АШМ

Италиялық шегірткемен күреске 5 мыңға жуық маман жұмылдырылды

22.05.2025 17:41

Қазақстанның 14 өңірінде шегіртке зиянкестерімен күрес қарқын алып, 464 мың гектардан астам егістік алқапта өңдеу жұмыстары атқарылды. Бұл — көктемгі дала жұмыстарының маңызды бағытының бірі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Шегірткелер 2,8 миллион гектар аумаққа таралуы мүмкін

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биылғы маусымда шегірткенің таралу қаупі бар 2,8 миллион гектар аумақта мониторинг жүргізілді. Зерттеу барысында 498 мың гектардан зиянкестердің бар екені анықталып, бұл аумақтарда шұғыл түрде химиялық өңдеу шаралары қолға алынды.

Алдын ала болжам бойынша, келесі жылы шегірткелердің таралу көлемі 2,1 миллион гектарды құрауы мүмкін. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 миллион гектарға аз. Мамандардың айтуынша, шегірткенің негізгі ошақтары Қостанай, Ақтөбе, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында болуы ықтимал.

Мыңдаған маман мен жүздеген техника 

Қауіпті зиянкеспен күреске еліміз бойынша 4 625 маман мен 443 бірлік арнайы техника тартылған. Мониторинг және залалсыздандыру шаралары барлық өңірде кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

Өңірлердегі жағдай

Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір тазарту мен бақылау шаралары жалғасуда. Жамбыл облысында негізгі залалсыздандыру жұмыстары аяқталғанымен, итальяндық прус шегірткесіне қарсы өңдеу жалғасып жатыр.

Италиялық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу бірден бірнеше өңірде – Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында жүргізілуде.

Маусым айында да күрес жалғасады

Мамандар зиянкестердің ауыл шаруашылығы өнімдеріне залал келтірмеуі үшін мониторинг пен химиялық өңдеуді маусым айында да жалғастырмақ. Шегірткемен күрес – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты міндеттердің бірі.