Жаңалықтар

Қазақшаға жетік, салт-дәстүріне ғашық жапон қызы

29 жасар жапон қызы қазақ тілі, әндері, құрақ көрпелер туралы қызықты әңгімесі
Қазақшаға жетік, салт-дәстүріне ғашық жапон қызы
14.09.2017 16:01 15481

Чиеко Хирота Жапонияда тұрады. Жасы 29-да. Қазақтың қолөнері мен салт-дәстүрі жайлы зерттеу жұмысын жүргізіп жүр. Жақында осы тақырыптағы докторлық диссертациясына материал жинау мақсатында Шымкент қаласына келген еді. Арнайы жолығып, әңгімелестік. Қазақ тілін тәп-тәуір меңгеріп алыпты.

Төрт жыл моңғол тілін оқыдым

Менің аты-жөнім – Чиеко Хирота. 1988 жылы Жапонияның Канагава префектурасында дүниеге келдім. Әкем - химия пәнінің мұғалімі болған, қазір зейнеткер, анам денсаулығына байланысты жұмыс істемеді. Мен үйдің жалғыз баласымын. Токионың шет тілдер университетінде 4 жыл моңғол тілін оқыдым. Кейін қазақтың қолөнерін зерттеу үшін 2011 жылы Чиба университетіне этнография мамандығы бойынша магистратураға оқуға түстім. Ал биыл сол университетке, докторантураға қайта оқуға тапсырдым. Жапон, ағылшын, моңғол және қазақ тілдерін меңгеріп алдым. Қазақстанға екінші рет жолым түсіп отыр. Үш жыл бұрын Алматы қаласында бір апта қонақ болғанмын. Ал биыл Шымкент, Алматы, Астана қалаларында бір ай боламын.

18 жасымда Канадаға қыдырып бардым. Сол кезде адамдар менен Азия елдері туралы сұрады. Мен көп сұраққа жауап бере алмай, тосылып қала бердім. Батыс елдері, Еуропа жайлы қызығып оқып, ал Азия елдері жайлы түк білмейтініме іштей қатты ұялдым. Жапонияда қытай, кәріс, тай, үнді тағы басқа тіл үйрететін түрлі жеке мектептер бар. Арасында моңғол тілін үйрететін мектеп жоқ болып шықты. Сондықтан келесі жылы, мектеп бітірген соң Токиодағы шет тілдер университетіне, моңғол тілі мамандығына оқуға түстім. Тілді жетік меңгеру мақсатында 2009 жылы Моңғолияның астанасы - Ұланбатырға барып, бір жыл оқуымды жалғастырдым. Демалыс кезінде Моңғолияның ауыл-аймағын араладым. Бір күні Микия Нишимура аға мені Баян-Өлгейге ертіп апарып таныстырды. Адамдар мен түсінбейтін тілде сөйлесіп жүр. Қалай Моңғолияда тұрып, басқа тілде сөйлейді деп ойладым. Сұрастыра келе тарихын білдім, қазақтарға деген құрметім артып, енді маған қазақ тілін үйрену керек деп шешім.

 

Чиеко әкесімен

Қазақ тілін үйрену үшін Баян-Өлгейге көшіп бардым

Баянөлгейлік Көгершін есімді аға 2006 жылдан бастап Жапонияға жыл сайын келіп, қазақтың дәстүрлі ән-термесін айтып, жеке концерт беретін. Домбырамен керемет ән салады. Бір концертте жақынырақ танысып, Баян-Өлгей туралы сұрадым. Ең алғаш Айгүл есімді апай маған қазақ әріптері мен керекті сөздерді үйретті. Тілді ары қарай үйрену үшін қалың қазақтың ортасында тұруым керек екенін түсініп, 2012 жылы Баян-Өлгейге көшіп бардым. Екі жыл Көгершін ағаның үйінде тұрдым. Олар мені өз қыздарындай көрді. Бар жылы-жұмсағын аузыма тосты. Басында қазақша түк түсінбейтінмін, адамдар не айтып жатыр екен деп таңғалып қарайтынмын. Кейін «бауырсақ», «дастархан», «шай іш», «тамақ же» деген сөздерді біртіндеп санама сіңіріп, іштей жаттап, қайталап үйрендім, сосын сөз тіркестерін, кейін сөйлем құрай алатын болдым. Тілді тыңдау арқылы үйренесің.

