Жаңалықтар

Индонезиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 268-ге жетті

Кемінде 377 адам жараланып, 31 адам із-түзсіз жоғалған
Индонезиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 268-ге жетті
Фото: ADITYA AJI 22.11.2022 20:22 1044
Индонезиядағы жер сілкінісі 268 адамның өмірін жалмады, деп хабарлады елдің табиғи апаттарды бақылау қызметінің басшысы. Бұл туралы Detik порталы мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
 
Дүйсенбі, 21 қарашада Батыс Ява провинциясының Чианджур округінің оңтүстік-батыс аймағында 5,6 магнитудалы жер сілкінісі болды. Қайтыс болғандардың көбі балалар.
 
Кемінде 377 адам жараланып, 31 адам із-түзсіз жоғалған. 2 300-ден астам үй толығымен қираған немесе қатты зақымдалған. Жер сілкінісінің жойқын күші оның эпицентрінің шағын тереңдікте орналасуына байланысты. Сонымен қатар жер сілкінісінен туындаған көшкін кем дегенде бір ауылды басып қалған.
 
"Қазір біз 268 адамның қайтыс болғанын білеміз", - деді қызмет басшысы Сухарьянто онлайн баспасөз мәслихатында.
"Деректер тұрақты жаңартылып отырады", - деді ол.
 
Сухарьянто кім екені анықталған қайтыс болғандардың саны 122 екенін айтты. Сәйкестендіру процесі жалғасып жатыр.
Индонезия планетаның сейсмикалық белсенділігі ең жоғары аймағында орналасқан және Тынық мұхиты өрт сақинасының бөлігі болып табылады. Жер шарының бұл аймағында ең белсенді тектоникалық плиталар орналасқан, олардың біреуі жылына жеті сантиметр жылдамдықпен қозғалады. Жыл сайын сейсмологтар мұнда магнитудасы 4,0-ден жоғары 6-7 мың жер сілкінісін тіркейді.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға