Ильхам Әлиев: Қазақстанмен белсенді байланыссыз аймақта ешбір жоба жүзеге аспайды

Ильхам Әлиев: Қазақстанмен белсенді байланыссыз аймақта ешбір жоба жүзеге аспайды
Фото: Ақорда

Әзербайжан Президенті Илхам Әлиев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен жеке іс-қимылын екіжақты ынтымақтастық пен өңірлік жобаларды дамытудың маңызды факторы деп атады. Бұл туралы ол IV Шуша жаһандық медиафорумында «Qazcontent»АҚ басқарма төрағасы Әділ Сейфуллиннің сұрағына жауап бере отырып мәлімдеді.

13-14 шілдеде Шуша қаласында «Бейбітшілікті ілгерілетудегі медианың миссиясы: шындықты қалпына келтіру және сенімді нығайту» тақырыбында IV Шуша жаһандық медиафорумы өтіп жатыр.

Форумға 54 мемлекеттен бұқаралық ақпарат құралдарының, сарапшылар қауымдастығының, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың 160-қа жуық өкілі қатысуда. Қатысушылар арасында 30-ға жуық халықаралық ақпараттық агенттік пен 60-тан астам жетекші медиақұрылымдардың өкілдері бар.

Әзербайжан Президенті Илхам Әлиевтің қатысуымен өткен пленарлық отырыс форумның орталық оқиғаларының біріне айналды. Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне мемлекет басшысына сұрақ қою мүмкіндігі берілді.

Қазақстан атынан Әзербайжан Президентіне «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин сауал жолдады. Ол Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін, сондай-ақ екі елдің жаңа көліктік және экономикалық маршруттарды қалыптастырудағы рөлін атап өтті. Оның айтуынша, Орта дәліз ретінде белгілі Транскаспий халықаралық көлік маршруты Азия мен Еуропа арасындағы маңызды байланыстырушы буынға айналып үлгерді.

Әділ Сейфуллин Әзербайжан Президентінен Қазақстанмен стратегиялық серіктестікке, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастарды дамытуда Қасым-Жомарт Тоқаевпен жеке іс-қимылына қандай рөл бөлетінін сұрады.

Сұраққа жауап бере отырып, Илхам Әлиев ең алдымен Қазақстан Президенті мен қазақ халқына Қарабақты қалпына келтіруге көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты. Ол Физули қаласында Қазақстанның қолдауымен қазақ композиторы Құрманғазының құрметіне аталған Балалар шығармашылығы орталығы салынғанын еске салды. Нысан екі ел президенттерінің қатысуымен ашылған болатын.

Мен Президент Тоқаевқа Қарабақты қалпына келтіруге көмектескені үшін өте ризамын. Физулидегі Балалар шығармашылығы орталығы қазақ халқының ұлы перзенті Құрманғазының есімін иеленген. Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірге біз бұл орталықты ашқан едік, - деді Илхам Әлиев.

Әзербайжан Президенті екі мемлекет басшылары арасындағы жеке қарым-қатынастар қазақ-әзербайжан серіктестігін нығайтуға ықпал ететінін баса айтты.

Президент Тоқаевпен біздің жеке қарым-қатынасымыз екіжақты ынтымақтастық пен өңірлік өзара іс-қимылды дамытудың маңызды факторы болып табылады, - деп атап өтті ол.

Илхам Әлиевтің айтуынша, Қазақстан мен Әзербайжанның ауқымды бірлескен күн тәртібі бар. Екі мемлекеттің Каспий теңізінің қарама-қарсы жағалауында орналасу географиялық жағдайы олардың көлік, логистика және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудағы негізгі рөлін айқындайды. Әзербайжан басшысы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы белсенді іс-қимылсыз Каспий өңіріндегі ірі көлік бастамаларын жүзеге асыру мүмкін емес екенін мәлімдеді.

Елдер Орта дәлізді дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Қазақстан мен Әзербайжан маршруттың өткізу қабілетін арттыруға және Азия мен Еуропа арасындағы жүктерді жеткізу мерзімін қысқартуға тырысып, порттық және көліктік инфрақұрылымды дәйекті түрде кеңейтіп келеді.

Бұдан бөлек, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия ынтымақтастығының төртжақты форматы жұмыс істейді. Оның аясында тараптар тарифтік саясатты, көлік процестерін цифрландыруды, кедендік рәсімдерді жеңілдетуді және жүк тасымалының тиімділігін арттыруды талқылайды.

Илхам Әлиев бірлескен энергетикалық жобаларға да тоқталып өтті. Ол 2024 жылы Бакуде Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан президенттері Каспий теңізінің түбімен энергетикалық кабель салу жобасы бойынша келісімге қол қойғанын еске салды. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатыр.

Жаңа энергетикалық бағыт Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ мемлекеттерінің ынтымақтастығын кеңейтуге, сондай-ақ электр энергиясын сыртқы нарықтарға экспорттау үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Тағы бір маңызды бағыт - Каспий теңізінің түбі арқылы Қазақстан мен Әзербайжан арасында талшықты-оптикалық байланыс желісін салу.

Илхам Әлиевтің айтуынша, жоба тек екі мемлекет үшін ғана емес, сонымен бірге кеңірек аймақ үшін де маңызды болмақ. Жаңа инфрақұрылым цифрландыруды, деректерді өңдеуді, жасанды интеллектті және басқа да заманауи технологияларды дамыту үшін пайдаланылуы мүмкін.

Әзербайжан Президенті екі елдің мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығын да атап өтті. Қазақстан мұнайы қазірдің өзінде Әзербайжан аумағы арқылы белгілі бір көлемде тасымалдануда, бұл экспорттық бағыттарды әртараптандыруға және аймақтық энергетикалық жүйенің тұрақтылығын арттыруға септігін тигізеді.

Қазақстанның дамуы туралы айта келе, Илхам Әлиев елде жүргізіліп жатқан өзгерістерді оң бағалап, қазақ халқына алдағы уақытта да табыс тіледі. Ол жақында Түркістанға жасаған сапарынан алған әсерлерімен бөлісті.

Мен ол жерде тарихи мұраның қаншалықты ұқыпты сақталып, ұлы бабалар рухының қастерленетініне үлкен әсер алдым, - деді Әзербайжан басшысы.

Илхам Әлиев екі ел арасындағы қарым-қатынастардың серпінді дамып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді.

Қазақстан мен Әзербайжан көлік, энергетика, цифрлық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастыруда. Бұл өзара іс-қимылдың басты факторларының бірі - жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог.

IV Шуша жаһандық медиафорумы бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімді нығайту, дезинформацияға қарсы іс-қимыл, медианы цифрлық трансформациялау, жасанды интеллектіні қолдану және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналған.

Форумға қатысушылар сондай-ақ бейбітшілікті ілгерілетудегі, сенімді қалпына келтірудегі және халықаралық оқиғаларды объективті жариялауды қамтамасыз етудегі журналистиканың рөлін талқылауда.

Оқи отырыңыз