Қазақша сәл-пәл сөйлей бастаған соң, айналамдағы адамдардан қазақтың қолөнері жайлы сұрай бастадым. Өйткені, жаз бойы киіз үйде тұрдым. Малшылардың ауылына қонаққа бардым. Әрбір үйдегі қолдан тоқылған оюлы текемет, сырмақ, алаша, басқұр көздің жауын алатын. «Оны қалай тоқиды?», «Ою-өрнегін қалай салады?» деген сияқты сауалдарым таусылмайды. Сағаттап, шай ішіп тыңдайтынмын. Кейін Айнагүл есімді апай маған бізбен кесте тігуді, сырмақ сыруды, тұскиіз тоқуды, ал Шолпан есімді апай терме алаша тігуді үйретті. Баян-Өлгейде тұрған екі жыл ішінде мен қазақтардан көп қамқорлық, жақсылық көрдім. Салт-дәстүрімен таныстым. Кейін ол жақсылықтың қайтарымы болуы керек деп ойлап, қазақтың қолөнері жайлы докторлық диссертация жазамын, оны басқа жапондарға танытамын деген ойға бекідім.

Домбырашы Көгершін ағамен

Жапондарға кесте тігіп, текемет басуды үйретіп жүрмін

Қазір Жапонияда қазақтың қолөнеріне қызығушылық танытқан адамдарға кесте тігуді, текемет тоқуды үйретемін. Ақылы лекциялар өткіземін. Жапондықтардың көпшілігі бізбен кесте тігуге қызығады. Қазір санап отырсам 2014 жылдан бастап, осы кезге дейін Токио, Хоккайдо, Осока, Канагава, Нагано, Абасири, Нагоя сынды Жапонияның 16 қаласына барып, қазақтың қолөнері туралы білгеніммен бөлісіппін. Бұдан бөлек жақын араласатын ағаммен бірігіп, Баян-Өлгейде жинаған тұскиіз, текемет, тағы басқа қолдан тігілген заттарды қойып, көрме жасадық. Көрмеде тұскиізді қай жылы, кім тоқығаны, қалай тоқығанын, қандай мағынасы бар екенін келген адамдарға түсіндіреміз. Адамдар «Қазақ деген қандай халық?» «Мұны қалай тікті?» деп қызыға сұрайды.

Жапондарға моңғол, қазақ халықтарының салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі туралы лекция оқимын. Ағам Микия Нишимура қазақтар туралы жапон тілінде газет шығарады, мен оған қолымнан келгенше көмектесемін. Жыл сайын Баян-Өлгейден әнші шақыртып, концерт береміз. Қазақтың қолөнерін, салт-дәстүрін насихаттау үшін терең зерттеу керектігін ұғынып, ағама «Кешіріңіз, мен ары қарай зерттеу жұмысын жалғастырғым келеді. Бұл жұмыстарды үш жылдан соң қайта қолға алайық» деп рұқсат сұрап, демалыс алып, биыл көктемде Чиба университетіне докторантураға түстім. Уақытым болғанда қосымша көмектесіп, бұл істі ары қарай атқарамын деп ойлаймын.

 

Қазақтың тұсаукесер салты қатты ұнады

Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында Феруза деген апайдың үйінде бір апта қонақта болдым. Ол кісіні маған досымның досы тауып берген. Феруза апай қыздың жасауын, көрпе-төсекті қалай тігетінін көрсетті. Құдалық той, кит жасау дәстүріне куә болдым. Тұмауратып келген едім, дәрімен емес, дермене деген дәрілік шөпті ішкізіп, емдеп-жазып алды. Одан кейін Отырар мен Түркістанды араладым. Қолөнер шеберлерімен таныстым. Сондай-ақ, Шымкенттегі Бейісбековтер отбасында қонақта бардым. Бұл отбасының 7 мүшесі де қолөнер шебері, суретші екен. Яғни, Болат ағаның жұбайы, ұлы, қызы, келіні, немересі барлығы қазақтың қолөнерімен айналысады. Маған қазақтың тұсаукесер дәстүрі ұнады.

«Қаз-қаз балам, қаз балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Тұсауыңды кесейін,

Күрмеуіңді шешейін, - деп бата береді екен. Ал баланың аяғына байланатын ала жіптің мағынасын Болат аға «Өмір деген ақ пен қарадан, ай мен күннен, жақсы мен жаманнан тұрады, Біреудің ала жібін аттама, сенің өмір жолың ақ болсын» деген ниетпен ала жіпті өріп, пышақпен кеседі деп түсіндірді. Мен баланың тұсауын кесетін ала жіпті сатып алдым. Жапонияға барған соң адамдарға көрсетіп, түсіндіремін.

Жапонияда көп адам Қазақстанды да Ауғанстан, Пәкістан сияқты атыс-шабыс жиі орын алатын, соғыс жүріп жатқан ел деп ойлайды. Мен бұл ойдың теріс екенін ұғынтқым келеді. Бірінші рет Құранды, азанды Баян-Өлгейде тыңдадым. Сондай әуезді, жүрекке жылы тиді. Қазір ислам діні жайында кітаптар оқып жүрмін. Маған баянөлгейліктер «қазақ тілін үйрендің, сен енді қазақ жігітке тұрмысқа шық, бізге келін бол» деп айтады. «Мен буддизм дініндемін ғой» деп күлемін. 

 

Қазақтар секілді қазы-қарта сүйікті тамағыма айналып, шәйді көп ішетін болдым

Екі жыл қазақтардың ортасында тұрған соң етті жақсы көремін. Еттен жасалған қуырдақ, кәуап, қазы-қарта секілді ет тағамдары менің ең сүйікті асыма айналып кетті. Шайды көп ішемін. Мені кейде «Шайгүл» деп те атайды (күлді).

Баян-Өлгейде біреу қоңырау шалғанда телефон тұтқасын «Алло» деп емес, «Бар ма?» деп алады. «Оқасы жоқ» дегенді, «кем жоқ» деп айтады. «Мақұл ма?» дегенді де түсінбей жүрсем, «жарай ма?» деген мағынаны білдіреді екен. «Жә, жә, жарар» деген сөзді көп айтамын. Мен Оңтүстікке келгенде осылай сөйлеп жүрсем, басқалар таңырқай қарап, «Сіз қай жақтан келдіңіз?» деп сұрап жатыр. Үстімнен қазақтың камзолын тастамай киіп жүремін. Жапон екенімді білгенде бәрі қызығып, суретке түскісі келді. «Қазақтың қызына ұқсайды екенсіз» деп жылы пікір айтып кетті адамдар. Баян-Өлгейліктер қазіргі сәтке дейін әрбір үй текемет, сырмақ, тұскиізді өздері тігеді, киіз басады, кілем тоқиды. Олардың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып кеткен. Қазақстанға келгенімде қазақтар да әлі күнге дейін әрбір отбасы сол дәстүрді сақтап қалған екен деп ойладым. Қонаққа барған үйлерімнен «неге сіздер текемет, тұскиіз ілмейсіздер, неге қолдан тоқылған дүниелер жоқ?» деп таңғалып сұрадым. Ал олар маған ондай дүниелерді тек музейден барып көруге болатынын айтты. Бұл менің жүрегімді ауыртты. Бірақ кейін Бейісбековтер мен Феруза апайдың отбасында қонақта болған соң, басқа қолөнершілермен танысқан соң, жаппай бүкіл халық қолөнермен айналыспаса да, осындай өз ісіне шын берілген адамдардың арқасында қазақтың қолөнері өшпейтініне көзім жетті.

 

Чиеконың орындауында Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әні. 

 

Фотосуреттер Чиеко Хиротаның жеке парақшасынан алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға