Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге Қазақстанда алғашқы медициналық-санитариялық көмек саласы мамандарының жалақысын көтеру туралы шешімді қолдады.
Ол бұл жөнінде пікірін X әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялады.
Айта кетейік, Бельгия Ханс Клюгені ДДСҰ бас директоры лауазымына кандидат ретінде ұсынған.
«Бұл – адамға салынған инвестиция»
Ханс Клюге емханаларда күн сайын науқастарды қабылдайтын дәрігерлер мен медбикелерді қолдаудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапасы ең алдымен осы салада еңбек ететін мамандарға байланысты.
Мықты алғашқы медициналық-санитариялық көмек медицина қызметкерлерін қолдаудан басталады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы медициналық көмек көрсететін мамандардың кадрлық әлеуетін нығайту туралы шешімін шын жүректен құптаймын.
Бұл – халыққа ең жақын жұмыс істейтін мамандарға, атап айтқанда, жалпы практика дәрігерлеріне, медбикелерге және алғашқы медициналық-санитариялық көмек саласының басқа да қызметкерлеріне салынған инвестиция. Олар аурулардың алдын алуға, қауіп-қатерлерді ерте анықтауға, созылмалы аурулары бар науқастарды бақылауға және медициналық көмектің үздіксіз көрсетілуіне үлес қосады, – деп жазды Ханс Клюге.
Президент қандай тапсырма берді?
28 қазанда мемлекет басшысы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Онда алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесін дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік қызмет мамандарының үздіксіз еңбек өтіліне қарай жалақысын 40 пайызға дейін көтеруді тапсырды.
Үкіметке 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмектің учаскелік қызметі мамандарының үздіксіз еңбек өтіліне қарай жалақысын 40 пайызға дейін көтеруді тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам адамның табысын арттыруға мүмкіндік береді, – деді мемлекет басшысы.
Учаскелік қызмет мамандарына терапевтер, медбикелер, акушер-гинекологтер, акушерлер мен фельдшерлер жатады. Жалақының нақты қанша пайызға өсетіні маманның үздіксіз еңбек өтіліне байланысты болады.
Алматы декларациясына – 50 жыл
Ханс Клюге Қазақстандағы бұл бастаманы әлемдік денсаулық сақтау тарихындағы маңызды құжаттардың бірі – Алматы декларациясының мерейтойымен байланыстырды.
Бұл қадамдардың 2028 жылы атап өтілетін алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі Алматы декларациясының 50 жылдығы қарсаңында жүзеге асырылып жатқаны ерекше қуантады.
Қазақстанда 1978 жылы әлем елдері алғашқы медициналық-санитариялық көмекті баршаға денсаулық сақтауды қамтамасыз етудің негізі деп жариялады. Ал 2018 жылы Астанада бұл ұстанымға деген адалдық тағы да расталды, – деп атап өтті ДДСҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросының директоры.
Ханс Клюге жазбасын қазақ тілінде «Іске сәт, Қазақстан!» деген тілекпен аяқтап, басталған жұмыста табыс тіледі.