«Халықты алдап ұстап отырды»: West Oil қызметкері Жетібайдағы ереуілге қатысты шындықты айтты
Жетібайдағы ереуіл ұзаққа созылды: Маңғыстаудың жұмыссыз тұрғындары West Oil Software компаниясының наразы жүргізушілерінің орнына жұмысқа шығуға дайын отыр. Қазіргі таңда жүзден астам қызметкер жұмыстарына қайта оралды. Олардың бірі Lada.kz редакциясына сұхбат беруге келісім беріп, Жетібайдағы наразылыққа шығудан не үшін бас тартқанын ашып айтқан. Бірақ өз аты-жөнін жарияламауды сұраған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Басылым тілшісі сұхбатты бүгін, 23 ақпанда - нарызылықтың басталғанына 75 күн болғанда алған. Сұхбат берушінің айтуынша, қазіргі таңда наразылыққа шығудан бас тартқандар қудалауға ұшырап жатыр. Осы себепті ол өз есімін жасырын ұстауды жөн көрген.
Lada.kz: Жұмысқа қайта оралыпсыз. Отбасыңыз бұл шешіміңізге қуанып отырған шығар?
West Oil жұмысшысы: Иә, шүкір. Әрине, риза. Әсіресе балалар.
Lada.kz: Сіздің өзгелермен бірге ереуілге шыққаныңызды білеміз. Наразылықта қанша күн тұрдыңыз?
West Oil жұмысшысы: 50 күннен астам күн тұрдым. Кейін жұмысқа шығып кеттім. Ешнәрсе шешілмеді. Несін жасырайын, ол жерде адамдарды алдап ұстап отырды.
Lada.kz: Сонда кім, қалай алдап отыр?
West Oil жұмысшысы: Ол жерде күн сайын өтірік сөзімен тойдырып жүретін белсенділер бар.
Lada.kz: Белсенділер дегеніңіз қанша адам?
West Oil жұмысшысы: Нақты санын айта алмаймын. Он шақтысы бар.
Lada.kz: Қазір Жетібайдағы ереуілге неше адам қатысып жатыр?
West Oil жұмысшысы: (күрсініп) Қазір шамамен 110 адам жұмысқа шықты. Одан бөлек үйінде отырып, жұмысқа келмегендері тағы бар. Наразылыққа нақты қанша адам қатысып жатқанын кесіп айта алмаймын. Шамамен 150-200 адам бар шығар.
Lada.kz: Өзіңізге тоқталып өтіңізші. Наразылы алаңына қалай тап болдыңыз? Кім сізді үгіттеді, бәлкім жоғарыда атап өткен белсенділер шақырды ма?
West Oil жұмысшысы: Негізінен олар 14 қарашада шығатынымызды айтқан болатын. Бірақ біз 11 желтоқсаннан бастап алаңда тұрдық. Ол жағын өзім қатты білмеймін. Бірге жұмыс істеген соң көппен бірге біз де қалмай шықтық.
Lada.kz: Демек, көпшіліктен қалмадыңыз?
West Oil жұмысшысы: Иә, көпшілікпен бірге сонда тұрдым. Бірақ өтіріктің көп болғаны соншалық, жұмысқа оралудан басқа жол жоқтығын түсіндім. Ол жақта әлі күнге дейін солай өтірікпен тойдырып отыр.
Lada.kz: Сонда сол өтірікке алаңда тұрғандар сене ме? Не деп айтады?
West Oil жұмысшысы: Иә, енді сенгенде былай қой. Бүгін 23 ақпан болса, «1 наурызға дейін бәрі шешіледі, күтейік. Аз ғана қалды, анау-мынау» дейді. Қысқасы, алдай береді.
Lada.kz: Сонда не шешіледі дейді? Барлығын "ҚазМұнайГазға" ауыстырады дей ме?
West Oil жұмысшысы: Иә, олар бәрімізді "ҚазМұнайГазға" алады. Яғни, "МаңғыстауМұнайГаздың" транспорттық компаниясы боламыз дейді. Қалай айтылатын еді? ОТК ма? Сол жаққа бәрімізді алады дегенді айтады. Тыңдай берсең, өтіріктеріне басың айналады.
Lada.kz: Сіздің ойыңызша әлгі белсенділердің мақсаты не?
West Oil жұмысшысы: Шынымды айтсам, олардың нақты қандай ойда екенін айта алмаймын (күрсініп). Бұған дейін бір компания болатыны туралы әңгіме тараған болатын. Альянс деді ме екен... Олар West Oil компаниясының орнын басып, әлгі белсенділер сол жердегі басшылық қызметке келеді-міс.
Lada.kz: Сонда белсенділер басшылық қызметті алып, өзгелері орынбасары боламыз деген ойда жүр ме?
West Oil жұмысшысы: Иә, біреуі директор, екіншісі орынбасары болады. Жалпы, олардың көздегендері мүлдем басқа.
Lada.kz: Сіздер ереуілге шыққан кезде көпшілігіңіз тікелей эфирге шығып, бейнеүндеулер жолдап жаттыңыздар. Яғни, БАҚ-пен тығыз байланыста болдыңыздар. Мұның бәрін кім ұйымдастырды? Белсенділер ме?
West Oil жұмысшысы: Ол жерде тек 7-8 белсенді емес, олар көп. Командасы бар. Бейнеүндеулердің мәтіндерін кім жазатынын нақты білмеймін. Өздеріңіз де көргендей, ол жақта сауатты сөздер. Білмеймін, меніңше қандай да бір күш бар сияқты. Мәтіндерді біреу жазып жібереді, олар жай ғана оқып отырады.
Lada.kz: Сіздердің кәсіпорын жанына шатыр орнатқыларыңыз келгенін бейнежазбадан көрдік. Бірақ полиция рұқсат бермеді. Мені қызықтырып отырғаны, жалпы осындай әрекеттерді жасауды кім басқарып, шешім шығарып отырды? Мысалы, шатыр қою керек пе, жоқ па? Бейнеүндеу жазамыз немесе жазбаймыз дегендерді...
West Oil жұмысшысы: Ол жерде белсенділер жауапты.
Lada.kz: Белсенділер деп отырғаныңыз West Oil қызметкерлері ме?
West Oil жұмысшысы: Иә, олар 2021 жылдан бері белсенді боп жүр.
Lada.kz: Сіздерге қолдау көрсету немесе кеңес беру үшін сырттан келгендер болды ма?
West Oil жұмысшысы: Иә, «Өзенмұнайгаз» БЖБ-ның жігіттері бір рет келген болатын. Оны барлығы бейнежазбадан көрген шығар. Олар басында келді. Қазір ешкім бұлай қолдау көрсетпейді. Алғашқы 20-30 күндері келіп жүрді.
Lada.kz: Белсенділер тарапынан сіз сияқты жұмысқа қайта оралуға шешім қабылдағандарға қысым көрсетілді ме?
West Oil жұмысшысы: Иә. Олар жұмысқа оралғысы келетіндердің көліктерінің кілттерін алып қояды. «Үйіңе бар, бірақ көліктің кілтін қалдырып кет» деп айтады.
Lada.kz: Сізге де солай деді ме?
West Oil жұмысшысы: Жоқ, маған айтпады. Өйткені мен олардың айтқанына көнгенім жоқ. Мен келетінімді немесе келмейтінімді өзім шешемін. Бірақ белсенділерден қорқатындар бар.
Lada.kz: Кілтті алып қоюдан басқа тағы не істейді? Немен қорқытты?
West Oil жұмысшысы: Білмеймін. Олар көбінесе кілттерін алатын. Оның өзін «Көлікті бізге қалдырып кетсей, біздің ұйықтауымыз керек. Сен таңертең бәрібір ораласың ғой" деп алып қалады. Ал әлсіздерден күштеп тартып алады.
Lada.kz: Айналаңыздағыларға жұмысқа қайта оралайық деп айттыңыз ба?
West Oil жұмысшысы: Тұра беруден түк те шықпайды деп талай рет айттым. Бірақ тыңдаған ешкім жоқ. Тіпті, ҚМГ-дан арнайы өкілдер келіп, келіссөз жүргізуге шақырған кезде де дәл осылай болды.
Lada.kz: Сонда қалғандары жұмыссыз қаламыз деп қорыққан жоқ па?
West Oil жұмысшысы: Олар жұмыстан шығаратынына сенбейді. Басында 100 адамға жұмыстан шығару туралы хабарлама жіберді. Кейін 18 адамды жұмыстан шығарды. Олар тұруын жалғастыра берді. Қандай жағдай болса да наразылық алаңында тұрамыз деп отыр. Олардың ойынша, бұл қағаздар ештеңе шешпейді.
Lada.kz: Ереуілшілерге біреу көмектеседі дедіңіз. Мәселен, оларға мәтін жазып беру... Сіздіңше олар кімдер?
West Oil жұмысшысы: Шынымды айтсам, білмеймін. Байқағаным мәтін өте сауатты, қатесіз жазылған.
Lada.kz: Ереуілшілердің туыстары не деп отыр? Үйге қайтыңдар, жұмысқа шығыңдар деп айтпай ма?
West Oil жұмысшысы: Айтып жатыр ғой, бірақ тыңдамайды. Ондай ақыл айтқан туыстарымен тіпті телефон арқылы сөйлеспейді олар. Сол жерде түнеп жүр ғой.
Lada.kz: Қанша дегенмен алаңда 50 күннен артық тұрдыңыз. Өкінбейсіз бе?
West Oil жұмысшысы: Егер ештеңе шешілмейтінін басында білгенімде, ол жерде тұрмас едім.
Lada.kz: Ереуілшілерге біраз адам қомақты ақша жинады деген ақпарат бар. Ол қаржы сіздерге жетті ме?
West Oil жұмысшысы: Жоқ, қайдан, бізге бермеді. Тек жалпыға ортақ тамақ алынды. Онымен белсенділер айналысты. Мүмкін, өздерінің несиесін жапқан шығар. Кім біледі?! Ол жерде 20 миллион теңгедей ақша жиналды.
Lada.kz: 20 миллион теңге — бұл өте қомақты ақша. Барлығын халық жинап берді ме?
West Oil жұмысшысы: Мекемелер, компаниялар 100, 600 мыңдап ақша жіберді.
Lada.kz: Демек ол қаржы ереуілшілерге берілмеді. Солай ма?
West Oil жұмысшысы: Ешкімге ештеңе бермеді. Ортақ касса болды. Оған бір адам жауапты болды. Одан барлығы азық-түлікке, басқа да шығындарға ақша алды. Бұл жерде белсенділер жеке қажеттіліктеріне ақша алды деп ойлаймын. Әйтпесе олар несиесін қалай төлейді?
Lada.kz: Олар барлығын жұмыстан шығарады дегенге не дейді?
West Oil жұмысшысы: Оларға әсер етпейді. Қайта басында жұмыстан шығарылған 18 адам қазір өздерін лидер санап жүр қазір. Бізді жұмыстан шығарса да осында жүрміз, не бопты дейді.
Lada.kz: Ереуілшілер West Oil-де жұмыс істегісі келетін жұмыссыздардың бейнеүндеулері мен мәлімдемелерін қалай қабылдап жатыр?
West Oil жұмысшысы: Мұндай бейнеүндеуді бірінші болып Жетібайдан келген жұмыссыз жігіттер жазған екен. Ереуілде тұрғандар 5-6 көлікке мініп алып, сол жігіттердің үйіне барыпты. Ол жігіттер жүмысқа тұрғысы келетіндерін ашық айтқан екен. Сен де сұрап отырсың, біз де жұмыс сұраймыз деген көрінеді. Негізі олар дұрыс жасаған. Қанша адам жұмыссыз жүр.
Lada.kz: Ереуілшілер әлгі жұмыссыз жігіттерді қорқытып-үркіткен бе онда?
West Oil жұмысшысы: Иә, онда жайт болған. Бандитизм ғой, қысқасы.
Lada.kz: Жауап бергеніңізге рахмет!
Оқи отырыңыз:
- Жетібай тұрғындары West Oil компаниясына жұмысқа алуды талап етті
- «ҚазМұнайГаз» ереуілдеткен жұмысшыларға үндеу жасады