақ, Пайғамбарымыздың хадисінде нанның қоқымын шашу, жалпы тамақ қалдығын аяқ асты ету – ол кедейлікке апаратын жол дейді. Осының бәрінен-ақ дін мен дәстүріміздің қарама-қайшылығын емес, олардың бір-бірімен астасып, біте қайнасып жатқанын көруімізге болады, - деп жауап берді Бақтияр Есенгелдіұлы.

 

Бақтияр Оспан елімізде діни тұрақтылықты сақтау бағытында қыруар жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды. Әр салада болатын өзекті  мәселе діни ортада да бар екенін айтып, кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатқанын тілге тиек етті.

Бөлісу:
(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға