Интернеттегі алаяқтықтың түрі көбейген сайын жеке деректердің қауіпсіздігі де маңызды мәселеге айналып отыр. Электронды пошта, банк қосымшалары, әлеуметтік желілер мен смартфондағы жеке ақпарат киберқылмыскерлердің нысанасына айналуы мүмкін.
Lifehacker мәліметінше, қарапайым бірнеше ережені сақтау арқылы деректерді қорғап, қаржылық шығынның алдын алуға болады.
Қандай деректер қауіп астында?
Көпшілік хакерлер тек танымал блогерлерді немесе ауқатты адамдарды нысанаға алады деп ойлайды. Алайда киберқылмыскерлер үшін кез келген қолданушының дерегі құнды болуы мүмкін.
Мәселен, электронды пошта аккаунты басқа сервистердегі құпиясөздерді қалпына келтіру үшін пайдаланылуы ықтимал. Ал смартфондағы негізгі аккаунт арқылы фотосуреттерге, контактілерге, геолокацияға және резервтік көшірмелерге қол жеткізуге болады.
Банк қосымшалары мен мемлекеттік қызметтердегі аккаунттардың қауіпсіздігіне де ерекше мән берген жөн. Мұндай есептік жазбалар бұзылған жағдайда қаржылық шығынға ұшырау немесе адамның атынан түрлі операциялар жасалуы мүмкін.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жеке хаттар, фотосуреттер мен бейнежазбалар сақталады. Олар бопсалау үшін немесе адамның таныстарына жасалатын алаяқтық әрекеттерде пайдаланылуы мүмкін.
Тіпті ойын аккаунттары мен түрлі жазылым сервистері де киберқылмыскерлердің назарынан тыс қалмайды. Ондағы виртуалды заттар мен тіркелген банк карталары алаяқтар үшін пайда көзі болуы ықтимал.
Жеке деректерді қалай қорғауға болады?
Киберқауіпсіздік үшін құпиясөздерді күн сайын ауыстырып немесе барлық құрылғыдан бас тартудың қажеті жоқ. Бірнеше қарапайым ережені сақтау арқылы аккаунттарды қорғау деңгейін айтарлықтай арттыруға болады.
- Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз
Тек құпиясөзге сену бүгінде жеткіліксіз. Себебі қандай күрделі құпиясөз қолдансаңыз да, ол деректердің таралуы немесе фишинг арқылы бөгде адамдардың қолына түсуі мүмкін.
Екі факторлы аутентификация қосылған кезде аккаунтқа кіру үшін құпиясөзден бөлек қосымша растау қажет болады. Бұл бір реттік код, арнайы аутентификатор қосымшасы немесе басқа қауіпсіз әдіс болуы мүмкін.
Сондықтан электронды пошта, әлеуметтік желілер, мессенджерлер және банкке қатысты аккаунттардың барлығында бұл функцияны қосқан дұрыс.
- Әр аккаунтқа жеке құпиясөз қолданыңыз
Бір құпиясөзді бірнеше жерде пайдалану – жиі кездесетін қателіктің бірі. Егер сол құпиясөздердің бірі тарап кетсе, алаяқтар оны басқа аккаунттарға кіру үшін де қолданып көруі мүмкін.
Сондықтан маңызды сервистердің әрқайсысына бөлек әрі күрделі құпиясөз орнатқан жөн. Оларды есте сақтау қиын болса, арнайы құпиясөз менеджерлерін пайдалануға болады.
- Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз
Алаяқтар көбіне адамның назарын аудару үшін жалған хабарламалар жібереді. Мысалы, банк қызметкері, мемлекеттік орган, курьерлік қызмет немесе танысыңыз ретінде жазып, сілтемеге өтуді сұрауы мүмкін.
Мұндай жағдайда хабарламадағы сілтемені бірден ашпай, ақпаратты ресми сайттан тексерген дұрыс. Банк қызметкері болып қоңырау шалған адамға құпиясөз, SMS-код немесе карта деректерін айтпаңыз.
- Қосымшалардың рұқсаттарын тексеріңіз
Телефонға орнатылған әрбір қосымша белгілі бір ақпаратқа қол жеткізуді сұрайды. Бірақ калькуляторға контактілер тізіміне, ал қарапайым ойынға геолокацияға рұқсат берудің қажеті жоқ.
Сондықтан смартфондағы қосымшалардың қандай мәліметтерге қол жеткізе алатынын мезгіл-мезгіл тексеріп тұрыңыз. Қажет емес рұқсаттарды өшіріп, қолданбайтын бағдарламаларды жойған дұрыс.
- Жеке ақпаратты әлеуметтік желіде шамадан тыс жарияламаңыз
Адамдар кейде өздері туралы маңызды ақпаратты байқамай ашық жариялап қояды. Туған күн, мекенжай, телефон нөмірі, құжаттар, сапар туралы нақты ақпарат немесе отбасы мүшелеріне қатысты деректер алаяқтардың қолына түсуі мүмкін.
Сондықтан әлеуметтік желіге қандай ақпарат жариялап жатқаныңызға мән беріңіз. Жеке парақшалардың құпиялылық баптауларын тексеріп, жазбаларды кім көре алатынын шектеген жөн.
Біз бұған дейін бейтаныс нөмірден қоңырау түскенде не істеу керек екені туралы жазған едік.