Жаңалықтар

Имам Абу Ханифаның өмір жолы (2-бөлім)

Абу Ханифаның атасы Ислам дінін қабылдап, Ирақтың Куфа қаласына келіп, сол жерде саудамен айналысқан
Имам Абу Ханифаның өмір жолы (2-бөлім)
01.11.2022 12:52 3461

Абу Ханифа – Ислам дінінің біздің ата-бабаларымыз ұстанып келе жатқан ханафи мазһабының негізін қалаған оқымысты. Абу Ханифа қазақ даласында «Имам ағзам» деген атпен белгілі болған. Қазақтар Ислам дінін қабылдағаннан осы күндерге дейін түрлі әдет–ғұрыптарын, жеті атадан бері қыз алыспайтын салтын, қымыз, жылқы етін қастерлі тамақтарының бірі ретінде сақтай алса Имам ағзамның ілімінің арқасында болды.  

Абу Ханифаның атасы Ислам дінін қабылдап, Ирақтың Куфа қаласына келіп, сол жерде саудамен айналысқан. Атасы Зута Ислам дінін Пайғамбардың (ғ.с.) немере інісі, күйеу баласы, төртінші халифа Хазірет Әлидің қолынан қабылдаған, оның батасын алған. Сондықтан атадан, әкеден қалған өсиет бойынша Абу Ханифа Пайғамбар (ғ.с.) әулетіне деген құрметті өмір бойы сақтап, сол үшін 767 жылы Бағдат қаласында жанын берген. Абу Ханифаның Пайғамбар (ғ.с.) үйі және Хазірет Әли әулетіне деген құрметі сол кездегі Халифаттың билеушілеріне ұнай қоймаған.  

Абу Ханифа Куфа қаласында дүниеге келіп, ер жетіп, өмірінің көпшілік бөлігін сол жерде өткізген.

Ол кезде Куфа қаласы неше түрлі ұлттар, көне мәдениеттердің отаны саналатын Ирақтағы ұлы қалалардың бір еді. Бұл қалада фиқх, хадис, тіл мен әдеби басқосулары тұрақты түрде өтетін, мешіттері шайхыисламдар мен имамдарға толы діни, ғылыми орталық болатын. Исламнан бұрын түрлі діни наным–сенімдер тарап, олардың діни мектептерінде көне грек философиясы, парсы хикметі оқытылатын. Христиан дінінің түрлі ағымдары арасында діни пікірталастар орын алатын. Ислам діні орныққан соң да Ирақ түрлі ұлттар мен діндердің орталығы болып қала береді. Саясат, дін негіздері бойынша түрлі көзқарастар бүліктер мен қақтығыстарға әкеліп соғатын. Шиіттер, көшпелі хариджиттер, мутазалиттер, сахабалардан алған ілімді таратушы табиғиндер арасында пікірталас, күрес толассыз жалғасып жатты.

Абу Ханифа көзін ашқаннан осы түрлі ұлттарды, түрлі пікірлерді көріп–біліп, пікір таластырып өсті. Абу Ханифаның өмірінің көпшілігі осы қалада тағлым алушы, ғалым және тағлым беруші ретінде өтті дедік. Ол Құран кәрімді жатқа білгеннен соң осы басқосуларға қатыса бастайды, алайда әкесінің сауда істерімен де айналысып жүреді. Бірақ оның зеректігін, ақылын байқаған Амир аш–Шуаби деген үлкен фақиһ «көзіңнен от көріп тұрмын» деп, Абу Ханифаға ғұламалармен бірге болуға, ғылыммен айналысуға жол сілтейді. Бұл сол кездің өзінде Абу Ханифа ғұламалардың назарын аударғандығын, алайда оның саудаға көп көңіл бөліп келгендігін көрсетеді. 

Ол кезде ғылыми бас қосулар үш түрлі болған. Ақидат негіздерін оқу, Пайғамбар (ғ.с.)  хадистері мен риуаяттарды оқу және Құран мен хадис негізінде өмірдің түрлі көріністері бойынша пәтуа, тұжырымдар шығару еді. Абу Ханифа шейхтің сөзін жерге тастамай, білімін тереңдетуге құлшына кіріседі. Бастапқы кезеңде хадис, тіл, әдебиет сабақтарына қатысады. Білімге ерекше құштар Абу Ханифа бәріне үлгеруге тырысып, қалам–қағазын арқалап түрлі мәжілістердің арасында жүреді. Калям ілімі өнерін саласын терең игеріп, түрлі топтармен пікір сайыстарда діни қағидаттың мәселелері бойынша ойын дәлелді жеткізуде жарқылдап көрінетін деңгейге көтеріледі. Сөйтіп Абу Ханифа сауда істерінен негізінен алғанда қол үзіп, ғылымға толық бет бұрады. Сауда істеріне тек оның барысын, дін талаптары шеңберінде жүруін қадағалау үшін ғана бас сұғатын болады.     

Абу Ханифаның шәкірті, кейін досы атанған Абу Юсеф еңбегінде келесі әңгімені келтіреді: «Абу Ханифа білім алуға талпынғанымда алдыма барлық білім түрлерін игеруді мақсат етіп қойдым деді. Бір пәннен соң, екінші пәнді оқыдым. Олардың түпкі нәтижесі мен пайдасын ойладым. Калям ілімін меңгеруге ұйғардым. Кейін ойлап қарасам пайдасы аз, нәтижесі жаман болады екен. Адам риторикада кәмілдікке жетсе, ашық айтып сөйлей алмайды, айтса бәледен құтыла алмайды. Оны бос сөз иесі дейді. Одан соң әдебиет пен грамматикаға бет бұрдым. Оның нәтижесі – түбінде жас баламен отырып, оны грамматика мен әдебиетке үйрету екен. Кейін поэзиямен айналыстым, оның түбі мадақтау немесе мазақтау, жалған сөйлеу мен дін бұзу екен. Қарилық  ісін меңгеруге бет бұрдым, егер шыңына шықсам жаңадан жаттап жүргендерді тыңдап отыруыма тура келеді екен. Құран және оның мағыналары туралы сөйлеу қиын. Сондықтан хадис саласын зерттеуге кірістім. Кейін ойладым, егер мен көп хадис жинасам ұзақ өмір сүруім керек, себебі адамдар маған мұқтаж болады. Яғни мен хадис ілімімен жаңадан айналыса бастағандарға үйретуіме тура келеді. Олар мені жалған хадис айтты, есте сақтау қабілеті нашар деп айыптауы мүмкін. Бұл маған қиямет күнінде жүк емес пе? Одан соң фиқһ ілімін оқуға кірістім. Оны терең білген сайын маңыздылығын көрдім, одан айып таба алмадым. Ғұламалар, фақиһтер, машайықтар мен көзі ашықтармен бірге отырдым, солардың мінез–құлқын бойыма сіңірдім. Парызды өтеу, дінді орнату, ғибадат жасау тек біліммен түзелетіндігіне, дүние мен ақырет істері сонымен жүзеге асатындығына көзім жетті. Кім дүние талап етсе оған қол жеткізе алады, кім одан бас тартып ғибадат жолына түскісі келсе ешкім оған білімсіз ғибадат ет деп айта алмайды. Сол ілім фиқһ деп аталады. Фиқх – біліммен әрекет жасау».

Осы әңгімеден Абу Ханифаның Құранды жатқа білгенін, хадис, тіл, әдебиет, поэзия негіздері секілді сол кезеңдегі мұсылман мәдениетінің негіздерін игергендігін, шешендік өнердің соңына түсіп түрлі діни топтармен ислам ақидаты бойынша пікірталастарға қатысқандығы және соңында фиқһ іліміне тоқтағандығын көреміз.

Абу Ханифа ғылыми жолының бастауында ақидат негіздері бойынша сөз, пікір таластарын жүргізіп, осы салада шеберлігі керемет шыңдалып, дін негіздерін түсіндіруде өзіндік тәсіл қалыптастырады. Калям ілімінен фиқһ іліміне  кеткенімен сол негіздер бойынша кей кездерде, қажет болған жағдайда пікір таластарға қатысуға мәжбүр болады. Мысал ретінде, Абу Ханифаның хариджиттермен пікір таласын келтірейік. Харидижиттер ауыр күнә жасаған мұсылман діннен шығады деп санайтын болған. Бірде Абу Ханифа отырған мешітті қарулы хариджиттер басып алып, Абу Ханифаға «Мешіт алдында өтіп жатқан екі жаназаның бірі – шараптан тұншығып өлген адамға, екіншісі – жезөкшелікпен айналысып, соңында өзін–өзі асып өлтірген әйелге арналған», – дейді. Абу Ханифа: «Олардың миллеттері кім? Еврей ме, насрани ма, әлде маджуси ме?» деп сұрайды. Хариджиттер барлық сұрақтарына «Жоқ» деп жауап береді. Ұлы Имам: «Онда олар қай миллеттен болады?» – дегенде хариджиттер «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі және құлы деп шаһадат айтатын миллеттен», – деп жауап береді. Сонда Абу Ханифа: «Онда маған айтыңдаршы осы шаһадат иманның үштен бірі ме, ширегі ме, әлде бестен бірі ме?», – деп сұрайды. Хариджиттер: «Иманның үштен бірі, ширегі, бестен бірі дегені болмайды», – деп жауап береді. Онда: «Иманның қаншасы?» – деген сұраққа олар: «Иманның толық өзі», – дейді.  Сонда Абу Ханифа: «Онда өздерің мұсылмандар деп шешкен және дәлелдеген осы екі жаназа туралы сұрақтарың қандай?» – деп оларды тығырыққа тірейді.

Абу Ханифаның даусыз дәлелдеріне тоқтаған хариджиттер енді: «Екеуі тозаққа түседі ме, әлде пейішке кіреді ме?» – деп сұрайды. Абу Ханифа: «Онда, қабыл алсаңдар, жаназасы шығарылып жатқан екеуінен күнәсі әлдеқайда зор қауым туралы Ибраһим нәбидің айтқан сөзімен жауап берейін. «Маған ергендер менімен бірге, қарсы шыққандарға Алла сен кешірімді және рақымдысың», «Азаптасаң сенің құлдарың, егер кешірсең сенің құлдарың. Сен, Алла, ең кешірімді және рақымдысың», – дегенде хариджиттер қаруларын тастайды.

Осыған қарамастан, Абу Ханифа пікірталас, диспуттардан аулақ жүруге тырысқан және қасындағыларға да соны насихат етіп айтып отырған. Бірде ол өзінің ұлы Хамадтың сөз таласқа түскеніне наразы болады. Баласы оған өзің де пікірталасқа түсесің ғой дегеніне Абу Ханифа: «Иә, пікір таласқа түсуші едім. Алайда біз айтысқанда қарсыласымыз қателесіп кетпесін деген ой басымызда үркек құстай қонып отыратын. Ал сендер айтысқанда қарсыластарыңның қателік жіберуін қалайсыңдар. Қарсыласын қателестіруге тырысқан, оны кәпір етуге тырысқанмен тең. Кім қарсыласын кәпір еткісі келсе, ол адам алдымен өзі діннен шығады», – деген екен. 

Сонымен Абу Ханифа өз заманының ірі машайықтарынан білім алып оқи бастайды. Абу Ханифа шейх Хамад бин Аби Сулейман деген атақты ғұламадан фиқһ саласынан сабақ алып, осы сала оның дамуының келесі сатысы саналады. Ұстазының қасында ол қайтыс болғанша ұзақ жылдар жүріп, тәлім–тәрбие алады. Шейх дүниеден озғанда Абу Ханифа қырық жаста еді, сол кезден бастап ол ұстазының орнын басады. Фиқһ тобының басшылығына келген уақыты оның ақыл–ойының толысып, фиқһ ілімін толық меңгерген кезі еді.

Жалпы алғанда, Абу Ханифа 18 жыл, яғни 22 жасынан 40 жасына дейін шейх  Хамад бин Сулейманның қасында тәлім алады. Ол осы кезеңде жыл сайын қажылыққа барып тұрған. Мекке, Мәдина қалаларындағы фақиһтермен, олардың ішінде атақты табиғиндермен  де кездескен. Бұл кездесулердің фиқһ ілімі төңірегінде болғандығы сөзсіз. Шейх Хамадтың шәкірті бола жүре, атақты фақиһтер мен хадис айтушылардың барлығынан тәлім алған. Фиқх пен зерттеуде аты шыққан, сахабаларды көрген табиғиндермен қай жерде болсын бірінші кезекте іздеп барып кездесетін.

Сонымен Абу Ханифа қырық жасында ұстазының Куфа мешітіндегі мәжілісін басқара бастайды. Түрлі істер мен мәселелер бойынша бір–бірімен салыстыру, мысалды мысалмен дәлелдеуде жойқын ақыл, темірдей логика арқылы пәтуалар шығарып, шәкірттерді оқытады. Осы кезеңдегі күш–жігері кейін ханафи мазһабына айналған заңгерлік ерекше әдістемесін дүниеге әкеледі.

Тарихшылар Имам ағзам тәлім алған шейхтердің жалпы саны төрт мыңға жетеді деп көрсетеді.  Олардың ішінде жетеуі сахабалардан, 93 табиғиндерден, қалғандары солардан тәлім алғандардан тұрады. Сырт көзге таңқаларлық болып көрінгенімен, іс жүзінде осылай болғандығына шек жоқ. Себебі Имам ағзам «Ғылымды күнде талап еткен ғалым, ал бәрін білдім десе тоқтағаны» – деген принципті басшылыққа алған. Имам ағзам жетпіс жыл өмірінде 55 рет қажылық жасаған, қажылық маусымы кезінде бүкіл мұсылман әлемінің ғұламалары Мекке менен Мәдинәда бас қосатын. Оның үстіне Имам Куфадан кетіп, алты жыл Меккеде тұрған. Ол кездегі Мекке қаласы хадистің орталығы болғандықтан Имам ағзам түрлі хадисшілер мен ғұламалармен жүйелі түрде кездесіп отырады.

Имам ағзамның тағылым алған, бір хадис немесе пікір жазып алған шейхтерінің аты–жөндері әліпби тәртібі бойынша арнайы кітапқа тіркелген. Фиқһ саласында қабылданған методология бойынша әр хадисті жеткізген адамның, оны кімнен алғандығы міндетті түрде тіркелуі қажет болатын. Сол кездегі тарихшылардың: «Имамның тағылым алған шейхтерінің санына өркөкірек, топас немесе қызғаншақ адам ғана сенбеуі мүмкін. Мысалы, әл–Бухаридің хадистерін 70 мың адам тыңдаған», – деп жазуы да бекер емес.

 Бұрынырақ Абу Ханифа ұстазының көзі тірі кезінде бөлек шығуды ойлаған еді. Абу Ханифа ғылыммен жеке айналысуға бекіп, одан тағлым алғанына он жыл өткенде шейхтен бөлек кетуге шешім қабылдайды. Сол шешіммен мешітке кірген кезде шейхтің Басра қаласындағы туысының қазасы туралы хабар келеді. Жолға шыққан шейх орнына Абу Ханифаны отырғызып кетеді. Содан шейх қайтып келгенше түрлі сұрақтарға, оның ішінде бұрын естімеген мәселелер бойынша да жауап беріп, жауаптарын жазып алып отырады. Шейх қайтып келген соң оған жазбаларын көрсетеді. Шейх 60–қа жуық жауаптарының қырқына келісіп, 20–ын теріске шығарды. Содан Абу Ханифа шейх тірі кезде одан ажырамауға өзіне–өзі сөз береді де, шейх дүниеден озғанша онымен бірге болады.

Бұған дейін Имам Абу Ханифаның өмір жолы туралы мақаланың 1 бөлімі жарияланған болатын.

 

Қайрат Сәки,

ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға