Жаңалықтар

Иса БАЙЗАҚОВ

Иса БАЙЗАҚОВ
28.08.2014 12:30 4390

БАЙЗАҚОВ Иса (3.10.1900, Павлодар обл. Ертіс ауд. Үлгілі а. — 3.9.1946, Алматы) — ақын, әнші-композитор. Әкесі Байзақ ескіше хат таныған, жасында ән салып, өлең шығарған, шағын шаруалы, сауыққой кісі болған. Иса 9-ға шыққанда шешесі қайтыс болып, өлеңші, әңгімеші әжесі Жанбаланың бауырында өседі. Нағашы ағасы Рахмет оған домбыра тартып, ән салуды үйретеді. Кішкентайынан “Әнші Иса” атанады. 1921 ж. Семейдегі жұмысшы ф-тінде, 1922 ж. Орынбордағы Қазақ халық ағарту ин-тында, 1929—32 ж. Қазақ пед. ин-тында оқыған. 1926—29 ж. Қазақ драма театрына шақырылып Әміре, Қалибек, Құрманбек, Серке, Елубай, т.б. актерлермен бірге жаңа театрдың негізін қаласады. Театр алғаш қойған М. Әуезовтің “Еңлік — Кебегі” мен “Бәйбіше — тоқалында” басты рөлдерде ойнайды. Өзі инсценировка жасаған “Біржан — Сара” қойылымындағы Біржан рөлінде нағыз актерлік дарынын танытқан. 1932—40 ж. Алматы, Қарағанды, Семей қ-ларында радиода, филармонияда, Жазушылар одағында қызмет істеді. Өлеңдері 1924 жылдан жариялана бастады. Сан қырлы талант иесі Б-тың, әсіресе, суырып салма ақындық өнері қазақ әдебиетіндегі осы бір ерекше құбылыстың жалғасындай еді. Б. жазба әдебиет өкілі ретінде де шоқтығы биік көркем туындылар қалдырды.

Ол көптеген өлеңдеріне өзі өмір сүрген кезеңдегі Қазақстанның тыныс-тіршілігінің түрлі көріністерін арқау еткен. Ақын өлеңдерінде фольклорлық сипат басым. Бұл — оның суырып салмалық талантына байланысты ерекшелігі. Б-тың жұрт алдында айтылатын ұзақ толғау алдындағы кіріспе іспетті, өзіндік әні бар желдірмелері халық арасына кең тараған. Б. поэма жанрын дамытуға да зор үлес қосты. “Ұлы құрылыс” (1933), “Алтай аясында” (1934), “Он бір күн, он бір түн” (1938), “Кавказ” (1940), “Ақбөпе” (1941), “Қырмызы — Жанат”, “Қойшының ертегісі”, т.б. көлемді шығармаларында өткен заман оқиғалары, кейінгі дәуір шындығы көрініс тапқан. “Құралай сұлу”, “Алтай аясында” поэмаларында жоңғар шапқыншылығы, “Ақтабан шұбырынды” заманындағы қазақ тұрмысы шынайы суреттеліп, ел бірлігі, патриотизм идеясы көтеріледі. Әлеум. қайшылықтарға толы “Ақбөпе” поэмасында ақын өз кейіпкерлері Ақбөпе мен Әміржан бойына бұрынғы қазақ жастарының ең жақсы қасиеттерін жинақтаған. Ақбөпе — өз бақыты үшін күрескен өр мінезді қазақ қызының бейнесі. Б-тың ақындық дарыны Ұлы Отан соғысы жылдарында ерекше танылды. Ақын өзінің отты жырларымен ел ішіндегі насихат жұмысына белсене араласып, еңбектегі ерлікті жырлады. Б. 40-тан астам әннің сөзін жазып, көптеген қазақ әндерін нотаға түсіртті. Оның шығарм. — қазақ поэзиясындағы жарқын белестердің бірі. Актерлік, әншілік, жыршылық дарынымен қазақ мәдениетінде терең із қалдырған. Б-тың өмірі мен шығарм-н Е. Ысмайылов, М. Хасенов, Р. Бердібаев, т.б. зерттеген. Жазушы Н. Ановтың “Ән қанаты” романында (1956), осы аттас кинофильмде (1962) әнші-ақынның көркем бейнесі жасалды. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған (1939).

Т. Мұқанұлы

Қазақстан Энциклопедиясы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға