Қазақстанда ғылыми әлеуетті арттыру, зерттеу инфрақұрылымын жетілдіру және отандық ғылыми әзірлемелерді экономиканың нақты секторына енгізу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы жеті жылда ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай өсіп, ғалымдарды қолдау шаралары кеңейді. Сонымен қатар ғылыми зерттеулерді дамытуға арналған жаңа институционалдық тетіктер қалыптасты.
Ғылымды қаржыландыру көлемі тұрақты түрде артып келеді
2025 жылдың қорытындысы бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалған ішкі шығын көлемі 261,5 млрд теңгеге жетті. Бұл алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда 3,2 есе көп. Ал гранттық қаржыландыру көлемі 9,5 есе өсіп, 90,2 млрд теңгені құрады. Осы кезеңде бизнес тарапынан ҒЗТКЖ-ға бағытталған шығындар да екі есеге артты.
Жеке инвестиция тартудың маңызды құралдарының бірі – ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге арналған 300%-ға дейінгі салықтық супержеңілдіктер. Осы тетіктің арқасында ғылым саласына 28,2 млрд теңге көлемінде жеке қаражат тартылды.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ-ны қаржыландыруға арналған міндетті 1 пайыздық аударымдары республикалық бюджетке орталықтандырылды. Бұл қаражатты тиісті бейінді мемлекеттік органдар үйлестіреді.
Ғалымдарды қолдау және кадрлық әлеуетті нығайту
Қазіргі таңда Қазақстанның ғылым саласында 28 374 адам еңбек етеді. Оның 14 323-і – жас ғалымдар. 2022 жылмен салыстырғанда ғылыми кадрлар саны 4 690 адамға көбейген. Жалпы зерттеушілердің 47 пайызын 40 жасқа дейінгі мамандар құрайды.
Ғылыми қызметтің тартымдылығын арттыру үшін әлеуметтік және кәсіби қолдау шаралары қолға алынған. Атап айтқанда, ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 18 пайызға өсті, 813 жас ғалым баспанамен қамтамасыз етілді. Ал 2025 жылдан бастап ғылыми атақ иелеріне алғаш рет 50 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін қосымша ақы төлеу енгізілді.
Сонымен қатар жас ғалымдар санатына жататын азаматтардың жас шегі 44 жасқа дейін ұзартылып, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы 56 күнтізбелік күн болып белгіленді. Бұған қоса, 1 543 ғалым халықаралық ғылыми тағылымдамадан өтті.
Ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында 10 нысаналы индикатор, 4 күтілетін нәтиже және 60 іс-шара қарастырылған. Құжатта ғылымды басқару жүйесін жетілдіру, кадрлық әлеуетті нығайту, ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту, университеттердегі ғылымды дамыту және зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру негізгі басымдықтар ретінде белгіленген.
Ғалымдарды қолдау шараларының қатарында жас зерттеушілерге арналған 1 000 грант бөлуді көздейтін «Жас ғалым» бағдарламасы, 500 халықаралық тағылымдаманы ұйымдастыру, эндаумент-қорларды дамыту және ғылыми зерттеулерге жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатын тарту бар.
Ғылым саласында жаңа институционалдық және құқықтық тетіктер енгізілді
Саланы жаңғыртудағы маңызды қадамдардың бірі – «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануы. Сонымен қатар Мемлекет басшысының жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылып, Ұлттық ғылым академиясына Президент жанындағы жоғары ғылыми ұйым мәртебесі берілді.
Заң аясында ғалымның мәртебесі бекітіліп, Ғалымдардың құқықтары жөніндегі уәкіл институты енгізілді. Бұдан бөлек, ғылыми әзірлемелердің технологиялық жетілу деңгейін және оларды тәжірибеде қолдануға қаншалықты дайын екенін бағалауға мүмкіндік беретін технологиялардың дайындық деңгейін бағалау жүйесі (Technology Readiness Level, TRL) қолданысқа енгізілді.
Қазіргі уақытта елімізде 3 135 ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 940-ы жас ғалымдардың бастамаларына, ал 259-ы ғылыми зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруға бағытталған.
Ғылыми әзірлемелер экономиканың нақты секторына енгізілуде
Жүргізіліп жатқан реформалардың маңызды нәтижелерінің бірі – ғылыми зерттеулердің тәжірибелік маңызының артуы. Қазір ғылыми жобаларды коммерцияландыру деңгейі 31 пайызға жеткен.
Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 2 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, ғылыми-техникалық дамуға қосылған жиынтық үлес 142 млрд теңгені құрады. Нарыққа 241 ғылыми әзірлеме шығарылып, 29 жоба бойынша өнім экспорты жолға қойылды. Ал сегіз жобаның әрқайсысында сату көлемі 1 млрд теңгеден асты.
Отандық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізудің жарқын мысалдарының бірі – Қазақстанда тазалығы 99,5 пайыз болатын техникалық селеннің алғаш рет алынуы. Қайта өңдеу технологиясын енгізу арқылы өнімнің қосылған құнын 30 пайыздан 97 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік туды.